19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Дерттің көптігінен өлімді қалау

Дерттің көптігінен өлімді қалау

Дүниенің өмірі түс секілді. Өлім адамды оятып, түс аяқталады да, шынайы, нағыз  өмір басталады... Өлім мұсылманға ниғмет. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Өлім мұсылман кісіге сыйлық және өтем» деген. Олай болса, өлуден қорықпау керек. Өйткені өлу – жоқ болып кету деген сөз емес, тек рухтың денеге деген байланысының аяқталуы, рухтың денеден айрылуы деген сөз. Өлім – бір үйден басқа үйге көшу. Мұсылман өлімді жаман деп санамайды. Жәннатты аңсайтын және оған дайындалатын адам өлімді жақсы көреді. Өйткені өлім болмаса, жәннатқа кіру мүмкін емес. Аллаһу та'аланы жақсы көретін кісі өлімнен қорықпайды. Жақсы көретін адам әрдайым өлімге дайын болып, күтіп жүреді. Өйткені өлім арқылы сүйген жан өз ғашығына, жолаушы өзінің негізгі отанына қауышқан болады.

Өлім осындай болса, онда өлімді қалау керек пе? Пайғамбарымыз «Өлімді тілемеңдер! Өйткені кісі жақсы болса, өмір сүрген сайын жақсылығы артады. Ал жаман болса, тура жолға түсуі мүмкін» және «Қиыншылықтар үшін өлімді қаламаңдар! Шыдамы таусылған адам «Йа, Раббым, менің өмір сүруім қайырлы болса, өмір сүруді, өлу қайырлы болса өлімді нәсіп ет!» деп дұға етсін!» деген. Дінімізге тағы біраз қызметім тисін, көбірек сауап табайын деген оймен өлімнің тап қазір келгенін қаламау Аллаһты жақсы көруге қайшы келмейді...

 

Патшамыз дүниеден озғанда өтерсіңдер

Кең пейілді бір уәзір кедейлерге және мұқтаждарға мемлекеттің қазынасынан қарызға ақша беріп, қарыз алғандардың «Мұны қашан қайтарайық?» деген сұрақтарына «Патшамыз дүниеден озған кезде қайтарарсыңдар» дейтін.

Бұл жағдайға куә болған бір адам патшаға барып, «Тақсыр, сіздің уәзіріңіз мемлекетіңіздің қазынасынан мұқтаждарға қарыз таратып жүр, қайтару мерзімін сіздің өліміңізге байланыстыруда. Демек, оның ниеті жаман, сіздің тезірек өлгеніңізді қалап жүрген болса керек, сіз қайтыс болғанда ақшаны өз қалтасына басып қалмақшы» деп жамандайды.

Бұл өсекті естіген патша еріксіз уайымға түсті. Ең жақын уәзірі ондай опасыздыққа қалайша бара алады? Не сенерін, не сенбесін білмейді. Оның өзін шақырып, ол ісінің себебін сұрайды. Уәзір былай жауап береді:

«Патшам, айтылғандар рас. Мен қазынадан мұқтаждарға қарызға ақша беріп, сіз қайтыс болғанда қайтаруын айттым. Бірақ мұны сіздің өлуіңізді емес, керісінше ұзақ өмір сүруіңізді қалағаным үшін істедім. Өзіңіз де білесіз, қарыздар кісіге қарыз қайтару мерзімі үнемі аз келеді, қайтаратын уақыты келіп қалмасын деп уайымдап, дұға етіп жүреді. Демек, сіз қайтыс болғанда қарыз қайтаратындар қарыз қайтаратын уақыт келіп қалмасын деп сіздің өлмеуіңізді тілеп дұға етеді. Аллаһ дәргейінде ең қабыл болатын дұғалардың бірі – қарызы бар құлдарының дұғасы. Ал менің мақсатым – сіздің өмір-жасыңыздың ұзақ болуы және деніңіздің саулығы».