Отыз жылдан бері осылай намаз оқимынХатим Әсам хазреті – ұлы әулиелердің бірі. Шын есімі – Хатим бин Унван бин Юсуф әл-Әсам. Бәлх қаласында туылған. Шақиқ Бәлхи хазретінің шәкірті, Ахмед Хадрауайһ хазретінің ұстазы. 237 (м.852) жылы қайтыс болды. Оның «Әсам» (керең) деп аталуының себебі былай хикаяланады: Бір адам онымен сөйлесіп отырғанда байқамай жел шығарып қояды. Хатим Әсам ол кісі ұялмасын деп «Қаттырақ айт, құлағым естімейді» дейді. Осы қасиеті себебімен оған «Әсам» лақабы тағылған екен. Бір адам Хатим Әсам хазретіне келіп: - Ей, Хатим, намазды қалай оқисың? – деп сұрады. Хатим Әсам хазреті былай жауап берді: - Намаз уақыты кіргенде әрі сырттай, әрі іштей (ішкі дүниеммен) дәрет аламын. - Ондай дәрет қалай алынады? - Сырттай дәретте жуылуы қажет болған мүшелерімді сумен жуып дәрет аламын. Ал ішкі дүниеммен дәрет алғанда мүшелерімді тәубемен, күнәларға өкінумен, дүниеге деген және бастық болуға деген ынтамды, адамдардың мені мақтауын, кекшілдік пен көре алмаушылықты доғарып жуамын. Кейін қағбаны көз алдыма елестетіп, Аллаһу та'аланың мені көріп тұрғанын ойлаймын. Жәннаттың оң жағымда, тозақтың сол жағымда, Әзрейіл періштенің (алейһиссалам) артымда тұрғанын, ал өзімді Сырат көпірінің үстінде тұрғандай, оқып жатқан намазымды соңғы намазымдай елестетемін. Кейін ниет етіп, тәкбір аламын. Намазда оқитындарымды тәфәккур етіп (ғибратпен ойлап) оқимын. Тауазумен (қарапайымдылықпен, кішіпейілдікпен) рукуға иілемін. Жалбарынып тұрып сәждеге жығыламын. Үмітпен тәшәһудте отырамын. Ықыласпен сәлем беремін. Отыз жылдан бері намазымды осылай оқимын. Хатим Әсам ысырап мәселесінде аса мұқият болатын. Бір блімді кісінің көп ысырап ететінін естіп қалды. Оның үйіне барып «Мен сауатсыз адаммын, маған дінімді үйрет» деді. «Әуелі не үйренгің келеді?» деп сұрағанда Хатим Әсам: «Маған әуелі дәрет алуды үйрет» деді. Әлгі кісі бүкіл мүшелерін ретімен үш реттен жуды. Дәрет алып болған соң Хатим Әсам :«Мен сенің көзіңше дәрет алайын, қателерімді түзет» деді. Сөйтіп дәрет алып жатқанда қолды жууға келгенде төрт реттен жуды. Мұны байқаған әлгі кісі «Суды ысырап еттің» дегенде Хатим Әсам «Қай жерде ысырап еттім?» деп сұрады. Адам «Қолыңды үш рет жуудың орнына төрт рет жудың ғой» деді. Хатим Әсам «Мен бір уыс суды ысырап еттім. Ал сен көп және жақсы нәрселерді ысырап етіп жүрсің» деді. Әлгі адам Хатим Әсамның діни білім үйренуге емес, сабақ беруге келгенін түсінеді. Үйіне кіріп, қырық күн бойы ешкімнің бетіне қарай алмайды... Хатим Әсам хазретінің даналық сөздері өте көп. Бір күні былай деді: «Нәпсіңнен төрт нәрсе талап ет: Риясыз жақсы амал жасауды, ашкөздіксіз алуды, міндетсінбей беруді, сараңдықсыз көмектесуді». |