Ұмытылған немесе қалып кеткен кейбір парыздар мен сүннеттерБаршаға мәлім болғанындай, «Парыз» – «Аллаһу та'аланың Құран кәрімде орындалуын айқын бұйырған әмірлер» деген сөз. Бір құдси хадисте: «Құлым парыздарды орындау арқылы маған жақындағандай басқа ешқалай жақындай алмайды. Құлым нәпіл ғибадаттарды орындағанда оны қатты жақсы көретінім соншалық, ол менімен естиді, менімен көреді. Менімен барлық нәрсені ұстайды. Менімен жүреді. Ол менен не сұраса да беремін. Маған сиынатын болса, оны қорғаймын» деген. (Бұхари) Діни әдебиетімізде көп қолданылатын «Сүннет» сөзі айтылған жеріне қарай түрлі мағыналарды береді: 1) Парыз бен сүннет» тіркесіндегі «Сүннет» – Расулуллаһтың (алейһиссалам) парыз болмай жасаған амалдары деген сөз. 2) «Кітап пен сүннет» тіркесіндегі «Сүннет» – «Хадис шәрифтер» деген сөз. 3) «Сүннет» сөзі жалғыз қолданылғанда «Ислам діні» деген мағынаны береді. 4) «Сүннет» – «Жол» деген мағыналарға да келеді. Мысалы «Сүннети хасана» – жақсы жол, «Сүннети сәйия» – жаман жол деген сөз. Хадис шәрифте былай делінген: «Кімде-кім сүннети хасана шығарса (жақсы жол ашса), оның сауабы және қияметке дейін онымен амал етушілердің сауабы оған да беріледі. Ал кімде-кім сүннеті сәйия шығарса (жаман жол ашса), оның күнәсі және қияметке дейін соны істеушілердің күнәсі оған беріледі». (Мүслим) 5) Сондай-ақ «Сүннет» «әдет, іс» мағынасында да айтылады. Мысалы «Сүннәтуллаһ» сөзі «Аллаһтың әдеті, Аллаһтың ісі» дегенді білдіреді. 6) «Әһли сүннет» – құтылатын топтың атауы. Ол топты «Әһли сүннет уәл жамағат» деп атайды. 7) Баланың сүндетке отыруына да «Сүннет» дейді.
Халқымыздың бір бөлігі өкінішке орай тастап қойған кейбір парыздар бар, олар төмендегілер: 1) Дұрыс сенімге ие болу (Әһли сүннет сенімін үйрену). 2) Парыздарды және харамдарды үйрену (бұларды білмейтін адам үнемі күнә істеп жүреді). 3) Халал табыс тауып, халал ішіп-жеу. 4) Намаз оқу және ұшыр (егіннің зекетін) беру. 5) Ата-анаға жақсылық жасау. 6) Аллаһтың ризыққа кепіл екеніне сену. 7) Тәуекел және қанағат ету. 8) Аллаһу та'аладан келген жазымға, бәле-жалаға сабыр ету, яғни қарсы шықпау. 9) Аллаһу та'алаға берген ниғметтері үшін шүкір ету, яғни оларды дінге сай түрде қолдану. 10) Күнәлардан сақтанып, ғибадатпен айналысу. 11) Күнәларға тәубе ету (тыйылу). 12) Әйелдердің орануына мән беру. 13) Харамға қарамау. 14) Құлақты музыкадан сақтау. 15) Тілді ұятсыз, балағат сөздерден қорғау. 16) Аллаһ достарын өзіне дос, ал дұшпандарын дұшпан білу. 17) Сәлем берушінің сәлеміне жауап беру. 18) Әмри маруф (дінді насихаттау) жасау (бұл парыз кифая болып табылады). 19) Әлемге ғибрат көзімен қарау. 20) Ешкімді мазақ қылмау (келемеждемеу, қорламау).
Пайғамбарымыз жасаған істерді «Сүннет» деп атайды. Тіпті біреудің бір нәрсе істеп отырғанын көріп, ештеңе демеген істеріне де «Сүннет» дейді. Пайғамбарымыз бұл істерін не ғибадат ретінде, не әдет ретінде жасайтын. Расулуллаһқа бағынудың, ерудің маңызы өте жоғары. Құран кәрімде айтылғанындай: «Расулға бағынған адам Аллаһқа бағынған болады». (Ниса, 80) Дініміздің кезкелген бір үкімін жақтырмаған, мысалы «Әйелдердің орануы қажет емес» деген адамның иманы кетеді. Пайғамбарымыздың әдет ретінде жасағандарын «Сүннети зауаид» деп атайды. Оған ұзын көйлек киюі, шашын өсіруі немесе қысқартуы, сақал өсіруі секілді әдеттері жатады. Бір адам «Пайғамбарымыз әйелдер секілді ұзын көйлек киген екен» деп мазақ қылса, оның иманы кетеді. Яки сақалды жақтырмаған немесе сүннетке сай сақалы бар адамның сақалына тиісіп мазақтаған адам кәпір болады. Өйткені пайғамбарымыздың істегендерін, яғни сүннетін жақтырмаған болады. Аллаһу та'аланың пайғамбарын жақтырмау Аллаһты жақтырмау саналады. Аллаһты жақтырмаған адамның кәпір болатыны айдан анық. Сүйікті пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде айтқан: «Ұмытылған бір сүннетімді қайта жандандырған адамға жүз шәһид сауабы беріледі». (Хаким) Бір сүннеті орындаған адамға жүз шәһид сауабы берілетін болса, онда уәжіпті немесе парызды орындағанға, әсіресе дұрыс сенімді үйреткенге қаншалықты үлкен сауап берілетінін түсіну керек. Әсіресе парыздар мен уәжіптерді еш қалдырмау қажет. Алдымен сүннеттің екі түрлі болатынын айта кетейік: 1) Сүннети худа (муәккәд сүннеттер). 2) Сүннети зауаид (әдетке байланысты сүннеттер).
Ұмытылған муәккәд сүннеттердің кейбірлері төмендегілер: 1) Пайдалы істі бастарда «Бисмиллаһ» айту. 2) Истишара жасау (ақылдасу) және истихара намазын оқу. 3) Қарыз бергенде екі куә шақыру немесе келісім-құжат жазу. 4) Жұма күні ғұсыл құйыну. 5) Дәретте аяқ-қолды үш реттен жуу. 6) Дәрет алғанда басты толықтай мәсіһ ету (бұл Малики және Ханбали мазһабтарында парыз). 7) Дәрет аларда мисуак қолдану. 8) Екі адам болса да парыз намазды жамағатпен оқу. 9) Намазды сәлдемен немесе тақиямен оқу. 10) Ишрақ (күн шыққаннан 55-60 минуттан кейін оқылатын 2 рәкат), Дұха (2 рәкат), Әууәбин (ақшам намазынан кейін оқылатын 4 немесе 6 рәкат намаз), Тәһәжжуд (түнде тұрып оқитын 2 рәкаттан 12 рәкатқа дейін оқылатын намаз), Тахиятул мәсжид (мешітке кіргенде оқылатын 2 рәкат намаз), Субха намазы (дәрет немесе ғұсыл алған соң оқылатын 2 рәкат намаз) оқу. 11) Дұға еткенде қолды сүннетке сай жаю. 12) Түшкіргенде «Әлхамдулиллаһ» деу. 13) Сүннетке сай сәлем беру. 14) Төсекке дәретті болып жату. 15) Өлім хабарын немесе жаман жаңалық естігенде «Инна лиллаһ уә инна илайһи ражиун» деу. |