19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Намаз / Жаназа намазының қабыл болуы үшін

Жаназа намазының қабыл болуы үшін

Сұрақ: Жаназа намазының қабыл болуы үшін дініміз белгілеген шарттар бар ма? Бар болса қандай?

Жауап: Бір мұсылман кісінің қайтыс болғаны туралы хабар алған ер кісілерге, ер кісілер болмаса әйелдерге жаназа намазын оқу, жуындыру, кебіндеу және жерлеу парыз кифая болып табылады. Бұған мән бермейтін адам кәпір болады. Жаназа намазының қабыл болуы үшін алты шарт қажет:

1) Мәйіт мұсылман болу керек.

2) Мәйіт жуылған болу қажет. Жуылмай көмілген жағдайда үстіне топырақ тасталмаған болса, шығарып жуындырып, кейін намазы оқылады.

3) Мәйіттің немесе денесінің жартысы мен басының, яки бассыз жартыдан көп денесінің имамның алдында болуы керек.

4) Мәйіт жерде немесе жерге жақын, қолда көтеріліп, яки тас үстiнде имамның алдында тұруы тиiс. Басқа жерде тұрған, яки малдың үстінде немесе қолда жоғары көтеріліп тұрған болса, жаназа намазы қабыл болмайды. Мәйіттің басы имамның оң жағында, ал аяқтары имамның сол жағында тұруы керек. Керісінше қою күнә болады.

5) Жаназа имамның алдында дайын тұруы керек.

6) Мәйіттің және имамның әурет жерлерi жабық болуы қажет.

 

Сұрақ: Киімінде немесе аяқ киімінде нәжіс болған адам жаназа намазын оқи ала ма?

Жауап: Мәйіттің және имамның тұрған жері таза болуы тиіс. Жамағатқа шарт емес. Өйткені тек қана имамның оқығанымен парыз орындалған болады. Киім, аяқ киім және басып тұрған жері нәжіс болса, намаз сахих болмайды. Тахтауидың «Имдад» хашиясында жазылғаны бойынша:

«Мәйіт таза табыттың ішінде болса және имам үсті таза аяқ киімін шешіп, соның үстін басып тұрса, жердің нәжіс болуының зияны жоқ».

 

Сұрақ: Ер кісі болмаған кезде әйел адам жаназа намазын оқи ала ма?

Жауап: Ер кісі болмаған кезде әйелдің жаназа намазын оқуы арқылы парыз орындалған болады. Осылайша әйел оқыған жаназа намазы қабыл болады және бір адамның оқуымен парыз орындалған болады. Кішкентай баланың мәйітті жуындыруы рұқсат болғанымен, жаназасын оқуы рұқсат емес.

 

Сұрақ: Жаназа намазын әртүрлі жерде бірнеше рет оқылуының шариғат бойынша зияны бар ма?

Жауап: Жаназа намазы бір рет оқылады. Бір әйел оқығаннан кейін де қайта оқылса, нәпіл болады. Жаназа намазын нәпіл ретінде оқу мәкрух.

 

Сұрақ: Мұсылмандар арасында тараған күпір белгілері күпірдің белгісі болмай қалып, ислам әдетіне айнала ма?

Жауап: Күпір белгілері әдетке айналып, мұсылмандар арасында тарап кетсе, ислам әдеті болып қалмайды. Күпір белгісі болып қала береді.