Жәннат сарайына қауышқандарДін ғұламаларымыз «Дүние қадірсіз, оны қадірлеп, соңынан қуғандар да қадірсіз. Дүниенің Аллаһ дәргейінде еш қадірі жоқ» дейді. Мұса пайғамбар (алейһиссалам) заманында бір кедей кісі болған екен. Бір күні Мұса алейһиссаламға келіп: «Йа, Мұса пайғамбар! Сіз Калимуллаһсыз! Менің жағдайымды Раббыма айтып, маған біраз ақша беруін сұрасаңыз?» деп өтінеді. Мұса алейһиссалам дұға етеді. Мынадай жауап келеді: «Құлыма айт, қаласа дүниеде берейін, қаласа ахиретте». Кедей: «Осы дүниеде берсін» деп сұрайды. Мұса алейһиссалам «Үш күндік дүниені не қыласың? Бүкіл әлем сенікі болса, не қадірі бар? Ақыр соңында бәрін тастап кетесің ғой. Ал ахиреттегі ниғметтер мәңгі, шексіз, бітпейді де, азаймайды да. Ойланып көр» дейді. Кедей: «Аллаһу та'ала маған таңдау еркін берген болса, онда осы дүниеде бергенін қалаймын» деп сөзінен қайтпайды. Мұса алейһиссалам шарасыз қалып: «Йа, Раббым! Өзіңе мәлім, құлың байлықты дүниеде сұрап тұр» дейді. Аллаһу та'ала ол адамға ниғметтер жаудырады. Бітпес байлық береді. Бірақ ол байлықты жинамайды, бір жақтан келіп жатса, басқа жақтан қайырымдылыққа тарата береді. Қайда жетім-жесір болса, бәріне көмектеседі, қайда қарызға батқан адамдар болса, бәрінің қарызын өтейді. Осылай бірнеше жыл өмір сүріп, күндердің бірінде қайтыс болады... Мұса алейһиссалам адамның ахиреттегі жағдайына қараса, ол адам жәннатта зәулім сарайда салтанатты өмір сүріп жатыр екен. Пайғамбар аң-таң болып: - Йа, Раббым! Мына құлың ахиретті емес, дүниені таңдаған еді ғой! Мұндай дәрежеге қалай жетті? – деп сұрайды. Аллаһу та'ала: - Иә, рас, ол дүниеде беруімді сұрады, біз бердік. Ол мына зәулім сарайды сол ақшасына сатып алды! – деген екен. Дүниедегі ақшамен жәннатта зәулім сарай сатып алған жалғыз ол ғана емес, сахабалар (алейһимурридуан) да осындай ниғметке бөленді. Мысалы, хазреті Осман Мәдинаға хижрет еткен шағында халықтың ауыз су тапшылығында екенін көреді. Иә, қалада суы тәтті «Румә құдығы» бар еді, бірақ оның егесі яһуди ақшаға құнығып, суды өте қымбат сататын. Сатып алуға мұсылмандардың жағдайы жетпейтін... Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Құдықты сатып алып, мұсылмандарға ашқан адамға» жәннатта зәулім үй берілетінін сүйіншілейді. Мұны естіген Осман Зиннурәйн дереу құдық егесіне барып, сатуын сұрайды. Яһудиге ақша жауып жатыр, сату тіпті ойында да жоқ. Сонда хазреті Осман «Онда екеуіміз ортақ болайық» дейді, яһуди бұған келісіп, құдықтың жартысын сатады. Келісім бойынша құдықтың суын екеуі кезектесіп сатады, яғни бір күн яһуди, бір күн Осман (радиаллаһу анһ). Хазреті Осман өзінің күндерінде құдықты кедейлерге, мұқтаждарға ашады, ешкімнен бір тиын да сұрамайды. Олар ыдыстарын екі күнге жететіндей толтырып алады. Ертеңіне яһуди су сататын күні ешкімнің су сатып алуға қажеттілігі болмайды. Яһуди құдықтан ақша түспейтініне көз жеткізіп, құдықтың өз үлесін де сатқысы келіп хазреті Османға ұсынады. Хазреті Осман құдықтың екінші жартысын да арзан бағаға сатып алып, халыққа ашып жібереді. Қорыта айтқанда, ақша өз орнымен қолданылса, иесін тозақ отынан құтқарады. Хадис шәрифте айтылғанындай, «Халал жолмен табылған мал-мүліктің салих мұсылмандардың қолында болуы қандай тамаша». |