19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Тауға шыққан тақуа және қаладағы етікші

Тауға шыққан тақуа және қаладағы етікші

Аллаһу та'ала барлық кітаптарда тәкәппарлықты жамандаған және оған тыйым салған. Құран кәрімде «Аллаһ тәкәппар адамдарды әлбетте жақсы көрмейді» деген. (Нахл 23)

Ақылы бар, өзін және Раббын танитын адам тәкәппарлана ма? Адам өзінің төмен, әлсіз екенін Раббының алдында әр сәтте көрсетуге мәжбүр. Сондықтан әркез барлық жерде өзінің әлсіз екенін көрсетуі, қарапайым, кішіпейіл болып жүруі керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Аллаһ разылығы үшін қарапайым болған (өзін мұсылмандардан жоғары санамаған) адамды Аллаһу та'ала үстем қылады». (Бәззар)

Қарапайым болу үшін дүниеге не үшін келгенін, қайда баратынын білу керек. Адам мүлде жоқ еді. Әуелі ештеңе істей алмайтын, әрекет ете алмайтын бөпе болды. Қазір әр сәтте ауырып қалудан, өлуден қорқуда. Ақыр соңында өледі, шіріп, топыраққа айналады. Дүние зынданында әр сәтте қашан азапталуға апарылатынын күтуде. Өлген соң өлексе болып құрт-құмырсқаға жем болады, қабір азабын шегеді, кейін тіріліп, қияметтің қиыншылықтарын көреді. Тозақта шексіз жанудан қорқып өмір сүріп жүрген адамға тәкәппарлану жараса ма, әлде қарапайым болу ма?

Тәкәппарлық қаншалықты жаман болса, қарапайымдылық соншалықты жақсы. Хадис шәрифте былай делінген:

«Адам тәкәппарланған кезде екі періште «Йа, Рабби, мынаны төмен қыл!» дейді. Егер қарапайым болса, «Йа, Рабби, мынаны үстем қыл!» дейді». (Бәйһақи)

Дін ғұламалары бұл туралы былай деген:

«Тәкәппарлық – өзін өзгеден жоғары, үстем санау деген сөз. Тәкәппар адам өзін өзгеден үстем санағанда көңілі рахаттанады. Ол кезде өзінен басқа ешкімді ойламайды. Өз-өзін және ғибадаттарын ұнатады. Тәкәппарлық – жаман мінез, харам болып табылады. Тәкәппар адам салих кісі бола алмайды».

Бір тақуа тек қана ғибадатпен айналысу үшін тауға шығып кетеді. Түндердің бірінде түсінде «Қаладағы пәленше етікшіге бар! Саған дұға етсін!» делінеді.

Тақуа таудан қалаға түсіп, етікшіні тауып алып, немен айналысатынын сұрайды. Ол күндіз ораза ұстап, етікшілік кәсібімен айналысатынын, тапқан ақшасымен жанұясын асырайтынын, ал қалған ақшаны садақа қылып тарататынын айтады. Тақуа адамның жақсы іспен айналысып жатқанын түсінеді, бірақ өзінің тауда тек қана ғибадатпен айналысуын жақсырақ санап, қайтадан тауға ғибадатына оралады.

Тағы бір түні түсінде «Етікшіге бар да, оған «Бетің не себепті сарғайған?» деп сұра» деп бұйырылды. Тақуа қайтадан етікшіге келіп сұрайды. Етікші:

«Кімді көрсем де, «Ол құтылады, ал мен құримын» деп ойлап, өзім үшін қорқамын. Бетім осы себепті сарғайған...» деген екен.

Осы кезде тақуа етікшінің осы қорқынышпен және қарапайымдылығымен үстемдік тапқанын түсінеді...