Балаларды жалықтырмаңдар!Ибраһим Насрабади хазрет – хадис ғалымы және әулие. Иранда Нишапурдың Насрабад елді-мекенінде дүниеге келді. Мәшһүр әулие Әбу Бәкір Шиблиге мүрид (шәкірт) болды. Меккеде Әбу Осман Мағрибимен көріскен. Әбу Әли Даққақ – оның алдыңғы қатарлы ізбасар шәкірттерінен. Ол 367 (м.978) жылы Меккеде қайтыс болды. Сұхбаттарында былай деген: «Араларыңдағы төмен және арсыз адамдарға сияпат көрсетіп, оларға сыйлық беріп тұрыңдар. Өйткені, олар сендерді дүниеде және ахиретте ұялатын жағдайға түсуден және оттан сақтап жүр. Адам ұялатын және отқа түсуге себеп болатын нәрселерді олардың бойында көріп, өздерін сол нәрселерден қорғайды». «Басыңа келген қиыншылықты ешкімге шағымданба. Өйткені, мұны айтқан адамың сен үшін мұңаятын досың немесе қуанатын дұшпаның болуы мүмкін». «Бауырластық – өте нәзік сезім. Оны қорғамайтын болсаң, зиян келуі мүмкін. Әрдайым ашуланған кезіңде өзіңе ие болып оны қорға, сонда саған әділетсіздік жасаған адам сенен кешірім сұрар. Болар іс болды, одан артығын іздеме. Досыңның кемшілігіне қарама». «Балалар – көңіліміздің жемістері. Оларға мейірім танытып, жеңілдік көрсетіңдер. Олардың сүйіспеншілікке толы әрекеттеріне қуан. Олардың істерін қиындатпа. Сол себепті оларды өмірден жалықтырып, зеріктірме». «Мына үш жайтқа шыдау бауырлық хақысынан: ашуланғанда, саған ұрысқанда, артық сөйлегенде». «Адамның жақсы көретін тамағынан бастарта алуы салмақтылығын және тұлғасының үстемдігін көрсетеді». «Дүниені жақсы көргендер дүниеліктері үшін ахиреттерін тастап қояды. Сен Аллаһу та'аланың әмірлерін орындай алу үшін дүниеден бастарт». «Нәпсімнің ешбір амалын жақсы деп санамадым және оған сауап күтпедім». «Сенің кемшіліктеріңді іздеп жүретін жаман адамдармен дос болма». «Өмірімде түнде ғибадат етушілерден басқа ешкімге әуестенбедім». «Саламаттық қаласаң, дүниені қадірлеме, керемет қаласаң, мәңгі болғанды үстем тұт». «Егер шайтан алдыңа шығып «Сен пәлен мұсылманнан үстемсің» десе, мұқият бол және ол мұсылман бауырыңның сенен жасы үлкен болса, «Ол бауырым менен бұрын мұсылман болып, менен көбірек салих амал жасады. Сондықтан ол менен үстем» деп айт. Егер жасы сенен кіші болса, «Менің күнәларым көбірек, сондықтан ол менен қайырлы» де. Егер саған сый-сияпат көрсететін және сені құрметтейтін мұсылман бауырыңмен кездессең, «Бұл Аллаһу та'аланың сыйы» деп ойла. Егер одан жапа шексең, «Бұл жасаған күнәмнің кесірі» деп айт. |