19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


Қабір азабы

Сұрақ: Қабірде азап бар ма, егер бар болса, онда ол азаптан құтылу, қорғану үшін не істеу керек?

Жауап: Ұлы Ислам ғалымдарының бірі Имам Раббани хазреттері бұл туралы былай дейді:

«Қабірде азап берілетіндігі сахих және мәшһүр хадистермен, тіпті Құран кәрімдегі аяттармен хабар берілген. Өлілердің жағдайы дүниедегі тірілердің өмірі сияқты емес. Дүниенің заңдылығы үшін бұл өмірде әрі сезім, әрі қалау мен әрекет бар. Қабір өмірінде өлілердің азапталуы үшін тек сезінуі жеткілікті. Қабірде рухтың денеге байланысы тірі кезіндегі байланысының жартысындай. Сондықтан да өлілер азапты сезе тұра әрекет етпейді және қимылдай алмайды.

Қабір азабы түс сияқты емес. Қабір азабы азаптың көрінісі емес, азаптың нағыз өзі. Қабір азабы – ахиреттік азаптардан. Дүние азаптары ахиреттік азаптың қасында ештеңе болмай қалады. Егер ахирет азаптарынан бір шоқ дүниеге түссе, барлық нәрсені өртеп, жойып жібереді.»

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабір өмірі туралы:

«Қабір – дүние тұрақтарының соңы, ахирет мекенінің басы, ол не жәннат бақшаларынан бір бақша, не тозақ шұңқырларынан бір шұңқыр» деген.

Қабірдегі адамдар да азап пен қиындықты сезгендіктен, пайғамбарымыз өлінің сүйектерін сындыруға тыйым салды. Қабірдің үстінде отырған адамға:

«Қабірінде жатқан өліні қинамаңдар! Тірілер үйлерінде қиыншылық, ауру сезгеніндей, өлі де қабірінде солай қиыншылық пен ауруды сезеді» деген.

Мәйіт қабірге қойылған кезде қаншалықты тақуа, жақсы адам болса да, қабір оны қысады. Сад бин Муаз хазреттері сахабалардан, сансыз үстемдік пен керемет иесі болған кісі еді. Тіпті қайтыс болғанында Арш ол үшін дірілдеген болатын. Соған қарамастан қабірге түсірілгенде топырақ оны қысты. Пайғамбарымыз:

«Топырақ Сад бин Муазды қатты қысқаны соншалық, екі жағындағы сүйектер бір-біріне өтіп кетті» деп хабар берді.

Сахабалардың өзіне қабір осындай болса, онда бізге қандай болмақ? Ал имансыз өлгендердің жағдайы не болмақ?

Әбулләйс Самарқанди хазреттері айтқан:

«Қабір азабынан құтылғысы келген адам бес уақыт намазын қалдырмай оқуы керек, садақа беріп, Құран кәрім оқуы қажет, Аллаһу та'аланы көп тәсбих етіп, сатқындықтан, өсектен және үстіне зәр шашыратудан сақтануы керек.»