19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғибадаттарын ықыласпен орындағанға сүйінші көп

Ғибадаттарын ықыласпен орындағанға сүйінші көп

Нәжмуддин Ибнур-Рифа хазрет – Шафии мазһабының фиқһ ғалымы. 645 (м.1247) жылы Мысырда Фустатта дүниеге келді. Каирде дәуірінің үлкен ғұламаларынан фиқһты оқыды. Фиқһ ілімін меңгеруі себебімен «Фақиһ» (фиқһ ғалымы) лақабымен аталды. «Муиззия» және «Тайбәрсия» медреселерінде дәріс берді. 710 (м.1310) жылы Каирде қайтыс болды. Бір дәрісінде былай деді:

Ғибадаттарды біреудің көріп қоюынан ұялу жаиз (рұқсат) емес. Ұят деп күнәларды, қателіктерді көрсетпеуге айтылады. Сондықтан уағыз айтудан, дінді насихаттаудан (діни кітап, ілімхал кітап жазудан және сатудан) және имам болудан, азан айтудан, Құран кәрім оқудан ұялуға рұқсат жоқ.

«Ұят иманнан» хадис шәрифіндегі ұялу – жаман, күнә болған нәрселерді көрсетуден ұялу деген сөз. Мұсылманның әуелі Аллаһу та'аладан ұялуы керек. Сондықтан ғибадаттарды адалдықпен, ықыласпен орындау қажет. Хадис шәрифтерде: «Біреуге көрсету үшін намазын жақсылап оқыған, ал жалғыз кезінде олай оқымаған адам Аллаһу та'аланы қорлаған болады», «Сендердің ширк-и асғарға шалдығуларыңнан бәрінен қатты қорқамын. Ширк-и асғар – рия деген сөз», «Дүниеде риямен ғибадат жасаған адамға «Ей, жаман адам! Бүгін саған сауап жоқ. Дүниеде кім үшін ғибадат еткен болсаң, сауабын да содан сұра!» делінеді» және «Аллаһу та'ала айтады: Менің серігім жоқ. Өзгені маған серік қылған адам сауаптарын содан сұрасын. Ғибадаттарыңды ықыласпен орындаңдар! Аллаһу та'ала ықыласпен орындалған амалдарды қабыл етеді» делінген.

Ғибадат Аллаһу та'аланың разылығын алу үшін орындалады. Біреуге жақсы көріну, оның сый-сияпатына қол жеткізу үшін орындалған ғибадат сол адамға табыну болып саналады!

Аллаһу та'алаға ықыласпен ғибадат етуіміз бұйырылды. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'аланың бір екеніне иман келтірген және намазы мен зекетін ықыласпен орындаған адамға Аллаһу та'ала разы болады» делінген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Муаз бин Жәбәлді (радиаллаһу анһ) Йеменге әкім қылып жіберерінде: «Ғибадаттарыңды ықыласпен орында. Ықыласпен жасаған аздаған амалыңның өзі саған қиямет күні жеткілікті болады» деген. Және де «Ғибадаттарыңды ықыласпен орындағандарға сүйінші! Олар – хидаят (тура жол) жұлдыздары. Фитналардың қараңғылығын жояды» және «Дүниеде харам қылынған нәрселер – малғұн. Тек қана Аллаһ үшін жасалған амалдар құнды» деген.

Дүниенің ниғметтері өткінші. Мерзімі өте қысқа. Оларға қол жеткізу үшін дінін сату – ақымақтық. Адамдардың бәрі әлсіз. Аллаһу та'ала қаламайынша ешкім ешкімге пайда немесе зиян тигізе алмайды. Адамға Аллаһу та'ала жеткілікті.