19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Халал - Харам / Харам мүлік

Харам мүлік

Сұрақ: Жүз пайыз харамнан келген ақшаға мешіт салудың немесе қайырымдылық жасаудың дініміз тұрғысында зияны бар ма?

Жауап: Бұл туралы Ибн Абидинде және Қазы-зада Ахмед хазреттің «Биргиуи» өсиетнамасының шәрһінде былай делінген:

«Бір адам қолындағы анық харам мүліктен садақа берсе, сауап күтсе, алған кедей харам екенін біліп, берушіге «Аллаһ разы болсын» десе, берген немесе басқа бір адам «Әмин» десе, бәрі кәпір болады». Сонымен қатар Ибн Абидинде былай жазылған:

«Харам екені мәлім белгілі бір мүлікпен мешіт салдыру және басқа да қайырымдылық жасау және одан сауап күту күпірлік болады».

 

Харам жолмен келген зат мүлік болмайды

Сұрақ: Бір адам харам жолмен ақша тапса, оны напақа үшін қолдана алады ма және зекетін беруі қажет пе?

Жауап: Адамның толық мүлкі (иелігі) дегеніміз – халал жолмен келіп, қолдануы рұқсат және халал болған өз мүлкі деген сөз. Қордың заттары ешкімнің мүлкі емес. Бір адамның ұрлау, тартып алу, пара, құмар, алкогольді ішімдік сату жолымен және рұқсат болмаған жолмен сатып алған зат секілді харам мүлкі өзінің халал мүлкімен, яки әр түрлі адамдардан алған харам мүліктері бір-бірімен араласпаған болса, бұл харам мүлік ол адамның мүлкі (иелігі) болмайды. Оны қолдануы, напақасына жаратуы халал болмайды. Онымен мешіт салдыруға және оны басқа да қайырымдылыққа жұмсауға болмайды. Оның зекетін беру парыз болмайды. Яғни зекет нисабының есебіне қосылмайды. Мүлік иелері немесе мирасқорлары мәлім болса, өздеріне қайтарып беру парыз. Егер мәлім болмаса, онда бәрін садақа ретінде кедейлерге таратады, дегенмен кейіннен иесі шығып, қайтаруын талап етсе, қайтарады. Иесін тапқанға дейін сақтала алмайтын, бұзылып кететін затты өзі қолданып, кейіннен құнын өтеуі рұқсат болады.

 

Әркімнің қолындағы мүлкі – оның иелігі

Сұрақ: Бір адам халал және харам жолмен келген ақшаны араластырып жіберсе, ол адамның берген ақшасын алуға және үйінен тамақтануға бола ма?

Жауап: Әркімнің меншігіндегі мүлікті оның өз иелігі деп білу қажет. Ұрлық, зұлымдық, парақорлық, тартып алу, өсім, қиянат жолдарының бірімен және алкогольді ішімдік сатып тапқаны анық мәлім болған мүлкі оның иелігі болмайды. Мұны одан алу, қолдану, жеу халал болмайды. Басқа мүліктерін оның өз иелігі деп қабылдау керек. Соларды бергенде алу харам болмайды. Харамнан жинаған мүліктері өз халал мүлкімен немесе бір-бірімен араласып кетсе, бұл «Мүлки хабис» (лас мүлік) деп аталады. Осы лас араласқанынан берсе, харам екені мәлім болмаған затты, ақшаны алу рұқсат болады. Өйткені Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттің үкімі бойынша, ондай харам жолмен келген және аманат ретінде алынған ақшаны өзінің халал мүлкімен немесе бір-бірімен араластырып, ажырата алмай қалса, бәрі хабис (лас) мүлкі болады және оны өз халал мүлкінен иелеріне қайтарып өтеуі қажет болады. Қайтарған соң бұл хабис мүлкін қолдануы рұқсат болады. Фасид (сахих болмаған) келісіммен хабис мүлік болған затты қолдану мүлде рұқсат емес.