19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Кім үшін ғибадат етсең

Кім үшін ғибадат етсең

Сұрақ: Ғибадат жасағанымды бәрі білсін, көрсін деген оймен ғибадат ететіндер, қайырымдылық жасайтындар ахиретте сол игі амалдарының пайдасын көрмейді ме?

Жауап: Ғибадат – құлшылық жасау, табыну, адамның өз-өзін төмендетуі, кішіпейіл болуы деген сөз. Ғибадат Аллаһу та'аланың разылығын алу үшін жасалады. Біреудің көңілінен шығу, біреудің көзінде сыйлы көріну үшін жасалған ғибадат сол адамға табыну болып саналады. Хадис шәрифте:

«Дүниеде риямен ғибадат еткен адамға қиямет күні "Ей, жаман адам! Бүгін саған сауап жоқ. Дүниеде кімдер үшін ғибадат еткен болсаң, сауабын солардан барып сұра" делінеді» деп айтылған.

Бір адам әрдайым нәпсінің қалауларының соңынан жүріп, нәпсінің қалауларына қолжеткізу үшін бәрін істейтін болса, ол адам нәпсінің тұтқыны, құлы, ол нәпсіне табынуда. Қандай да бір адамның сөзіне еріп, Исламның сыртына шығу, оның сөздерін Исламнан үстем ұстау ол адамның құлы болу және оған табыну деген сөз. Сондықтан, адам ненің тұтқыны, кімнің құлы болғандығына мән беруі керек. Әбу Әли Даққақ хазреттері насихат сұраған кісіге:

«Сен кімнің тұтқыны және мүлкі болсаң, соның құлысың. Егер нәпсіңнің тұтқыны және мүлкі болсаң, нәпсіңнің құлысың. Егер дүниенің тұтқыны болсаң, дүниенің құлы және қызметшісісің» деген.

Бір жылы Бәлх қаласында ашаршылық болып, адамдар жейтін азық таппай қалады. Осы себептен бәрі қайғылы жүріп, ешкім күлімсіремейтін. Адамдар осындай мұңды жағдайда жүргенде Шақиқ Бәлхи хазреттері базарда бір қуанышты құлды көреді. Одан:

- Бәрі абыржып, қиналып жүргенде сен неліктен осыншалықты қуанышты, мәз боп жүрсің? – деп сұрайды. Құл:

- Менің қожайыным бай, мені аш және жалаңаш қалдырмайды, - деп жауап береді. Шақиқ Бәлхи хазреттері құлдың бұл жауабын естіп:

«Йа, Раббым! Аздаған дүниелігі бар болған сол бай кісінің құлы осыншалықты қуанышты, жайбарақат жүр. Алайда, сен бүкіл жандылардың ризықтарына кепіл болдың. Олай болса, біз неліктен қам жеп, қайғырайық?» деп үлкен ғибрат алып, ахиретке бет бұрады.

Адам баласы не өзі сияқты жаратылған бір адамның, болмыстың тұтқыны, құлы, қызметшісі болады, не барлық болмыстың иесі, жаратушысы болған Аллаһу та'аланың құлы болады. Әркім дүниеде жасаған таңдауына қарай ахиретте есеп береді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм):

«Аллаһу та'ала айтады: менің серігім, ортағым жоқ. Өзгені маған ортақ қылған адам сауаптарын содан сұрасын. Ғибадаттарыңды ықыласпен орындаңдар! Аллаһу та'ала ықыласпен жасалған амалдарды қабыл етеді» деген.