Рағаиб түні
Қасиетті Ражаб айының алғашқы жұма түні Рағаиб түні деп аталады. Исламда барлық жұма түндері қасиетті. Бұл екі қасиетті түн бірге келгенде қасиеттілігі одан да арта түседі. Аллаһу та’ала бұл түні мұсылмандарға жақсылықтар, сый-сияпаттар береді. Бұл түнге құрмет көрсеткендерді кешіреді. Бұл түні жасалған дұғалар қайтарылмайды және де намаз, ораза, садақа сияқты ғибадаттар үшін сансыз көп сауаптар беріледі. Рағаиб түнін ғибадатпен өткізу керек. Қазасы бар адам ең болмағанда бір күндік қаза намаздарын оқуы керек! Қазасы жоқ адам нәпіл намаз оқиды, Құран кәрім оқиды, тәсбих тартады, тәубе-истиғфар етеді. Бұл күні ораза тұтып, түнін ғибадатпен өткізудің сауабы өте үлкен. Қасиетті түндерде және әр уақытта да ілім үйрену бәрінен де жоғары келеді. Илмихал ілімдері ең қадірлі болып табылады. Бейсенбі күні ораза тұтып, түнінде ғибадат ету өте сауапты болады. Бейсенбімен бірге жұма күні де ораза тұтудың зияны жоқ. (Ғунийа) Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Аллаһу та’ала Ражаб айында ораза тұтқан адамдарды кешіреді.» (Ғунийа) «Мына бес түнде жасалған дұға қайтарылмайды: Рағаиб түні, Бәрат түні, Жұма түні, Рамазан айтының түні және Құрбан айт түні.» (И. Асакир) «Ражаб айының алғашқы жұма түнінде құлшылық қылған адамды Аллаһу та’ала қабір азабынан құтқарады. Дұғаларын қабыл етеді. Тек 7 түрлі адамды кешірмейді және дұғаларын қабылдамайды: Өсімге ақша берген және алған адам, мұсылмандарды төмен санаған адам, ата-анасына қарсы келген бала, мұсылман және діннің бұйрықтарына бағынатын күйеуін тыңдамайтын әйел, өлең айтып, сазды аспаптар шалатын адам, зинақорлық жасайтын адам, бес уақыт намаз оқымайтын адам». (С. Әбәдийа) (Бұлар бұл күнәлардан бас тартпағанша, тәубе етпегенше дұғалары қабыл болмайды.) Ражаб айында жасалған дұға қабыл болады, қателер кешіріледі. Күнә істеген адамның жазасы қаншама есеге көбейеді. Хазреті Хусейн “радиаллаһу анһ” былай деп хикаялайды: «Қағбаны тауаф етіп жүріп, әлсіз, аянышты дауыспен Аллаһу та’алаға дұға етіп жатқан адамның дауысын естідік. Әкем оны шақыруымды әмір етті. Әдемі жүзді, таза кісі еді. Бірақ оң жағы сал (паралич) болып, әрекетсіз еді. Одан: – Сен кімсің, бұл жағдайың не?-деп сұрадым. – Мәназил бин Халиқпын. Мен сазды аспапта ойнап, ән салумен атаққа бөленген Арабстанның әртісі деп танылған адаммын. Үнемі нәпсімнің қалауларының артынан жүгірдім. Ражаб, Шабан айларында да бұл күнәларды тоқтатпадым. Салих әкем мені бұл күнәлардан құтқаруға тырысты. Маған “Аллаһу та’аланың азабы ауыр, бір мезетте жазаңды береді. Жаман достарыңды, бұл жаман істеріңді таста! Періштелер бұл қасиетті айларда саған шағымданады”-деді. Насихаттарға еш құлақ аспайтынмын, сабырым да аз еді. Әкеме қол көтеріп, насихаттарын ұрып тоқтаттым. Ренжулі күйде “Бұл айларда ораза тұтамын, түндерінде ғибадат етемін. Бәйтуллаһқа барып жамандығыңнан сақтану үшін Аллаһу та’аладан көмек сұраймын” деді. Бір апта ораза тұтып, Қағбаға барып “Йа,Раббым, зұлымға ұшырағандардың ақысын жерге тастамайсың. Бұл айда, бұл қасиетті жерде жасалған дұғаны қайтармайсың. Ақымды баламнан ал, оны сал (паралич) қыл” деп дұға етті. Дұға етіп болар болмас оң жағым сал аурына шалдықты. Мұны көргендер “әкесінің қарғысына ұшыраған адам” деп айта бастады. – Әкең бұл халіңе не деді? – Әкемнен кешірім сұрадым. Әкелік мейірімі ашуынан басым келіп, мені кешірді. Қарғыс жасаған жеріне барып, жазылуым үшін қайыр дұға ету үшін түйемен Бәйтуллаһқа келе жатып кенеттен түйе үркіп, әкем құлап өлді. Қазір енді шарасыз қалдым. Әкем хазреті Әли бұл жігітке дұға етті. Ражаб айында жасалған бұл дұғаның берекесімен Аллаһу та’ала оған шипа ихсан етті.» Ражаб айы Адам алейһиссаламнан бері құнды еді. Бұл айда соғысу күнә болып есептелді. Әр үмбет бұл айға құрмет көрсететін. Ражаб деген сөз, муражжаб (қадірлі), муаззам (ұлы), мухтәрәм (құрметті) құнды деген сөз. Парсыша “Әнис-ул-уаизин” кітабында былай делінеді: «Иса алейһиссалам заманында бір жас жігіт бір сұлу қызға ғашық болып қалады. Ол қызға қауышу үшін бар жанын салып жүреді. Едәуір уақыттан кейін сөзін алады. Бір түні бір үйде кездеседі. Шешінеді. Жігіттің қуанышында шек жоқ еді. Кенет терезеден жаңа айдың туғанын көреді. Қыздан “Бұл қай ай?” деп сұрайды. Қыз “Ражаб” дегенінде, жас жігіт дереу жиналып, киініп алады. Түкке түсінбеген қыз таңданып не болғанын сұрайды. “Аталарымнан Ражаб айында күнә істеуге болмайтынын естідім. Бұл айға құрмет көрсету керек” деп кешірім сұрап, үйіне кетіп қалады. Аллаһу та'ала Иса алейһиссаламға уаһи арқылы болғандарды білдірді. “Жас жігіттің үйіне барып, сәлемімді айт!” деп бұйырды. Бұл жігіт Ражаб айына құрмет көрсеткені үшін, ұлы пайғамбардың өзіне жіберілгеніне қуанып иман келтірді. Жақсы мүмин болды. Ражаб айына көрсеткен құрметінің себебімен иманға қауышты.» Қасиетті түндер – Ислам діні қадірлеген түндер. Аллаһу та'ала құлдарына аяушылық, мейірім танытқандықтан, кейбір түндерді қадірлі етті, бұл түндерде жасалған дұға мен тәубелерді қабыл ететінін білдірді. Құлдарының көп ғибадат жасауы үшін, дұға мен тәубә етулері үшін бұл түндерді себеп қылды. Қасиетті түнге өзінен кейінгі келетін (келесі) күннің аты беріледі және оның қасиеті бір күн бұрынғы бесін намазынан сол түннің имсак уақытына дейін жалғасады. Тек Арафа және Құрбан айттың күндері мен түндері мұндай емес. Олардың күндері түндерінен бұрын келеді. Бұл түндерді ғибадатпен өткізу керек, яғни қаза намаздарын оқу керек, Құран кәрім оқу керек, дұға ету, тәубе ету керек, садақа беру, мұсылмандарды қуанту керек, бұлардан пайда болған сауаптарды өлгендерге бағыштау керек. Бұл түндерге құрмет көрсету қажет. Құрмет көрсету күнә істемеу арқылы жүзеге асады. Ражаб – Аллаһу та'аланың айы. Ражаб айына құрмет көрсеткен адамға Аллаһу та'ала дүние мен ахиретте сый-сияпат береді. Ражаб айының алғашқы жұма түнін құлшылықпен өткізген, құрмет көрсеткен адамға Аллаһу та'ала қабір азабын бермейді. Дұғаларын қабыл етеді. Тек жеті адамды кешірмейді және дұғаларын қабыл етпейді, олар: Пайыз алып-беретін адам, мұсылмандарды төмен санайтын адам, ата-анасын жәбірлеп, оларға қарсы шығатын бала, діннің үкімдерімен амал етуге тырысатын мұсылман күйеуін тыңдамайтын әйел, ән мен музыкалық аспаптарды кәсіп қылғандар, лиуата және зина етушілер, бес уақыт намазын оқымайтындар. Бұлар бұл күнәларынан бастартпағанша, тәубе етпегенше дұғалары қабыл болмайды. Ананың, әкенің, күйеудің, ешкімнің шариғатқа қайшы келетін бұйрығы орындалмайды, айтқандары істелмейді. Алайда, ата-анаға жылы сөйлеп, оларды ренжітпеу керек. Ата-ана кәпір болса оларды шіркеуден, сыраханадан, арқалап болса да, әкелу керек. Бірақ мұндай жерлерге апару жаиз емес. Ибн Абидин “рахметуллаһи та’ала алейһ” бесінші том, екі жүз алпыс тоғызыншы бетте былай дейді: «Баланың әке-шешесінің атын атап шақыруы және әйелдің күйеуін есімімен шақыруы тахримән мәкрух, яғни кіші күнә болады. Оларды құрмет білдіретін мәндегі сөздермен және қасына барып шақыруы керек. Алыстан айқайлап шақырмау керек.» (Садәти Әбәдийа) |