Қиямет басталатын уақытСұрақ: Қиямет басталатын кезде жер бетінде иманды адам қалмайды дейді, сол рас па? Жауап: Имам Раббани хазрет «Мәктубат» кітабында былай дейді: «Ислам діні әлсіреп, ғаріп бола бастады. Мұсылмандар жалғыз қалды. Бұдан кейін де әлсірей береді. Сондай жағдайға келеді, жер бетінде Аллаһты еске алатын ешкім қалмайды. Хадис шәрифте: «Ислам діні әлсіз, ғаріп күйде басталды. Соңғы уақыттарда бастапқы кезіндегідей ғаріп болып оралады. Ғаріп мұсылмандарға сүйінші!» делінген. Қиямет әлемде жақсы адам қалмай, барлық жерді жамандық қаптаған кезде басталады делінген». Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Бір заман келеді, үмбетімде мұсылмандықтың тек атауы ғана қалады. Мұсылмандар тек исламның бірнеше әдеттерін ғана орындайтын болады. Имандары қалмайды. Құран кәрім тек қана оқылады, оның бұйрықтарынан, тыйымдарынан ешкімнің хабары да болмайды. Адамдардың есіл дерті ішіп-жеу ғана болады. Аллаһу та'ала ұмытылады. Бәрі ақшаға ғана табынады. Әйелдерге құл болады. Аз табысқа қанағат етпейді. Көп табысқа тоймайды». Абдулуаһһаб Шарани (рахметуллаһи алейһ) «Тәзкирә-и Қуртуби» кітабында былай дейді: «Ибн Мажа хабар берген хадис шәрифте: «Бір заман келеді, киімнің түсі оңып, көріктігі кеткендей жер бетінде ислам дінінің де көркі кетеді. Намаз, ораза, қажылық, садақа ұмытылып кетеді. Құран кәрімнің жер жүзінде бір аяты да қалмайды» делінген». Имам Қуртуби айтады: «Исламның ұмытылуы Иса пайғамбар (алейһиссалам) аспаннан жерге түсіп, қайтыс болғанынан кейін болады. Одан бұрын мұсылмандар ғаріп, әлсіз болады. Құран кәрімді ешкім ұстанбағанымен, толықтай ұмытып кетпейді». «Марифатнама» кітабында былай жазылған: «Қияметтің белгілері көп. Мешіттер көп, жамағат аз болады. Ғимараттар биік, киімдер жұқа, әйелдер басшы болады. Еркектер әйелге айналады».
Сұрақ: Дінде бидғат болғандар тек пайғамбарымыздың қайтыс болуынан кейін пайда болғандар ғана ма? Жауап: Бидғат деп пайғамбарымыздың және оның төрт халифасының дәуірінде болмай, дінде кейіннен пайда болған, ойдан шығарылған сенімдерді, сөздерді, амалдарды және әдеттерді айтады. Олардың барлығын дін деп, ғибадат деп ойдан шығару немесе дінде маңызды саналатын нәрселерді діннен бөлек, дін бұған араласпайды деу бидғатқа жатады. Бидғаттардың кейбірі күпір, ал кейбірі үлкен күнә. |