19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Имамдық

Имамдық

Сұрақ: Бірнеше кісі жамағатпен намаз оқымақшы болғанда имам болғысы келмейтіндермен қатар, ешкімге қарамай алдыға имамдыққа өтіп кететіндер де болады. Қайсы дұрыс?

Жауап: Екеуі де дұрыс емес. Төменде жазылған шарттарға қарап жамағат арасынан имамды таңдауы керек. Жамағатқа имам болуға ең лайықты болу реттілігі мынадай:

1) Сүннетті, яғни діни білімдерді ең жақсы білетін, намазды бұзатын және бұзбайтын нәрселерді ең жақсы білетін,

2) Құран кәрімді ең жақсы оқитын, тәжуидті (Құран оқу ережелерін) ең жақсы меңгерген,

3) Тақуалығы ең жоғары болған,

4) Жасы ең үлкен болған,

5) Мінезі, әдептілігі ең жақсы болған,

6) Түрі ең әдемі болған,

7) Ата-тегі ең жақсы болған,

8) Дауысы ең әдемі болған,

9) Киімі ең таза және әдемі болған,

10) Мал-мүлкі ең көп және абыройы ең жоғары болған,

11) Мұқим (жергілікті) сафаридан (жолаушыдан) имамдыққа лайықтырақ,

12) Көпшіліктің сайлағаны имам болады,

13) Көпшілік таңдай алмаса, онда жеребе тасталады.

Бір үйге қонаққа барғанда имам сайланбастан үй иесі өзі имам болады. Немесе имамды үй иесі таңдайды. Үйді жалдап тұратын кісі де үй иесі саналады. (Ибн Абидин)

Имам болуға үстемірек кісі бар кезде басқа біреу таңдалса, орынсыз болғанымен бұл күнә емес.

Үммидің (сауатсыздың) өзі сияқты үммилерге (сауатсыздарға) имам болуы жаиз (рұқсат). Үмми – Құран кәрімді қарап оқи алмайтын, Құран әріптерін танымайтын кісі. Үммидің Құран кәрімді қарап оқи алатын кісіге имам болуы жаиз емес (рұқсат емес). Тәжуидпен оқи алмайтын кісі де тәжуидпен оқитын адамға имам бола алмайды.

Имамдыққа өзінен де лайықты кісі бар кезде имам болуға өтпеу керек. Имам болудың жауапкершілігі жоғары. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Құран кәрімді ең жақсы оқитын кісі имам болсын, жақсы оқуда тең болса, сүннетті (Ислам дінінің үкімдерін) ең жақсы білетін кісі имам болсын, мұнда да тең болса, жасы үлкені имам болсын!» (Мүслим)

«Азан оқуға жүгіріңдер, бірақ имам болуға атылып шықпаңдар!» (Ибн Әби Шәйба)

«Имам болған кісі Аллаһтан қорықсын, имамы болған адамдарының жауапкершілігін мойнына артқанын білсін! Егер имам намазды кемшіліксіз оқытса, жамағаттың сауабындай имамға сауап жазылады. Егер кемшілік жіберсе, күнәсі тек имамның өзіне ғана болады.» (Табарани)

Лайықты болмағандар осы жауапкершіліктен сақтанып, ал лайықты болғандар осы міндеттен тартынбауы керек! Құран кәрімді тәжуидпен оқитын және Исламды жақсы білетін кісі имам болуы қажет.

Бойында имамдық шарттары бар кісінің қарапайымдылық танытайын деген оймен имам болудан тартынып, орнына имамдық шарттары жоқ болған кісіні өткізіп, имам болудан қашуы дұрыс емес. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қияметтің қорқынышында үш топтың қорықпағаны және есеп бермегені байқалады. Олар махшар халқының есебі біткенге дейін хош иісті қыраттарда отырады. Олардың бірі – бір топ адамның разылығымен оларға имам болғандар.» (Табарани)

«Имам мен азаншы жамағаттың санындай сауап алады.» (Әбушшайх)

- Йа, Расулаллаһ, маған сондай амал үйретіңіз, тек соны ғана істеу арқылы жәннатқа кірейін.

- Сенің арқаңда намазға келсін деп қауымыңның азаншысы бол!

- Йа, Расулаллаһ, мұны істей алмаймын.

- Онда саған ұйып намаз оқуы үшін қауымыңның имамы бол!

- Оны да істей алмаймын, йа, Расулаллаһ!

- Онда намазды алдыңғы сапта оқы! (Бұхари)

Имам болуға лайықтырақ болса, баласы әкесіне имам болады. (Халеби)

 

Үзірі бар имам

Сұрақ: Үзірі бар болған, мысалы бір жерінен қан немесе ірің ағып тұруы, зәр немесе жел ұстай алмауы, үстінің нәжіс болуы, кейбір арабша әріптерді сақауланып қате оқуы дегендей үзірі бар адам үзірі жоқ сау адамдарға имам бола алады ма? Сондай-ақ, отырып оқитын адамға тұрып оқитындар ұйып оқи алады ма?

Жауап: Үзірі бар кісі үзірі жоқтарға имам бола алмайды.

Үзірлері бір-біріне ұқсайтындар бір-біріне және бір үзірі бар адам екі үзірі бар адамға имам бола алады. Малики мен Шафии мазһабтарында үзірлі кісі үзірсіз адамдарға имам бола алады.

Жараның үстіндегі жақпамайдың немесе таңғыштың үстіне мәсіһ тартып дәрет алатын және қандай да бір себеппен Малики немесе Шафии мазһабтарын тақлид ететін ханафилер үзірлі болып саналмайды.

Тәйәммум алған кісі дәрет алған кісіге, отырып оқитын кісі тұрып оқитын кісіге имам бола алады.

 

Жолаушы (сафари) имам

Сұрақ: Бір досымыз үйімізге жолаушы болып келгенінде намаз оқитын кезде дереу өзі имамдыққа өтеді. Қонақ деп оған ештеңе демейміз. Оның рұқсатсыз, сұрамай имамдыққа өтуі дұрыс па?

Жауап: Дұрыс емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Бір жерге қонаққа барған адам оларға имам болмасын!» (Тирмизи)

«Жамағат бір жерге қонақ болып барса, сол үйден кеткенге дейін үйдің егесі ол жамағаттың әмірі (басшысы) болады, оған бағыну уәжіп болады.» (Дәйләми)

 

Ашық түрде күнә істейтін кісі

Сұрақ: Ашықтан-ашық күнә істейтін адам имам болса, оған ұйып намаз оқуға болады ма?

Жауап: Ішкілік ішетін, құмар ойнайтын немесе басқа да күнәлар істейтін адам, сенімі (ақидасы) дұрыс болса, дәрет пен намаздың парыздарын жақсы біліп, мән беретін болса, ондай адам имам болған кезде ұйып оқу кәрахатпен рұқсат, яғни мәкрух болады. Егер намаздың шарттарына мән бермесе, онда онсыз да намазы сахих болмайды.

Әбуссууд фәтуасында «Салих және фажир (күнәхар, фитнашы) адамдарға ұйып намаз оқыңдар» деген хадис шәриф түсіндірілген кезде «Бұл хадис шәриф мешіттің имамдарына емес, жұма намазын оқытатын әмірлерге қатысты. Оларға мойынсұну, бағыну керек болғандықтан, фитна шығармау үшін фасық болған (ашықтан-ашық күнә істейтін) әмірлерге ұйып намаз оқуға болады» делінген. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Барлық имаммен намаз оқы, сауабы саған, қатесі бар болса, жауапкершілігі өзінде. Барлық әмірмен жиһадқа шық, сауабы саған, қате шешім қабылдаса, зияны өзіне. Мұсылман болған барлық өлінің жаназасын оқы, өзіне қол жұмсаса да...» (Дәйләми)

Бұл жайт жоғарыдағы фәтуада айтылғандай, әмірлерге бағыну үшін.

Бидғатшы (сектант), ішкілік ішетін, құмар ойнайтын мешіт имамдарына ұйып намаз оқымау керек!

Құран кәрімді әуендетіп оқитын, бойында имамдық шарттары жоқ және ашықтан-ашық күнә істейтін имамдарға да ұйып намаз оқымау керек! Әсіресе, сенімі қате адамдардың артында намаз оқуға мүлдем рұқсат жоқ. Бірақ, мешітте осындай фасық, адасқан имам бар екен деп санап мешіттен қашпаған жөн.

Тағы Әбуссууд фәтуасында былай делінеді:

«Құран кәрімді тәжуидпен (ережелеріне сай) оқуды білу парыз. Тәжуидті білмейтін имамның оқыған Құран кәрімі және намазы сахих болмайды.»

Сенімі қате немесе бидғатшы болған, Ислам ғалымдарының жазбаларына, фәтуаларына мән бермейтін, белгілі бір мазһаб ұстанбайтын, муфәссир (тәфсирші) және мухаддис (хадис ғалымы) ижазаты (дипломы) болмаса да, Құран кәрімге және хадис шәрифтерге өз көзқарасымен мағына беретін адасқан адамдарға ұйып намаз оқуға болмайды. (Хадиқа)

 

Салих имам

Сұрақ: Әһли сүннет ғалымдарына және олардың кітаптарына қайшы сөйлейтін имамға ұйып намаз оқуға болады ма?

Жауап: Бидғатшы, фасық (күнәхар) және мәкрух істейтін имамдардан аулақ болу керек, салих имамдарды таңдаған жөн.

 

Әйел имам

Сұрақ: Әйел еркектерге имам бола алады ма?

Жауап: Барлық фиқһ кітаптарында имам болудың шарттарында «Еркек болу. Әйел еркектерге имам бола алмайды» деп жазылған. (Халеби)

Дүрәр кітабындағы хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Әйелдердің (намазда имам болып) алдына өткізілуі жаиз (рұқсат) емес.» (Рәзин)

Әйел еркектермен бірге жамағатпен намаз оқыса, әйелдің оң және сол жағындағы және артындағы еркектердің намаздары бұзылады. (Рәддул мухтар)

 

Уәләд-и зина

Сұрақ: Қоғамда әкесі белгісіз, уәләд-и зина (зинадан туған) деп аталатын балалар күн сайын көбеюде. Әке-шешесінің күнәсі осы балаларға да жазылады ма? Уәләд-и зина имам бола алады ма?

Жауап: Уәләд-и зинаның көбеюі – қияметтің, ақыр заманның белгісі. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ақыр заманда уәләд-и зина (зинадан туған бала) көбейеді.» (Табарани)

Тіпті кәпірдің балалары да күнәсіз туылады. Әке-шешесінің күнәсін бала көтермейді. Хадис шәрифте былай делінген:

«Уәләд-и зина әкесінің күнәсін көтермейді. Ешкім біреудің күнәсін көтермейді.» (Хаким)

Құран кәрімде де былай делінеді:

«Адам біреудің күнәсін көтермейді.» (Нәжм 38)

Сауатсыз болса, уәләд-и зинаның имам болуы мәкрух. Сауатсыз болмаса, онда имам болуының зияны жоқ. (Нур-ул-изах)

Уәләд-и зина, көбінесе, қараусыз және білімсіз өскендіктен, яғни сауатсыз болғандықтан, имамдыққа өте алмайды. Бірақ, сауатты, білімді болғандарының имам болуының ешқандай зияны жоқ.

 

Жамағаттың намазы

Сұрақ: Үлкен күнә істеген, бірақ кейіннен тәубесіне келіп, салих, тақуа кісі болған адам имам болса, оның күнәсін жамағат білмесе, жамағаттың намазына зияны тиеді ме? Осындай адамның имамдыққа өтуіне болады ма?

Жауап: Ешқандай зияны жоқ. Ондай адамның имамдыққа өтуіне болады.

 

Имам мен жамағат

Сұрақ: С.Әбәдия кітабында «Жамағат қаласа да, имамның парызды оқытқанда қыраатты және тәсбихтарды артық оқуы тахримән мәкрух» деп жазылғанымен, Мәктубат кітабында «Ал имам жамағаттың жағдайына қарайды» делінген. Бұл қайшылық емес пе?

Жауап: Жоқ, бірі екіншісін түсіндіріп тұр. Жамағаттың жағдайына қарайды дегені сүннеттен де аз оқуына болады деген сөз. Өйткені, жамағатта ауру, жолаушы болуы мүмкін, ертерек кеткісі келетіндер болуы мүмкін. Имам жамағаттың жағдайына қарап сүннет мөлшерінен аз оқуына болады. Жамағат қаласа да, сүннеттен артық оқуы мәкрух болады. Зәм сүре оқуға қатысты да осылай. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Имам болған кісі намазды ұзатпай жеңіл оқытсын. Жамағаттың арасында кіші-кәрі, ауру және мұқтаж бар болуы мүмкін. Жалғыз оқығанда қалағанынша ұзатуына болады.» (Бұхари, Мүслим)

 

Фасық имам

Сұрақ: Әйелім оранбаған. Әйелі оранбаған адамға фасық делінеді, ал фасықтың имам болуы мәкрух. Достарым маған сен имам бол дейді, бірақ мен имам болғым келмейді. Осы ісім дұрыс па?

Жауап: Иә, істегеніңіз дұрыс. Фасықтың имам болмағаны жөн.

 

Имамның ниеті

Сұрақ: Имам болғанда қалай ниет ету керектігін білмеймін. «Ниет еттім бесін намазын оқытуға» деп ниет ету дұрыс па?

Жауап: Иә, солай ниет етуге болады. Яғни намаз сахих болады. Имам болуға мүлдем ниет етпесеңіз де еркектерге оқытқан намазыңыз сахих болады. Яғни тек қана «Ниет еттім бесін намазын оқуға» десеңіз де осындай ниетпен сізге адамдар ұйып оқыса, олардың да намаздары сахих болады.

Ниетті әртүрлі жасауға болады, дегенмен «Маған ұйығандарға имам болдым» деу ең дұрысы.

 

Әйелге имам болуға ниет

Сұрақ: Мен имам болдым, балам екеуіміз намаз оқып жатқанда шешесі де келіп бізге қосылыпты. Оның намазы дұрыс болды ма?

Жауап: Оның да қосылатынын сіз білген болсаңыз, намазы сахих (дұрыс) болады. Өйткені, әйелдерге де имам болуға ниет ету шарт. Ниетсіз болмайды. Оның келетінін білмесеңіз және әйелдерге имам болуға да ниет етпеген болсаңыз, оның намазы сахих болмайды. Осындай жағдайларда, яғни әйелдердің де жамағатқа қосылу ықтималы бар кездері намазды бастайтын кезде әйелдерге де имам болуға ниет ету керек!

 

Әйел жамағат

Сұрақ: Тек қана келіншегім екеуіміз намаз оқығанда қалай ниет етіледі?

Жауап: Әйеліңіздің сізге ұйығанын білуіңіз жеткілікті. Мысалы «Ниет еттім маған ұйығандарға имам болуға» деу жеткілікті. «Ниет еттім әйелдерге де имам болуға» деуге де болады. Тіпті ниет еттім бесіннің парызын оқуға деу жетеді. Маңыздысы, артыңызда әйел жамағаттың бар екенін білу. Ниеттің әртүрлі болуының зияны жоқ.

 

Фасықтың имам болуы

Сұрақ: Жамағат болып оқуға мүмкіндік бар бола тұра, ол жақтағылардың барлығының фасық екендігі мәлім болған жағдайларда фасық фасыққа имам бола алады ма?

Жауап: Иә, бола алады.

 

Имам іштен оқыса

Сұрақ: Имам тәкбірлерді жай дауыспен оқыса, естімегендердің намаздары өтпейді ме?

Жауап: Имамның намазды бастарда және рукннен рукнге өткенде және сәлем бергенде жамағат еститіндей дауысын шығаруы сүннет.

Имамға ұюдың сахих болуы үшін имамның дауысын есту немесе имамның немесе жамағаттың әрекеттерін көру керек.

Имамның әрекеттеріне ұю керек. Дауысына ұю шарт емес. Имамды көрмейтін адам имамды көріп тұрғандардың әрекетіне ұйса, имамның әрекеттеріне ұйыған болады.

Имам толықтай ішінен оқыса, ешкім естімесе де, намаз сахих болады.

 

Имамның дауыс шығарып оқуы

Сұрақ: Имамның намазды дауысын қатты шығарып оқуы дұрыс па?

Жауап: Имамның намазда қажетінен артық дауысын қатты шығаруы намазды бұзбағанымен, харам болып табылады. Өйткені, артындағы жамағаттың имамның оқығанын естуі шарт емес. (Дуррул мухтар)

 

Шафии имам

Сұрақ: Намазда Шафии мазһабында рукудан көтерілгенде екі қол көтеріледі. Ханафи болғандарға имам болып намаз оқытамын. Қолымды көтере берейін бе?

Жауап: Шафииде қол көтеру сүннет. Мәжбүр болмағанша бұл сүннетті тәрк етпеген жөн. Ханафилерге имам болсаңыз да қол көтеруіңіз керек.

 

Ақсақ имам

Сұрақ: Ақсақ кісі имам бола алады ма?

Жауап: Иә.

 

Зәм сүре

Сұрақ: Зәм сүре деген не? Ең қысқа дегенде қанша болуы керек?

Жауап: Фатихадан кейін оқылатын үш аятқа немесе үш аятқа тең бір аятқа зәм сүре делінеді. Үш аят мөлшері сөзбен есептегенде он сөз, әріппен есептегенде отыз әріп болуы керек. (Рәддул мухтар)

 

Имамның жамағатқа бұрылуы

Сұрақ: Жамағат қанша адам болса имам жамағатқа бұрылып отыруы керек?

Жауап: Жамағат аз болса да, көп болса да, намаздан кейін жамағатқа бұрылып отыруы сүннет. (Халеби)

Егер жамағат бір адам болса, сол бір адамға бұрылып отырмайды. Бір адамнан көп болса, онда бұрылады. Имам Әбулләйс хазреттері «Муқаддима» шәрһінде жазғаны бойынша, Имам Ағзам Әбу Ханифа «Имам намаздан кейін дұға ететін кезде жамағат он кісіден көп болса, бұрылады, аз болса бұрылмайды» деді. (Шира)

Егер жамағат он кісіден аз болып, бірінші сапта намаз оқып жатқандар бар болса, екінші қаулыны таңдап, имам жамағатқа бұрылмайды. Намаз оқып жатқандар жоқ болса, жамағат аз болса да бірінші қаулыны ұстанып, имам жамағатқа бұрылып отыруы керек. Өйткені, мұсылмандардың жүзіне бұрылып отыру қағбаға бұрылудан абзал. Жамағат көп болса да, намаз оқып жатқан адамға бұрылып отыру мәкрух. Жанымен бұрылып отырса, мәкрух болмайды. (Хиндия)

 

Имамның қамат айтуы

Сұрақ: Имам болатын кісінің қаматты да өзі айтуы мәкрух болады ма?

Жауап: Мәкрух болмайды. Хазреті Омар кейде солай істейтін.

 

Әріптерді дұрыс оқи алмайтын кісі

Сұрақ: Жаңадан мұсылман болған адам Құран әріптерін дұрыс айта алмаса, имам бола алады ма?

Жауап: Жоқ. Дереу дұрыс оқуды үйренуі керек.

 

Мұқим мен сафари

Сұрақ: Маликиді тақлид етуші мұқим (жергілікті кісі) мен сафари (жолаушы) бір-біріне имам бола алады ма?

Жауап: Иә.

 

Тәжуидті білмейтін адам

Сұрақ: Тәжуидті (Құран оқу ережелерін) білмейтін кісінің, махраждары дұрыс шықса, қырааты сахих болады ма?

Жауап: Махраждары дұрыс шықса, тәжуидті білмесе де, оқығаны сахих болады.

 

Сүннет пен парыз арасы

Сұрақ: «Имам намаздан бұрын жамағатқа саптарды түзеуін айтайды» делінеді. Алайда, сүннет пен парыз арасында сөйлемеу керек емес пе?

Жауап: Бұл ақшам намазына қатысты. (Ханафиде осылай, Шафииде әр уақытта айтады.)

 

Фатихадан кейін әмин

Сұрақ: Имам Фатихадан кейін әминді айтады ма?

Жауап: Иә. (Ішінен айтады.)

 

Қамат

Сұрақ: «Қад қаматиссалат» деген кезде имам намазды бастауы керек пе?

Жауап: «Қад қаматиссалат» дегенде имам намазға тұрады. Жамағат та бірге тұрады. Яғни қамат бітпей тұрып орындарынан тұрады. Қамат біткенде дереу тұруға да болады. Бірақ одан артық кешіктіру мәкрух болады.

 

Намаздан кейін жамағатқа бұрылу

Сұрақ: Имам намаздан кейін түрегеп бұрылып кейін отырады ма, әлде тұрмастан жамағатқа бұрылады ма?

Жауап: Екеуі де рұқсат.

 

Құбылаға теріс бұрылу

Сұрақ: Имам неге намаздан кейін құбылаға теріс қарап отырады?

Жауап: Сүннет болғандықтан бұрылады. Қағба қадірлі. Бірақ мұсылманның қадірі жоғарырақ. Хадис шәрифте былай делінген:

«Мархаба, ей, Бәйтуллаһ! Сен қандай ұлысың және құрметің қандай жоғары. Алайда, мұсылман Аллаһу та'аланың алдында сенен де қадірлі.» (Бәйһақи)

«Ей, қағба! Сені Аллаһу та'ала құрметті, қадірлі қылды. Бірақ, мұсылман құрмет тұрғысынан сенен құндырақ.» (Табарани)

«Мұсылман қағбадан үстем.» (Ибн Мажа)

Осы себептен, имам жамағатқа бұрылып отырады. Мұсылманды ренжіту қағбаны жетпіс рет құлатудан үлкен күнә.

 

Имамның ниеті

Сұрақ: Жамағатта әртүрлі мазһабтардан адамдар бар болса, имам басқаша ниет етеді ме?

Жауап: Жоқ, қалыпты түрде ниет етеді.

 

Жамағат сауабы

Сұрақ: Жалғыз өзі намаз оқымақшы болған адам «Маған ұйып оқитындар келіп қалар» деген оймен имам болуға да ниет етсе, кейін оған адамдар келіп ұйыса, жамағат сауабын алады ма?

Жауап: Иә.

 

Имамның жамағат сауабы

Сұрақ: Жалғыз өзі намаз оқып тұрған адамға ұйып оқыған кісі жамағат сауабын алады. Имам болған кісі жамағат сауабын ала алмайды ма?

Жауап: Имам болуға ниет етпегендіктен, жамағат сауабын ала алмайды.