19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Салих кісінің салиха қызы

Салих кісінің салиха қызы

Исмаил есімді бір салих кісінің үш қызы бар еді. Сол кездері тағы бір перзент күтіп жүрген болатын. Соңында күні келіп, жұбайы нұрдай жарқын тағы бір қыз туды. Есімін Рабия, яғни «Төртінші» деп қойды. Исмаил өте кедей болғандықтан, Рабия туылған түні үйде қажетті заттардан ештеңе жоқ еді. Бұл жағдайға жұбайы көп жылап мұңайды. Күйеуіне:

- Көршімізге барып, біраз шырағдан майын сұрап келесіз бе? – деп өтінді. Исмаил Аллаһу та'аладан басқа ешкімнен ештеңе сұрамауға сөз берген болатын. Сонда да жұбайын ренжітпеу үшін көршісіне барды. Есікті ұстады да, кері қайтып, жұбайына «Есікті ешкім ашпады» деді. Байқұс әйел одан сайын мұңайды. Көзінен жас тоқтамады. Исмаил да қатты қынжылды. Сол жағдайда басын тізесіне қойып, солай ұйықтап қалды. Түсінде пайғамбарымызды көрді. Расулуллаһ алейһиссалам оған былай деді:

- Еш мұңайма! Бұл қызың сондай ханым болады, үмбетімнен жетпіс мың адамға шапағат етеді. Ертең қағазға «Сен әр түні пайғамбарымызға жүз салауат, ал жұма түндері төрт жүз салауат жіберетін едің. Бұл жұма түні ұмыттың. Соның өтемі ретінде саған осы хатты әкелген адамға адал ақшаңнан төрт жүз алтын бер» деп жаз да, сол жазуды Басра әкімі Иса Заданға бер!

Исмаил оянғанында пайғамбарымызды көрудің қуанышынан жылап жіберді. Дереу тұрып, айтылғанындай істеді. Тікелей Иса Заданға барды. Әкім хатты алғанда Расулуллаһтың оны атағанының шүкірі ретінде мыңдаған алтынды кедейлерге садақа қылып таратты. Рабияның әкесі Исмаилға да хатта жазылған шаманы және оған қосымша тағы көп алтын садақа беріп, бір нәрсе қажет болғанда қайта келуін ескертті. Исмаилдың отбасы осылайша молшылыққа бөленіп, қыздарын қиналмай асырап, оны керемет әдептілік пен тәрбие беріп өсірді. Ол қыз өсіп, бүкіл әлемге танымал әйел әулие Рабия-и Адуийя болды.

Рабия-и Адуийя хазрет өмірінде көп қиыншылық көрді, бірақ тәуекелі (Аллаһқа жүгінуі) үлкен дәрежеге жеткені сонша, «Аспан қола болса, жерді толықтай темір қаптаса, аспаннан бір тамшы жаңбыр жаумаса, жерден бірде-бір өсімдік шықпаса және әлемдегі барлық адамзат менің бала-шағам болса, Аллаһу та'алаға ант етемін, оларды қалай асыраймын деген ой да, уайым да келмейді. Өйткені Аллаһу та'ала бәрінің ризығын беретінін айтқан және өз мойнына алған» дейтін. Одан «Осындай жоғары дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұралғанда:

«Маған қатысы жоқ барлық нәрсені тастап, мәңгі болғанның, яғни Аллаһу та'аланың достығын қалау арқылы...» деп жауаптайтын.

Аллаһу та'ала шапағатын нәсіп етсін...