21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   


ЕКІНШІ БӨЛІМ

Мұхаммед алейһиссаламның дүниеге келуінен бастап пайғамбарлығы білдірілгенге дейін байқалған пайғамбарлық сүйіншілері мен белгілері:

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) анасы Әмина ханым былай айтып берген: «Оның [яғни Мұхаммед алейһиссаламның] туылатын кезінде мен үйде жалғыз едім. Абдулмутталиб Бәйтуллаһты (қағбаны) тауаф етуге кеткен болатын. Абдуллаһ төрт ай бұрын Мәдинада қайтыс болып, сол жерде жерленген еді. Үйдің шатырына үлкен бір нәрсе қонғанын сездім, мені үрей басты. Бір ақ құстың қанатымен мені сипағанын сездім де, қорқынышым басылды. Кейін маған сүттей ақ шәрбәт берілді. Қатты шөлдеген едім, шәрбәтті алып іштім. Ұзын бойлы, кішкентай жүзді әйелдерді көрдім. Олар Абди Мәнаф тайпасының қыздарына ұқсайтын. Мені қоршап алған еді. Аспаннан жерге дейін созылған ақ жібек жамылғы көрдім. Біреудің «Оны адам көзінен жасырамыз» дегенін естідім. Бір үйір құс көрдім, олардың тұмсықтары зүбаржат, қанаттары жақұт еді. Сол кезде көзімнен перде алынды. Шығыстан батысқа дейін бүкіл жер жүзін көрдім. Бірі шығыста, бірі батыста, ал бірі қағбаның төбесінде үш байрақ көрдім. Кейін көп әйел келіп, мені айнала қоршап отырды. Мұхаммед алейһиссалам туыла салып басын сәждеге қойды. Саусағын аспанға көтерді. Кейін бір бұлт түсіп, оны алып кетті. Оны іздеп таба алмадым, жерде жоқ еді. Көзден ғайып болды. Кейін «Мұхаммедті бүкіл әлемге көрсетіңдер. Бүкіл жаратылыс Оны есімімен, көрінісімен және сипатымен танысын, білсін» деген дауыс естідім. Әлгі бұлт бір сәтте Оны қайта алып келді. Оны ақ жүнге ораған екен. Ораған жаялықтары сүттен ақ, жібектен жұмсақ еді.

Тағы бір бұлт түсті, алдыңғысынан үлкен еді. Бұлттың арасынан аттың кісінегенін естідім. Мынадай дауыстар естіліп жатты: «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барша адамзатқа, жындарға және жануарларға көрсетілді. Оған Адамның пәктігін, Нұхтың сыпайылығын, Ибраһимның адалдығын, Исмаилдың тілін, Юсуфтың көріктігін, Яқубтың көрегендігін, Әйюбтың сабырын, Яхияның тақуалығын және Исаның жомарттығын (алейһимуссалату уәссәләм) бердік». Кейін бұлт бірден ашылды».

• Осман бин Әбил Ас (радиаллаһу анһ) анасының былай айтып бергенін риуаят еткен: «Мұхаммед алейһиссалам дүниеге келген кезде хазреті Әминаның қасында едім. Ол түні қайда қарасам да күндіздей жап-жарық болған еді. Жұлдыздарға қарағанымда маған жақындағанын көрдім. Үстіме жауады деп ойлаған едім».

• Абдулмутталибтың қызы Сафия ханым былай айтып берген: «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келген кезінде мен Әминаны босандырған едім. Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) нұры шырағданның жарығын басып тұрды. Ол түні алты белгі көрдім. Біріншісі, туыла салып сәждеге жығылды. Екіншісі, басын көтеріп, анық сөйлеп «Лә илаһа иллаллаһ инни Расулуллаһ» деді. Үшіншісі, Оның нұрымен үй жарықтанды. Төртіншісі, туылғаннан кейін Оны жуындырмақшы болғанымды «Әуре болма, біз Оны жуындырдық» деген дауыс естідім. Бесіншісі, «Ұл ма, қыз ба?» деп қызыққан едім. Кіндігінің кесілгенін және сүндеттелгенін көрдім. Алтыншысы, Оны жаялыққа орамақшы болғанымда арқасында пайғамбарлық мөр бар екенін көрдім. Екі жауырынының ортасында «Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ» деп жазылған еді».

• Пайғамбарымыздың атасы Абдулмутталиб былай айтып берген: «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келген түні қағбаны тауаф етіп жатқан едім. Түн ортасы өткен соң қағбаның мақам-ы Ибраһим тарапына сәжде еткенін көрдім. «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар» деген лепті дауыспен «Мені мүшриктердің ластығынан және надандық дәуірінің жамандығынан тазалады» деген дауыстар естіліп жатты. Кейін бүкіл пұттар жерге етбетімен құлады. Хубәл атты ең ірі пұтқа қарағанымда басы төмендегі тастың үстіне түскен еді. Біреуінің «Әмина Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге әкелді» деп ыңырсып жатқанын естідім. Осы сөзді естігеннен кейін Сафа төбесіне шықтым. Бір гүріл бар еді. Бүкіл құстар мен жануарлар Меккеде бір жерге жиналғандай болды. Кейін Әминаның үйіне бардым. Есік кілтеулі еді, «Ашыңдар» деп айқайладым. Іштен Әмина: «Әке! Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келді» деді. «Бері алып кел, көрейін» деп едім, «Рұқсат жоқ, біреу келіп «Ей, Әмина, баланы үш күн ешкімге көрсетуші болма» деп бұйырды» деп жауаптады. Қылышымды шығарып, ішке кірмекші болдым. Алдымнан қылышы бар және беті жабылған біреу шықты. «Ей, Абдулмутталиб, кері қайт, мәлаикә-и муқаррабин (Аллаһқа жақын болған періштелер) және суккян-и иллийин (жәннаттың ең үлкен дәрежесінің тұрғындары) немереңді зиярат етіп болғанға дейін ішке кірме» деді. Қорыққанымнан денем қалтырап, қолымнан қылышты түсіріп алдым. Сыртқа шығып кеттім. Бұл оқиғаны Құрайыш халқына айтып бермекші болған едім, бірақ үш күн тілім байланды. Ешкімге ештеңе айта алмадым.

• Мүжаһид (радиаллаһу та'ала анһ) айтып берген: «Ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) емізілуі тұрғысында құстардың және басқа да жандылардың тартысқаны жайлы сұрадым. «Адамдардан басқа барлық жандылар Оны емізуге таласып тартысты» деді. Өйткені Ол дүниеге келгенде «Ей, жандылар! Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келді. Оны емізген жан қандай бақытты» деген үндеу келді. Осыған орай барлық жандылар осы тұрғыда тартыса бастады. Кейін «Оны адамзаттан бірінің емізетіні тағдырға жазылған» деген үндеу келді. Үш күннен кейін Әбу Ләһәбтің күңі Сувәйба ханым Халима ханым келгенге дейін төрт ай емізді».

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келген түні Иран патшасы Кисраның сарайы шайқалды да, он төрт бұрышы қирады. Парсылардың (мәжусилердің, отқа табынушылардың) мың жылдан бері еш сөнбей жанған оты сөнді. «Сауә» көлінің суы жерге сіңіп, кеуіп кетті. Мәжусилердің атақты ғалымы Мубадан түсінде асау түйелердің алдына салып қуған аттарды өлтіріп, Дижла өзенін кешіп өткенін және мемлекеттерінің жойылып кеткенін көрді. Кисра сарайының шайқалуынан және бұрыштарының қирауынан қатты қорықты. Ешкімге білдіргісі келмеді. Бірақ таңертең тағына отырғанда шыдай алмай бұл оқиғаны уәзіріне және жақын адамдарына айтып берді. Ол осыларды айтып беріп жатқанда сарайға мәжусилердің оты сөнгені жазылған хат келді. Кисраны сары уайым басты. Кейін Мубадан көрген түсін айтып берді. Кисра Мубаданнан «Бұл туралы не айтуға болады?» деп сұрады. Ол «Бұлар – арабтар арасынан орын алатын оқиғаның белгісі» деді. Кейін Кисра Нуман бин Мүнзирге хат жазып, бұл оқиғаның түсіндірмесін сұрауға болатын ғалым жіберуін сұрады. Ол Абдулмәсих Ғассаниді жіберді. Кисра одан осы оқиғалар туралы сұрады. Абдулмәсих Ғассани: «Бұл ілімді көкем Сатих көріпкел біледі. Ол қазір Шамда» деді. Кисра: «Бар, одан осы оқиғалар туралы сұра» деп бұйырды. Ол Шамға барып, Сатих көріпкелді тапты. Көріпкел ол кезде өлейін деп жатқан еді. Сәлем беріп еді, сәлеміне жауап қайтармады. Абдулмәсих бір өлең оқи бастады. Сатих көріпкел өлеңді естігенде көзін ашып, «Ей, Абдулмәсих! Кисра сарайының сілкінуі, бұрыштарының қирауы, Мубаданның түсі, Сауә көлінің кеуіп кетуі себебімен осыларды сұрату үшін сені маған жіберді. Бұлардың бәрі ақыр заман пайғамбарының дүниеге келгенінің белгісі. Ол осы аймақтарды басып алады. Кисралардан қираған бұрыштар санындай адам Иранда билік құрады. Кейін мемлекеттері құлайды» деді. Абдулмәсих бұл хабарды Кисраға жеткізді. Кисра «Он төрт адам патшалық құрғаннан кейін бұл мемлекет құлайды екен. Бұған көп уақыт керек, ұзаққа созылады» деді. Бірақ сол кисралардан он адамның билігі төрт жылда бітті. Қалған төртеуі әмир-ул-муминин Осман (радиаллаһу анһ) заманына дейін билік құрды.

Кейбір риуаяттарда хабар берілгені бойынша, Кисра Дижла өзені жағасына зәулім сарай салдырған болатын. Ол сарайға есептеуге келмейтіндей көп ақша жұмсалды. Бір күні таңертең тұрғанда бұл сарайдың қақ ортасынан екіге бөлініп, су астында қалғанын көрді. Қасында көріпкелдерден, жұлдызнамашы және сиқыршылардан үш жүз алпыс адам бар еді. Олардың арасында араб елінен Саиб есімді біреу бар еді, көріпкелдікте шебер және әйгілі еді. Шығарған шешімдері мен хабарларында аз қате жіберетін. Кисра оларды жинап, сарайының екіге айрылып қирауының себебін зерттеп, тауып беруін бұйырды. Әрқайсысы жан-жаққа кетіп, зерттей бастады. Сиқыршылардың, көріпкелдердің және жұлдызнамашылардың хабар алу жолдары жабылды.

Саиб есімді көріпкел қараңғы түнде биік төбеге шықты. Аспанға және жер бетіне қарап отырғанында Хижаз тарапынан найзағай жарқырағанын және батысқа дейін жеткенін көрді. Таңертең аяғымен басқан жеріне көк шөп шыққан еді. Өз-өзіне «Егер көргенім дұрыс болса, Хижаздан бір патша шығып, барлық жерге билік құрады. Әлемде амандық пен арзандық болады» деген пайымға келді. Бүкіл сиқыршылар, көріпкелдер, жұлдызнамашылар бір жерге жиналып, бір-біріне жағдайларын айтып берді. Кейін «Бір пайғамбар жіберілді немесе жіберіледі» деген ортақ шешімге келді. Өзара «Кисраның мүлкін алып қояды. Бірақ біз мұны Кисраға айта алмаймыз. Өйткені ол бәрімізді өлтіреді» десті. Кейін Кисраға барып: «Сарайдың қирауының себебі – салыну уақытының дұрыс таңдалмауында. Бір уақытты белгілейік, сол уақытта салынсын» деді. Бір уақытты белгілеп, сарай сол уақытта салынды. Кисра бүкіл мемлекет қызметкерлерімен бірге сол сарайда мәжіліс өткізді. Сол кезде Дижла өзенінің суы көтерілді. Сарайды су басып қиратты. Кисра суға батайын деп тұрған жерінен шығарылып құтқарылды. Кисра көріпкелдері мен жұлдызнамашыларына ашуланып, көбін өлтірді. Қалғандары «Біз қателік жіберіппіз. Сарайды салатын уақытты қайтадан белгілейік» десті. Белгілеген уақыттарында сарай жаңадан көтерілді. Кисра қорқып сарайға кірді. Ол кірген сәтінде сарай тұрған жерінде қирап, жерге құлады. Кисра өзенге құлады. Кисра ауыр жаралы хәлде өзеннен шығарылды.

Кисра әлгі көріпкелдерін жинап «Сендерді өлтіремін» деп қорқытты. Сонда көріпкелдер шындығын айтып, «Бұл белгілер бір пайғамбардың келгендігін немесе жуырда келетіндігін, сіздің билігіңізді тоқтататындығын, мүлкіңізді алатындығын көрсетеді» деді. Кисра мұны естігеннен кейін Дижла жағасына ғимарат тұрғызудан бастартты. Сол жерде құлаған ғимарат толықтай қирап кетті.

• Меккеде тұратын бір яһуди бар еді. Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келген түні құрайштық бір топ адамға барып «Кеше түнде сіздерде ұл бала туылды ма?» деп сұрады. Олар «Білмейміз» деп жауаптады. Яһуди «Егер сіздерде туылмаса, онда қорқыныш жоқ. Кеше түнде бұл үмбеттің пайғамбары дүниеге келгенін жақсы білемін. Егер сіздерде туылмаса, онда Палестинада болса керек. Оның екі жауырыны арасында ұсақ қылдар (пайғамбарлық мөрі) бар. Жындардың жауыз бірі саусағын оның аузына тигізгендіктен, екі күн сүт ембейді» деді. Құрайштықтар ол жерден кеткеннен кейін таңырқап естіген осы сөздерін үлкендеріне айтып берді. Сонымен қатар Абдуллаһ бин Абдулмутталибке Аллаһу та'ала ұл бала нәсіп еткенін естіді. Есімін Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) деп қойған екен. Бұл хабарды әлгі яһудиге жеткізді. Яһуди хазреті Әминаның үйіне барды да, баланың арқасындағы әлгі белгіні көргенде есінен танып құлады. Есін жиғаннан соң «Уаллаһи, бұдан былай пайғамбарлық Бәни Исраил қауымынан кетті» деді. Кейін Құрайштықтарға қарап: «Сіздер бұған қуанасыздар, бірақ бұл бала сіздерді жеңіп шығады. Оның атақ-даңқы шығыстан батысқа дейін барлық жерге жайылады» деді.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүт анасы хазреті Халима ханым былай айтып берген: «Тайпамыздан бір топ әйелмен сүт ана болу үшін Меккеге бардық. Күйеуім де менімен бірге барды. Бір арық ұрғашы есегіміз және сүті тоқтаған түйеміз бар еді. Менің де сүтім аз еді. Балам Дамра тоймағандықтан түнімен жылап маған ұйқы бермейтін. Меккеге барған кезімізде Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған бермекші болды. Білмегенімнен «Сүт емізетін сүт анаға жалақы беретіндей баланың жомарт әкесі болуы керек. Ол баланың әкесі жоқ қой» деп алғым келмеді. Менімен бірге келген әйелдердің бәрі бір-бір баладан тауып алды. Қалада емізетін бала қалмады. Ауылыма баласыз қайтудан ұялдым. Сөйтіп Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алатын болдым. Әмина ханым маған: «Үш түн бұрын маған біреу келіп, ұлымның сүт анасын Бәни Са’д тайпасынан және Зүвәйб ұлдарынан табуымды айтқан еді» деді. Мен Бәни Са’д тайпасынан екенімді және әкемнің Зувәйб ұлдарынан екендігін айттым. Әмина ханым қолымнан ұстап мені үйіне апарды. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Жүннен ақ жаялыққа оралған екен, одан айналаға хош иіс тарап тұрды. Жүзінің сұлулығынан жан-жаққа бақыт нұрлары тарап жатты. Жасыл жібекте ұйықтап жатқан еді. Ұйықтап жатқанында көкірегімді жақындатып едім, көзін ашты. Көздерінен шыққан нұр аспанға дейін көтерілді. Дереу бетін жауып, мұны Әмина ханымнан жасырдым. Кейін Оны құшағыма алып, оң көкірегімді аузына салып едім, еме бастады. Кейін сол көкірегімді беріп едім, оны ембеді». Ибн Аббастың (радиаллаһу анһума) айтуынша, сол кезде-ақ Аллаһу та'ала Оған әділдікті аян етіп, ол сүтті, яғни сол көкіректі ортағына қалдырды. Халима ханымның айтуынша, оң жақтан үнемі Мұхаммед алейһиссалам еметін. Сол жақты өз баласы Дамра еметін. Ешқашан өз баласы Мұхаммедтен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұрын сүт емген емес.

• Тағы Халима ханым былай айтып берген: «Хазреті Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) емізе бастағанымда сүтім көбейгені сонша, хазреті Мұхаммедті (алейһиссалам) және ұлым Дамраны емізсем де, сүтім еш азаймады, толып тасыды. Сүт бермейтін түйеміз сүт бере бастады. Үйімізде сүт мол болды. Бүкіл ыдыстарымыз сүтке толды. Күйеуім маған: «Ей, Халима! Үйіміз берекеттенді. Аллаһу та'ала бізді несібелі қылды. Бұлардың бәрі үйімізге келіп қадірлендірген осы бақты баланың берекетімен болып жатыр» деп қуанып шаттанатын еді.

• Халима ханым былай айтып берді: «Мұхаммедті (алейһиссалам) үйіме алып кетпек болып алғанымда үш күн Меккеде қалған болатынбыз. Үшінші түні жасыл киінген нұрлы жүзді біреу Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) төсегіне отырып, бетін сүйген еді. Күйеуіме де көрсеттім. Күйеуім «Мұны ешкімге айтушы болма, бізден мәз болып қайтқандар жоқ екенін біл» деді.

• Тағы Халима ханым айтып берген: «Меккеден үйімізге қайтатын кезімізде есегіме міндім. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қойныма алдым. Есек қағбаға қарай үш рет сәжде етті. Кейін жолға шықтық. Есегіміз басқа есектердің бәрінен озып кетті. Бірге жолға шыққан ауылдастарымыздың бәрі артта қалды. Олар маған: «Ей, Халима, есектің жүгенін біраз тартып ұста. Бұл есек келерде әрең жүретін есек емес пе еді?!» деді. Мен құшағымдағы Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрсетіп, «Бұл құбылыс мына баламның берекетімен болып жатыр деп ойлаймын» дедім.

• Халима ханым айтып берген: «Бәни Са’д мекендерінен тұрақтаған барлық жерім жасарып, ол жақ көркейетін еді. Аллаһу та'ала малдарымызға сондай берекет берді, қойларымыздың желіндері сүтке толды. Бәни Са’дтықтар шопандарына ұрсып, «Неліктен Әбу Зувәйбтің қойлары семіз әрі сүтті, ал біздің қойларымыз арық және сүтсіз. Сендер де қойларды олар жаятын жерлерде жайыңдар!» дейтін».

• Халима ханым былай айтып берген: «Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тілі шығатын уақыты жақындағанда бәрін таңқалдырып: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Әлхамдулиллаһи Раббил аләмин» дейтін». Риуаят етілуі бойынша, Ол екі айында отыратын және еңбектейтін. Үш айында аяққа тұрды. Төрт айында дуалды ұстап жүрді. Бес айында ештеңені ұстамай өзі жүрді. Алты айында жылдам жүре бастады. Жеті айында жүгірді. Сегіз айында түсінікті сөйлей бастады. Тоғыз айында анық сөйлей бастады. Он айында балалармен садақ ата бастады.

• Тағы Халима ханым былай айтып берді: «Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) емізіп жүрген кезімде Оған сондай разы болатынмын. Ешқашан ештеңені ластаған емес. Күндіз және түнде бір рет дәрет сындыратын, сол уақытқа дейін мүлде дәретін жібермейтін еді».

• Халима ханым былай айтып берген: «Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден емізу үшін алып, жолға шыққан болатынбыз. Жолда су жағасына тұрақтадық. Ол жақта Хузәйл тайпасынан бір қария бар еді. Қасымдағылар маған: «Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) анасы Әмина ханымның Ол туралы айтып берген таңғажайып құбылыстарды мына қариядан сұрап көр» десті. Мен қарияға: «Бұл баланың анасы туылған кезінде Одан нұр шыққанын, ол нұрдың жарығымен барлық жер көрінгенін және туылғанында жерден бір уыс топырақ алып, кейін басын көтергенін айтты» дедім. Қарт кісі бұларды ести сала: «Ей, Хузәйл тайпасы! Мына баланы өлтіріңдер! Өйткені Ол бүкіл әлемді билейді. Ол аспаннан келетін хабарды күтуде» деп айқайлады».

• Халима ханым айтып берді: «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) екі жасқа толып, сүттен шығару уақыты келген болатын. Оны анасына тапсыру үшін Меккеге алып бардым. Оның арқасында келген берекеттің кетуін мүлде қаламайтын едім. Анасы Әмина ханымға «Біз бұл баладан берекетті бала көрмедік. Меккенің ауа-райы өте ыстық, ауырып қалуы да мүмкін. Бізбен бірге тағы біраз қалуына рұқсат бересіз бе?» деп сұрадым. Ол рұқсат беріп, тағы бір жыл бізбен қалды. Бір күні Хабәш насранилерінің бір жамағаты тұратын жерге жолым түсті. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрді. Оған мұқият қарады. Жұмыстарын тастап, Оның хәлдерін сұрай бастады. Арқасындағы екі жауырынының арасындағы пайғамбарлық мөріне қарап ойға шомды. Мүбәрәк көздерінің қызыл екенін көрді. Менен «Сіздің ұлыңыз көзім ауырды деп шағынбай ма?» деп сұрады. «Жоқ» дегенімде «Көздері үнемі қызарып тұрады ма?» деп сұрады. «Иә, үнемі қызыл» деп жауаптадым. Сонда олар маған: «Қанша мал сұрасаңыз да берейік, жанымызды құрбан етейік, бұл баланы бізге беріңіз, Оны Хабәш аймағына алып барайық. Кітаптарымыздан оқығанымыз бойынша Оның мерейі үстем болады. Соңғы пайғамбар келмек және Оның туылатын жері – Мекке қаласы. Біздің ойымызша Ол пайғамбар дүниеге келді немесе дүниеге келуі жақындады» деді. Олардан қатты қорықтым, сол түні көз ілмедім».

• Тағы Халима ханым былай айтып берді: «Мұхаммед алейһиссалам үшке толғанда сүт бауырларымен қой жаюға шығатын. Қолына таяқ алып, қуанып баратын. Кешке де қуанып, мәз болып қайтатын. Бір күні күн қатты ыстық болды. Ішімнен уайымдап «Бүгін күн ыстық. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қиналып қалмасын» деп ойладым. Сүт бауыры Шәйма «Ана, уайымдама, бүгін Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қозылардың арасында отырған еді. Үстінде бұлт Оған көлеңке жасап тұрды. Ол қайда барса, бұлт та Онымен бірге жүріп тұрды. Ол күннен еш қиналмайды» деді.

• Халима ханым былай айтып берді: «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні сүт бауырларымен бірге тағы қой жаюға шыққан болатын. Сүт бауыры Дамра түскі уақытта кенеттен үйге жылап келіп: «Анашым, құрайштық бауырыма бір нәрсе болды» деді. «Не болды, айт» деп едім: «Бізбен ойнап жүргенінде біреу келіп, Оны арамыздан алып кетті де, таудың төбесіне шығарды. Пышақпен ішін жарды» деді. Күйеуім Әбу Зувәйб екеуіміз бірге жүгіріп сол тауға шықтық. Сөйтсек Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзі қызарған және аспанға қарап тұрған екен. Дереу қасына барып отырып, маңдайынан сүйдім де: «Әй, балам-ау, саған не болды, жаным? Саған мұны кім істеді?» деп сұрадым. Ол былай айтып берді: «Бауырларыммен бірге ойнап жүрген едім. Үш кісі келді. Біреуінің қолында күміс құмған, біреуінің қолында іші қарға толы зүбәржат леген бар еді. Мені бауырларымның арасынан алып, таудың төбесіне шығарды. Араларынан бірі мені мейіріммен сипады да, кеудемді кіндігіме дейін жарды. Мен ешқандай ауру сезбедім. Қолын кеудеме тығып, жүрегімді шығарды да, қақ жарды. Ішінен біраз ұйыған қара қанды шығарып тастады. Кейін «Бұл сенің денеңдегі шайтан ықпалын тигізетін бөлшек еді. Аллаһу та'аланың бұйрығымен оны шығарып, шайтанның зиянынан және арбауынан сақ болуың үшін сені одан тазаладық» десті. Кейін жүрегімді орнына қойды. Мен бәрін көріп тұрдым. Үшінші адам келді де: «Сендер былай тұрыңдар, жұмыстарыңды аяқтадыңдар» деді. Ол адам маған жақындап, қолын кеудеме қойды. Сол сәтте кеудемдегі жара жабылып, жазылып кетті. Қасындағы біреуі «Оны үмбетінен он адаммен таразыда тартыңдар» деді. Тартқанында мен ауыр бастым. «Жүз адаммен тартыңдар» деді, тартып еді, мен ауыр бастым. «Мың адаммен тартыңдар» деді. Тағы мен ауыр бастым. Сонда «Оны жіберіңдер. Бүкіл үмбетімен тартсаңдар да, Ол ауыр басады» деді. Содан соң қолымнан ұстап мені отырғызды. Үшеуі де басымды және маңдайымды сүйді де, «Ей, Аллаһу та'аланың сүйіктісі, қорықпа. Саған қандай бақыт пен сыйлар берілгенін білсең ғой» деді. Кейін ауаға ұшып, аспанның ортасынан ішке кіріп кетті. Қаласаңыз, сізге ішке кірген жерін көрсетейін» деді».

• Тағы Халима ханым айтып берген: «Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таңғажайып құбылыстарын халыққа айтып беретін едім. Көбісі маған «Бұл баланы көріпкелге апар, бәлкім жындарға әсерленіп қалған болар» десті. Осыған орай Оны бір көріпкелге апардым. Оның бойынан байқалған бүкіл құбылыстарды айтып бердім. Көріпкел бұларды естіген соң атып тұрып: «Ей, арабтар! Жиналыңдар, бастарыңа бәле келейін деп тұр. Оны қазірден тоқтатыңдар! Бұл баланы өлтіріңдер. Егер өлтірмесеңдер, өскен кезде діндеріңді тастаңдар деп сендерді ешкім естімеген және елестете алмаған бір дінге шақырады» деп айқайлай бастады. Бұл сөздерді естігенде Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолынан ұстап тартып алдым. Көріпкелге «Негізі сенің өзіңді бір тәуіпке көрсету керек. Сен алжыған екенсің. Егер осылай сандырақтайтыныңды білгенімде, саған мүлде келмес едім. Мен баламды өлтірмеймін, бірақ сені өлтіру керек» дедім. Содан соң Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алып үйіме қайттым».

• Халима ханым былай айтып берген: «Бұл оқиғалардан кейін қатты қорқа бастадым. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеге апарып, аманатты тапсырмақшы болдым. Меккеге қарай жолға шағайын дегенімде мынадай бір дауыс естідім: «Ей, Мекке өңірі, құтты болсын! Бұдан былай яқин нұры және діннің көркі, нағыз бақыт пен Аллаһу та'аланың сүйіктісі саған қайтады». Кейін есекке мініп, Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеге жеткіздім. Сонда бір топ адам көрдім. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың қасына қалдырып, өзім маңызды жұмыстарымды тындыруға кеттім. Кенеттен қорқынышты дауыс естілді. Дереу артқа қайттым. Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қалдырған жерімде таба алмай қалдым. Әлгі адамдардан сұрап едім, қайда кеткенін айтпады. Жылап «Әй, Мұхаммед, балам-ай!» деп айқалап тұрдым. Бір кезде алдыма арық, ұзын бойлы қария шыға келді. «Саған Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда екенін білетін біреуді айтайын» деді. Кім екенін сұрағанымда: «Мына Хубәл пұты» деді. Сонда мен оған ашуланып: «Сен Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туылған түні Хубәл пұтының және басқа барлық пұттардың құлағанын білмеймісің?» дедім. Қария маған: «Алжыған екенсің. Мен Хубәлге барып жалбарынайын, сенің ұлыңды қайтарсын» деді. Кейін Хубәлді айналып, басын сүйді де, пұтты мадақтап: «Мына әйелдің баласы Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жоғалып қалды» деді. Қария Хубәл пұтының алдында Мұхаммед есімін айтқан сәтінде Хубәл және басқа пұттар бәрі етбетімен құлады. «Ей, қария, біз Мұхаммедтің қолында қираймыз» деген дауыс естілді. Қария қалтырап жылап, пұттардың қасынан кетті. Маған қарап: «Ей, Бәни Са’дтық әйел, сенің ұлыңның егесі бар екен. Ол Оны жоғалудан қорғайды, мұңайма» деді.

Халима ханым сөзін жалғастырып былай деді: «Бұл хабардың Абдулмутталибке жетіп баруынан қорықтым. Дереу өзім барып жағдайды айтып бердім. «Бұл құрайштықтардың қулығы» деп қылышын алып, «Ей, Құрайш тайпасы!» деп айқайлап оларды шақырды. Бәрі жиналды. Оларға жағдайды түсіндірді. Әрбірі жан-жаққа кетіп, Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) іздей бастады. Ешқайсы таба алмады. Ал Абдулмутталиб қағбаға барып, жеті рет тауаф жасаған соң «Йа, Раббым! Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізге қайтара көр» деп жалбарынып, мағынасы төмендегідей өлең оқыды:

Йа, Раббым! Қауыштыр Мұхаммедіме мені,

Қайтаршы Оны маған, қайтаршы құлынымды.

Мұхаммедім жоғалды, белгісіз қайда екені,

Зиян келсе егер Оған, ойран қыл қауымымды.

Осыларды айтқаннан кейін «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Тихамә алқабында пәлен ағаштың астында» деген дауыс естілді. Ол дереу сол жаққа аттанды. Жолда Уарақа бин Нәуфәлмен жолықты. Екеуі бірге Тихамә алқабына барды. Жеткендерінде Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір ағаштың астында ағаштың бұтақтарымен және жапырақтарымен ойнап жүргенін көрді. Абдулмутталиб жақындап: «Әй, балам, сен кімсің?» деп сұрады. Ол «Мұхаммед бин Абдуллаһ бин Абдулмутталибпін» деп жауап берді. Сонда Абдулмутталиб «Мен сенің атаң боламын» деді де, Оны Меккеге алып келді. Сүт анасы Халима ханымға көп сый-сияпат көрсетіп, құнды сыйлықтар беріп, ауылына қайтарды. Аббас (радиаллаһу анһ) Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мадақтау ретінде жазған кей өлеңдерінде осы оқиғаны былай атап өткен болатын:

Жапырақтар астында қорғанғаныңдай сен,

Одан бұрын да көлеңкеде жақсы едің сен.

• Аббас (радиаллаһу анһ) Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Сен мені бесікте жатқаныңда-ақ исламға шақырғаныңда қабылдайтын едім. Сен бесікте жатып аймен сөйлесетін едің. Саусағыңмен қайда ишара етсең, ай сол жаққа ауатын еді». Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мен аймен, ол менімен сөйлесетін. Мен жылағанда ол жұбататын. Айдың арш астында сәжде еткенінің дауысын еститінмін» деді.

• Мұхаммед Мұстафаны (алейһиссалам) анасы Әмина ханым Мәдинадағы нағашы көкелері Нәжжар ұлдарына алып барды. Үмми Айман да олармен бірге еді. Бір ай сонда қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинаға хижрет еткенде оған дейін ол жақта бір ай қалған кезіндегі оқиғаларды еске алып, былай айтып берген: «Бір яһуди маған үнемі қарап жүретін. Бір күні жалғыз кезімде маған келіп «Атың кім?» деп сұрады. «Ахмед» дегенімде арқама қарап, өз-өзіне «Осы үмбеттің пайғамбары» деді. Кейін көкелеріме барып, оларға да солай айтты. Анам бұл сөздерді естігенде қорқып, Мәдинадан кетіп қалдық». Үмми Айман да былай айтып берген: «Мәдинада болған кезімізде бір күні түскі уақытта екі яһуди бізге келіп «Ахмедті сыртқа шығарыңдар» деді. Біз шығардық. Олар үсті-басына қарап, әсіресе арқасына көп қарап ойланды. Кейін бір-біріне «Осы үмбеттің пайғамбары. Бұл Мәдина қаласы – Оның хижрет ететін орны. Бұл қалада соғыс басталуына аз қалыпты» десті».

• Мәдинадан Меккеге қайтатын кезде Әбуа деген жерде хазреті Әмина ауырып қалды. Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) анасының басында отырған еді. Бір кезде хазреті Әмина есінен танды. Біраз уақыттан соң есін жиып, ұлы Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк жүзіне қарады да, төмендегі бірнеше өлең шумақтарын оқыды:

Ұлы Аллаһ берекет берсін саған,

Егер дұрыс шықса көрген түстерім,

Сен пайғамбар боласың адамдарға,

Жәлил және кәрим болған Аллаһ алдында.

Хазреті Әмина бұл өлеңді оқығаннан кейін: «Тірінің бәрі өледі. Жаңаның бәрі ескіреді. Егер мен өлсем, қамықпаймын. Есімім әлемде әрдайым еске алынады. Өйткені осындай пәк және мүбәрәк перзентті жәдігер қылып қалдырдым» деді. Хазреті Әмина қайтыс болғанда жындардың жылаған дауыстары естілді және олар көңіл айту ретінде мына шумақтарды оқыған еді:

Жыласын намысты жас қыздар Әминаға,

Абырой тапты ана болып пайғамбарға,

Абдуллаһтың жұбайы әрі жақыны,

Құрметті әрі мінбер иесі Мәдинада.

• Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дүниеге келгеннен кейін Сәйф бин Зилязан Хабәшистанды басып алды. Абдулмутталиб, Уәһәб бин Абдимәнаф және Құрайш тайпасының басқа да алдыңғы қатарлылары оны құттықтау үшін Йеменге барды. Рұқсат алып ішке кіріп, Абдулмутталиб патшаның қасына отырды. Сөйлеуге рұқсат сұрап, көркем сөзбен патшаны құттықтады. Оған дұға етіп, мақтаулар айтты. Бұл жағдай патшаға жағып, «Сен кімсің?» деп сұрады. Абдулмутталиб «Мен Хашим ұлдарынанмын» деп жауаптады. Патша сый-сияпат көрсетіп, оны қасына жақынырақ отырғызды да, Құрайш тайпасының басқа да алдыңғы қатарлыларына да көп сый-сияпат пен ілтипат көрсетті. Олар бір ай сонда қонақ болды. Оларға бір ай бойы ешкім жақындамады да, кетуге де рұқсат бермеді. Бір айдан соң патша адам жіберіп Абдулмутталибты бөлмесіне шақырды. Оған былай деді: «Ей, Абдулмутталиб! Саған бір сырымды айтайын. Сенен өзгесіне сырымды айта алмаймын. Өйткені сен асылдың қайнарысың. Саған мұны хабар берейін. Бұл сырды уақыты келгенше сақта. Аллаһу та'ала бұл сырды уақыты келгенде бүкіл әлемге айқын көрсетеді. Хабарың болсын, қазынамда өзіме жеке сақталған бір кітабымда қайырлы және өте құнды хабар оқыдым. Бұл жайт саған және барша жаратылысқа пайдалы, жалпылық және нағыз ниғмет болады. Ол сүйінші: Меккеде ұл бала туылды немесе туылуы жақын. Оның есімі – Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм). Әкесі мен анасы қайтыс болған. Оны атасы және көкесі қамқорлыққа алады. Аллаһу та'ала Оған пайғамбарлық береді және Ол халықты Хаққа шақырады. Оған дос болғандар қадірлі және жеңімпаз болады. Ал дұшпандық жасағандар қорланып, бейшара болады. Аллаһу та'ала бізді Оған бағынышты және көмекші қылсын. Аллаһу та'ала Ол пайғамбар арқылы күпір мен адасушылық отын сөндіреді және тәуһид дінін шығарады. Көріпкелдік тоқтайды, шайтандарға тас атылып, қуылады. Пұттар етбетімен құлайды. Ол пайғамбардың сөзі дұрыс пен бұрысты бір-бірінен ажыратады. Оның үкімі – әділеттілік. Ол Аллаһу та'аланың разы болған амалдарын жасап, жасауды баршаға бұйырады. Ал разы болмаған амалдарынан сақтанып, баршаға да тыяды».

Абдулмутталиб патшаның бұл сөздерін естігенде оған дұға етіп, мақтау айтып, «Ей, патша! Бұл сырды тағы ашып айтыңыз» деді. Сонда патша ант етіп: «Ей, Абдулмутталиб, Ол келетін пайғамбардың атасы сенсің. Мұнда мүлде жалған жоқ» деді. Абдулмутталиб бұларды ести сала бірден шүкір сәждесіне жығылды. Патша «Басыңды көтер, ей, Абдулмутталиб! Өзің секілді ұрпағың да ұлы әлемге жол көрсетуші. Жұмысың бітіп, мақсатын орындалды. Айтқанымның кім екенін түсіндің бе?» деп сұрады. Абдулмутталиб: «Иә, түсіндім. Ұлым Абдуллаһты Уәһәбтің қызы Әминамен үйлендірген болатынмын. Бір ұлы дүниеге келді. Есімін Мұхаммед деп қойды. Әкесі мен анасы қайтыс болды. Оны мен және көкесі асырап алдық» деді. Сәйф ибн Зилязан Абдулмутталибке айтты: «Саған айтқандарым рас. Көңіл күйіңді түсірме. Оның хәлдерін жасыр. Оны яһудилерден қорға. Яһудилер Оның дұшпаны. Аллаһу та'ала оларға қарсы Оны жеңіске жеткізеді. Яһудилер Оған зиян тигізе алмайды. Бұл сөздерді сенімен бірге осында келген жолдастарыңа айтпа. Олардың қулық жасамайтынына сенімді емеспін. Аллаһу та'ала сақтасын, Оны өлтіру үшін тұзақ құрады. Әлбетте олар немесе олардың балалары Оған дұшпан болады, бәлкім соғысады. Бірақ Аллаһу та'ала сенің немереңді олардың бәріне қарсы жеңіске жеткізеді. Егер өмірім жететінін білсем, бүкіл әскерімді Мәдинаға жинайтын едім. Ол жерді өзімнің қалам ретінде таңдар едім. Оған көмектесу мәртебесін иеленетін едім. Өйткені кітаптарымызда Оның Мәдинаға орналасатыны, яғни қонысы Мәдина болатыны жазылған. Жұмыстарын сол жерде атқарады, көмекшілері сол жерден шығады. Жерленетін жері сол жер болады. Қазір Оның басына зиян келетінінен қорықпасам, бүкіл Арабстан халқын Оған бағынуға және иман келтіруге шақыратын едім. Бұл аманатты саған қалдырамын. Бұл міндетті атқаруда кемшілік жіберуші болма».

Содан соң патша қонақтарының әрқайсына он-оннан құл және күң, қырық мата, жүз түйе, бес ратл алтын, он ратл күміс және жібек дорба толған хош иісті мускус сыйлады. Абдулмутталибке көбірек берді. «Келесі жылы тағы келіңдер» деп шақырды. Алайда Сәйф бин Зилязан патша сол жылы қайтыс болды. Абдулмутталиб құрайштықтарға қарап: «Маған көбірек берді деп күндеуші болмаңдар. Өйткені патшаның сыйлықтарының бәрі маған және менің ұлдарымнан шығатын қасиеттілікке қарағанда өте аз» деді. Абдулмутталибтен ол қасиеттіліктің не екені сұралғанда ол мұны жасырды.

• Хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын сүйіншілеген оқиғалардың тағы бірі мынадай: «Бір күні балалармен ойнап жүргенінде Мүдләж ұлдарынан бір топ адам Оны көріп қалды. Оны шақырып, аяғына ұзақ қарап тұрды. Кейіннен Абдулмутталибке барғанында Мұхаммед алейһиссаламды оның қасында жүргенін көріп «Мына бала кім?» деп сұрады. Абдулмутталиб «Балам» деп жауап берді. Сонда олар «Біз оның аяғындай Мақам-ы Ибраһимдегілердің аяғына ұқсайтын аяқ көрмедік. Оны жақсылап қорға» деді».

• Бір күні Абдулмутталиб Хижрде қағбаның қасында отырған еді. Қасында жақын досы Бұхайра епископ та бар болатын. Епископ Абдулмутталибке былай деді: «Біз кітаптарымызда оқығанымыз бойынша Исмаил алейһиссалам ұрпағынан әлі келмеген бір пайғамбар қалды, ол жақында келуі керек. Менің ойымша, ол дүниеге келді. Оның сипаттары мынадай...» деп сипаттап жатқанында хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шыға келді. Епископ Оған мұқият қарап, көзіне және арқасына әбден қарады. Кейін «Мен келуі керек деген әлгі пайғамбарым осы бала. Бұл кімнің баласы?» деп сұрады. Абдулмутталиб «Менің балам» деп еді, епископ «Оның әкесі өмірден озған болуы керек» деді. Абдулмутталиб «Ол менің ұлымның баласы. Анасы оған жүкті кезінде әкесі қайтыс болған еді» деді. Содан соң Абдулмутталиб ұлдарына қарап «Бауырларыңның ұлына жақсылап қараңдар, Ол туралы не айтып жатқанын естідіңдер ме?» деді.

• Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеті жасында өте ауыр көз ауруына шалдықты. Қанша ем қабылдаса да жазылмады. Соңында Абдулмутталибке жақындары «Уққаз жәрмеңкесінде бір монах бар, көз ауруына дәрі жасайды» десті. Абдулмутталиб пайғамбарымызды (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол монахқа алып барды. Монахтың шіркеуінің есігі жабық екенін көрді. Есікті ашқызбақшы болып айқайлады. Ешқандай жауап келмеді. Сонда Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге төмен түсті. Сол сәтте шіркеу сілкіне бастады. Абдулмутталиб шіркеу басып қала ма екен деп қорықты. Монах іштен жүгіріп шығып «Ей, Абдулмутталиб, мына бала бұл үмбеттің пайғамбары, бұл шындық. Егер сыртқа шықпасам, мына шіркеу қирап, астында қалар едім. Оны алып кет те, үнемі қорғап жүр. Өйткені кейбір кітап иелерінен оған зиян келуі мүмкін» деді. Кейін көз ауруына қарсы жасаған дәрілерін берді.

• Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Қағбаның қасында Абдулмутталибке арналған бір орын болатын. Абдулмутталибке деген құрмет пен қошеметінен ешкім ол орынға отырмайтын. Ұлдары айналасында отыратын. Абдулмутталиб үнемі сол жерде отыратын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бала кезінде сол орынға отырғысы келді. Көкелері отыруына бөгет болғанында Абдулмутталиб оларға: «Ол балама тиіспеңдер. Қалаған жеріне отырсын. Уаллаһи Оның мерейі өте үстем болады. Күні келгенде ол сендердің сәйидтерің, мырзаларың болатынын көріп тұрғандаймын. Оның маңдайында нұр көріп тұрмын, ол нұр – пайғамбарлық нұры» деді. Кейін ұлдарынан Абдуллаһпен бір анадан туған Әбу Талибке қарап, «Бұл баламның келешекте үлкен жұмыстары бар, Оны қорғаңдар» деді. Атасы Абдулмутталиб Оны мойнына отырғызып, қағбаны тауаф ететін. Пұттарды жақтырмайтынын білгендіктен, тауаф еткенде оларға жақындатпайтын. Абдулмутталиб сексен екі жасында, ал бір риуаят бойынша жүз он жасында қайтыс болды. Әбу Талиб әкесінің өсиеті бойынша хазреті Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өз қамқорлығына алып, қолында бақты. Оған өте жақсы қарағандығы мәлім.

• Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) атасы Абдулмутталибтың қолында тұратын. Ол қайтыс болғанда көкесі Әбу Талибтың қарамағына өтті. Ол кездері сегіз жасында болатын. Әбу Талиб Оны қатты жақсы көретін. Әбу Талибтың жанұя мүшелері бірге немесе бөлек-бөлек тамақтанса да тоймайтын еді. Хазреті Мұхаммедпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге отырып тамақтанғанда тоятын. Әбу Талиб отбасы мүшелерімен асқа отырғанда оларға «Сабыр сақтаңдар, күтіңдер, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дастарханға отырсын» дейтін. Өйткені Ол олармен бірге жеуді бастағанда бәрі аз тамаққа тойып қалатын және Оның берекетімен тамақ артатын. Мысалы, бір адамға жететін сүт болса, әуелі Мұхаммед алейһиссалам ішетін. Кейін оларға беретін. Бәрі сүтке тоятын. Әбу Талиб Оған «Әй, балам! Сен сондай мүбәрәксің» дейтін еді.

• Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күнде таңертең ұйқыдан оянғанда жүзі нұр шашып тұратын еді. Әбу Талибтың ұлдары Оның жүзінің нұрымен қадірленетін. Бәрінің шашы алба-жұлба, кірпіктері жабысқан жағдайда болатын. Ал Мұхаммедті хош иісті шашы таралған және әлемді көретін көздеріне сүрме жағылған күйде көретін.

• Имам Абдуррахман Жәузи хазрет «Китабул уәфа фи фадаил-ил Мустафа» атты кітабында былай жазған: «Хазреті пайғамбар (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) он жасар кезінде көкесі Зүбәйрмен бірге бір сапарға шықты. Жолда бір өзенге жетіп, ол жақта құтырған бура (түйе) көрді. Ол бура өзеннен ешкімді өткізбеді. Керуендегілер кері қайтпақшы болды. Хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен бұл мәселелеріңді шешіп беремін» деді де, алға қарай жүрді. Бура пайғамбарымызды көргенде жерге жата қалды. Расулуллаһ өз түйесінен түсіп, әлгі түйеге мінді. Оны басқа жаққа айдап, әлгі жерден алыстатты. Керуендегілер өзенді кешіп өткен соң әлгі түйеден түсіп босатып жіберді де, өз түйесіне мінді. Сапардан қайтарда алдыларынан тағы бір өзен шықты. Бұл өзеннің суының тереңдігінен ешкім өте алмады. Керуен тоқтап қалды. Хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Бәрің менің артымнан жүріңдер» деді де, өзі алдына шықты. Сол сәтте Аллаһу та'ала өзеннің суын азайтты. Бәрі оңай өтіп кетті. Меккеге жеткенде Құрайш арасында осы оқиғалар ауыздан ауызға тарап кетті. Бәрі «Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мерейі үстем болады» десті».

• Хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) он екі жасында еді. Бір күні Әбу Талиб Шамға сапарға шықпақшы болды. Хазреті Расулуллаһқа көкесінен айрылу ауыр келді. «Ей, көкем, мені мұнда кімге қалдырып кетесіз, анам жоқ, әкем жоқ» деді. Әбу Талибтің көңілі босап, Оны да өзімен бірге Шам сапарына алып кетуге шешім қабылады. Бауырлары «Ол әлі бала ғой, жол жүруге шыдай алмайды» десті. Сонда Әбу Талиб уайымдай бастады. Бір күні хазреті Расулдың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жылап жатқанын көріп қалды. «Неге жылап отырсың?» деп сұрады. Ол жауап бермеді. «Менен айрылатыныңа жылап отырсың ба?» деп сұрағанында «Иә» деп жауап берді. Сонда Әбу Талиб ант етіп «Бұдан былай ешқашан сені қалдырып кетпеймін» деді. Оны өзімен алып, Шамға сапарға аттанды. Оны көзінің қарашығындай әрдайым қорғап жүрді. Шамның Бусра деген жеріне жетті. Ол жақта Бахира есімді монах бар еді. Ол сол заманғы насранилердің (христиандардың) ең үлкен ғалымы еді. Бұған дейін ол керуен қаншама рет ол жерден өткен болатын, бірақ Бахира ешбіріне көңіл бөлмейтін еді. Сол жылы Әбу Талибтың керуені жақындағанда сол керуендегі бір адамға бұлт көлеңке жасап тұрғанын және Ол қайда барса, бұлт Оның үстінде жүргенін көрді. Керуен бір ағаштың түбіне жайғасқанында бұлт ағаштың дәл төбесіне келіп тоқтады. Ағаштың бұтақтары да көлеңке жасау үшін Оның басына қарай иілген еді. Бахира бұл белгілерді көре сала дереу дастархан жайып, керуенді асқа шақырды. Керуен келгенде Бахира араларында көргісі келген адамын таба алмай, «Үлкен болсын, кіші болсын, араларыңда қалып кеткен ешкім жоқ па?» деп сұрады. Олар «Бәрі келді, тек бір кішкентай баланы заттарымызға қарап тұрсын деп қалдырдық» деді. Бахира «Оны да алып келіңдер» деді. Харис бин Абдулмутталиб бұл сөзді естіген соң ант етіп «Мұхаммед бин Абдуллаһты жайғасқан жерімізде тастап, өзіміз мұнда асқа отыруымыз адамгершілікке жатпайды» деді. Бахира Мұхаммед есімін естігенде Оны алып келуге одан сайын асықтырды. Харис Оны алып келуге кетті. Бахира Оның ағаштың астынан кеткенінде үстіндегі ақ бұлттың да Онымен бірге жылжығанын көрді. Қасына келгенде Бахира орнынан тұрып, Оны құрметпен қарсы алып, Оған мұқият қарай бастады. Бұрынғы қасиетті кітаптарында оқыған белгілерінің бәрін Оның бойында көрді. Бәрі тамақтанып болып, бір шетке ығысқан соң Бахира хазреті Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарап: «Сенен не сұрасам да, Лат пен Узза пұттарының хаққы үшін шындығын айтшы» деп арабтардың салты бойынша ант қолданды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Маған Лат пен Узза атымен ант бермеңіз. Мен оларды жек көргенімдей басқа ештеңені жек көрмеймін» деді. Сонда Бахира «Аллаһ хаққы үшін сұрақтарымның бәріне шын жауап берші» деді. Хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қалағаныңызды сұраңыз» деді. Бахира Одан ұйқысы жайлы, ояу кезіндегі жағдайлары және басқа да хәлдері туралы сұрады. Расулуллаһ бәріне жеке-жеке жауап берді. Бахира бұл жауаптардың бәрін өз білгеніне сай екенін көрді. Кейін пайғамбарлық мөрді көргісі келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) арқасын ашпады. Әбу Талиб: «Әй, балам. Ашып көрсете ғой» деген соң арқасын ашты. Бахира қасиетті кітаптарында оқығанындай пайғамбарлық мөрді көргенде бірден сүйіп алды. Кейін жылай бастап, Әбу Талибтен «Бұл бала саған кім болады?» деп сұрады. Әбу Талиб «Балам» дегенінде «Ол сенің балаң болмауы керек. Бұл баланың ата-анасы қайтыс болған болуы керек» деді. Сонда Әбу Талиб «Інімнің баласы» деп еді, Бахира «Міне енді дұрыс болды» деді. Кейін «Бұл баланың көзіндегі қызғылт түс кетеді ме?» деп сұрады. Әбу Талиб «Жоқ, кетпейді» деп жауап берді. Кейін Бахира Әбу Талибке «Бауырыңның ұлы мына бала бұл үмбеттің пайғамбары болады. Оны тез өз мемлекетіңе алып кет. Оны яһудилерден қорға. Егер менің аңғарғанымдай олар да шындықты байқап қойса, бұл балаға зиян тигізуі мүмкін. Бізде осыған қатысты көп келісім-шарт бар» деді. Әбу Талиб «Ол келісім-шартты сіздерге кім хабар берді?» деп сұрап еді, Бахира күлімдеп «Аллаһу та'ала Иса пайғамбарға (алейһиссалам) жіберген кітабында хабар берген» деп жауаптады. Әбу Талиб ол сапардан Меккеге қайтқан соң Оны сапарға мүлде алып шықпады. Сапарға бармақ болғанында айрылу себебімен Оның мұңаятынын байқаса, жолға шығудан бастартатын болды.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жиырма бес жасында еді. Хазреті Хадишамен әлі үйленбеген болатын. Күндердің бірінде хазреті Хадишаның құлы Майсарамен бірге Шамға сапарға шықты. Бусраға жеткенде олар Настура есімді монахтың мекенінің маңындағы бір ағаштың түбіне тұрақтады. Настура Майсараны таныды. Одан «Ей, Майсара! Ағаштың түбінде отырған кім?» деп сұрады. Майсара «Ол Құрайш тайпасының құрметтілерінің және Хашим ұлдарының алдыңғы қатарлыларының бірі» деп жауаптады. Сонда Настура: «Шынымды айтсам, бұл ағаштың астына пайғамбарлардан басқа ешкім тұрақтамаған. Оның көздерінде аурудан болмаған қызғылт түс бар ма?» деп сұрады. Майсара: «Иә, бар» деп еді, «Демек Ол ақыр заман пайғамбары және Хатәм-ул-әнбия (соңғы пайғамбар). Әттең, Оның пайғамбарлығы заманына дейін өмір сүріп, исламға кіріп, Оған бағынсам ғой!» деді.

• Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Майсарамен бірге Шамға сапарға шықты. Бұл сапарда сауда-саттық жасаған кезде біреумен түсініспеушілік орын алды. Ол адам «Айтқаның дұрыс болса, Лат пен Узза атымен ант бер» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен Лат пен Узза атымен ешқашан ант бермеймін. Маған олардан жаман ештеңе жоқ» деді. Сонда әлгі адам «Сен Мекке халқынансың ба?» деп сұрағанында «Иә» деп жауап берді. Ол адам Майсарамен оңаша қалғанында оған «Уаллаһи, сенің мына жолдасың – Аллаһу та'аланың пайғамбары. Ол Хатәм-ул-әнбия (соңғы пайғамбар)» деді. Майсара бұл сөздерді естіген соң Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) деген құрметі мен сыйы арта түсті. Оған ұқыптап қызмет етті.

• Шам сапарынан қайтар жолда олар Мәрруззахранға келді. Керуенде хазреті Әбу Бәкір Сыддық та бар еді. Майсараға «Керуеннің қайтып келе жатқанын сүйіншілеу үшін Мұхаммедті (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хадишаға жібер» деді. Майсара тыңдап, хазреті Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жіберді. Керуенде Әбу Жәһл де бар еді. «Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жасы кішкентай ғой, басқа біреуді жіберейік» деді. Майсара оған: «Жасы кіші болғанымен Ол өте ақылды» деп жауап қайтарды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүйінші хабарды жеткізу үшін жолға шықты. Біраз жүрген соң түйе үстінде ұйықтап қалды. Түйе жолдан шығып кетті. Аллаһу та'ала Жәбрейіл періштеге (алейһиссалам) «Түйенің жүгенін ұстап, дұрыс жолға түсір. Үш күндік жолды бір күнге қысқарт» деп бұйырды. Жәбрейіл алейһиссалам солай істеді. Осы мағынада Аллаһу та'ала [«Духа» сүресінің 7-ші аятында]: «Сенің адасқаныңды көріп, тура жолға түсірмеді ме» деген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол күні Майсараның хатын хазреті Хадишаға жеткізді. Сол күні қайтадан кері қайтты. Керуенге жақындағанында Әбу Жәһл Оны алыстан байқап, қуанып: «Ей, Майсара, менің сөзімді тыңдамадың. Әне, Мұхаммед жолдан адасып кері қайтып келе жатыр» деді. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық пен Майсара қынжылды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) керуенге жетіп келіп, хазреті Хадишаның хатын Майсараға берді. Майсара қуанып Әбу Жәһлге «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) адаспаған, сен өзің адасқан екенсің» деді. Әбу Жәһл намыстанып, масқара болып: «Мен Оның үш күндік жолды бір күнде жүріп өткеніне және мына хатқа сенбеймін. Бұл мүмкін емес» деді. «Мен өз құлымды жіберемін» деп құлын жолдады. Соңында дұрыс екенін білген соң ұялып, одан сайын қынжылды.

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хадишамен неке қию салтанатында Мудар тайпасының басшылары және Хашим ұлдарының алдыңғы қатарлылары бар еді. Ол жерде Әбу Талиб мақтанып мынадай хұтба оқыды: «Аллаһу та'алаға шүкір, бізді хазреті Ибраһимнің ұрпағы және хазреті Исмаилдың ұлтынан қылды. Бізді Мәад және Мудар тегінен қылды. Бізді Бәйтидің және Харамның қорғаушылары қылды. Харамның жұмыстарына бізді қызметші қылды. Бізге қажылық жасалатын, зиярат етілетін үйді (қағбаны) нәсіп етті. Тағы бізге ішіне кіргенде сақ болатын Харам нәсіп етті. Бізді адамдарға басшы қылды. Күмәнсіз бауырымның ұлы Мұхаммед бүкіл Құрайш жастарынан үстемірек. Уаллаһи бұдан кейін Оған үлкен хабарлар және маңызды міндеттер келеді».

• Хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын сүйіншілеушілердің бірі – Құс бин Саида-тул Әйади. Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына Ияд тайпасынан бір топ адам келді. Пайғамбарымыз олардан: «Араларыңда Құс бин Саиданы көрген-танығандарың бар ма?» деп сұрады. Олар: «Йа, Расулаллаһ, бәріміз оны білеміз» десті. «Оның хал-жағдайы қалай?» деп сұрап еді, «Ол қайтыс болды» деп жауап берді. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтты: «Кешегі күндей есімде, Указ жәрмеңкесінде қызыл түйеге мініп уағыз айтатын еді. Жақсы насихаттар айтып, Аллаһу та'аланың бір екенін айтып, Оған иман келтіруге шақыратын еді. Көптеген өлеңдер оқитын, қазір ол өлеңдер есімде жоқ». Сол кезде бір кісі «Йа, Расулаллаһ, мен ол өлеңдерді Құс бин Саидадан естіген едім, рұқсат берсеңіз оқып берейін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Өлең – жақсысы жақсы, жаманы жаман болған сөз» деді де, рұқсат берді. Әлгі адам «Құс бин Саидадан былай естідім» деп өлеңді оқыды. Өлеңнің мағынасы мынадай: «Бұрын болып кеткен, өткен заманда бізге ғибрат алатындай көп нәрсе бар. Өлім өзенінің кіретін жерлері бар, бірақ шығатын жері жоқ. Үлкен-кішінің бәрі өтіп кетуде. Кеткен кері қайтпайды. Нақты түсінгенім, бәрінің басына келген нәрсе менің де басыма келеді, мен де өлемін».

Бұдан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол жердегілерден «Кім бізге Құс бин Саиданың иманының белгілерінен басқа нәрселер айтып береді?» деп сұрады. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған адамдардың арасынан біреуі былай айтып берді: «Йа, Расулаллаһ! Бір күні ауылымызда бір тауға шыққан болатынмын. Бір сайда өте көп жануар мен құс жиналған еді. Құс бин Саида бір бұлақтың басында қолында аса таяғымен тұрған екен. «Жер мен көкті жаратқан Аллаһтың хаққы үшін күштілеріңнің әлсіздерден бұрын су ішуіне жол бермеймін. Әуелі әлсіздер, кейін күштілер су ішеді» деп жатты. Сізді адамдарға пайғамбар қылып жіберген ұлы Аллаһқа ант етемін, өз көзіммен көрдім, әлгі жануарлар мен құстардың күштілері әлсіздер су ішіп болғанға дейін бір шетте күтіп тұрды. Болған соң күштілері су ішті. Жануарлар мен құстар Құс бин Саиданың қасынан кеткен соң оған жақындадым. Қарасам, екі қабір арасына тұрып, намаз оқып жатты. «Мына оқығаның қандай намаз?» деп сұрап едім, «Арабтар мұны білмейді. Бұл сондай намаз, аспан мен жердің жаратушысы үшін оқимын» деді. «Лат пен Уззадан басқа құдай бар ма не?» деп сұрадым. Менің бұл сұрағымды естіп дірілдей бастап, реңі өзгеріп: «Менен аулақ жүр! Күмәнсіз аспанның құдайы бар. Оның мәртебесі биік. Бүкіл жаратылысты Ол жаратты және тәртіпке келтірді. Ол күнді жарықтандырды, айды нұрландырды және жұлдыздарды әшекей қылды» деді. Одан: «Неліктен Аллаһу та'алаға екі қабір арасында ғибадат етіп жатырсың?» деп сұрадым. «Бұл екі қабірде жатқандар – менің достарым еді. Мұнда оларға келген өлім маған да келсін, мен де осында өлейін деп күтудемін» деп жауап берді. Кейін маған қарап: «Жақында сендерге мына тараптан хақ келеді» деп Мекке тарапын көрсетті. «Ол қандай хақ?» деп сұрап едім, «Луәй бин Ғалиб нәсілінен бір адам. Сендерді ықыласқа (тәуһидке) шақырады, мәңгілік өмірге және бітпес ниғметтерге шақырады. Оның шақыруын қабылдаңдар! Егер мен Оның дәуіріне дейін өмірде қалсам, бәрінен бұрын Оған мен иман келтірер едім» деді». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұны айтып берген адамға «Өте жақсы айттың. Құс бин Саида сондай адам, Аллаһу та'ала Оны қиямет күні жалғыз үмбет қылып тірілтеді» деді.

• Риуаят етілуі бойынша, ансар (мәдиналық) сахабалардың бірі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында былай айтып берді: «Түйемді жоғалтып алған болатынмын. Оны іздеп тауларды, қырларды араладым. Кеш болды. Қараңғы түскенде қорқынышты жерде қалып кеттім. Таңға жуық бір дауыс естідім, былай деп жатқан еді:

Ей, қараңғыда қалып кеткен адам,

Күмәнсіз Аллаһ Меккеде нәби жіберді.

Ол Бәни Хашимнан ардақты, жомарт адам,

Жәннаттың мәңгі екенін сүйіншіледі.

Бұларды естігенде жан-жағыма қарап, қанша іздесем де дауыстың қайдан шыққанын көре алмадым да, былай дедім:

Ей, қараңғыдан маған сөйлеген адам,

Осы қиын сәтте қош келдің маған.

Аллаһу та'ала хидаят берсін саған,

Түсіндіріп берсеңші сөзіңді айтқан.

Мен осылай айтқан соң кенеттен тағы мынадай дауыс естідім:

«Нұр көрініс берді (шықты). Аллаһу та'ала Мұхаммед алейһиссаламды пайғамбар қылып және барлық тұрғыда ең үстем қылып жіберді. Барлық жаратылысты бостан бос жаратпаған және бізді Иса алейһиссаламнан кейін қараусыз қалдырмаған, бізді қадірлеген, ең құрметті үмбет қылып жаратқан Аллаһу та'алаға мақтаулар болсын! Ол Мұхаммед алейһиссаламды бізге жіберді. Ол – пайғамбарлардың ең үстемі. Оған дұға мен сәлем болсын. Ешбір қоғам Оған қарсы жеңіске жете алмайды» деді. Таң атқанда қуанышымнан түйемнің жоғалғанын ұмытып кетіппін. Жолға шығып жүре бастадым. Бір жерге келгенімде Құс бин Саида бір ағаштың түбінде отырып, қолындағы таяғын бір тасқа ұрып, өлең оқып отырғанын көрдім. Жақындап, оған сәлем бердім. Сәлеміме жауап берді. Ол жерде бұлақ, екі қабір және екі қабір арасында бір мешіт бар еді. Оның қасында екі арыстан бар еді. Арыстандар берекеттену үшін оған жабысып, үйкеліп жатты. Арыстанның бірі сол жердегі бұлаққа су ішуге барғанында екіншісі де артынан жүрді. Құс бин Саида қолындағы таяқпен әлгі арыстанды ұрып, «Сен тоқта, сенен бұрын кеткені су ішіп келсін, кейін сен барасың» деді. Бірінші кеткен арыстан су ішіп келген соң күтіп отырған екінші арыстан барып су ішті. Одан «Мыналар кімнің қабірлері?» деп сұрадым. «Менің екі досым бар еді. Осы жерде менімен бірге Аллаһу та'алаға ғибадат ететін, Оған мүлде серік қоспайтын. Олар қайтыс болды, мына екі қабір – олардың қабірлері. Мен осында оларға қауышатын уақытымды күтіп отырмын» деп жауаптады».

• Зәйд бин Амр және Уарақа бин Нәуфәл хақ дінді іздеу үшін Мусулдағы бір монахқа аттанды. Уарақа бин Нәуфәл насрани (христиан) болды. Зәйд бин Амр насрани дінін дұрыс санамай, қабылдамады. Ол жақтан кетіп, сапарларын жалғастырды. Басқа бір монахқа жолықты. Монах «Қайдан келе жатсың?» деп сұрағанында «Хазреті Ибраһим тұрғызған қағбадан келе жатырмын» деді. «Неліктен ол жақтан кеттің?» деген сұрағына «Хақ дінді іздеп» деп жауап берді. Сонда монах оған «Дереу кері қайт, сен іздеген хақ дін жуырда сендердің қалаларыңда шығады» деді. Зәйд бин Амр хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы жарияланбай тұрып өлтірілген болатын. Аллаһу та'аланың бір екеніне, иманға, қиямет күніне қатысты көп өлеңдері бар еді. Саид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Мен және Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Зәйд бин Амрдың жағдайын сұрадық. Расулуллаһ «Ол қиямет күні жалғыз үмбет болып қабірінен тұрады» деп жауаптады».

• Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын сүйіншілеген оқиғалардың бірі – Абди Кәлал бин Яғус Әл-Хумайри оқиғасы. Әмир-ул мүминин Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Қуба мешітінде Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге намаз оқыдық. Мүбәрәк жүзін бізден басқа жаққа бұрғанында түйе мінген, қара сәлделі, қылыш асынған бір бәдәуидің таудан төмен түсіп келе жатқанын көрді. «Менің көргенімді сендер де көріп тұрсыңдар ма?» деп сұрады. Біз «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бізден жақсырақ көреді және біледі» дестік. «Бір бәдәуи таудан төмен қарай келе жатыр. Абдуллаһ Хафаки болса керек» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осыны айтқаннан біраздан кейін әлгі адам мешіттің есігіне келді. Түйесін байлап, жеңін түріп, етегін тартып, Расулуллаһтың алдына келді де, сәлем берді. Расулуллаһ оған «Аллаһу та'ала тіліңді өтірік айтудан, жамандықтан сақтасын» деді. Кейін ауылдық сөйлеуге рұқсат сұрады.

Рұқсат берілген соң былай айтып берді: «Йа, Расулаллаһ! Біз қауымымыздан бір жамағат болып Хадрамутқа бара жатқан едік. Түнде айдың жарығымен кетіп бара жатқанымызда ай батты. Біз бір қорқынышты сайға жетіп, сонда тұрақтадық. Енді жайғасқан кезімізде кенеттен гүріл естілді. Аттың кісінегені, түйенің дауысы, әйелдердің айқайы, балалардың жылаған дауыстары естілді. Сол кезде тағы бір: «Ей, Йәмама тайпасы! Уаллаһи қиямет жақындады! Барлық пұттардың бекер екенін және бүкіл діндердің үкімі жойылғанын хабарлайтын пайғамбар келді. Ол пайғамбарға бағынған адам бақытты болады. Бағынбай қарсы шыққандар бейбақ болады» деген дауыс естідік. Одан «Аллаһу та'ала саған қамқор болсын, сен кімсің?» деп сұрадық. «Мен Тәклан жынымын» деген жауап қайтарды. «Бұл неткен гүріл?» деп сұрадық. Ол «Бұл дауыстарды шығарып жатқандар – жындардың бір тайпасы. Құрайш тайпасынан бір пайғамбар жіберілді. Олар Оған иман келтірді» деді. Бұдан кейін шу тоқтады. Таң атқан соң біз жолға шығып, шөлге қарай жүре бастадық. Сапарымызда артта келе жатқан бір адамымызды жоғалтып алдық. Жолаушыларыма «Сендер күте тұрыңдар, мен жоғалған адамның кім екенін көріп келейін» дедім. Тағы бір атым бар еді, соған мініп, қылышымды асынып, оны іздеуге кеттім. Жолда біреуді көріп қалдым. Қартайғаннан белі бүкірейіп және кірпіктері түсіп қалыпты. Бір жерді қазып отырды. Атымның шапқан даусын естіп басын көтеріп қарады. Мені оның сұсы басты. Құран кәрімнен аяттар оқып, Аллаһу та'алаға сыйындым және көп салауат оқыдым. Кейін әлгі адамға «Аллаһу та'ала саған қамқор болсын. Біз бір топ жолаушымыз. Адасып қалдық. Бізге жол көрсет немесе тұрақтайтын жерді сілтеп жібер. Ең болмағанда ішетін су бер» дедім. Ол «Менің сендерді жайғастыратын үйім және шатырым жоқ. Беретін сүтім де, суым да жоқ. Жолдарың алдарыңда. Ана таудың үстіне шығыңдар» деді. «Сен кімсің?» деп сұрап едім «Мен Абди Кәлал бин Йәғус Әл-Хумайримын» деді. «Қауымыңа не болды?» деп сұрадым, «Үш жүз жылдан бері олардан бейхабармын. Бәни Мазин тайпасына келдім. Олардың арасында мың бес жүз жаста бір қарт кісі бар. Маған осында Ад қауымының жабылып қалған су көзі бар екенін айтқан болатын. Үш жүз жылдан бері мына жерді қазып келемін. Бұлақтың ізін де таба алмадым. Бірақ үш тақтайша таптым. Бетіне не жазылған екен, оқуды білетін болсаң саған көрсетейін» деді. Мен «Оқи аламын, әкел, көрейін» дедім. Тақтайшаларды маған көрсетті. Бірінде Ад қауымының жамандықтары баяндалған екі шумақ өлең жазулы еді. Екіншісінде Салих алейһиссаламның қауымының айыпталуы және түйені өлтіруі туралы екі шумақ өлең жазулы еді. Үшінші тақтайшада да осыған ұқсас нәрселер жазылған. Кейін ол мені қолымнан жетектеп бір жерге алып барды. Ол жерде алтыннан жасалған тақтың үстінде шалқасынан жатқан біреудің өлігі бар еді. Екі көзінің арасына «Менің атым Шәддад бин Ад. Ирәм бақшасының құрушысы және билік иесімін. Мың жыл өмір сүрдім. Мың қала құрдым. Мың қыз және қызметшімен өмір сүрдім. Мың кантар (өлшемі бірлігі, шамамен 56,4 кг) алтынға ие болдым. Мыңдаған әскерім бар еді. Шығыс пен батыстың билігіне ие болдым. Дүние маған қалған жоқ, мен де дүниеде мәңгі қалмадым. Менен кейін ешкім дүниеге сенімді болмасын» деп жазылған еді.

Кейін қарт мені жетектеп тағы бір жерге алып барды. Күмістен жасалған тақта шалқасынан жатқан әйелдің өлігі бар еді. Оның да маңдайында: «Мен Шәддад бин Адтың қарындасымын. Маған жақындағандардың бәрі маған ғибратпен қарасын» деп жазылған еді. Кейін мені бір тастың қасына алып барды. Ол тастың астынан бір парақ алып шықты. Маған «Мынаны оқы» деді. Онда былай жазылған еді: «Ол ай жүзді Нәби келген кезде азиз және жәлил болған Аллаһу та'алаға шақырады. Оған қарсы шыққандарды аймақтар, таулар мен жазықтар қабылдамайды. Ол Тихамә жерлерінен, Меккеден шығады. Ол бұлттардың үстінен көрінген ай секілді. Ол – шыншыл және адал. Оның үндемеуі хикметке толы. Патшалар Оған бас иеді. Жабық нәрселер Оған ашық болады».

Одан кейін қарт менің қасымнан кетпек болды. Етегінен ұстадым да «Көрісуімізді, сөйлесуімізді нәсіп еткен Аллаһу та'ала хаққы үшін айт, не жейсің, не ішесің?» деп сұрадым. «Менің азығым – мына қырдың шөптері. Суым – жаңбыр суы» деді. Кейін онымен қоштасып кетіп қалдым. Екі жыл Хадрамутта қалдым. Қайтар жолда тағы әлгі жерге соқтым. Ол жер жап-жасыл болып көркейіп, бұлақ ағып тұр екен. Ол жерде қабір жасалған екен. Онда бір топ әйел бар еді. Олардан «Кәлал бин Йәғусқа не болды?» деп сұрап едім, «Ол қайтыс болды, мына қабір – оның қабірі» десті. Қабірінің қасында бір тас бар еді. Ол тастың бетінде: «Адтың құдығын бар күшіммен қаздым. Ақыр соңында мен де Ияс секілді ол құдықтың түбіне жеттім. Балдай тәтті су таптым. Ол сумен шөлімді қандырдым. Бірақ құдықты толық қазып бітіре алмадым. Өйткені достарым мені қинады. Қолымда құрал-сайман аз еді. Тастардың арасында қалып кеттім. Топырақты қазып үстіне шығару мені әбден қинады» деп жазылған еді».

Бұларды айтып берген соң Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жылады да: «Аллаһу та'ала Абди Кәлал бин Йәғусқа қамқор болсын. Ол қиямет күнінде жалғыз үмбет болып қабірінен тұрады» деді. [Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның хилия-и саадәті (пайғамбарымыз алейһиссаламның түр-келбетінің, көрінісінің сипатталуы) және көркем мінезі «Саадәти Әбәдия» кітабында және одан бөлек мұғжизалары, қасиеттері, көркем мінездері мен әдеттері «Иман және Ислам» кітабында кеңінен баяндалған. Сол жерден оқыңыз!]