Нәпіл намаздарды жамағатпен оқуСұрақ: Кей адамдар қасиетті түндерде, тәһәжжуд уақытында жиналып, жамағат болып нәпіл намаз оқиды және елдерге де осыны үгіттейді. Дінімізде ондай нәрсе бар ма және дұрыс па? Жауап: Бұл туралы Имам Раббани хазрет «Мәктубат» кітабының 1-ші томының 288-ші хатында былай дейді: Қазіргі заманда ғалым болсын, надан болсын, мұсылмандардың көбі нәпіл ғибадаттарды орындауға аса мән беруде. Ал парыздарды орындауға немқұрайлы қарайды. Парыздардың ішіндегі сүннеттерді және мүстаһабтарды орындамайды. Нәпілдерді маңызды деп санайды. Ал парыздарды маңызсыз санайды. Парыз намаздарды мүстаһаб уақыттарда оқитындар жоқ дерлік. Сүннет саналатын жамағаттың көбеюіне, тіпті намазды жамағатпен оқуға мән бермейді. Парыздарды ерініп, жалығып оқу арқылы міндеттерін атқардық деп ойлайды. Ашура күніне, Бәрат, Рәғаиб түніне аса мән береді. Осы уақыттарда үлкен жамағатпен нәпіл намаз оқиды. Бұл жамағаттарды жақсы және керемет деп ойлайды. Бұлардың барлығы шайтанның алдауы екенін, күнәларды сауап қылып көрсеткенін түсіне алмауда. «Шәрһи Уиқая» түсіндірмесінде «Нәпілдерді жамағатпен оқу және парыз намаздарды жамағатсыз, жалғыз оқу – шайтанның алдауы» деп жазылған. Нәпіл намаздарды жамағатпен оқу мәкрух, жаман бидғат саналады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Біреу дінімізде болмаған бір нәрсе ойлап шығарса, ол жаман нәрсе» деген хадис шәрифіндегі аталған бидғатқа жатады. Нәпіл намазды жамағатпен оқудың мәкрух екендігі фиқһ кітаптарының көбінде жазылған. «Көпшілік шақырылып, үлкен жамағат жиналса, мәкрух болады» деген ғалымдар да бар. Осыған орай бәріне хабар берместен мешіттің бір бұрышында бір-екі адам жамағатпен оқыса, мәкрух болмайды. Үш адам болып оқуға қатысты «мәкрух» және «мәкрух емес» деген ғалымдар бар. Төрт адамдық жамағатпен нәпіл оқуға бір ауыздан мәкрух деп айтылды.
Сұрақ: Тарауих намазынан басқа «тәсбих намазы» сияқты нәпіл намаздарды жамағатпен оқудың діни тұрғыда зияны бар ма? Жауап: «Сиражия» фәтуа кітабында тарауих және күннің тұтылуы намаздарынан басқа нәпілдерді жамағатпен оқудың мәкрух екендігі жазылған. «Ғиясия» фәтуа кітабында Шәйх-ул-имам Сәрахси хазрет былай дейді: «Нәпіл намазды жамағатпен оқу рамазаннан басқа уақыттарда, егер бәрі шақырылса, мәкрух болады. Бір-екі кісі имамға ұйып оқыса, мәкрух болмайды. Үш кісі болса, күмәнді. Төрт кісі болса, бір ауыздан мәкрух болады». |