ҮШІНШІ БӨЛІММұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығы білдіргенінен бастап хижрет еткеніне дейін орын алған оқиғалар: • Хазреті Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Жәбрейілдің (алейһиссалам) келуі және уахи әкелуі жақындаған еді. Ол кездері Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккенің сыртына шыққан кезінде жолдағы әр тастан «Әссәләму алейка йа Расулаллаһ» деген дауыс шығатын. Жан-жағына қарағанда ешкімді көрмейтін. «Сахих Бұхари»-де хабар берілгені бойынша, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілмей тұрып сахих түстер көретін. Көрген түстері өңінде орындалатын. Кейіннен Ол жалғыз қалуды ұната бастады. Халықтан алыстап, түндердің көбін Хира тауындағы үңгірде ғибадатпен өткізетін. Хазреті Хадишаның (радиаллаһу анһа) үйіне келіп, бірнеше күндік азығын алып кететін. Рамазан айының бір күнінде Хира тауындағы үңгірде ғибадат етіп жатқанында Оған біреу келді. Қолында жібек жамылғы бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өзі былай айтып берген: «Ол маған «Оқы» деді. «Мен оқи алмаймын» деп жауап бердім. Қолындағы жамылғыны басыма қойып, басым мен бетімді жапты. Мен өлемін деп ойладым. Кейін жамылғыны алып тастап, «Оқы» деді. «Мен оқуды білмеймін» дедім. Тағы «Адамды ұйысқан қаннан жаратқан Раббыңның атымен оқы! Оқы, адамға білмегенін үйрететін және қаламмен жаздыратын Раббың – ең ұлы қайырым иесі» деген «Алақ» сүресінің [1-5] аяти карималарын оқыды. Кейін әрі шегінді. Одан естігендерім жүрегіме толықтай орнықты. Бірақ жұрттың мені жынды және ақын деп атауынан қорықтым. Оларды жақтырмайтынмын. Қатты уайымдадым. Сол кезде аспаннан бір дауыс естідім. «Ей, Мұхаммед! Сен Аллаһу та'аланың Расулысың. Ал мен Жәбрейілмін» деді. Аспанда қайда қарасам да оны көріп тұрдым. Ақшам намазына дейін осы жағдайда қайран болып тұрдым. Сол уақытта Хадиша мені іздеуге жан-жаққа адамдарын жіберген екен. Олардың кейбірлері мені тауып келді. Жәбрейіл көрінбей қалды. Хадишаға (радиаллаһу анһ) келдім. Менің таңырқауым әлі тарқамаған және денем дірілдеп тұрды. Хадишаның тізесіне сүйеніп, жағдайымды айтып бердім. «Көріпкел болып қалудан қорқамын» дедім. Хадиша (радиаллаһу анһа) «Аллаһу та'ала сақтасын! Аллаһу та'ала сізге қайыр тілеген екен. Сіз бұл үмбеттің пайғамбары боласыз деп үміттенемін» деді». Кейін хазреті Хадиша көне кітаптарды көп оқыған көкесінің ұлы Уарақа бин Нәуфәлге барды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хал-жағдайын айтып берді. Уарақа бин Нәуфәл тыңдап болған соң «Аллаһу та'аланың хаққы үшін, егер бұл айтып бергендерің рас болса, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл үмбеттің пайғамбары болмақ. Мұсаға (алейһиссалам) келген Намус-ы Әкбар (Жәбрейіл алейһиссалам) Оған да келген екен» деді. Кейінірек Уарақа бин Нәуфәл Мұхаммед алейһиссаламды қағбаның маңында көріп, «Басыңнан не өткенін маған айтып бер» деді. Ол бәрін айтып берді. Уарақа ант етіп: «Саған келген – Намус-ы Әкбар. Ол саған Аллаһтың үкімдерін түсіреді. Мұса пайғамбарға да (алейһиссалам) түсірген болатын. Сен бұл үмбеттің пайғамбарысың. Саған өз қауымыңнан қиыншылықтар келеді. Олар сені туған жеріңнен қуады. Бір тайпа саған көмектеседі. Егер өмірім жетсе, мен саған қолыммен, тіліммен, мал-мүлкіммен және жан-тәніммен көмектесемін!» деді. Содан соң хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын сүйді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көңілі орнына түсіп, хазреті Хадишаның (радиаллаһу анһа) үйіне келді. • Оқиғалардың бірі – Әксәм бин Сайфи хикаясы: Ол хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығын естігенде барып Онымен көріскісі келді. Қауымы оның кетпек болғанын естіп, «Сіз біздің көсемімізсіз, өзіңіз баруыңыз мансабыңызға жараспайды. Қауым арасынан екі адам жіберіңіз, барып пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мінез-құлқын, сөздерін, хәлдерін көріп келсін» десті. Сөйтіп ол екі адам жіберді. Олар барып келіп, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жайлы бәрін айтып берді. Мұны естіген соң Ол қауымына: «Оған ең алғаш иман келтіргендер дүниеде және ахиретте қадірлі әрі сыйлы болады» деп өсиет қалдырды. Өзі осыны айтқаннан кейін аз уақыт өткен соң қайтыс болды. • Оқиғалардың бірі – Умәйя бин Әби Салт хикаясы. Әбу Суфян былай айтып берген: «Умәйя бин Әби Салт Шамда менен Утбә бин Рәбидің хал-жағдайын сұрады. Айтып беріп едім, «Жақсы» деді. Кейін жасын сұрады. Жасын айтқанымда «Қартайған екен, оның кемшілігі осы» деді. Мен «Олай айтпа, қарттық оған қадір мен қасиеттен басқа ештеңе бермеді» дедім. Сонда ол «Тоқта, мен мұның сырын саған айтайын» деп былай айтып берді: «Біз кітаптарымызда біздің аймағымыздан бір пайғамбар келетіні жайлы оқыдық. Мен «Күмәнсіз ол пайғамбар мен болсам керек» деп ойлайтынмын. Білімділермен бұл мәселені сөйлестік. Олар пайғамбардың Абди Мәнаф ұлдары арасынан шығатынын айтты. Абди Мәнаф ұлдарын қанша мұқият бақылап жүрсем де, бұған Утбә бин Рәбиден басқа лайықты ешкімді байқамадым. Бірақ сен оның жасын айтқанда жасы өтіп кеткенін, келетін пайғамбардың ол емес екенін аңғардым. Өйткені қырық жастан асып кетіпті, ал оған әлі пайғамбарлық білдірілмеді». Осы әңгімеден соң арадан күндер өтті. Хазреті Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілді. Мен сауда жасауға Йемен тарапына жолға шықтым. Умәйя бин Әби Салтқа барып жолықтым да, оған қалжыңдап «Көптен күтіп жүрген пайғамбарың жіберілді» дедім. Сонда ол маған «Ол хақ және шынайы пайғамбар. Оған мойынсұн» деді. Мен «Өзің неліктен мойынсұнбайсың?» деп сұрап едім, «Тайпамдағы әйелдерден ұяламын. Оларға үнемі «Келетін пайғамбар мен боламын» деп айтатын едім. Енді менің Абди Мәнаф ұлдарынан біреуге мойынсұнғанымды көрсе, мені жазғырады. Әй, Әбу Суфян! Өзіңді Оның алдында мойнына жіп байланған лақтай сезін және Оған бағын. Қандай бұйрық берсе де, мүлде қарсы шықпа» деп ескерді». Риуаят етілуі бойынша, Умәйя бин Әби Салт Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді. Аспандар мен жерлердің қалай жаратылғанын, пайғамбарлардың (алейһимуссалам) хәлдерін баяндайтын және Мұхаммед алейһиссаламды мақтаумен аяқталатын қасида оқыды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Таха» сүресін оқыды. Умәйя бин Әби Салт мұны естіп, «Бұл адам баласының сөзі емес» деді. Бірақ «Менің бауырларым бар, олармен ақылдаспайынша ештеңе істемеймін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Саған обал болады, иманға кел, мұсылман бол, тура жолға түс» деді. Ол болса «Мен тез ораламын» деп түйесіне мінді де, жылдам Шамға аттанды. Жолда бір шіркеуге кірді. Онда монахтар бар еді. Оларға жағдайын айтып берді. Монахтардың бірі «Айтып берген адамыңды өз көзіңмен көрдің бе, көрсең танисың ба?» деп сұрағанында «Иә, көрдім» деп жауап берді. Сонда олар оны ішінде пайғамбарлардың (алейһимуссалам) суреттері бар бір үйге алып барды. Әр суретті оған жеке-жеке көрсетті. Хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) суретін көргенде «Осы адам» деді. Монах Умәйяға айтты: «Саған обал, дереу кері қайт, Оған иман келтір! Ол әлемдердің Раббының Расулы. Ол соңғы пайғамбар» деді. Умәйя бин Әби Салт кері қайтып, Хижазға жетті. Ол кездері Бәдір соғысы орын алып, Құрайш тайпасының алдыңғы қатарлылары өлген болатын. Умәйя мұны естіп, «Егер Ол пайғамбар болса, өз қауымының алдыңғы қатарлыларының өлуіне жол бермес еді» деп, өлгендер туралы өлең оқып, дереу Таифқа аттанды. Ұзақ уақыт бойы сонда қалды. Бір күні ұйықтап жатқан болатын. Қарындасы қасында еді. Түсінде үйдің шатыры қақ жарылып, ішке екі ақ құстың кіргенін көрді. Құстардың бірі қарнына қонып, киімін ашты. Екіншісі «Өлетінін естіген болар» деді. «Жоқ, Аллаһу та'ала ұзақ өмір берсін» деп киімін жапты. Кейін үйдің шатырынан шығып, кетіп қалды. Үйдің төбесінде ешқандай із қалмады. Қарындасы Умәйяны оятты. Ол түсін айтып беріп, «Маған бір хабар келді. Бірақ маған айтылуына рұқсат берілмеген екен» деді. Содан соң ол Таифтан шығып, Шамға барды. Жәфнә ұлдарына барып, оларды мақтап, мадақтады. Ол құстардың тілін білетін. Бір күні олармен шарап ішіп отырған еді. Сол жерде ұшып жүрген бір қарға қарқылдады. Умәйяның реңі бозарды. «Не болды саған?» деп сұрағанда «Егер мына қарғаның сөзі рас болса, шарап кезегі маған жеткенше мен өлемін» деді. Оның айтқандары рас болып шықпау үшін бәрі шарап кезегінде асыға бастады. Шарап кезегі Умәйяның қасындағы адамға жеткен кезде Умәйя бин Әби Салт жерге құлады. Оның сыртқы киімімен үстін жауып қойды. Біраз уақыт өткен соң киімін ашып қараса, өліп қалған екен! Өлгенінен кейін мынадай өлең шумақтары естілді: Өмір қанша ұзақ болса болсын, Аяқталар бір күні, әрдайым асық бітуге. Әттең, мен мұны түсінгенге дейін, Ешкі бағушы болсам ғой тау бөктерінде.
• Асқалан бин Әби Ауалим әл Хумәйри хикаясы: Абдуррахман бин Ауф (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Хазреті Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілуінен бұрын сауда жасауға Йеменге кеткен болатынмын. Асқалан бин Әби Ауалимның үйінде қонақ болдым. Ол өте кәрі, арық, құстың балапанындай болып қалған қария еді. Йеменге барған сайын оның үйінде қалатынмын. Әр барғанымда менен «Сендердің араларыңнан құрмет пен абырой иесі және діндеріңе қарсы шыққан ешкім шықпады ма?» деп сұрайтын. Мен «Жоқ» деп жауап беретінмін. Тағы бір бағанымда ол тым әлсіреп, құлағы да естімейтін болып қалған еді. Ұлдары мен немерелері оның айналасына жиналған еді. Маған «Тегіңді айт» деді, мен айтып шықтым. «Саған сондай сүйінші айтайин, ол сенің саудаңнан әлдеқайда жақсы» деді де, айта бастады: «Аллаһу та'ала сенің қауымыңнан өткен айда бір пайғамбар жіберді. Оны бүкіл жаратылыстан үстем қылып, Оған бір кітап жіберді. Ол пұттарға табынуды тыяды, ислам дініне шақырады. Хақты үгіттейді». Мен «Ол қай тайпадан?» деп сұрадым. «Хашим ұлдары тайпасынан, ал сендер оның көкесі боласыңдар. Ей, Абдуррахман! Дереу барып, Оған мойынсұн, айтқан дұрыс сөздеріне сеніп, Оған көмектес және менің мына бірнеше шумақ өлеңімді Оған жолда» деді. Ол үш шумақтың мағынасы төмендегідей: Шексіз білім иесі Аллаһқа сенемін, Түнді таңмен жарық қылған Аллаһқа сенемін. Куәлік етемін, Мұсаның Раббына, Сені Расул қылып жібергеніне. Шапағатшым бол Раббымның алдында, Жақсылыққа, құтылуға шақырылғанымда!
Тез жұмыстарымды бітіріп, Меккеге қайттым. Хазреті Әбу Бәкірмен (радиаллаһу анһ) кездесіп, Хумәйридің сөздерін айтып бердім. Ол маған «Иә, Аллаһу та'ала Мұхаммед бин Абдуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбар қылып жіберді. Оның алдына бар» деді. Ол кезде хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хадишаның үйінде еді. Сонда барып, кіруге рұқсат сұрадым. Рұқсат берілген соң ішке кірдім. Мені көргенде күлімдеп «Екі қайырлы нәрсенің бірін алып келдің» деді. «Ол не?» деп сұрағанымда «Не сыйлық әкелдің, не біреудің хатын әкелдің» деді. Сол жерде отырғандарға қарап «Хумәйри – мүминдердің үстемдерінің бірі екенін біліңдер» деді. Кейін мен калима-и шаһадат айтып мұсылман болдым. Хумәйридің өлеңін оқып беріп, айтқандарын айтып бердім. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мені растаған және иман келтірген, менің заманымда өмір сүріп, маған келген неше түрлі адамдар бар, олар шынымен де менің бауырларым және достарым» деді». Абдуррахман бин Ауф осы оқиға туралы әр түрлі өлеңдер айтқан, ол өлеңдер кітаптарда жазулы. • Сәмхаж есімді жынның хикаясы: Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге Сафа тауына шықтық. Мүшриктер сонда жиналған екен. Әбу Жәһл де солардың арасында еді. Мүшриктер ол жақта бір пұтқа табынып жатты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) араларына кіріп «Ей, Құрайш жамағаты! Лә илаһа иллаллаһ деп иман келтіріңдер» деді. Мұны естіген Уәлид бин Мұғира Әбу Жәһлден «Мұхаммедті масқара қылайын ба?» деп сұрады. Әбу Жәһл ант ішіп «Міндетті түрде істеуің керек» деді. Уәлид бин Мұғира әлгі пұтты мойнына тақап, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарады да «Ей, Мұхаммед! Сен «Менің Раббым күре тамырымнан да жақын» дейсің ғой, міне, менің құдайым да мойнымда. Сенің құдайың қайда екен?» деді. Кейін пұтты жерге қойды. Құрайштың мүшриктері пұтқа сәжде жасады. Пұтқа «Ей, құдайымыз, бізге көмектес, Мұхаммедті өлтірейік» деп жалбарынды. Сол сәтте пұттың ішінен Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қарсы бірнеше шумақ өлең және ислам халқын жамандаған сөздер естілді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол жақтан кетіп қалды». Ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) айтады: «Мен де Расулуллаһпен бірге қайттым да «Ата-анам сізге пида болсын, йа, Расулаллаһ! Әлгі пұттан шыққан дауыстарды естідіңіз бе?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз: «Иә, естідім. Ол – шайтан, пұттардың ішіне кіріп алып, халықты пайғамбарларды өлтіруге ынталандырады. Пайғамбарларды жамандайтын және оларға тіл тигізетін шайтандардың Аллаһу та'ала тез көзін құртады» деп жауап берді. Осы оқиғадан үш күн өткен соң Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдында отырған едім. Біреу келіп «Ассаламу алейкә йа Мұхаммад» деп сәлем берді. Біз оның сөзін естідік, бірақ өзін көре алмадық. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) одан «Аспан халқынансың ба?» деп сұрады. Ол «Жоқ» деп жауаптады. «Жынсың ба?» деген сұрағына «Иә» деп жауап берді. «Не үшін келдің?» деп сұрағанында «Мен ғайып болған едім, маған Аллаһу та'аланың Расулын бір шайтан жамандап қорлады деген хабар келді. Мен сол шайтанды іздеп жүрген едім, Сафа тауының маңындағы бір жерде тауып алдым да, оны қылышпен өлтірдім. Оны сізден аулақ қылдым, йа, Расулаллаһ!» деді. Сөзін жалғастырып: «Ертең Сафа тауына достарыңызбен бірге келіңіз, сіздерді қуантамын» деді. Расулуллаһ одан есімін сұрады. Ол «Сәмхаж» дегенінде «Саған бұдан жақсырақ есім беруімді қалайсың ба?» деп сұрады. Жын «Қандай есім, йа, Расулаллаһ?» дегенінде «Саған Абдуллаһ есімін бердім» деді. Бұдан кейін жын кетіп қалды. Абдуллаһ ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) айтады: «Маған сол түннен ұзақ түн болмады. Таңертең Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірге Сафа тауына бардық. Мүшриктер сонда жиналған екен. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) араларына кіріп «Ей, Құрайштықтар! Лә илаһа иллаллаһ деңдер» деді. Мүшриктер қайтадан әлгі пұттың алдына барып, сәждеге жығылды да, пұтқа жалбарына бастады. Бүгін өткендегідей қайталана ма деп қорықтым. Сол сәтте пұттың ішінен бір дауыс шықты. «Мен Абдуллаһ бин Хаяримын! Пәк пайғамбарды жамандаған араңдатушы шайтанды өлтірдім» деген еді. Мүшриктер пұттан бұл дауыстарды естігенде пұтты балағаттап, «Біз табынған пұтымыз сен емес. Мұхаммед саған сиқыр жасады. Кеше Оны жамандаған едің, ал қазір мақтап жатырсың» десті. Кейін пұтты жерге құлатып, тас-талғанын шығарды. Содан соң Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жабылып кетті. Оның мүбәрәк маңдайын қанатты. Сол сәтте мүшриктердің арасынан қолында темір таяғы бар бір қария шықты. «Ей, құрайш халқы, естуімше Мұхаммед сендерден күштірек екен. Мені Оған апарыңдар, мына таяқты қарнына тығайын» деді. Ұрмақшы болып қолын көтергенінде қолы қурап, ауада асылып қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ол малғұнның зиянынан құтылды. • Александриялық епископтың хикаясы: Муғира бин Шубә (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілген кездері сауда жасауға бір керуенмен Таифтан Александрияға бардым. Онда бір епископ [христиан дін адамы] бар еді. Ол адам көп ғибадат ететін. Халық ауруларын айықтыру үшін оған алып келетін еді. Одан «Әлі жіберілмеген пайғамбар қалды ма?» деп сұрадым. Ол «Иә, хатәм-ул әнбия бар. Оның Иса алейһиссаламмен арасындағы уақыт көп емес. Ол соңғы пайғамбар, ол ұзын бойлы да, аласа бойлы да емес. Қара реңді де, ақ реңді де емес. Көздерінде қызғылттық бар. Шашын өсіреді, қылыш асынады. Ешкімнен қорықпайды, соғысқа қатысады. Сахабалары Оған жанын пида етеді. Оны өз ата-анасынан және бала-шағасынан артық жақсы көреді. Ыстық жерден шығады. Бір харамнан (киелі жерден) басқа харамға хижрет етеді (көшеді). Құрғақ жерге орналасады. Ибраһим алейһиссаламның дініне бейімделеді» деді». Муғира бин Шубә (радиаллаһу анһ) былай сөзін жалғастырды: «Епископтан Ол пайғамбар туралы тағы біраз айтып беруін сұрадым. Былай айтып берді: «Ол пайғамбар беліне изар (белбеу) байлайды. Әр пайғамбар тек өз қауымына ғана жіберілген. Ол бүкіл адамзатқа және жындарға жіберілді. Жер жүзінің барлық жері Оған мешіт қылынды. Ол су таба алмаған кезінде тәйәммум алып намаз оқиды». Одан бұларды естіген соң Александриядағы кірген әр шіркеудің епископтарынан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сипаттарын, өмір сүру салтын, көрінісін, мінез-құлқын сұрадым және бәрін толықтай есіме сақтап алдым. Мәдинаға қайтқанымда бәрін Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып бердім. Оған бұл ұнап, «Сахабаларға да (радиаллаһу анһум әжмаин) айтып бер» деді. Мен күндер бойы топ-топ сахабаларға айтып бердім. • Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) мұсылман болу хикаясы: Әмир-ул мүминин Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Әбу Жәһл және Шәйбәмен бірге отырған едік. Әбу Жәһл орнынан тұрып «Ей, Құрайш қауымы! Мұхаммед сендердің құдайларыңды жамандап жүр. Сендерді ақылсыз және надан дейді. Аталарың тозақта дейді. Кімде-кім Мұхаммедті өлтірсе, оған жүз қызыл жүнді және жүз қара жүнді түйе әрі мың өлшем күміс беремін» деп айқайлады. Мұны естіген соң мен атып тұрып «Ей, Әбәл Хакем! Айтқан сөзіңде тұрасың ба?» деп сұрадым. «Иә, бірден беремін» деген соң «Лат пен узза пұттарының хаққы үшін бұл істі мен атқарамын» дедім. Сонда ол мені қолымнан жетектеп қағбаның қасындағы хубәл пұтының алдына апарды да, хубәлді маған куә қылды. Ол бүкіл пұттардың ең үлкені еді. Ол кездері мүшриктер сапарға немесе соғысқа шығатын болса, бейбіт келісім жасайтын немесе неке қиятын болса, хубәл пұтының алдына барып, хубәлмен ақылдасып, оны куә қылатын еді. Мен қылыш асынып хазреті Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) іздеуге шықтым. Бір жерге барғанымда бір қозыны сойып жатқан адамдарды көрдім. Сонда біраз қарап тұрдым. Қозының ішінен бір дауыс естіліп «Қандай жақсы, қандай мүбәрәк іс, бір адам жоғары дауыспен және анық сөзбен халықты «Аллаһ бір, Мұхаммед алейһиссалам Оның пайғамбары» деп иманға шақыруда!» деген еді. Мен бірден өз-өзіме «Бұл сөздер саған айтылды» дедім. Ол жерден кеткенімде бір қой отарына кезіктім. Қойлардың арасынан да дәл осыларды айтып жатқан дауыс естіліп жатты. Өз-өзіме «Ант етемін, бұл сөздер менен өзгесіне айтылып жатқан жоқ» деп ол жерден де кеттім. Димад деген пұттың қасынан өтіп бара жаттым. Пұттың ішінен бір дауыс мына өлең шумақтарын оқып жатқан еді, мағынасы төмендегідей: Пайғамбарлығы жария болғанда адал Мұхаммедтің, Жалғыз Аллаһқа табынып, димад пұтын тастаңдар. Ол пайғамбарларға мұрагер болған кісі, Мәриәм ұлы Исадан соң Құрайштан шыққан пайғамбар, Бұрын димад және басқа пұттарға табынғандар, «Әттең босқа табындық оларға» дейді. Йа, Әба Хафс [Омар (радиаллаһу анһ)], сабыр ет, сен де сондай адамсың, Саған Ади ұлы абыройынан басқа абырой нәсіп болады. Қолыңмен және тіліңмен көп көмек бересің, Еш асықпа, сен Оның дініне кіресің.
Бұдан кейін бұл сөздердің маған айтылып жатқанын нақты түсіндім. Қарындасымның үйіне бардым. Хаббаб бин Әрат (радиаллаһу анһ) және қарындасымның күйеуі Саид бин Зәйд (радиаллаһу анһ) сонда еді. Олар менің қылыш асынып келгенімді көріп қорықты. Мен «Қорықпаңдар» дедім. Сонда Хаббаб маған «Ей, Омар, мұсылман бол, обал болмасын» деді. Мен су сұрадым, су әкеп берді. Дәрет алдым да, хазреті Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда екенін сұрап едім, «Әркам бин Әби Әркамның үйінде» деді. Дереу сонда бардым. Есікті қақтым, Хамза (радиаллаһу анһ) сыртқа шықты. Менің қылыш асынып келгенімді көріп, маған айқайлай бастады. Ол айбатты кісі болатын. Мен де оған айқайладым. Сол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сыртқа шықты. Маған қарап, мұсылман болу үшін келгенімді түсініп, «Аллаһу та'ала саған жасаған дұғамды қабыл етті. Ей, Омар! Мұсылман бол» деді. Мен «Әшһәду әллә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннәка расулуллаһ» деп мұсылман болдым. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және сахабалар қатты қуанды. Ол күні менімен мұсылмандардың саны қырыққа жетті. Аллаһу та'ала [«Әнфал» сүресінің 64-ші аятында] «Ей, пайғамбарым! Саған Аллаһ және сенің жолыңмен жүретін мүминдер жетеді!» деді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһ хаққы үшін сыртқа шығайық. Мүшриктер бізге ештеңе істей алмайды» дедім. Сөйтіп бәріміз сыртқа шықтық. Тәкбір айттық, мүшриктер естіді. Хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қағбаны тауаф етті. Бұл оқиғадан кейін мүшриктермен қақтығысып тұрдық. Соңында Аллаһу та'ала бізді толық жеңіске жеткізді. • Әбу Мұхаммед Жәрир Табари (рахметуллаһи алейһ) былай жеткізген: «Әмир-ул мүминин Омар (радиаллаһу анһ) иман келтіргенінде мұсылмандар күшейді. Ислам діні ашық түрде тарай бастады. Әбу Жәһл бұл жағдайды көргенде мүшриктерге «Мұхаммед сиқыршы екен. Алдына келгендердің бәрін сиқырлап, өзіне бағындыруда. Мүмкіндігін тауып, Оны жалғыз кезде ұстап алып өлтірейік» деді. Мүшриктер келісіп, солай істеуге шешім қабылдады. Бір күні хазреті Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жалғыз өзі тауға шығып бара жатқан еді. Әбу Жәһл бес-он адаммен артынан барды. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шабуылдап, өлтірмекші болды. Бірақ іске асыра алмады. Өйткені пайғамбарларға (алейһимуссалам) қырық ердің күші берілген. Ал біздің пайғамбарымызға қырық пайғамбардың күші берілген. Шабуылдағандар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басының төрт жерін жаралады. Сахабалар хабардар болғанда дереу сонда жүгірді. Мүшриктер оларды көріп қаша жөнелді. Бұл оқиға орын алған кездері пайғамбарымыздың көкесі хазреті Хамза әлі мұсылман болмаған еді. Ол күні аң аулауға шыққан болатын. Алдынан бір киік шықты. Оқталып, киікті атпақ болғанында, киік тілге келіп: «Ей, Хамза! Менде нең бар? Үйіңе бар, саған маңызды іс түсті» деді. Хамза хазрет таңқалып, үйіне қайтты. Қамария есімді күңі бар еді. Ол күңі асын алып келіп, алдына қойды. Бірақ бір жағынан жылап жатты. Хазреті Хамза күңінен «Неге жылап жатырсың?» деп сұрады. Ол «Мұхаммед алейһиссалам үшін жылап жатырмын. Үйінде жаралы жатыр. Әбу Жәһл бес-он адаммен жабылып, жаралаған екен» деді. Хазреті Хамза мұны ести сала ашуланып атып тұрды. Садағын алып «Мұхаммедтің өшін алмайынша мына асты жемеймін» деп дереу Әбу Жәһлдің үйіне кетті. Әбу Жәһл үйінің алдында мүшриктермен бірге отырған еді. Хазреті Хамзаны алыстан ашулы келе жатқанын көріп, бәрі жан-жаққа қаша бастады. Әбу Жәһл де қашқан еді, бірақ хазреті Хамза оны қуып жетіп ұстап алды. Қолындағы садақпен басынан ұра бастады. Садақ сынып, шашылып кетті. Әбу Жәһлдің басында жеті терең жара ашылды. Хазреті Хамзаның алдына шығуға ешкімнің батылдығы жетпейтін. Халық араға кіріп, оларды татуластырды. Хазреті Хамза ол жерден бірден Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барды. Пайғамбарымыз жатқан еді. Оған «Ей, Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Дұшпаныңнан өшіңді алдым. Әбу Жәһлдің басын жеті жерден жардым. Араға ешкім кірмегенде өлтіретін едім» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ей, көкем! Бұл істің маған пайдасы жоқ. Егер иман келтірсең, қуанар едім» деді. Хазреті Хамза «Егер мен иман келтірсем, сенің көңілің жай таба ма?» деп сұрады. «Иә» дегенінде дереу иман келтірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тез сауығып жазылып кетті». • Суфян Хузәли (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір керуенмен Шам жолында кетіп бара жатқан едік. Бір түні таңға жуық тынығып алу үшін бір жерде тұрақтадық. Кенеттен ауада тұрған атты біреуді көрдік. «Ей, ұйықтап жатқандар! Тұрыңдар, ұйықтайтын уақыт емес. Өйткені Ахмед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шықты және жындардың бәрі қуылды» деген еді. Біз ержүрек болсақ та қорқып қалдық. Үйлерімізге қайтқанда Меккеде дау шыққанын, Абдулмутталиб ұлдарының бірінің пайғамбар екендігі білдірілгенін және есімі Ахмед (алейһиссалам) екенін естідік. • Уруә бин Мәрра әл-Жуһәни (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Жаһилия (надандық) дәуірі күндерінде қажылық жасауға Меккеге бардым. Түсімде қағбадан бір нұрдың шыққанын және Мәдинаның таулары көрінгенге дейін жайылғанын көрдім. Ол нұрдан бір дауыс шығып, «Қараңғылық аяқталды, нұр жайылды! Хатәм-ул Әнбия жіберілді» дегенін естідім. Кейін тағы бір нұр шықты. Ол нұрдың жарығынан Хираның және Мәдаиннің барлық үйлерін көрдім. Ол нұрдан да бір дауыс былай деген еді: Ислам діні келді, пұттар қирады, Туыстар бір-бірімен араласа бастады.
Ұйқыдан оянып, қорықтым да, қауымыма «Уаллаһи Құрайш арасында бір оқиға орын алды» дедім. Қаламызға қайтқанда Ахмед есімді біреудің халықты исламға шақырып жатқанынан хабардар болдық. Оған барып, көрген түсімді айтып бердім де, өзім мұсылман болдым». Оқиғалардың тағы бірі мынадай: Бір адам Бабил елінен (Вавилон) Меккеге сауда жасауға келіп, Әбу Жәһлге қойларын сатқан болатын. Әбу Жәһл ақшасын бермей, уақыт созып жүрді. Бір күні бабилдік саудагер Құрайш тайпасының басшысына барып, «Мен бөтен елдің азаматымын. Әбу Жәһл қойларымды сатып алды, бірақ ақшасын бермеді. Кім одан менің ақымды алып бере алады?» деп сұрады. Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сол кезде жақын жерде отырған болатын. Құрайштықтар мазақ қылып оған «Мына отырған адам ақыңды алып береді» деп Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрсетті. Сонда бабилдік саудагер Расулуллаһтың алдына барып, мән-жайды айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дереу тұрып, «Жүр, сенің ақыңды алайық» деді. Құрайштықтар хабар алу үшін екі адамды ілестіріп жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Жәһлдің үйіне барып, есігін қақты. «Кімсің?» деп сұрағанында «Мен Мұхаммед бин Абдуллаһпын. Сыртқа шық» деді. Әбу Жәһл дереу сыртқа шықты. Оның реңі бозарып, денесі дірілдеп тұрған еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Мына кісінің ақшасын қайтар» деді. Әбу Жәһл «Беремін» деп еді, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мына адамның ақшасын толықтай қайтармайынша ешқайда кетпеймін» деді. Сонда Әбу Жәһл жүгіріп үйіне кіріп кетті. Саудагердің ақшасын толық әкеліп берді. Содан соң Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) кетіп қалды. Бабилдік адам құрайштықтардың жиналып тұрған жеріне барып, «Аллаһу та'ала Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жақсылық берсін. Ақшамды залымның қолынан алып берді» деді. Кейін мүшриктер хабар алу үшін ілестіріп жіберген екі кісі де оларға қосылып, болған оқиғаны дәлме-дәл айтып берді. Артынша Әбу Жәһл де сонда келді. Құрайштықтар оны жазғырды. Сонда Әбу Жәһл «Мұхаммед есігімді қаққан кезде жүрегім ұшты, дереу сыртқа шықтым. Мұхаммедтің қасында үлкен арыстан көрдім, аузын ашып тұрған еді. Егер әлгі адамның ақшасын қайтаруды бір сәтке кешіктірсем, арыстан мені жұлмалайтын еді» деді. Мұны естіген мүшриктер «Бұл Мұхаммедтің сиқыры ғой» десті. • Абдуррахман бин Жәузи «Китаб-ул-Уәфа фи ахуалил Мустафа» атты еңбегінде Халид бин Ас (радиаллаһу анһ) хазреттің былай айтып бергенін жеткізген: «Бір түні түсімде Меккені қараңғы басқанын көрдім. Қараңғы болғаны соншалық, адам тіпті өз қолын көре алмайтын еді. Сол кезде зәмзәм құдығынан бір нұр шықты да, аспанға дейін көтеріліп, қағбаға жарық түсіріп тұрды. Кейін бүкіл Меккені жарық қылды. Содан соң Мәдинаның құрма бақтарына жарық берді. Оның жарығында құрма ағаштарының бұтақтарындағы піспеген құрмаларды көріп тұрдым. Осы кезде оянып кеттім. Түсімді бауырым Амр бин Саидке айтып бердім. Бауырым парасатты кісі еді. «Ей, бауырым! Бұл жайт Абдулмутталиб ұлдарынан шығады. Көрдің бе, нұр олардың аталары қазған құдықтағы судан шықты» деді. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілгенде алдына барып, осы түсімді айтып бердім. Маған «Ей, Халид! Уаллаһи, ол нұр менмін. Мен Аллаһу та'аланың Расулымын» деді. Кейін иман келтіру керек болған нәрселерді айтты. Мен мұсылман болдым. Кейіннен бауырым Амр да мұсылман болды». • Бәни Әсәд тайпасынан бір адам үш түйесін базарға сатуға алып шықты. Әбу Жәһл оларды сатып алды, бірақ ақшасын бермеді. Ол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітте отырған болатын. Түйелерін Әбу Жәһлге сатып, ақшасын ала алмаған адам Расулуллаһтың алдына келіп, жағдайын айтып берді. Түйелерінің қазір қайда екенін сұрағанында ол «Әлі базарда» деп жауап берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) базарға барды. Адамның түйелерін разылығымен сатып алды. Кейін түйенің екеуін сатып, үш түйенің құнын өтеді. Қалған бір түйені де сатып, ақшасын Абдулмутталиб ұлдарының кедейлеріне үлестіріп берді. Әбу Жәһл базардың бір бұрышында ештеңе айта алмай тұрды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Әбу Жәһлге «Ендігәрі олай істеуші болма! Егер істейтін болсаң, ешкімнің басына келмеген бәле сенің басыңа келеді» деді. Әбу Жәһл «Енді істемеймін, ей, Мұхаммед» деді. Кейбір мүшриктер Әбу Жәһлге «Мұхаммедтің алдында қор болдың, Оның дініне кіріп алдың ба? Әлде Одан қорықтың ба?» деп тиісті. Әбу Жәһл жауап ретінде: «Мен Оның дініне мүлде кірмеймін. Бірақ Оның оң жағында бірнеше адам көрдім, қолдарында найзалары бар еді. Егер қарсы шықсам, сол сәтте менің көзімді құртатын еді» деді. Мүшриктер: «Бұл да Мұхаммедтің сықыры ғой» десті. • Зәнира есімді бір күң мұсылман болған еді. Сол кезде көзі көрмей қалды. Әбу Жәһл «Бұл лат пен узза деген пұттардың жазасы» деді. Зәнира «Лат пен узза пұттары адамдардың ғибадат жасағанынан хабардар бола алмайды. Менің көзімнің көрмей қалуы – Раббымның тағдыры. Раббымның көзімді қайта көргізуге құдіреті жетеді» деді. Сол түні көзі ашылып, қайта көре бастады. Бірақ Құрайш тайпасының көкірек көзі көр болғандары бұл істі Мұхаммедтің сиқыры деп атап, адасушылықта қалды. • Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайы хазреті Хадиша (радиаллаһу анһа) көзі тірісінде қызы Зейнепті (радиаллаһу анһа) сіңлісінің ұлы Әбул Асқа жұбайлыққа берген болатын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қыздары Руқайяны немесе Умму Гүлсімді Утайба бин Әби Ләһәбпен атастырған еді. Расулуллаһ (алейһиссалам) пен құрайштықтар арасында дұшпандық артқанда мүшриктер күйеу жігіттерге «Оның қыздарын алып, Оның жүгін жеңілдеттіңдер. Қыздарын босатып, ажырасыңдар, қиналып қалсын. Құрайштың қыздарынан қайбірін қаласаңдар алып береміз» десті. Күйеу балалардан Әбул Ас «Мен жұбайыммен ажыраспаймын және Құрайш қыздарының ешқайсысын оған тең көрмеймін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оны мақтады. Утайба «Егер маған Саид бин Әбил-Астың қызын алып берсеңдер, неке келісімін бұзамын» деді. Оған Саид бин Әбил-Астың қызын берді. Ол жексұрын әлі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қызына үйленбеген болатын. Расулуллаһ қызымен отырғанда алдына келіп, «Саған иман келтірмеймін, қызыңмен ажырастым» деп Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түкірді. Жаман сөздер айтып, кетіп қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Аллаһым, иттердің бірін оған бәле қыл» деп дұға етті. Әбу Талиб сол жерде еді. Утайбаға: «Ей, бауырымның ұлы, бұл дұғадан қандай қулықпен құтыла аласың?» деді. Кейбірлері Әбу Талибтың қынжылып, Расулуллаһқа «Ей, бауырымның ұлы, бұл дұғадан саған не пайда бар?» дегенін риуаят еткен. Утайба бұл дұғаны әкесіне айтқанында әкесі қайғыра бастады. Осы оқиғадан кейін ол сауда жасауға керуенмен Шамға кетті. Жолда бір жерде түнеген еді. Ол жерде бір монах оларға «Мұнда жыртқыш жануарлар көп» деді. Мұны естіген Утайба жолдастарына «Маған көмектесіңдер, Мұхаммедтің дұғасынан қорқып жатырмын» деді. Олар бүкіл жүктерді жинап, Утайбаны жүктердің ең үстіне шығарып жатқызды. Өздері айнала қоршап жатты. Түн ортасында бір арыстан келді. Сол жерде жатқандардың әрқайсысын иіскеп шықты. Кейін жүктердің үстіне шықты да, тырнағымен Утайбаның қарнын жарып, жанын тозаққа жолдады. Хассан бин Сабит (радиаллаһу анһ) бұл оқиғаны қасидаларының бірінде жырлаған болатын. • Нәжашимен байланысты оқиға: Сахабалар (алейһимурридуан) Хабәшстанға (Эфиопияға) екінші рет хижрет еткенде сексен екі ер және жиырма төрт әйел болған еді. Жафәр бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ) пен Умму Сәләмә (радиаллаһу анһа) да олардың арасында еді. Умму Сәләмә (радиаллаһу анһа) былай айтып берген: «Хабәшстанға көшіп барғанымызда емін-еркін дінімізді ұстандық. Аллаһу та'алаға ғибадат етумен шұғылдандық. Ешкім бізге бөгет болмады. Біздің емін-еркін және рахат жүргеніміз туралы хабар Меккеге жеткен кезде құрайштықтар бірауыздан келісіп, Амр бин Асты және Абдуллаһ бин Әби Рәбианы сыйлықтармен бірге Нәжашиге және дінбасыларына жіберді. Ол екі адам Хабәшстанға келіп, сыйлықтарды таратты. Кейін Нәжашидің адамдарына былай деді: «Бір топ адам әкелерінің, аталарының дінін тастап, Меккеден осында келді. Патшаларыңның дініне де кірмеді. Олардың аталары мен туыстары бізді жіберіп, патшаның оларды бізбен бірге Меккеге жіберуін сұрап жатыр». Дінбасылар «Бұл жағдайды патшамызға өздерің айтып көріңдер, біз сендерге көмектесеміз» десті. Меккеден келген екі адам дінбасылардың қасында мән-жайды Нәжаши патшаға айтып берді. Мүмкіндікті пайдаланғысы келген дінбасылар «Ей, патша! Мына екі адам олардың жағдайын жақсырақ біледі. Оларды осы екі адамға тапсырыңыз» десті. Нәжаши оларға ашуланып, «Бұл адамдардың сөзіне ғана сүйеніп шешім қабылдауға болмайды. Бізді паналаған адамдарды шақырайық, мәселенің анық-қанығын олардан сұрап көрейік. Егер мына екі адамның айтқаны рас болса, оларды тапсырамыз. Егер мыналардың айтқанындай болмаса, онда бізді паналаған босқындарға көбірек назар аударуымыз және қорғауымыз қажет болады» деді. Кейін ғалымдардың жиналуын бұйырды. Ғалымдар Нәжашидің айналасына жиналып, кітаптарын алдына қойды. Кейін Хабәшстанға хижрет еткен сахабаларды шақырды. Жафәр бин Әби Талиб және басқа сахабалар келді. Олар келгенде ғалымдар орындарынан тұрып, Жафәр бин Әби Талибты (радиаллаһу анһ) Нәжашиге таныстырды. Нәжаши де құрмет көрсетіп, ілтипат танытты. Нәжаши мән-жайды сұрады. Жафәр бин Әби Талиб былай деді: «Ей, патша! Біз жаһилия (надандық) халқынан пұтқа табынатын, өлексе жейтін, құмар ойнайтын және осы секілді түрлі жаман қылықтарды істейтін қауым едік. Аллаһу та'ала бізге нәсіп етіп, қауымымыздан тегі, аманаты және діндарлығы ең жақсы бірін таңдап, пайғамбар қылып жіберді. Ол бізге Аллаһу та'аланың жалғыз екенін айтып, иманға шақырды. Біз ұлы Аллаһқа ғибадат етеміз және Оған серік қоспаймыз. Біз намаз оқимыз, туралықтан айрылмаймыз, сөзімізде тұрамыз. Жақсылық жасаймыз, туған-туысқандарды зиярат етеміз. Біз ол пайғамбарға иман келтірдік, бағындық. Осы себепті қауымымыз бізге дұшпан болды. Бұрынғыдай ширк пен күпірлікке қайтуымыз үшін бізге зорлық-зомбылық көрсетіп, әбден қорлады. Олардың қорлығына шыдай алмай, осында паналадық. Мұнда олар бізге дұшпандық жасай алмайды». Нәжаши (рахметуллаһи алейһ) оларды тыңдаған соң пайғамбарымызға түсірілген кітапты біраз оқуын сұрады. Жафәр бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ) «Мәрйәм» сүресінен біраз оқыды. Нәжаши тыңдап отырып, сақалы су болғанша жылады. Қасындағы ғалымдар да жылады. Көз жастары алдарындағы кітаптарын су қылды. Кейін Нәжаши: «Бұл нұр Мұсаға (алейһиссалам) келген нұрмен бір жерден келген» деді. Мұсылмандарды қайтаруға келген екі мүшрикке «Уаллаһи мен оларды сендерге бермеймін» деді. Сөйтіп әлгі екі адам Нәжашидің алдынан шықты. Амр бин Ас «Мен Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларын құртатындай бір нәрсе істейін» деді. Сонда Абдуллаһ бин Әби Рабиа «Ей, Амр, ештеңе істеме. Олар мен біздің арамызда қанша келіспеушілік, қарсылық бар болғанымен, олар біздің туысымыз ғой» деді. Амр оны тыңдамады да, Нәжашиге «Мұхаммедтің сахабалары Исаны (алейһиссалам) құл деп атайды» деген хабар жолдады. Нәжаши Жафәр бин Әби Талибты және Хабәшстанға хижрет еткен басқа мұсылмандарды қайтадан қасына шақырып алды. «Сендер Иса алейһиссалам туралы не айтасыңдар?» деп сұрады. Жафәр бин Әби Талиб: «Иса алейһиссалам – калиматуллаһ және рухуллаһ. Аллаһу та'ала осылай хабар берді» деп жауаптады. Нәжаши ант етіп «Иса алейһиссалам да осылай айтқан болатын. Бұдан былай бұл мемлекетте емін-еркін қала беріңдер. Ешкім сендерге тиіспесін» деді. Кейін дінбасыларына «Меккеден келген әлгі екі адамға әкелген сыйлықтарын қайтарып беріңдер. Олардың сыйлықтары маған қажет емес» деді. Ол екеуі мақсатына жетпей кері қайтты». [Хабәш патшаларының бәрін «Нәжаши» деп атайды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәуіріндегі нәжашидің есімі Асхама еді. Ол насрани дінін ұстанатын, бірақ мұсылмандықты қабылдады. Оның жаназа намазын Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мәдинада оқыды. Амр бин Ас (радиаллаһу анһ) та хижреттің 8-ші жылы мұсылман болды]. • Хабәшстан патшасы Нәжашидің эпископтарынан жиырма кісі Нәжашиден рұқсат сұрап, Меккеге аттанды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қағбада Мақамы Ибраһимде отырған болатын. Рұқсат сұрап, Оның алдына шықты. Олардың арасынан Тапур есімді эпископ: «Аллаһу та'аланың Расулы екенін айтқан кісі сіз бе?» деп сұрады. «Иә, мен» дегенінде «Халықты қандай сенімге шақырып жүрсіз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Серігі болмаған Аллаһу та'алаға иман келтіруге шақырамын» деп жауап берді. Кейін оларға Құран кәрім оқыды. Бәрі жылай бастады. Көз жастарынан сақалдары су болды. Тапур «Мен Аллаһу та'алаға және сіздің Оның Расулы екендігіңізге иман келтірдім» деді. Қалған эпископтар да сол сәтте дереу иман келтіру абыройына ие болды. Олар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдынан кеткенде Әбу Жәһл мен Умайя бин Халәф құрайштық бір жамағатпен оларға: «Сендер мұнда дін іздеуге жіберілдіңдер. Мына адамның діні туралы хабар жеткізесіңдер. Сендердің ақылдарың жоқ па? Оның алдында бір сағат отырып, діндеріңді ауыстырдыңдар. Не айтса да бәрін растадыңдар. Ол екі жылдан бері өзінің пайғамбар екенін айтып жүр. Біздің арамыздан бірнеше ақылсыз бен бірнеше кедейден басқа ешкім оған сенбеді» деді. Олардың бұл сөздеріне эпископтар «Олай сөйлемеңдер, біз ешкімнің хақысын зая қылмаймыз. Біз анық ақиқатқа жеттік. Хақ діннің нұрына бөлендік. Сауатсыз надандардың сөзімен бұл діннен қайтпаймыз» десті. Содан соң Құран кәрімді және исламның негіздерін үйреніп, мемлекеттеріне қайтты. • Хазреті Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Миғражын айтып бергенде Құран кәрімде хабарланғанындай Мәсжид-и Ақсаға кіргенін айтты. Құрайштықтар Оның Мәсжид-и Ақсаны оған дейін көрмегенін білетін еді. Мәсжид-и Ақсаның көрінісін сұрады. Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көз алдына Ақса мешітінің бейнесін көрсетті. Қойылған сұрақтарға Мәсжид-и Ақсаға қарап тұрып [теледидарға қарағандай] жауап берді. Одан бөлек құрайштықтардың Шамға кеткен керуендері туралы хабар сұрады. Расулуллаһ: «Керуен жолда. Мен оларға кезіккен кезімде пәленше адам түйеде отырған болатын. Дала суық еді. Құлынан алаша сұрады. Мен шөлдеген едім. Пәленшенің ыдысынан су іштім. Біреу бір затын жоғалтып алған екен. Соны іздеп тауып алды. Біздің пырағымыздан керуендегі түйелер үркіп, жан-жаққа қашты. Егер түйелерді жинауға көп уақыттары кетпесе, пәлен күні күн шығарда Меккеге келеді» деді. Керуен келеді деген күні мүшриктер екі топқа бөлінді. Бір топ керуен келетін жақты, бір топ күн шығатын жақты бақылай бастады. Керуенді бақылағандар «Әне, керуен келді!» деп айқайлады. Сол кезде күн шығысты бақылағандар да «Әне, күн шығып жатыр!» деп айқайлады. Олар керуенді күтіп алып, айтылғандарды және олардың басынан өткен оқиғаларды жеке-жеке сұрап шықты. Барлығының рас екеніне көздері жетті. Бірақ қырсығып, тәкәппарланып, иман келтірмеді. Олардың қырсықтығы мен тәкәппарлығы одан сайын артты. «Аллаһу та'аланың адасушылықта қалдырғандарын ешкім хидаятқа (тура жолға) түсіре алмайды». Юнус бин Бүкәйр Ибн Исхақтың хикаятына қосымша ретінде «Ол күні Аллаһу та'ала күннің шығуын керуеннің келуіне дейін кешіктірді» деген. • Бір күні Әбу Жәһл ұзақ пікірталастан кейін құрайштықтарға: «Біз Мұхаммедтің алдынан неше рет өттік, ендігәрі оған не істесек те ешкім бізді жазғыра алмайды. Бұдан кейін оны өз әдеті бойынша намазын оқып жатқан кезде көрсек, басын таспен ұрайық. Осылайша Одан құтылайық. Бірақ сендер маған көмектесіңдер, жауға қалдырып қоймаңдар» деді. Мүшриктер Әбу Жәһлге: «Біз саған барлық жағынан көмектесеміз. Сені қорғаймыз, сені жауға бермейміз» деп сөз беріп, ант ішіп, «Осы ісіңді жүзеге асырсаң болды» десті. Таңертең Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз оқитын жеріне келіп, намазға тұрды. Әбу Жәһл қолына тас алып, артынан жақындады. Қасына келгенде жүзі бозарып кетті. Денесі дірілдей бастап, сасқалақтап кері қайтты. Құрайштықтар Әбу Жәһлден «Саған не болды?» деп сұрағанда: «Таспен басынан ұрайын деп Оған жақындаған кезімде үлкен асау түйе көрдім. Өмірімде ондай ұзын аяқты, өткір тісті және қорқынышты түйе көрген емеспін. Егер тағы біраз жақындасам, мені өлтіретін еді» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер жақындағанда, оны әлбетте ұстап алар еді. Жәбрейіл алейһиссалам маған солай хабар берді» деген. • Әбу Жәһл құрайштық мүшриктерден «Мұхаммед сендердің қастарыңда жүзін топыраққа тигізе ме? Яғни намаз оқиды ма?» деп сұрады. Олар «Иә, оқиды» деген соң «Егер мен Оның намаз оқып жатқанын көрсем, аяғыммен басын еземін» деді. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) намаз оқып жатқанда айтқанын істемек болып Оған қарай жүрді. Әлі жақындамай тұрып бетінен бір нәрсені сүртіп дереу кері қайтты. Мүшриктер «Не болды саған?» деп сұрағанында «Мұхаммед пен менің арамда отқа толған ор көрдім. Зәбанилер (тозақ періштелері) маған бас салды. Дереу кері қайттым» деді. Бұл оқиғаға орай Аллаһу та'ала: «Сен намаз оқып жатқан құлға (пайғамбарға) оған бөгет болғанды көрмедің бе? Әттең, ол бөгет болған адам тура жолда болғанда ғой, яки жақсылыққа және жамандықтан тыйылуға шақырса ғой. Әттең ол өтірікке шығарып, тиіспей кері қайтқанда ғой. Ол сонда болғандарды Аллаһтың көріп тұратынын білмеді ме?! Ақиқатында, егер істемек болған жаман қылықтарынан бастартпаса, дереу оның маңдайынан ұстап алып, тозаққа тастаймыз. Өйткені ол өтірікші, күнәһар маңдай! Ол барып өзінің жақтастарын шақырсын. Біз зәбанилерді шақырамыз. Жоқ, оған ерме! Аллаһқа сәжде жаса және Оған ғана жақында» деген «Аләқ» сүресінің 9-шы аятынан 19-шы аятының соңына дейін түсірді. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні Хакәм бин Әбул Астын қасынан өтті. Хакәм Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) артынан денесін, қолын ойнатып мазақтады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Оның бұл жағдайын пайғамбарлық нұрымен көріп, «Сол күйде қал!» деді. Сол сәтте Хакәм бин Әбул Астын денесі дірілдейтін болып қалды да, өмірінің соңына дейін құтыла алмады. • Құрайштықтар өзара келісіп, екі адамды яһуди ғалымдарына жіберді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туралы сұрады. Яһуди ғалымдары «Үш нәрсе сұраңдар. Егер дұрыс жауап берсе, онда Оның пайғамбар екенін біліңдер, Оған бағыныңдар. Жауаптары дұрыс болмаса, демек Ол өтірікші. Ол кезде Оған қалағандарыңды істеңдер» деді. Бұл сұрақтардың біріншісі Асхаби Кәһф хикаясы, екіншісі Зүлқарнайн хикаясы, үшіншісі рухтың не екені турасында еді. Құрайштықтар осыларды сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ертең жауап беремін» деді, бірақ «Иншаллаһ» демеген еді. Он күн бойы уахи келмеді. Мүшриктер қуана бастады. Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жағдай өте ауыр келді. Кейін Жәбрейіл алейһиссалам сол сұрақтардың жауабын хабар беретін «Кәһф» сүресін түсірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл сүрені мүшриктерге оқып берді. Бірақ олар қырсықтығы мен тәкәппарлығы себебімен иман келтірмеді. Аллаһу та'ала [«Бақара» сүресінің 26-шы аятында]: «...Аллаһ онымен көптеген адамды адастырады, көптеген адамды хидаятқа (тура жолға) түсіреді...» деді. • Мүшриктерден Әсуад бин Абдулмутталиб, Ас бин Уаил, Уәлид бин Муғира және Ибн Талатила есімді адамдар Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мазақтап шектен шыққан болатын. Бір күні Жәбрейіл алейһиссалам Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында тұрды. Әлгі адамдар қағбаны тауаф етіп жатқан еді. Уәлид бин Муғираның қолына оқ тиіп, ісіп кеткен болатын. Жәбрейіл алейһиссалам қасынан өтіп бара жатқанында оның қолындағы ісікке назар салды. Сол сәтте қолындағы ісіктен қан аға бастап, өлді. Кейін Ас бин Уаил келді. Аяғына тікен кіріп, жараланған болатын. Жәбрейіл (алейһиссалам) сол жараға ишара етті, жарасы қайта ашылып, сол сәтте өлді. Кейін Әсуад бин Абдулмутталиб келді. Бір жасыл жапырақпен көзін ұрып, көзін көр қылды. Оның артынша Ибн Талатила келді. Жәбрейіл алейһиссалам оның да басына ишара етті. Басынан ірің аға бастады да, сол сәтте өлді. Аллаһу та'ала олар туралы [«Хижр» сүресінің 95-ші аятында]: «Біз сені мазақтаушыларға қарсы жетіп асамыз» деді. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні құрайштық кәпірлердің тыныштық бермеуінің кесірінен Меккенің сыртына шыққан болатын. Алыстан қарайған жерді көрді. Жақындағанда түйенің табыны екенін аңғарды. Түйе табынының арасына кіріп отырды. Түйелер үркіді. Түйе табынын бағып жүрген Әбу Сәруан түйелерді айналып қарап шықты, ешкімді көрмеді. Түйелердің арасына кіргенде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрді. «Сен кімсің, түйелерімді үркіттің ғой!» дегенінде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қорықпа! Түйелердің арасында біраз демалайын деп отырдым» деді. Қайталап «Сен кімсің?» деп сұрағанда «Қорықпа! Түйелердің арасында біраз демалғысы келген адаммын» деді. Сонда Әбу Сәруан «Менің ойымша сен өзін пайғамбар жариялаған адамсың» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Иә, мен пайғамбармын. Сені де «Әшһәду әллә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһ» деп мұсылман болуға шақырамын» деді. Әбу Сәруан «Түйелерімнің арасынан шық, сен түйелерімнің арасында отырсаң түйелерім еркін жүре алмайды» деді де Расулуллаһты түйелердің арасынан шығарды. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған «Йа, Раббым, оның өмірін ұзақ, ал өзін шақи (тозақтық) ет!» деп қарғады. Әбу Сәруан тым қартайып кетті, үнемі өлуді аңсап жүрді. Халық оған «Сенің қарғыс алып, құрып кеткеніңді байқаудамыз» дейтін. Ол болса «Жоқ, құрыған жоқпын» дейтін. Ислам діні әлемге тарап, жайылған кезде Әбу Сәруан Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келді де, иман келтірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған жақсы дұға етті және истиғфар жасады. Бірақ әуелгі дұға бұл дұғадан бұрын қабыл болған еді. • Бір күні мүшриктер Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ренжітіп, мүбәрәк жүзін қанатқан болатын. Расулуллаһ қатты ренжіп, бір жерге отырған еді. Сол кезде Жәбрейіл алейһиссалам келді де «Мына алқаптағы ағаштардың арасынан ана ағашты шақыр» деді. Шақырған кезінде ағаш Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасына келді. Кейін ағашқа «Орныңа бар» деп еді, ағаш өз орнына тұрды. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Маған осы жетеді» деді. • Құрайш мүшриктері Әбу Талибтың қорғауы себебімен Расулуллаһпен (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қақтығыса алмай, шарасыз қалды. Бір жерге жиналып, Абдулмутталиб және Хашим ұлдарымен туыстыққа, сауда-саттық жасауға, қыз алып-беруге, сөйлесуге тыйым салатын келісім-шарт жазып, Аллаһу та'аланың есімімен ант ішті. Ол келісім-шартты жібекке орап, жауып, мөрледі де, қағбаға асып қойды. Осыған орай Әбу Ләһәбтен басқа бүкіл Абдулмутталиб және Хашим ұлдары өз үйлері орналасқан екі тау арасындағы алқаптағы ауылдарына қайтты. Үш жыл сонда тұрды. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) күйеу баласы Әбул Ас бин Рәбиадан басқа бүкіл құрайштықтар олармен барлық қарым-қатынасты үзді. Әбул Ас түнде оларға бидай мен құрма апарып тұратын. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оған көп дұға ететін. Мұсылмандардың күндері тапшылықта және қиыншылықта өтіп жатты. Қиыншылық барынша артты. Аллаһу та'ала мүшриктердің қағбаға асып қойған келісім-шарттарына құрт жіберді. Ол келісім-шартты Аллаһ есімінен басқа толықтай жеп бітірді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл жағдайды көкесі Әбу Талибке хабар берді. Әбу Талиб Абдулмутталиб және Хашим ұлдарына жақсы киімдер кигізіп, олармен бірге құрайштықтардың мәжілісіне барды. Құрайштықтар жақсы қарсы алды. Оларға «Ей, құрайштықтар! Сендерге бір мәселемен келдік. Бұл мәселеде бізге әділ және ынсапты қараңдар. Мұхаммедтің (алейһиссалам) айтуынша, сендердің қағбаға асқан келісім-шарттарыңа Аллаһу та'ала бір құрт жіберген екен. Ол құрт Аллаһ есімінен басқа келісім-шартты толық жеп қойыпты. Мен Одан ешқашан өтірік сөз естіген емеспін. Ол келісім-шартқа қараңдар, егер Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқаны рас болса, Аллаһтан қорқыңдар және адамдардан ұялыңдар да, ақылсыз әрекеттеріңнен бастартыңдар. Егер өтірік айтқан болса, Оны сендерге қалдырайын, Оны қорғауды қояйын. Сонда Оған не істесеңдер де, өздерің білесіңдер» деді. Құрайштықтар «Ей, Әбу Талиб! Жақсы ойладың» десті. Біреуді жіберіп, қағбада асулы келісім-шартты алдырды. Ашып қараса, ішінде «Бисмикә Аллаһумма»-дан басқа жазылған жазулардың ешқайсысы қалмаған екен. Сонда Әбу Талиб мүшриктерді жазғырды. Ешбірі сөйлей алмады және келісім-шартты бұзды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және бүкіл туыстары ауылдарынан шықты. Құрайштықтар біраз уақыт олармен сауда-саттық жасап, уақытша дос көрініп жүрді. • Бір күні мүшриктер Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. «Егер сенің пайғамбар екендігін рас болса, айды екіге бөл, көрейік» деді. Расулуллаһтың «Егер айды екіге бөлсем иман келтіресіңдер ме?» деген сұрағына олар: «Иә, иман келтіреміз» деді. Ол күні айдың он төртінші түні еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Аллаһу та'алаға дұға етті, сол сәтте ай екіге бөлінді. Бір бөлігі Әбу Кубәйс тауының үстінде, екінші бөлігі басқа бір таудың үстінде еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүшриктерді жеке-жеке есімдерімен шақырып «Ей, пәленше, ей, түгенше, көрдіңдер ме?» деді. Бірақ мүшриктер «Мұхаммед бізге сиқыр жасады» десті. Кейін «Жан-жақтан келген жолаушылардан сұрайық, егер біз де көрдік десе, демек дұрыс» деп әр жолаушыдан сұрап шықты. Олар да «Біз де сендердің көргендеріңдей айдың екіге бөлінгенін көрдік» деді. Олар айдың екіге бөлінгенін көрген еді, бірақ ақиқатты көре алмады. Аллаһу та'ала [«Араф» сүресінің 179-шы аятында]: «Олардың көздері бар, бірақ көре алмайды» деген. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әйгілі палуан Руғана бин Зәйдті көрді. Одан «Әлі иман келтіретін уақытың келмеді ме? Саған мұғжиза көрсетуімді қалайсың ба?» деп сұрады. Руғана «Қарсы алдымыздағы ағаштың жартысын шақыр, мұнда келсін» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ағаштың жартысын шақырды. Ағаш қақ бөлініп, жартысы алдына келді. «Орныңа қайт» дегенінде ағаш кері қайтып, қалған жартысымен қосылды. Бұл оқиғаны жеткізген риуаятшы: «Ол ағашты көрдім. Екі бөлігі қосылған жері ұзын жіптей белгілі болып тұрды» деген. Руғана бұл оқиғаны көріп «Мен ондайды түсінбеймін. Екеуіміз күресейік, егер мені жеңсең, қойларымның жартысын беремін» деді. Екеуі күресті, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жеңді. Руғана «Тағы күресейік» деді. Тағы жеңілді де, «Құрайштықтармен кездескенде оларға не айтасың?» деп сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Руғанамен күресіп жеңдім де, қойларының жартысын алдым деймін» деді. Руғана «Олай айтпа, маған ұнамайды. Қойларын маған сыйлады деп айт» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен өтірік айта алмаймын» деді. Руғана «Сонда сен мүлде өтірік сөйлемейсің бе?» деп сұрады. Расулуллаһ «Иә, Раббыма сөз бердім, еш өтірік айтпаймын» деп еді, Руғана мұсылман болды. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір түні «Йа, Раббым! Омар бин Хаттаб немесе Әбу Жәһл бин Хишам екеуінің бірімен исламды күшейте көр!» деп дұға етті. Таңертең хазреті Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) мұсылман болды. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір түні тәһәжжуд намазымен және Құран кәрім оқумен айналысты. Нусайбин жындарынан жеті жын сол жерге келді. Расулуллаһ оқыған Құран кәрім аяттарын естіді. Біраз уақыттан соң Нусайбин жындары үлкен топ болып Меккенің жоғарғы аймағына түсті. Олардың бірі Расулуллаһқа келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларымен отырған болатын. Сахабаларға «Жүрегінде түйірдей қорқынышы болмаған кім менімен бірге жүреді?» деп сұрады. Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) орнынан тұрып, Расулуллаһтың құрма сусынына толы торсығын суға толы деп ойлап алды. Екеуі бірге Меккенің төбесіне барды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір сызық сызып: «Ей, Абдуллаһ, мына сызықтың ішінен сыртқа шықпа және ештеңеден қорықпа!» деді. Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Сол сызылған шеңбердің ішінде отырдым. Алыста біреулер топ болып отырды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оларға жақындағанда олар орнынан тұрып, құрмет көрсетті. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) таңға дейін олардың арасында қалды. Кейін маған келіп, «Көп күтіп қалдың ғой, ей, Абдуллаһ!» деді. Мен «Қалай күтпеймін, йа, Расулаллаһ?! Дүние мен ахирет бақыты сіздің бұйрығыңызға бағынуға байланысты ғой!» дедім. Кейін сол көпшіліктің арасынан екі кісі Расулуллаһқа келді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардан «Неге келдіңдер? Сендердің мәселелеріңді шештім ғой» деді. Сонда олар: «Йа, Расулаллаһ! Таң намазын сізбен бірге оқығымыз келеді, сол үшін келдік» деді. Расулуллаһ менен «Су бар ма?» деп сұрады. «Құрма суы бар» деп едім, «Құрма жақсы, суы таза» деді де, сонымен дәрет алды. «Олар кімдер?» деп сұрап едім, «Нусайбин жындары. Олар мұсылман болды. Бірақ келіспеушіліктері бар еді. Жауаптарын бердім. Олар өздеріне астың белгіленуін сұрады. Сүйектерді оларға, тезекті жануарларына ас ретінде белгіледім» деді. Бұл оқиғадан кейін іш дәретте сүйекпен және тезекпен тазалануға тыйым салды. • Абдуллаһ ибн Мәсуд (радиаллаһу анһ) былай жеткізген: «Бір түні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қолымнан жетектеп мені Меккенің бір алқабына алып барды. Мені бір жерге отырғызып, айналама шеңбер сызды. «Бұл шеңбердің сыртына шықпа! Бұл жерден бір топ өтеді, олармен сөйлеспе! Олар да сенімен сөйлескісі келмейді» деді де, өзі бір жерге кетті. Ол жерде отырғанымда алыстан көпшілік көрінді. Қасыма келіп, айналамдағы шеңбердің ішіне кірместен, сыртынан өтіп, Расулуллаһқа қарай жүрді. Түннің соңында Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) келді. Тіземді жастанып ұйықтады. Кенеттен ақ киімді біреулер келді. Олардың әдемілігі соншалық, айтып жеткізу мүмкін емес. Аллаһу та'ала біледі. Бір бөлігі Расулуллаһтың мүбәрәк басы жағында, бір бөлігі мүбәрәк аяғы жағында отырды. Бір-бірімен сөйлесе бастады. Араларында: «Көздері ұйқыда бола тұра жүрегі ояу болу жағдайы бұл пайғамбардан басқа ешкімге берілмеген. Бұл пайғамбардың шақыруын қабылдау бір зәулім сарайды ашып, дәмді тағамдар әзірлетіп, баршаны сонда шақырған патшаның шақыруын қабыл етуге ұқсайды. Шақыруын қабылдап, дастарханынан ішіп-жегендер патшаға жақын және қадірлі болды. Ал қабыл етпегендерді жазғырып, жазалайды» десті. Осыларды айтқан соң олар кетіп қалды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) оянды да, менен: «Ей, Ибн Мәсуд! Ол жамағаттың не айтқанын естідің бе, олар кімдер?» деп сұрады. Мен «Аллаһу та'ала және Расулы біледі» деп едім, «Олар періштелер еді. Айтқан мысалдары мынау: Аллаһу та'ала жәннатты жаратты. Адамдарды сонда шақырды. Шақыруды қабыл еткендер жәннат ниғметтеріне бөленді де, Аллаһу та'ала дәргейінде қадірлі болды. Шақыруды қабылдамағандар жаза мен азап көреді» деді». • Мәсруктан (рахметуллаһи алейһ) «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрім оқығанда түнде жындардың келіп тыңдағанын Расулуллаһқа кім хабарлады?» деп сұралды. Ол былай жауап берді: «Сахабалардың (ридуануллаһи та'ала алейһим әжмаин) бірінен естідім. «Ол түні бұл жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір ағаш хабарлады» деді». • Зубаб бин Харис (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Жаһилия (надандық) дәуірінде бір пұтым бар болатын, соған табынатынмын. Бір жын досым бар еді. Арабтар арасында болған жағдайларды маған хабарлап тұратын. Бір күні әлгі пұттың алдында ұйықтап қалыппын. Кенеттен жын досым келді де: «Ей, Зубаб! Ей, Зубаб, таңқаларлық хабарды ал! Мұхаммед (алейһиссалам) бір кітаппен пайғамбар ретінде жіберілді. Меккеде адамдарды дінге шақырып жүр. Ешкім шақыруын қабылдамауда. Ол дұрыс айтады, өтірік айтпайды» деді. Бұл сөздерді естіп таңқалдым. Қауымыма хабар берейін деп сыртқа шықтым. Сол кезде кенеттен біреу келіп, Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбарлығы туралы хабарды алып келді. Табынып жүрген пұтымды сындырдым. Бір түйеге мініп, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) барайын деп жолға шықтым. Алдына барып, мүбәрәк жүзін көрдім. Ол уақытқа дейін ондай әдемі жүз көрмеген едім. Мүбәрәк жүзінен нұр шашып тұрды. Оған жақындап едім, менен «Не үшін келдің, ей, Зубаб?» деп сұрады. Мен «Қандай бұйрық берсеңіз, соған бағынайын деп келдім» дедім. Маған үйімдегі сындырған пұтым және жын досым туралы хабар берді. Мен пұтты сындырған және жынның маған хабар әкелген күнін айтты. Мен «Әшһәду әннәкә Расулуллаһ (куәлік етемін, сен Аллаһтың Расулысың» дедім. Ол «Әуелі «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ» деп айт, кейін «Әшһәду әннәкә Расулуллаһ» де» деді. Айтқаннан соң жүрегіме келген мына өлеңді оқыдым: Аллаһу та'ала дінін жіберген кезде, Хидаятпен келген Расулға бағындым дереу, Пұтты сындырып, оны тастадым, Расулдың шақырғанына келдім. Әдеттерімді тастап дереу, Пұтыма қарсы шығып, сындырдым дереу. Өйткені бір-екі нәрсеге ие бола алмаспын, Сондықтан Расулға бағындым дереу.
• Жабир (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ағаш астында сахабалар Расулуллаһқа ант берген кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Қызыл түйенің егесінен басқа ағаш астындағы ант етушілердің барлығы жәннатқа кіреді» деген болатын. Ант беру рәсімі өткеннен кейін «Қызыл түйенің егесі кім екенін көрейік» деп іздедік. Қарасақ, бір адам түйесін жоғалтып алып, іздеп жүр екен. «Кел, Расулуллаһқа ант ет, түйеңді кейін іздейсің» деп едік «Түйемді табуым маған ант етуден маңыздырақ» деді». • Мазин бин әл-Ғадуийя (радиаллаһу та'ала анһ) былай айтып берген: «Қауымымыздың бір пұты бар болатын. Бәрі соған табынатын. Бір күні сол пұттың алдында құрбандық шалдым. Пұттың ішінен «Ей, Мазин! Мені тыңда, қуанып қаласың. Хақ дін келді, жария болды. Жамандық жойылды. Аллаһу та'ала бір пайғамбар арқылы дінін жіберді. Тастарды, мүсінді пұттарды таста, сонда тозақ отынан құтыласың» деген дауыс естілді. Бұл дауыстан қорықтым. Өз-өзіме «Үлкен мәселе шығады» дедім. Бірнеше күннен кейін сол пұттың алдында тағы бір құрбандық шалдым. Қайтадан пұттың ішінен бір дауыс естіліп, былай деген еді: «Маған кел, баршаның білетін нәрсесін есті! Бір пайғамбар уахимен жіберілді. Отыны тас болған тозақ отынан құтылу үшін Оған иман келтір». Өз-өзіме «Бұл маған ескерту хабар» дедім. Одан кейін күндер өтті. Бір күні бізге біреу келді. Ол адамнан хабар сұрадым. Ол «Меккеде құрайш тайпасынан бір кісі өзінің пайғамбар екенін айтып жүр, есімі Ахмед. Кімге кезіксем де, бәрі «Аллаһу та'аланың шақырушысына иман келтіріңдер» дейді» деді. Өз-өзіме «Пұттың ішінен естіген хабарым осы» дедім. Орнымнан тұрып, пұтты сындырдым. Меккеге барайын деп жолға шықтым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына барып, мұсылман болу абыройына ие болдым. Мен күндіз-түні нәпсінің қалауларын қандырып жүрген, шарап ішіп, ұятсыз әйелдермен жатып жүрген, ән-әуенмен айналысатын адам едім. Қанша жыл ашаршылықта, қорлықта және өте ауыр қиыншылықта өмір сүрдім. Мал-мүлкімнің бәрі құрыды. Балам туылмады. Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы жаман қылықтардан арылып, аулақ болуым үшін дұға сұрадым. Маған былай дұға етті: «Аллаһым! Оны әншіліктен құтқарып, Құран кәрім оқушы қыл. Хараммен айналысуын халалмен айналысуына ауыстыр. Оған шарап орнына халал сусындар нәсіп ет. Ұятсыздықтан құтқарып, ар-намыс нәсіп ет. Нәпсіне еруден құтқарып, ұяттылық нәсіп ет және оған салих (діндар) перзент бере көр». Аллаһу та'ала маған жасалған осы дұғаны қабыл етті». Риуаят етілуі бойынша, ол адам бір мешіт тұрғызып, сол мешітте ғибадат жасайтын. Зұлымдыққа ұшыраған кімде-кім сол мешітте үш күн ғибадат жасап, зұлымдық жасаған залымына қарғыс атса, ол залым қысқа уақытта құритын немесе алапес ауруына шалдығатын. Ол мешіт «Мубәррис» деп аталатын еді. |