19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Өлген кісіні қарыздан құтқару

Өлген кісіні қарыздан құтқару

Сұрақ: Өлген кісінің мойнында қалған қарыздары мен кісі ақылары бар болса, сол қарыздардан құтқарудың қандай да бір жолы бар ма?

Жауап: Адам қайтыс болғаннан кейін оның қарыздарын дереу өтеу керек. Өйткені оның қарыздары өтелмейінше өлген адамның рухы жақсылардың дәрежесіне жете алмайды. Қайтыс болған адам ер кісі болса, оның жұбайына уақытында бере алмаған мәһір ақшасы да қарызға жатады. Берілмеген, жиналып қалған зекет, пітір де қарыз саналады. Ұрлық жасауы, біреуден бір нәрсе тартып алуы да қарызға жатады. Мәйітті қабірге түсірмей тұрып қарыздарын өтеу мүмкін болмаса, мәйіттің жақын туыстарының бірі оның қарыздарын өз мойнына алады. Яғни қарыздар мәйіттікі емес, оныкі болады. Осылайша, алашақты кісілердің қабыл етуімен мәйіт қарыздан құтылған болады. Мәйіт бұған мұқтаж болғандықтан, ислам бұл тәсілге рұқсат берген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарыздар болып өлген бір кісінің жаназа намазын оқығысы келмеді. Сахабалардың бірі Әбу Қатада Ансари хазреті мәйіттің қарызын осы жолмен өз мойнына алды, сол кезде Расулуллаһ (алейһиссалам) оның жаназасын оқуға келісті. Ол мәйіттің қарызы екі динар, яғни 4,8 грамдық екі алтын болған. Расулуллаһ Әбу Қатада хазретінен:

- Сол екі алтындық қарызды сен өз мойныңа алдың ба, мәйіт қарыздан құтылды ма? – деп сұрады. Әбу Қатада хазреті:

- Иә, – деп жауап бергеннен кейін пайғамбарымыз жаназасын оқыды.

 

Демек, бөтен кісі де қарызды өз мойнына алса, мәйіт қарыздан құтылады. Қарызды мойнына алған адамның алашақты кісіге «Мәйіттің қарызын кешіп жібер, разы бол!» дегендей разылығын алуы дұрыс болады. Осылай қарызды кешкізу, разылығын алу арқылы мәйіт толықтай қарыздан құтылған болады.

Осы жолмен болсын, ислам көрсеткен басқа жолдармен болсын, мәйіт қарыздардан, мойнындағы кісі ақыларынан құтылғаннан кейін, бар болса оның өсиетін орындау қажет. Күнә болған істі өсиет ету сахих (дұрыс) болмайды. Ондай өсиеттер орындалмайды. Осылайша мәйіт өсиеттен келетін сауаптан және дұғадан мақұрым қалмаған болады.