19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жаңа туылған сәбиге жасалатын діни міндет

Жаңа туылған сәбиге жасалатын діни міндет

Ислам мәдениетінде өмір сүру салтын реттейтін, осылайша мұсылманның дүние мен ахиретте бақытты болуын қамтамасыз ететін өмірлік білімдерді «Ілімхал» деп атайды. Бұл білімдер мұсылман кісінің туылуынан өліміне дейін ұстануы қажет болған ережелерді үйретеді. Балалар біздің бақытымыз. Ата-ана болатын ерлі-зайыптылар оның туылатын күнін асыға күтеді. Дініміз дүние есігін енді ашқан балаға атқару қажет болған амалдарды былай көрсетеді:

1) Жаңа туылған баланың құлағына дереу азан мен қамат айту керек. Осылайша оларды жын мен шайтанның зиянынан қорғаған жөн. Хадис шәрифте айтылады: «Жаңа туылған баланың оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылса, «Үмми сибян» ауруынан қорғанған болады». (Бәйһақи)

«Үмми сибян» – жүкті әйелдерге және құрсағындағы балаға, жаңадан туылған сәбилерге және анасына тиісетін, ауруына жол ашатын жын тайпасынан ұрғашы шайтанның есімі. Одан қорғану үшін 22 рет «Бисмиллаһ», бір рет «Фатиха», бір рет «Аят-ул курси», бір рет «Ихлас», бір рет «Фәлақ», бір рет «Нас» сүрелерін және «Қаләм» сүресінің 51-52 аяттарын қағазға ислам әріптерімен жазып, тұмар қылып балаға тағу керек.

2) Балаға жақсы есім беру керек. Дінсіздіктің белгісі саналатын сөздерді және кәпірлердің есімін қоюдан аулақ болған жөн. Бала туылғанда жетінші күні есім беру және басын қырып, шашының салмағындай алтын немесе күміс садақа беру мүстаһаб амалға жатады, сауабы өте көп. Шашын алмай-ақ жобалап беруге де болады. Алтын мен күмістің орнына қағаз ақша беруге және жетінші күннен кейін де беруге болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Балаға жақсы есім беру, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру – баланың әкесінің мойнындағы хақысынан» деген.

3) Баланың есімін білімді, салих (діндар) кісіге қойғызу керек. Сахабалар балаларының есімін пайғамбарымызға қойғызуды жөн көретін. Балаға есім бергенде туыстар арасындағы жасы үлкен немесе білімі көп біреуі баланы жастық секілді жұмсақ бір нәрсенің үстіне жатқызып, құшағына алады. Дәретті болып, құбылаға қарап, түрегеп тұрып оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Кейін есімін үш рет қайталап айтқан жақсы. Осы кезде баланың аузына тәтті жағу жақсы болады.

4) Балаға есім қойған соң салих азамат болуын және дінге қызмет етуін тілеп дұға ету керек.

5) Жаңа туылған балаға арнап, мүмкіндік болса «Ақиқа» қойын сою керек. Ақиқа оны ауру-сырқаулардан және бәле-жаладан қорғайды.

6) Баланы алты айдай анасының сүтімен азықтандыру жеткілікті. Бала тамағын жей алатын шаққа дейін емізу уәжіп, екі жасқа дейін емізу мүстаһаб, ал екі жарым жасқа дейін емізу рұқсат. Одан кейін емізу күнә болады.