Өмірінде өтірік айтқан емесӘбул Баракат Зәйнуддин әл-Мүнәжжа хазреті Ханбали мазһабының фиқһ ғалымы. 631 (м.1234) жылы Шам қаласында туылды. Өз дәуірінің ұлы ғұламаларының дәрістеріне қатысып, фиқһ, усул-и фиқһ, кәлам, тәфсир, әдебиет ғылымдарында жетіліп, отыз жыл бойы «Әмәуийя» мешітінде, «Ханбалийя» және «Садрийя» медреселерінде дәріс берді. 695 (м.1296) жылы Шам қаласында қайтыс болды. Дәрістерінің бірінде былай деген: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбар екендігін көрсететін дәлелдердің кейбірлері мыналар: Дүниелік жұмыстарда да, ахирет істерінде де Ол ешқашан өтірік айтпады. Өмірінде бір өтірік айтып көрген болғанда, азғын дұшпандары соны жан-жаққа жаюға жарысар еді. Пайғамбарлығынан бұрын да, кейін де жаман нәрсе істегені еш байқалмады. Үмми бола тұра (яғни ешкімнен ештеңе үйренбеген болса да) өте мәнерлі, яғни анық және жағымды сөйлейтін еді. Сондықтан өзі «Маған жәуамиул кәлим» берілген дейтін. (Жәуамиул кәлим – аз сөзбен көп нәрсені жеткізу деген сөз). Ол Аллаһу та'аланың дінін жаю үшін көп қиыншылықтарға төзді. Тіпті көптігі соншалық, «Ешбір пайғамбар менің шеккен қиыншылықтарымды көрмеген» деді. Олардың бәріне шыдады. Міндетін атқаруда еш немқұрайлылық танытпады. Дұшпандарын жеңіп шығып, адамдардың бәрі билігіне өткенде көркем мінезінде, қамқорлығында, кішіпейілдігінде ешқандай өзгеріс орын алмады. Өмірінің барлық уақытында бәрінің көңілін аулайтын еді. Өзін ешкімнен жоғары санамайтын. Үмбетінің бәріне әкедей қамқор болатын. Мейірімінің көптігінен оған «Фатыр» сүресінің «Олардың қате іс-әрекеттеріне мұңайма!» деген сегізінші аяты және «Кәһф» сүресінің «Олардың қате іс-әрекеттеріне мұңайып өзіңді опат қыласың ба?» деген алтыншы аяты келді. Жомарттығы шамадан артық еді. Мұны шектеу үшін «Исра» сүресінің «Мал-мүлкіңнің бәрін беріп жіберетіндей ашық қолды болма!» деген жиырма тоғызыншы аяты келді. Дүниенің өткінші және алдамшы қызықтарына мүлдем қарамайтын. Пайғамбарлығын жариялауды бастаған кезеңдерінде Құрайыштың зиялылары келіп «Саған қалағаныңша мал-мүлік берейік. Қалаған қызыңды алып берейік. Қалаған жеріңе бастық қылайық. Мына ісіңнен бастарт!» деген ұсыныс жасады. Олардың бетіне де қарамады... Кедейлердің және жетім-жесірлердің алдында мейірімді, кішіпейіл және қарапайым болып, ал ауқаттылардың, мал-мүлік иелерінің алдында салмақты және байсалды болатын. |