21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ХАЗРЕТІ ӘБУ БӘКІР СЫДДЫҚ (радиаллаһу анһ)

ХАЗРЕТІ ӘБУ БӘКІР СЫДДЫҚ (радиаллаһу анһ)

Әмир-ул мүминин Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) бүкіл жағдайлары мен істері соңғы пайғамбар Расулуллаһқа толықтай еруі себебімен Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және басқа пайғамбарлардың пайғамбарлығына айқын дәлел және ең жақсы куә болып табылады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Меккеден Мәдинаға хижрет еткен (көшкен) кезде Жәбрейіл алейһиссаламнан «Менімен бірге кім хижрет етеді?» деп сұрады. Ол «Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ)» деп жауаптады. Сол күннен кейін есімі Сыддықи Әкбар болды. Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) «Нәпсім құдіретінде болған Аллаһу та'алаға ант етемін, ол түн (хазреті Әбу Бәкірдің хижретте Расулуллаһпен бірге болған түні) Омардың бүкіл жанұясынан қайырлы» деген.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хижретте үңгірден шығарда «Йа, Әбу Бәкір! Саған сүйінші, Аллаһу та'ала барша адамдарға жалпы түрде назар салады. Ал саған жеке өзіңе назар салады» деді. Тағы Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әбу Бәкірдің сендерден үстемдігі намаз және оразамен емес, кеудесінде (жүрегінде) толы болған нәрсемен» деді. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) туралы хадис шәрифтер санауға келмейтіндей көп. Біз мұнда қысқаша оның Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығына дәлел болатын үстем және ғажайып күйлерінің біразын жазамыз.

Ибн Мәсуд Ансари (радиаллаһу анһ) былай хабар берген: «Хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) мұсылман болуы уахидың сүйіншісі. Ол өзі былай айтып берген: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілмей тұрып, бір түні түсімде аспаннан үлкен нұрдың қағбаның үстіне түскенін көрдім. Ол нұр Меккенің бүкіл үйлеріне жайылды. Кейін әуелгісіндей жиналып, менің үйіме кірді. Үйдің есігін жаптым. Таңертең бұл түсімді яһуди ғалымдарының біріне айтып беріп, жоруын сұрадым. Ол «Көрген түсің анық емес. Ондай түстерге мән бермеген жөн» деді. Одан кейін біраз уақыт өтті. Сауда жасауға шыққан сапарымда жолым Бахира дінбасының шіркеуіне түсті. Әлгі түсімді жорып беруін Бахирадан сұрадым. Менен «Сен кімсің?» деп сұрады. «Құрайштың адамымын» деп едім, «Аллаһу та'ала сендердің араларыңнан пайғамбар жібереді. Сен оның тірісінде уәзірі, қайтыс болғанынан кейін халифасы боласың» деді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдіріліп, адамдарды дінге шақыра бастаған кезінде мені де исламға шақырды. Мен «Әр пайғамбардың дәлелі бар, сенің дәлелің қандай?» деп сұрадым. Ол «Менің дәлелім сенің көрген түсің. Яһуди ғалымы саған ол түске мән берме деп жауап берді. Ал Бахира ол түсіңді жорып берді» деді. «Мұны саған кім айтты?» деп сұрап едім, «Жәбрейіл алейһиссалам айтты» деді. Сонда мен «Бұдан басқа дәлел мен куә сұрамаймын. Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу расулуһ» деп мұсылман болдым. Бұл оқиға туралы Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Исламға шақырған адамдардан тек Әбу Бәкір ғана сол мезетте мені растап, сен Аллаһтың Расулысың деді» деген».

Әмир-ул мүминин Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Жаһилия дәуірінде бір ағаштың көлеңкесінде отырған едім. Ағаштың бір бұтағы маған қарай иіліп, басыма жақындады. «Бұл не жағдай екен?» деп таңқалып қарап тұрдым. Ағаштан құлағыма бір дауыс келді: «Пәлен уақытта пайғамбар келеді. Оның қасында адамдардың ең бақыттысы сен боласың» деді. Мен «Анығырақ сөйле, ол пайғамбар кім? Есімі кім?» деп сұрадым. «Ол Мұхаммед бин Абдуллаһ бин Абдулмутталиб Хашими» деген дауыс естілді. Мен «Ол менің қадірлі досым. Қай кезде пайғамбарлығы білдірілсе, маған хабар бер» дедім. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілгенін жариялаған кезде әлгі ағаш «Ей, Әбу Кухафаның ұлы! Мұхаммедке (алейһиссалам) уахи келді. Мұсаның (алейһиссалам) Раббысының хаққы, Оған бәрінен бұрын сен иман келтіресің» деді. Таңертең Расулуллаһқа бардым. Мені көргенде «Ей, Әбу Бәкір, сені Аллаһу та'алаға және Расулына иман келтіруге шақырамын» деді. Дереу «Әшһуду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадан Расулуллаһ» деп иман келтірдім. «Аллаһу та'ала сені хақ қылып, жарықтандырушы нұр ретінде жіберді» дедім».

Тағы әмир-ул мүминин Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілуден бұрын сауда жасауға Йеменге барған едім. Сәмәуи кітаптарды оқыған төрт жүз жастағы бір қарияға қонақ болдым. Маған қарап, «Сен Меккеден келген секілдісің» деді. Мен «Иә» деп едім, «Құрайштансың ба?» деп сұрады. «Иә» деп жауаптағанымда, «Бәни Тәмим тайпасынансың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. Кейін «Бір белгі қалды» деді. «Қандай белгі?» деп сұрағанымда «Маған ішіңді аш» деді. «Не екенін айтпайынша ашпаймын» деп едім, былай деді: «Илаһи кітаптарда оқыдым. Харем аймағынан бір пайғамбар шығады. Оның бірі жас, бірі қарт екі көмекшісі болады. Жас болғаны күшті және ержүрек, ал қарт көмекшісі арық, әлсіз және қарнында қалы бар» деді. Мен қарнымды аштым, кіндігімнің үстіндегі қара қалды көрді. «Қағбаның хаққы, әлгі қарт көмекші сенсің» деді. Маған «Хидаяттан айрылма және ол пайғамбардың дінін берік ұстан. Аллаһтың саған нәсіп еткендерін жасыр» деп өсиет айтты. Йемендегі жұмыстарымды бітірген соң әлгі қарияға қоштасуға бардым. Маған бірнеше шумақ өлең беріп, «Мұны сол пайғамбарға берерсің» деді. Меккеге қайттым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілген еді. Меккенің алдыңғы қатарлылары менімен көрісуге келді. Олардан «Араларыңда бір оғаш оқиға болды ма?» деп сұрадым. «Бұдан оғаш не болсын, Әбу Талибтың жетімі өзін пайғамбар санап жүр, біз сені күттік. Енді өзің келдің, оған қарсы шығарсың» десті. Олардан әрең дегенде құтылдым. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайда екенін сұрадым. Хадиша-тул кубраның (радиаллаһу анһа) үйінде екенін айтты. Барып есікті қақтым. Расулуллаһ сыртқа шықты. «Ей, Мұхаммед (алейһиссалам)! Сені өз үйіңде таба алмадым. Жұрттар, аталарыңның дінінен басқа дінге шақырып жатқаныңды айтып жатыр ғой» дедім. Ол «Мен Аллаһу та'аланың Расулымын. Сені және барша адамзатты Аллаһу та'алаға иман келтіруге шақырамын» деді. «Дәлелің қандай?» деп сұрап едім, «Йеменде сен көрген қария» деді. «Мұны саған кім хабарлады?» деп сұрап едім, «Менен бұрынғы пайғамбарларға да келген үлкен періште хабарлады» деп жауап берді. Мен бірден мүбәрәк қолын ұстап, Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһ» деп иман келтіру абыройына ие болдым. Кейін қайтып кеттім. Менен бақытты ешкім жоқ еді. Өйткені иман келтіру нәсіп болған еді».

Әмир-ул мүминин Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) былай айтып берді: «Өлім ауруында халифалықты кімге қалдыратыным туралы қайтадан истихара жасадым. Аллаһу та'аладан разылығы қайда екенін маған білдіруін тіледім. Білесіңдер, мен өтірік айтуды қаламаймын. Ешбір ақылы бар адам мұсылмандарға өтірік айтып, алдап, Аллаһу та'аланың алдына шыққысы келмейді» дедім. Қасымдағылар: «Ей, Аллаһтың Расулының халифасы! Сіздің шыншылдығыңызға ешкімнің күмәні жоқ. Истихараңызды айтыңыз» десті. Сонда былай айтып бердім: «Түннің соңы еді. Қатты ұйқыда жатқан едім. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Екі ақ шапан киген еді. Ол шапандардың етегін мен жинап жүрдім. Сол кезде екі шапан жасыл түске айналып, жарқырай бастады. Көзді алатын еді. Расулуллаһтың қасында екі адам бар еді. Жүздері әдемі, киімдері нұрлы еді. Оларға қарау шаттық беретін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған сәлем беріп, қол алысты. Мүбәрәк қолын кеудеме қойды. Ішімдегі дерт дереу кетті. «Ей, Әбу Бәкір, саған қауышуды аңсаймыз. Бізге келетін уақытың келді» деді. Көп жылағаным сонша, үйдегілер оянып кетіпті. Маған кейіннен айтып берді. «Йа, Расулаллаһ, сізге қауышамын ба?» деп сұрадым. «Күмәнсіз, қауышуымызға өте аз қалды» деді. Кейін «Аллаһу та'ала саған халифа таңдау еркін берді» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ, сіз таңдаңыз» деп едім, «Халифалыққа лайықты, исламмен билік құратын, турашыл және күшті Омар-ул Фаруқ. Жер мен көктегілер оған разы. Ол дәуірдің ең жақсысы. Сен екеулерің дүниедегі уәзірлерімсіңдер, қайтыс болғанымда көмекшілерімсіңдер және жәннаттағы көршілерімсіңдер» деді. Кейін Расулуллаһ маған сәлем берді. Қасындағы екі адам да сәлем берді. Қиналғаным басылды. Маған «Аспандағы періштелер арасында және жер бетіндегі адамдар арасында сыддықсың» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Ата-анам сізге пида, мына екі адам кім? Олар сияқты адам көрген емеспін» дедім. «Олар таңдаулы екі періште Жәбрейіл мен Микаил» деп жауаптады. Кейін кетіп қалды. Оянған кезімде бетім көз жасыммен суланып кетіпті. Әһли бәйтім (отбасым) қасымда жылап отырған еді.

• Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) былай айтып берді: «Кейбір адамдар Әбу Бәкірді (радиаллаһу анһ) шәһидтердің арасына жерлейік деді. Кейбірлері «Бақи» мазарына жерлейік десті. Ал мен менің бөлмемде бәрінен сүйікті Расулуллаһтың қасына жерлейік дедім. Біз осылай сөйлесіп отырғанда мені ұйқы қысып, біраз ұйықтап қалыппын. Бір дауыс естідім, «Досты досқа қауыштырыңдар» деген еді. Ұйқыдан оянып кеттім. Ол дауысты мешітте отырғандар да, барлығы естіпті».

• Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) былай өсиет етті: «Табытымды Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Раудасының есігіне апарыңдар. «Ассаламу алейкә йа Расулаллаһ, бұл Әбу Бәкір, сіздің есігіңізге кеп тұр» деңдер. Егер рұқсат беріп, есік ашылса, мені ішке кіргізіп жерлеңдер. Рұқсат берілмесе, онда Бақи мазарына жерлеңдер». Бұл өсиет бойынша табытты Расулуллаһтың Раудасының есігіне апарды. Сөздері бітпей тұрып-ақ перде ашылды да, есіктің даусы шығып, құлағымызға «Сүйіктіні сүйіктіге қауыштырыңдар» деген дауыс естілді.

• Бір түні Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) үйіне қонақтар келген болатын. Өзі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында еді. Үйге кеш келді. Үйіндегілерден «Қонақтар кешкі асын жеді ме?» деп сұрады. «Ас ұсындық, сізбен бірге жейміз деп жемеді» деді. Ол бұған мұңайып, ол асты жемеуге ант етті. Кейін бұл антты шайтаннан деп ойлады. Қонақтармен бірге асқа отырып, жей бастады. Бұл оқиғаны риуаят еткен адам былай айтып берді: «Тамақты алған кезімізде астында көбірек тамақ пайда болатын. Бәріміз тойдық. Табақта әуелгіден үш есе артық тамақ бар еді. Санын білмеймін, бірақ ол тамақты өте көп адам жеді».

• Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) өлім ауруында жатқанда қызы хазреті Айшаға (радиаллаһу анһа) екі ұл және екі қыз баласын аманат еткенін айтты. Хазреті Айша «Менің тек бір сіңлім бар ғой, екіншісі кім?» деп сұрады. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Әйелім жүкті, қыз туылады деп ойлаймын» деді. Шынымен де қыз туылды.