Сараңның имансыз кету қаупі бар!Жомарттық – ақшаны, мал-мүлікті қайырымдылыққа, жақсы жерлерге таратудан рахаттану, ләззат алу деген сөз. Ислам діні бұйырған жерлерге қуанып беру деген сөз. Жомарттық жақсы мінездердің ең жоғарыларының бірі болып, аяти карималармен және хадис шәрифтермен мақталған. Мұхаммед алейһиссалам адамзаттың ең жомарты еді. Бір нәрсе сұрап келген адамға жоқ дегені ешқашан байқалмады. Сұралған нәрсе бар болса беретін, жоқ болса жауап бермейтін (үндемейтін) еді. Бір күні пайғамбарымызға бір адам келіп, бір нәрсе сұрады. Оған пайғамбарымыз өзіндегі бір отар қойын берді. Адам ауылына қайтып, «Келіңдер, мұсылман болыңдар, өйткені ол пайғамбар кедейліктен мүлдем қорықпайтын адамдай сыйлықтар береді екен» деді. Бір кезінде пайғамбарымыз қолына түскен тоқсан мың дирхам күміс ақшаны жердегі алаша төкті. Келгендердің бәріне таратып, толықтай бітірді. Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһу та'ала бір құлына мал-мүлік пен білім берсе, ол құл харамдардан сақтанып, туған-туысқандарын қуантып, мал-мүлкін ақысы бар болғандарды біліп, оларға беретін болса, жәннаттың жоғары дәрежесіне барады.» Бір күні пайғамбарымыздан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қай амалдың ең құнды екендігі сұралды, сонда Ол «Сабыр мен жомарттық» деп жауап берді. Тағы былай деген: «Екі қасиет бар, Аллаһу та'ала оларды жақсы көреді. Ал тағы екі қасиетті жек көреді. Жақсы көретін қасиеттері: жомарттық пен көркем мінез. Жақтырмайтын екі қасиеті: жаман мінез бен сараңдық. Аллаһу та'ала құлына жақсылық тілеген кезде оны адамдардың жұмыстарын атқарумен айналысқызады.» Пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Анбәр тайпасынан бірнеше тұтқын әкелінді. Пайғамбарымыз олардың тек біреуінің ғана азат етілуін бұйырды. Осыған орай хазреті Әли сұрады: - Йа, Расулаллаһ, құдайымыз бір, дініміз бір, олардың бәрінің кінәсі де бір, неліктен бұл адамды ерекшелеп ажыраттыңыз? Пайғамбарымыз бұл сұраққа былай жауап берді: - Маған Жәбрейіл періште (алейһиссалам) келіп, «Мына адамды ғана босат, өйткені, жомарттығы үшін ол адамды Аллаһу та'ала ұнатты» деді. Үлкен Ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген: «Мұсылман болған сараңның имансыз кету қаупі бар. Аллаһ сақтасын. Ал жомарт болған кәпірдің мұсылман болу ықтималы бар. Бұл өте маңызды. Сараң болған мұсылманның имансыз өлу қаупі бар. Неліктен? Өйткені, ешкімге ештеңе бермейді. Бір нәрсесін беруге үйренбеген. Алайда, уақыты келіп, бір күні жанын береді. Бәріміз жанымызды береміз. Олай болса, беруді үйренейік. Қолы ашық болу жақсы қасиет. Аллаһ қолы ашық адамдарды жақсы көреді, ал сараңдарды жақтырмайды.» |