19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ең ақылды кісі - ойланып сөйлейтін кісі

Ең ақылды кісі - ойланып сөйлейтін кісі

Адамдарға берілген ең үлкен ниғметтердің бірі – сөйлей алу қабілеті. Тіліміздің арқасында біз дертімізді айтып бере аламыз, білім аламыз және басқаға да үйрете аламыз. Сондай-ақ тіліміздің кесірінен қиындық көріп, басымызға дерт табамыз. Тіл адамды жәннатқа да, тозаққа да жетелейді. Қаншама адамдар бар, аузынан шыққан бір сөздің кесірінен өлтірілген немесе зынданға қамалған. Ал қаншамалары айтқан сөздерімен алғыс жинап, үлкен мәртебелерге қол жеткізген.

Иманды бола алу үшін «жүрекпен растағаннан» соң «тілмен бекіту» қажет. Сахих иманға бұл екеуі де қажет. Тіпті қараудың өзі харам болған бөтен әйел бір сөзбен (неке келісімі) бізге халал болып, бір үйде бірге өмір сүреміз. Егер аузымыздан күпірге себеп болатын бір сөйлем шықса, әрі иманымызды, әрі некемізді жаңалауға мәжбүр боламыз. Сондықтан сөйлеуден бұрын сөздерімізді іріктеп, әбден тексеруіміз керек.

Хазреті Әбу Бәкір тілінің астына тас салып қоятын, осылайша сөйлеуден бұрын сөздерін іріктеп алуға уақыт табатын. Егер сөзіміз өзімізге немесе өзгелерге пайдасын тигізетін болса сөйлеу керек, егер пайдасыз болса, онда сөйлемеген жөн.

Хадис шәрифте былай делінген: «Мүминнің тілі жүрегінің артында. Алдымен ойланады, кейін сөйлейді. Ал мұнафықтың (екі жүздінің) тілі жүрегінің алдында, алдымен сөйлейді, кейін ойланады».

Сөйлеп қойғаннан кейін ойланудың не пайдасы бар? Айтылған сөз – атылған оқ. Өкінудің пайдасы жоқ. Біз айтпағандарымыздың иесіміз, айтқандарымыздың тұтқынымыз...

Мүмкіндігінше аз сөйлеуіміз керек. Өйткені көп сөйлеу ақымақтықтың белгісі. Адамдар көп сөйлейтін сөзқұмарларды жақтырмайды.

Аллаһу та'ала бізге бір тіл және екі құлақ берген. Демек, екі рет тыңдап, бір рет сөйлеуіміз керек. Сондай-ақ тілімізді екі құлыптың артына қойған – тіс пен ерін.

Имам Малик хазрет көп сөйлейтін біреуге: «Егер бір айлық сөзді бір күнде айтпағаныңда тәуір адам болар едің» деген екен.

Лұқман Хаким ұлына «Балам, шешендер керемет сөйлеуін мақтан тұтады, ал сен керемет үндемеуіңді мақтан тұт!» деген.

Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірген адам сөйлейтін сөзіне мұқият болсын. Я дұрыс сөйлесін, я үндемесін. Өйткені ауыздан шыққан әр сөзді періштелер жазып отырады және ол сөздің есебі болады».

Имам Ғазали хазрет (рахимәһуллаһ) айтқан: «Көп сөйлейтін адам қиыншылықтан құтыла алмайды, аз сөйлейтін адам қиыншылыққа душар болмайды. Ешкім айтпаған сөзіне өкінбейді».

Анадолыда «Пышақ жарасы жазылады, бірақ тіл жарасы жазылмайды!» деген даналық сөз бар.

Ибн Аббас хазрет айтқан: «Ойланып сөйлейтін адам – ең ақылды кісі».