19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Адамдардан тамақ, киім сұрау

Адамдардан тамақ, киім сұрау

Сұрақ: Азықсыз, сусыз қалған адамның басқалардан тамақ, су және басқа да қажет заттарын сұрауына бола ма?

Жауап: Бір күндік азығы бар адамның және мүлде азығы болмаса да дені сау, жұмыс істей алатын, сауда жасай алатын жағдайдағы адамның тамақ, су немесе осыларды сатып алатын ақша сұрауы, тіленуі харам болып табылады. Осылардың бар екенін біле тұра сұрағанын беру де харам. Сұрамай беру және берілгенді алу рұқсат. Ол адамның азықтан бөлек қажеттіліктерін, мысалы киім, үй заттары, жалға төлейтін ақша сұрауы рұқсат болады. Аш немесе ауру адамның тұрып жатқан үйі бар болса да, тамақ сұрауы рұқсат. Бір күндік азығы бар адам, азығы болмаса да жұмыс істей алатын жағдайдағы адам білім алумен немесе білім берумен айналысатын болса, оның тамақ сұрауы рұқсат болады. Ақшасын харамға жұмсайтын және ысырап ететін адамға садақа беруге болмайды.

 

Сұрақ: Кедей адамға оны шариғат бойынша бай қылатын шамада зекет беру дұрыс па?

Жауап: Кедейдің ең болмағанда бір күндік қажеттіліктерін өтейтіндей шамада беру мүстаһаб. Қарызы жоқ және бала-шағасы болмаған кедейге нисап мөлшерінде немесе мал-мүлкін нисап мөлшеріне жеткізетіндей шамада зекет беру мәкрух. Бала-шағасы бар кедейге олардың әрқайсысына бөлістіргенде нисап мөлшері шықпайтындай көп зекет беру рұқсат. Зекетті кедей бауыры, тәтесі, көкесі, нағашы тәтесі мен көкесі дегендей жақын туыстарға беру сауаптырақ. Жақындары мұқтаж кезде басқаларға беретін болса, сауабы болмайды.

 

Сұрақ: Бір адамның зекетін тұрғылықты жеріндегі кедейлерге бермей, басқа қаладағы кедейлерге жіберуінің, беруінің діни тұрғыда зияны бар ма?

Жауап: Зекетті басқа қалаға жіберу мәкрух, дегенмен туыстарға беру үшін немесе өз қаласында кедей мұсылман таба алмаса, басқа қалаға жіберу рұқсат. Зекетті қарызы бар адамға берудің кедейге беруден жақсырақ екені «Бәззазия» фәтуа кітабында жазылған. Мал-мүлкін ысырап ететін, харамға жұмсайтын адамға зекет беру лайықты болмайтыны «Дурри Йәкта» кітабында жазылған.

 

Сұрақ: Бай, бірақ алашақтарын ала алмай және өзі қиналып жүрген адамның зекет алуына бола ма?

Жауап: Алашақтарын және мал-мүлкін қайтара алмай жүрген, қарызды қайтаратын уақыты келмеген бай адам өсімсіз қарыз беретін адам таба алмаса, қажеттілігі шамасында зекет алуы рұқсат. Мал-мүлкін қайтарған кезде алып қойған зекетін кедейлерге беруі қажет емес.