19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Күнәһарларды жақсы көру

Күнәһарларды жақсы көру

Сұрақ: Күнә істейтіндерді, исламды дұрыс үйренуге бөгет болатындарды жақсы көрудің бір жауапкершілігі бар ма, күнә бола ма?

Жауап: Аллаһу та'алаға қарсы шыққан адамды «Фасық» (күнәһар), «жаман адам» деп атайды. Өзгелердің қарсы шығуына, күнәнің жайылуына себеп болатын адамды «Фажир» дейді. Харам істегені мәлім күнәһарды жақсы көруге болмайды. Бидғатты, яғни қате сенімдерді жайып жүргендерді және дін үйренуге бөгет болатындарды жақсы көру күнә. Хадис шәрифте:

«Күнәһардың күнә істеуіне бөгет болуға шамасы жете тұра ешкім бөгет болмаса, Аллаһу та'ала олардың барлығына дүниеде және ахиретте азап береді» делінген. Омар бин Абдулазиз хазрет былай деген:

«Аллаһу та'ала біреу күнә істегені үшін өзгеге азап бермейді, дегенмен ашық түрде күнә істеушілер көрініп, көргендер оларға бөгет болмаған кездері бәріне азап береді».

Аллаһу та'ала Юша пайғамбарға (алейһиссалам) уахи етіп:

«Қауымыңнан қырық мың салих адамға және алпыс мың күнәһар адамға азап беремін!» дегенде Юша алейһиссалам:

«Йа, Раббым! Күнәһарлар азапқа лайықты. Ал салихтарға азап беруіңнің себебі, хикметі неде?» деп сұрады. Сонда Аллаһу та'ала:

«Менің ашуланғандарыма олар ашуланбады. Олармен бірге ішіп-жеп жүрді» деді.

Мал-жанына, бала-шағасына және мұсылмандарға зиян келетін, яғни фитнаға себеп болатын кезде бидғатшыларға және залымдарға әмри-мару (насихат) жасау қажет болмайды. Ондай кездері ашық түрде күнә істеп жүрген күнәһарларды тек жүрекпен жақсы көрмеу жеткілікті. Жылы, жұмсақ сөздермен насихат айтқан жақсы болады.

 

Сұрақ: Тұрған жерінің құбыла тарапын білмеген адам мұсылман болмағандардан немесе күнә істейтіндерден құбыла бағытын сұрауына бола ма?

Жауап: Михраб болмаған, есеппен, жұлдызбен және т.б. жолдармен анықтау мүмкін болмаған жерлерде құбыланы білетін салих мұсылмандардан сұрау керек. Кәпірлерден, күнәһарлардан және балалардан сұрауға болмайды. Кәпірлерге, күнәһарларға муамәләтта (сауда-саттық, келісім-шарт және т.б. қарым-қатынастар) сенуге болады, бірақ диянатта, яғни ғибадаттарда сенуге болмайды. Негізінде мұндай жағдайларда құбыланы білетін адамды іздеудің қажеті де жоқ. Әркім өзі іздестіріп, анықтаған тарапына қарай намаз оқиды. Кейіннен қате оқығанын түсінсе де, намазын қайта оқымайды.

 

Сұрақ: Кішкентай бала су ыдысына қолын сұқса, сол сумен дәрет пен ғұсыл алуға бола ма?

Жауап: Кішкентай баланың қолын суға сұғуы мысықтың зәрі секілді. Яғни қолы таза екені беймәлім болса, ол сумен дәрет алу немесе ішу тәнзиһән мәкрух болады.