Жамағаттың имамға ұюының шарттарыСұрақ: Жамағатпен намаз оқығанда жамағаттың имамға ұйып оқуының белгілі бір шарттары бар ма? Бар болса қандай? Жауап: Фиқһ кітаптарында жамағатпен намаз оқығанда имамға ұйып оқудың дұрыс болуы үшін төмендегідей он шарт жазылған: 1) Намазға тұрғанда тәкбір алудан бұрын имамға ұюға ниет ету. Имамның кім екендігіне ниет ету қажет емес. 2) Имамның әйелдерге имам болуға ниет етуі керек. Имамның ер кісілерге имам болуға ниет етуі қажет емес. Бірақ ниет ететін болса, имамға жамағаттың сауабы да беріледі. 3) Жамағаттың тобығы имамның тобығының артында болуы тиіс. 4) Имам мен жамағат бірдей намазды оқуы керек. Уақыттың парызын оқып қойған адам қайтадан имамға ұйса, имаммен бірге оқығаны нәпіл болады. 5) Имам мен жамағат арасында әйел сапы болмау керек. Әйелдер бір саптан аз болып, арада перде болса яки төменде немесе жоғарыда болса, жаиз (рұқсат) болады. 6) Жамағат имамның өзін көрсе немесе дауысын естісе, арада дуал имамға ұюға бөгет емес. Арада қайық өтетіндей өзен және арба (көлік) өтетіндей жол болмауы керек. Жолда немесе өзен үстіндегі көпірде екі сап имамға ұятын болса, олардың артындағылардың да намаздары сахих болады. 7) Имамға ұюдың сахих болуы үшін имамның немесе муәззиннің (азаншының) дауысын есту немесе оларды көру, яки жамағаттың әрекеттерін көріп тұру керек. Арада естуге, көруге мүмкіндік беретін терезесі жоқ дуал болмауы керек. 8) Имам жануардың (жылқы, түйе және т.б.) үстінде, жамағат жерде немесе керісінше болмауы керек. 9) Имам мен жамағат бір-біріне тиіп тұрмаған екі кемеде болмауы керек. 10) Басқа мазһабтағы имамға ұйған жамағаттың өз мазһабы бойынша намазды бұзатын нәрсенің имамда бар екенін білмеуі керек. Мысалы, имамның бір жерінің қанауы немесе дәретте басының төрттен бірінен аз жерін мәсіһ етуі Ханафи мазһабында рұқсат болмағандықтан, осылай істегендігі мәлім болған Шафии имамға ұю ғалымдардың көбінің үкімі бойынша рұқсат емес. Бұл қаулы сахих. Шафии имамның бір жері қанағандығы байқалса, кейін имам біраз уақытқа жоқ болып кетіп, қайта оралса, оған ұюға болады. Өйткені сол уақытта дәрет алып келген болуы мүмкін. Жақсы ойда болу керек. |