19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Тәкәппар патшаның қайғылы соңы

Тәкәппар патшаның қайғылы соңы

Тәкәппарлық – өзін өзгеден үстем, жоғары санау деген сөз. Бұл жаман мінезге жатады және харам болып табылады. Аллаһу та'аланы ұмытудың белгісі саналады. Тәкәппар кісі салих адам бола алмайды. Тәкәппарлық – барлық жақсылыққа бөгет, барлық жамандықтың кілті.

Дін ғұламаларымыз айтады, ақылды, өзін және Раббысын танитын адам тәкәппарлана ма? Адам өзінің әлсіздігін, төмендігін Раббына әр сәтте көрсетуге мәжбүр. Сондықтан да әрдайым барлық жерде әлсіздігін көрсетуі, қарапайым және кішіпейіл болуы керек. Тәкәппарланып «Мен» деу фәйз-берекеге тосқауыл болады.

Аллаһу та'аланың сипаттары емес, тікелей өзі тәкәппар кісіге дұшпан.

Өте тәкәппар, ор көкірек, менменшіл бір патша бар еді. Бір күні елін аралағысы келді. Қызметшілеріне «Киімдерімді әкеліңдер» деп айқайлады.

Алдына түрлі-түрлі киімдер әкелінді. Бірақ ол ешқайсысын жақтырмаған еді. Ақыр соңында амалсыздан біреуін киюге тура келді.

Кейін «Атымды дайындаңдар» деп екінші бұйрығын берді.

Дереу аты дайындалған соң әшекейлі атына сәнді киімдерімен мінді. Қасына қызметшілері мен әскерін ілестіріп, елін аралауға шықты.

Атқа мініп алып, кезіп жүргенде менмендігінен, тәкәппарлығынан қасында жаяу жүргендерге қарамаған да еді. Басын көтеріп, жоғарыдан қарап жүрді. Халқының кейбір азаматтары дерттерін, қиындықтарын айтқысы келіп жақындағысы келгендерінде оларға көңіл бөлмей «Аулақ ұстаңдар, жақындатпаңдар» деп бұйырды. Осылай ұзақ кезіп жүрді. Күндердің бірінде киімі жамау-жамау, бірақ таза киінген қария кісі алдынан шықты. Оны көрген патша бірден «Ана шалды жолатпаңдар!» деп бұйырды.

Қорғаушылары қарияны итеріп, дереу аулақ қылды. Біраздан соң әлгі қария аттың тізгінін ұстап «Ей, тәкәппар патша, сенімен сөйлесуім керек» деді. Бұл жағдайды көрген патша ашуға булықты. Бар даусымен айқайлап: «Сен менің атымның тізгінін ұстайтындай кімсің?! Қалай батылың жетті, бүгінге дейін ешкім бұлай істеген емес!» деп жатты.

Бірақ қария бұған еш мән бермеді. Тізгінді қолынан жібермей ұстап тұрды. Қорғаушылардың да оны аулақ қылуға шамасы жетпеді. Патша «Ал, айт онда, не мәселе?» деуге мәжбүр болды. Қария: «Мәселемді жасырын айтуым керек, дауыстап айта алмаймын» деген соң патша амалсыз басын иді. Қария құлағына сыбырлап «Мен Әзірейілмін» деді. Мұны естіген патшаның реңі бозарып, аяқ-қолы дірілдей бастады. Бірден сабасына түсіп, «Маған уақыт берші! Бала-шағама қайтып, соңғы рет бір көрейін, қош айтысайын! Одан кейін жанымды аласың!» деп жалбарынды.

Әзірейіл алейһиссалам «Жоқ, бұған рұқсат жоқ» деп сол мезетте рухын алды...

Бәріне жоғарыдан қараған патшаның жансыз денесі жерге домалап құлап, аттың аяқ астында жатқан еді...