19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Ғибадаттардың маңызына қарай реті

Ғибадаттардың маңызына қарай реті

Сұрақ: Дініміздің ғибадат ретінде бұйырғандарына не жатады, олардың маңызына қарай реті қандай?

Жауап: Бұл туралы «Ибн Абидин» кітабында былай дейді:

«Мәшруат, яғни ғибадаттар – мұсылмандарға әмір етілген нәрселер төрт бөлімнен тұрады: парыз, уәжіп, сүннет, нәпіл. Аллаһу та'аланың айқын бұйырған әмірлерін «Парыз» деп атайды. Айқын болмай, тұжырыммен аңғарылған әмірлеріне «Уәжіп» дейді. Парыз немесе уәжіп болмаған, Расулуллаһ (алейһиссалам) өздігінен бұйырған немесе өзі орындаған ғибадаттарды «Сүннет» деп атайды. Егер оларды тұрақты орындап, сирек орындамаған және орындамағандарға ештеңе демеген болса, ол амалды «Сүннети һуда» немесе «Муәккәд сүннет» дейді. Бұлар ислам дінінің шиары (белгісі, ерекшелігі), яғни тек осы дінге ғана тән. Басқа діндерде жоқ. Пайғамбарымыз біреудің уәжіпті орындамағанын көргенде оған бөгет болатын. Расулуллаһ (алейһиссалам) өзі анда-санда орындамаған амалды «Сүннети ғайри муәккәдә» дейді. Муәккәд сүннетті үзірсіз (себепсіз) тұрақты тәрк ету (орындамау) мәкрух, кіші күнә болады. Аллаһу та'ала бүкіл ғибадаттарға сауап беретініне сөз берді, уәде етті. Бірақ ғибадатқа сауап берілуі үшін оған ниет ету қажет. Ниет – бұйрықты орындау және Аллаһу та'аланың разылығын алу үшін жасағанын жүрегінен өткізу деген сөз.

Осы үш бөлімдегі ғибадатты белгілі уақыттарда орындауды «Ада ету» дейді. Уақытылы орындамай, уақыты өтіп кеткеннен кейін орындауға «Қаза ету» делінеді. Ада немесе қаза еткеннен соң өз еркімен қайта орындау «Нәпіл ғибадат» деп аталады. Парыздарды және уәжіптерді нәпіл ретінде орындаудың муәккәд сүннеттерді орындаудан сауабы көбірек болады.

Расулуллаһтың (алейһиссалам) ғибадат ретінде емес, әдет ретінде тұрақты істеген амалдары «Сүннети зауаид» деп аталады. Киімдері, отыруы, тұруы, жақсы істерді оң жақтан бастауы және т.б. осындай амалдарға жатады. Бұларды істегенге де сауап беріледі. Бұларға сауап берілуі үшін ниет ету қажет емес. Ниет ететін болса, сауабы көбейеді. Зауаид сүннеттерді және нәпіл ғибадаттарды орындамау мәкрух болмайды».

Бұлармен қатар әдетке байланысты нәрселерде де Расулуллаһқа ұқсау дүниеде және ахиретте адамды көп нәрсеге қолжеткізіп, әр түрлі бақыт жолдарын ашады.