Қиналған адамға көмектесу керек пе?Сұрақ: Жасы үлкен бір танысым: «Адамға қиындықты Құдай береді. Сол қиындықтан пендесі таза жол тапсын деп сынайды. Ал егер сол қиналып жүрген адамға мен көмектессем, Құдай маған ренжіп, басыма жамандық береді екен. «Сен кімсің? Мен оны қинадым, сенің оған көмектесуге не хақың бар? Мен оны қиналсын, күнәсін түсінсін, есін жиып, ғибрат алсын деп басына қиындық бердім» дейді екен. Ал егер мен немесе сен көмектесіп жіберсек, ол түсінбей қалады да, қиындықтан құтылып, тазармай қалады. Ал Құдай ерегісіп, оған берген жамандықты саған береді» дейді. Шынымен де солай ма? Жауап: Аллаһу та'ала құлдарына қиыншылықты сынау үшін, күнәларын кешіру үшін жібереді, мұныңыз рас. Басына келген күнәға сабыр еткен пенде үлкен сауапқа және марапатқа бөленеді. Сабыр ету дегеніміз ешкімге шағымданбау, ешкімді кінәламай, сол қиыншылыққа төтеп беру деген сөз. Осылай сабыр ету арқылы басына қиыншылық келген адам тазарады. Егер сабыр етпей, қиыншылығын баршаға жариялап, зарланып, Аллаһты шағымданса, күнәға батады. Ал «Қиналған адамға көмектеспеу керек, қиыншылықты берген Аллаһ «Сен кімсің?» деп ренжиді, қиыншылықты өзіңе береді» деген түсінік қате. Бұл сөз Аллаһу та'аланың құдіретіне сенбеу немесе күмән келтіру болып саналады. Аллаһтың құдіреті шексіз. Егер қаламаса, ешкімге көмектесуге мүмкіндік бермейді. Ешкім Оның жоспарын бұза алмайды. Сондай-ақ Аллаһ бір пендесіне қиыншылық беру арқылы тек оны ғана емес, айналасындағы құлдарын да сынайды. «Менің құлым қиналып жүргенде қасындағылар көмектесе ме, көмектеспей ме?» деп тексереді. Асыл дініміз жанашырлықты, өзара көмектесуді, бір-біріне жақсылық жасауды аса үгіттейді. Қиналған адамға қолдан келгенше көмектесу, қиыншылығын шешіп беру, жақсылық жасау дініміздің негізінде бар және ең үстем ғибадаттан саналады. Төмендегі хадис шәрифтер осының дәлелі болып табылады: «Парыздан кейінгі ең құнды амал – мұсылманды қуанту». (Табарани) «Аллаһ дәргейінде ең құнды амал – мұсылманның қарызын төлеу немесе қиыншылығына көмектесу арқылы оны қуанту». (Табарани) «Ең құнды амал – мұсылманның кемшілігін жасыру, қарнын тойдыру немесе бір мұқтаждығына көмектесу арқылы оны қуанту». (Исфахани) «Мұсылманды қуантқан адам мені қуантқан болады. Мені қуантқан адам Аллаһ дәргейінде бір уәде алған болады. Аллаһтан уәде алған адамға от ешқашан тиіспейді». (Әбушшәйх) «Аллаһ дәргейінде діндес бауырын қуантудай құнды ештеңе жоқ». (И. Нәжжар) «Мұсылманды қуантқан адам қабірімде мені қуантқан болады. Мені қуантқан адамды Аллаһ қияметте қуантады». (И. Нәжжар) «Мұсылманның қиыншылығына көмектесіп, оны қуантқан адамды Аллаһу та'ала қияметте ең қиын сәттерде қиыншылықтардан құтқарады». (Бұхари) «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оны ренжітпейді, оны қиыншылықта қалдырмайды. Бауырының қиыншылығын кетірген адамның қияметте Аллаһу та'ала қиыншылығын кетіреді». (Нәсаи) «Барлық нәрсенің кілті бар. Жаннаттың кілті – кедейлерді жақсы көру». (И. Адий. И. Нәжжар) «Бір адам мұсылман бауырын қуантқан кезде бір періште бұл адамға әруақыт дұға етеді. Ол адам өліп қабірге қойылған кезде періште қасына келіп: «Мені танисың ба?» дейді. Мәйіт: «Жоқ» дегенінде: «Мен сенің бір мұсылманға берген қуанышыңмын. Бүгін сені қуанту үшін келдім. Қабірде қасыңда боламын, қияметте де саған шапағат етіп, жаннаттағы мақамыңды көрсетемін» дейді». (И. Әбид-дуния) |