Құран кәрімді әркім түсіне алмайды
Сұрақ: Құран кәрімді кез-келген адам түсіне ала ма, әлде пайғамбарымыздың ашықтап түсіндіруі шарт па? Аудармасын оқумен Құранды түсіне аламыз ба? Жауап: Құран кәрімді толықтай тек Расулуллаһ алейһиссалам түсінген. Өйткені Құран кәрім пайғамбарымызға түскен. Одан басқа адам толық түсіне алмайды. Сол себепті Аллаһу та’ала «Адамдарға ашықтап түсіндіресің деп Құранды саған түсірдік.» деп бұйырған. (Нахл 44) Түсіндіру – аяти кәрималарды басқа сөздермен және басқа көріністе ашықтау дегенді білдіреді. Қарапайым халық былай тұрсын, Құран кәрімді егер үмметінің ғұламалары толық түсіне алғанда және астарлы аяттарды ашықтай алғандарында Аллаһу та’ала пайғамбарымызға “саған уахи жолымен жіберілгендерді адамдарға жеткіз” дер еді, ашықтап түсіндіруін әмір етпес еді. Осы және осыған ұқсас аяттардың барына қарамастан «Расулуллаһтың Құранды әкелуімен жұмысы бітті, ол ортада хабарды жеткізуші ғана еді» дейтін мазһабсыз дүмшелер бар. Сахабалар адамзаттың ең саралары, ең үстемі, пайғамбардың шәкірттері болуларына және ана тілдері арапша болуларына қарамай, кейбір аяттарды түсіне алмай пайғамбарымыздан сұрайтын еді. Расулуллаһ Құран кәрімнің толық тәфсирін жасап сахабаларына түсіндірген. Аяттарға сахабалардың білдіргендерінен басқаша мағына беретіндер адасады, тіпті күпірге де түседі. Тәфсир ілімі жеке ой пікірге емес, нақлға сүйенеді. (Нақл ету: қысқаша біреуден естіген немесе оқыған нәрсесін білдіру деген сөз) Хазреті Мұхаммед Масум Фаруқи былай деген: «Бір күні пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге нәзік марифат мәселелерін оның дәрежесіне қарай түсіндіріп жатқан еді. Қастарына хазреті Омар келгенде пайғамбарымыз сөздерін ол түсінетін деңгейге ауыстырды. Хазреті Осман келгенінде сөйлеу әдісін тағы өзгертті. Хазреті Әли келгенде сөздерін бәрі түсіне алатын деңгейге ауыстырды. Расулуллаһтың осылайша әр ретінде сөйлеу стилін өзгертуі ол жердегі адамдардың қабілеттерінің әр түрлі болуынан туындаған.» (1/59) Хадис шәрифтерде «Менен кейін пайғамбар болмайды, болса, Омар болар еді», «Османның шапағатымен жаһаннамдық 70 мың кісі есепсіз жаннатқа кіреді» және «Мен ілімнің қаласымын, ал Әли оның есігі» делінген. Үшеуі де осыншалықты дәрежеде үстем болғанымен және арапшаны жақсы білгенімен хазреті Әбу Бәкірге түсіндірілген тәфсирді (Құран кәрімнің түсіндірмесін) түсіне алмады. Өйткені пайғамбарымыз әр адамға оның дәрежесіне қарай түсіндіретін еді. Екі хадис шәрифте былай делінеді: «Адамдарға олардың ақылдары жететін, түсіне алатын деңгейіне қарап насихат беріңдер. Әйтпесе (ақылға тура келмейді деп) Аллаһпен Расулын өтірікшіге шығарады.» (Бұхари) «(Бір жерде болғандардың) Ақылдары көтере алмайтын нәрсені айту фитнаға, бүлікке себеп болуы мүмкін.» (Ибн Асакир)
Өз басынша, өз көзқарасымен тәфсир жасаудың үлкен зиянын жақсы білген хазреті Әбу Бәкір «Құран кәрімді өз көзқарасыммен тәфсирлеуге бет алсам, мені қай жер көтерер еді, қай көк мені көлеңкелер еді.» деген. (Шира)
Құран кәрімді арапша білетін адам да толық түсіне алмайды. Тіл білу басқа, ілім білу басқа. Қазақша білетін адамның бәрі медицина, хұқық, инженерия ілімдерді түсіне ала ма? Хадис шәрифте «Құран Аллаһтың мәтін жібі. Мағыналарының барлығын түсіну мүмкін емес.» деп бұйырылған. Құран кәрім өте уәжиз (аз сөзде көп мағыналар берілген) екендігі және бітпейтін, таусылмайтын мағыналарының барлығы бізге білдірілген күнде де оны жазу үшін қағаз және сия жетпейтіні былай білдірілген: «Оларға айт: Раббымның (хикметті) сөздері үшін теңіздер сияға айналса, оған тағы да соншама теңіздер қосылса, теңіздер бітеді, Раббымның сөздері бітпейді.» (Кәһф 109)
Мәудуатул-улум кітабында былай делінеді: «Құран ілімі – іші таңғажайып, ақылдарды таңқалдыратын сансыз көп ғажайып халдерге толы шексіз теңіз. Ондағы барлық ілімді үйрену, оның сырына жету мүмкін емес.»
Адамдардың жазған Конституцияның өзін түсіне алу үшін юристтерге жүгінеміз. Заңның бір бабынан жұртшылық бірдей нәрсені түсіне алмай жатқанда Аллаһтың сөздерін қалай дұрыс түсіне аламыз?
Аударма оқумен түсінілмейді Құран кәрімнің аудармасын оқитынын айтқан оқырманымыз: “Тек қана сенен көмек сұраймыз. (Фатиха 5), Тек Аллаһқа сеніңдер. (Маида 23), Тек қана менен қорқыңдар. (Бақара 40), бұл аяттардың барлығы айдан анық, түсінікті. Кез-келген адам түсіне алады, мұның қай жерін ашықтау керек, қай жерін түсіндіру керек?” деп сұрады.
«Тек қана сенен көмек сұраймыз» дегеннен соң біреуден бір стакан су сұрасақ, бұл ісіміз аятқа қайшы бола ма, жоқ па? Қай жағдайда басқадан көмек сұрамау керек? Бұлар анық емес.
«Тек Аллаһқа сеніңдер» деп бұйырылған. Қай жағдайда Аллаһқа сенеміз? Дәрігерге көрінсек, ол дәрі берсе, біз оған сенсек мұнымыз аятқа қайшы бола ма, жоқ па? Алматыдан Астанаға қатынайтын автобусқа мінсек “Бұл автобус бізді Астанаға апарады” десек, Аллаһтан басқаға сенген боламыз ба? Демек бұл жердегі сену сөзінің түсініктемесі керек.
«Тек қана менен қорқыңдар» деп бұйырылған. Тағы бір аяти кәримада «Адамдардан қорқпаңдар, менен қорқыңдар» делінген (Маида 44). Ұрылардан, жауыздардан және жыланнан қорқсақ бұл аятқа қайшы келген боламыз ба? Демек мұның да ашықталып, түсіндірілуі керек.
«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер» деп бұйырылған (Хаж 78, Нұр 56). Намаздың қалай оқылатыны, қанша рәкат қылып оқылатыны анық білдірілген емес. Зекеттің де қалай берілетіні, қандай мүліктермен, қандай заттармен берілетіні де анық білдірілмеген. Бұлардың барлығы хадис шәрифтермен және ислам ғұламалырының түсіндіруімен анықталған.
Фәтх сүресінің «Аллаһтың қолы олардың қолдарының үстінде» деген 10-шы аяты және Бақара сүресінің «Шығыс та, батыс та Аллаһтікі, қайда бұрылсаңдар Аллаһтың жүзі сонда» деген 115-ші аяты да тәуил етілуді (ашып түсіндірілуді) қажет етеді.
Тағы басқа аяти кәримада «Аллаһ қалаған адамын адастырады, қалаған адамын дұрыс жолға салады.» деп бұйырылған. (Араф 155, Ибраһим 4) Бұл аяттарды оқыған дінсіз адам “Дұрыс жолға түсіретін де, адастыратын да Аллаһу та’ала, олай болса, мені де бұрыс жолға түсірген Ол. Менің ешқандай кінәм жоқ.” деуі мүмкін. Бұл тұрғыдан да хадис шәрифтермен ғалымдардың ашып түсіндіруіне мұқтаждық бар.
Шынында да аяттардан өз түсінгеніне еріп «Жақсылық та, жамандық та Аллаһтан келетіні үшін бізге күнә істететін Аллаһу та’ала. Біз жасаған күнәларымыздан жауапкер емеспіз.» дегендер шыққан.
Осындай қауіптердің алдын алу үшін пайғамбарымыз аяттарға керекті түсініктемелер берген. Ғалымдар да бұларды ашықтап, түсіндіріп берген, адамдардың өз ойынша бұрмалауына ешқандай сылтау қалмаған. Құран кәрімді түсіне алу үшін оның терең және астарлы мағынасын ашып түсіндірілуі керектігін Хақ та’ала тікелей өзі білдірген: «Құранды адамдарға түсіндіресің деп саған түсірдік» (Нахл 44)
«Расулымның бергендерін алыңдар, тыйым салғандарынан сақтаныңдар!» (Хашр 7)
«Ол (Расулым) уахиден басқаны айтпайды.» (Нәжм 3, 4)
«Дұрыс жолды табу үшін расулыма мойынсұныңдар!» (Араф 158, Нұр 54)
«Расулыма мойынсұнған адам, Аллаһқа мойынсұнған болады.» (Ниса 80)
«Аллаһқа мойынсұныңдар, пайғамбарға мойынсұныңдар, амалдарыңды босқа жібермеңдер.» (Мұхаммед 33)
«Аллаһқа және расулына мойынсұнған адам жаннатқа, ал қарсы шыққан адам жаһаннамға барады.» (Ниса 13, 14)
Аудармалардың қай бірі дұрыс Ислам тарихына қарайтын болсақ, Құран кәрімді басқа тілдерге аудару соңғы екі ғасырда белең алғанын көреміз. Аллаһу та’аланың сөзі болған Құран кәрім басқа тілге аударылғанда дәл өзіндей болмайды. Ол аударма Аллаһтың сөзі деген сипатын жоғалтады. Құран кәрімде көп түрлі мағыналарға келетін сөздер бар. Сондай сөздердің бірін басқа тілге аударған кезде оның түрлі мағыналары ішінде тек қана бір мағынасы ғана аудармаға жазылады және аудармашының берген бұл мағынасын Аллаһтың айтпақшы болғаны осы деп мүлтіксіз қабыл ету дұрыс болмайды. Оның үстіне әрбір аудармашының білім деңгейі, ой-өрісі, тәжірибесі де аударманың сапасына әсер етеді. Содан болса керек Құран кәрімнің бір тілге жасалған аудармасына қанағаттанбай тағы да өзгеше стилде аударуға әуестеніп жүретіндер талай кездеседі. Ешқандай қатесі болмаса да Құран кәрімнің аудармасына «Аллаһтың сөзі» деуге болмайды. Құран кәрімнің басқа тілдерге аударылған түрлеріне Құран делінбейді. Бұларға Құран кәрімнің аудармасы делінеді. Бұларды Құран деп оқуға болмайды, Құран деп оқу сауап болмайды, күнә болады. Хазреті Ибни Хажер Мекки былай деген: «Құран кәрімнің аудармасын Құран кәрімнің орнына оқу харам болады.» (Фәтәуа-и фиқһийа)
Құран кәрімді ешбір тілге, тіпті заманауи арапшаға да дұрыс аударуға болмайды. Кез-келген өлеңді де толық аударып жеткізу мүмкін емес. Тек түсініктемесін жеткізу мүмкін. Құран кәрімнің мағынасын аудармалардан оқып түсіну мүмкін емес. Бір аятты түсіну дегеніміз Аллаһу та’аланың бұл аятта не айтпақшы болғанын түсіну деген сөз. Ал бұл аяттың аудармасын оқыған адам Аллаһтың мақсатын біле алмайды. Тек аударған адамның білім деңгейіне қарай оның не түсінгенін ғана білуі мүмкін.
Қандай аударма болса да, ешбір Құранның аудармасынан дін үйренілмейді. Бір адамға дінін үйренуі үшін Құранның ең сапалы аудармасын беру, мұхиттың ортасында қалған адамға көмек ретінде бір ағаш бөлшегін беруден де жаман. Өйткені бұл ағаш бөлшегімен адам жүзіп жағаға шыға алмайтындықтан өледі, иманды болса жаннатқа кіреді. Алайда тек Құранның аудармасын оқып, дін үйренуге тырысқан адам иманын жоғалтып жаһаннамға түсуі мүмкін. Өз көзқарасы бойынша тәфсир Кімде-кім бір аяти кәриманы тәфсир еткенде, түсіндіргенде өзінен бұрынғы тәфсиршілердің ешқайсысы айтпаған жаңаша түрде өз көзқарасымен, өз ақылымен түсіндірсе кәпір болады. Осы себепті хазреті Әбу Бәкір пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең үстемі болуына қарамай «Құран кәрімді өз көзқарасыммен, өз ақылыммен тәфсирлеуге бет алсам, мені қай жер көтерер еді, қай көк мені көлеңкелер еді.» деп бұйырған. (Шира)
Біз сияқтылардың тәфсирден дін үйренуі мүмкін емес. Тәфсирден дәреттің парызын да үйрену мүмкін емес бола тұра, ақидаға қатысты ілімдерді үйрену қалай мүмкін болмақ? Ислам ғалымдары жылдар бойы еңбек етіп, Құран кәрімнен шығарған үкімдерін кітаптарға түсірген. Әрбір мұсылман қай мазһабта болса, сол мазһабына тиісті кітаптарды оқып, дінін үйренуі тиіс. Барлық мұсылманның бір илмихал кітабын оқу арқылы дініне қатысты керекті бүкіл ілімдерді үйренуі аударма не тәфсирсіз де мүмкін. Адамның медициналық кітапты оқып ауруларға диагноз қоюға, емдеп, операция жасауға кірісуі миллионнан бір ықтималдық болса да бәлкім жүзеге асуы мүмкін. Бірақ Құраннан дін үйрену мүмкін емес. Әрбір істі маманынан үйрену керек. Фиқх кітаптарын оқуды «бәледей» көрсетіп, «Дінді Құраннан, тәфсирден үйреніңдер» деп сандырақтайтындар егер надан болмаса, дінде бүлік шығаруды көздеген қиянатшы, азғын адамдар.
Тәфсирлер және фиқһтың маңызы Хазреті Ибн Абидин былай деген: «Намаз оқитындай мөлшерде сүре жаттау парыз болып табылады. Бұдан кейін фиқһ ілімдерінен парыз айн (әр адамның мойнына тікелей парыз) болғандарды үйрену, Құран кәрімді артығымен үйренуден де жақсы болады. Өйткені Құран кәрімді жаттау (қари болу) парыз кифая (бір елді мекенде бір адам істеген кезде басқалардың мойнынан көтерілетін парыз). Ал ғибадаттарды орындау үшін және муамелат саласында (күнделікті жұмыстар және қарым-қатынастарда) қажетті болған фиқһ ілімдерін үйрену парыз айн. Халал-харамдардан екі жүзмың мәселені жаттау керек. Бұлардың бір бөлігі парыз айн. Бір бөлігі парыз кифая. Әркімнің тұрмыстағы және өз кәсібіне байланысты мәселелерде қажетті үкімдерді білуі парыз айн болады. Бірақ бәрін үйрену қари болудан да жақсы болады.»
Мазһаб имамдарымыз «Ғалымдардан сұрап үйреніңдер» деген аяти кәримаға мойынсұнып, Құран кәрімнің мағынасын Табииндерден және Сахабалардан үйреніп, кітаптарға түсірген. Басқа ғалымдар да бұлардың кітаптарынан, тәфсирден және хадистен түсінгендерін біз секілді қарапайым адамдарға оңай, жетік қылып үйрету үшін мыңдаған Фиқһ, Илмихал кітаптарын дайындаған. (Биргиуи)
Әһли сүннет ақидасын және парыздарды, харамдарды үйрену парыз. Бұлар тек Фиқһ кітаптарынан үйреніледі. Фиқһ ілімін ғалымдар аяти кәрималардан және хадис шәрифтерден шығарған. (Хадиқа 324б)
Хазреті Имам Шарани былай деген: Құран кәрім хадис шәрифтермен ашықталады. Хадис шәрифтерді мазһаб имамдары ашықтады (ашып, түсіндірді). Басқа ғалымдар мазһаб имамдарының сөздерін ашықтады. Намаздың қанша рәкат болатыны, руку және сәжделерде оқылатын тәсбихтері, айт және жаназа намаздарының қалай оқылатыны, зекеттің мөлшері, оразаның және қажылықтың парыздары, хұқық ілімдерін пайғамбарымыздың ашықтауларынсыз бұларды тікелей Құран кәрімнен түсіну мүмкін емес.
Хазреті Имран бин Хусаин «Бізге тек Құраннан айт!» деген адамға «Ей ақымақ Құран кәрімнен барлық нәрсені түсіну мүмкін бе? Мәселен намаздың қанша рәкат екенін таба аламыз ба?» деп бұйырған. Хазреті Омардан да бір кісі «Парыздар сапарда қанша рәкат қылып оқылады? Құраннан таба алмадық» деп сұрайды. Хазреті Омар «Аллаһу та’ала бізге Мұхаммед алейһиссаламды жіберді. Біз Құран кәрімнен таба алмағандарымызды расулуллаһтан көргеніміздей қылып орындаймыз. Ол сапарда төрт рәкаттық парыздарды екі рәкат қылып оқитын еді. Біз де солай оқимыз.» деп бұйырды. (Мизан-ул-кубра)
Құран кәрімде Расулуллаһқа және ғалымдарға мойынсұнуымыз әмір етілген. (Али Имран 31, Хашр 7, Нахл 43)
Пайғамбарымыз да «Ғалымдарға мойынсұныңдар» деп бұйырған. (Дәйләми)
Олай болса Аллаһу та’аланың әміріне бағынып, ғалымдарға мойынсұнуымыз, олардың білдірген ілімдеріне, үкімдеріне сай амал етуіміз шарт. Фиқһ ілімін білмей тұрып исламды ұстану мүмкін емес. Өйткені діннің негізі – фиқһ. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Ғибадаттардың ең құндысы фиқһ ілімін үйрену және үйрету болып табылады.» (Ибн Абдилбарр)
«Барлық нәрсенің сүйенетін тірегі бар. Діннің негізі, тірегі фиқһ ілімі.» (Бәйһақи)
«Ғалымдардың ең қайырлысы фиқһ ғалымы» (Мауәрди)
«Аллаһ бір құлына жақсылықты бергісі келсе, оны фиқһ ғалымы қылады.» (Бұхари)
«Ғибадат ету үшін фиқһ ілімі жеткілікті.» (Бәйһақи)
«Фиқһты білместен ғибадат еткен адам, түннің қараңғылығында ғимарат тұрғызып, күндіз оны бұзған адаммен тең.» (Дәйләми)
Дінді қайдан үйрену керек? Дінді дұрыс үйрену үшін әһли сүннет ғалымдарының ауызбірлігімен қабыл етілген фиқһ кітаптарын оқу керек. Әһли сүннет ғалымдарының қабыл етпеген, қолдамаған кітаптардан және сөздерден дін ілімдерін үйренуге болмайды. Кез келген дін кітабына немесе өзін ғалым қылып, дін адамы қылып көрсететін кез келген адамның сөзіне немесе кітабына мойнсұнып ғибадат ету жаиз емес. Әһли сүннет болмаған дін адамдарының кітаптарына және сөздеріне ермеу керек. Сенімді кітаптардан жинақталып аударылған илмихал кітаптарын оқу керек. Бұлай аударылмаған, өз ойын, өз пікірін жазған илмихал кітаптарды және тәфсирлерді оқу адамды дүние және ахырет пәлекеттеріне жетелейді. (Ислам ахлақы)
Сайтымыздың жүктеп алу деген бөлімінде қойылған кітаптарда бір мұсылманға қажет болатын ең негізгі кәлам, фиқһ және ахлақ ілімдері қысқаша қамтылған. Ішіндегі мәліметтердің бәрі сенімді дін кітаптарынан жиналған. Бұл кітаптарды оқыған адам дінімізді дұрыс үйрену бақытына қауышады. Бұл кітаптар ең жақсы сыйлық және ең жақсы мирас болып табылады.
Құран кәрімнің мағынасы Сұрақ: Құран кәрімнің орысша немесе қазақша аудармалары бар емес пе? Неге Құранды ешкім түсіне алмайды? Жауап: Конституциямыз да қазақша жазылған. Хұқық маманы (юрист) болмаған адамдар оқитын болса, әр адамда әр түрлі түсінік пайда болады. Тіпті хұқықшылардың арасында да өзгеше түсініктер шығып жатады. Конституцияда көп заңдар басқа заңдарға сілтеніп жатады. Заңдар бірнеше үкімдерді кодекстерге, баптарға сілтейді. Заңды, кодекстерді, баптарды білмей тұрып, “Конституция бойынша бұл іс мынадай болады” деп айту қате болады. Дінімізде де Құран кәрімнен басқа хадис шәрифтер бар, ижма бар, қияс фукаха бар. Бұларды білгеннен кейін барып Құран кәрімді түсіну мүмкін. Аударма оқумен Құран кәрімді түсіну мүмкін емес.
Ауылдық тұрғындарға тиесілі заңды үкімет тікелей ауылдық адамдарға жібермейді. Өйткені ауылдық адам оқи алған күнде де оны түсіне алмайды. Бұл заң алдымен аудан әкімдеріне жіберіледі. Аудан әкімдері жақсылап түсініп алып, бұған түсініктеме қосып, ауыл әкімдеріне жібереді. Олар да одан да ашығырақ түсіндіріп, бөлімше басшыларына түсіндіреді. Бөлімше басшылары да ауыл тұрғындарына олардың тілімен айтып жеткізеді. Ал Құран кәрім – ахками илаһия, яғни Аллаһтың үкімдері. Кануни раббани, яғни Аллаһтың заңдары. Аллаһу та’ала Құран кәрімде құлдарына бақыт жолын көрсеткен және Өз сөзін (кәламын) адамдардың ішіндегі ең үстеміне жіберген. Құран кәрімнің мағынасын тек Мұхаммед алейһиссалам түсінеді. Басқа ешкім толық түсіне алмайды. Сахабалар ана тілдері арапша болғанымен, өз дәуірлерінде әдебиеттің, шешендіктің шыңына жеткен болуларына қарамай, кейбір аяттарды түсіне алмай мағыналарын пайғамбарымыздан сұрайтын. Тіпті Жәбраил алейһиссалам да Құран кәрімнің мағынасын, сырларын расулуллаһтан келіп сұрайтын еді. (С. Әбәдийа)
Хазреті Имам Ғазали былай деген: «Құран кәрім Аллаһу та’аланың сөзі (кәламы). Ауыздан шыққан әріптер от дегенмен бірдей. От деп айту оңай, бірақ отқа ешкім шыдай алмайды. Бұл әріптердің мағыналары да осылай. Бұл әріптер басқа әріптерге ұқсамайды. Бұл әріптердің мағыналары ортаға шығатын болса, жеті қабат жермен жеті қабат көк шыдай алмайды. Аллаһу та’ала Өз сөзінің ұлылығын, әдемілігін осы әріптердің ішіне жасырып, адамдарға жіберген. Құран кәрімді оқудан бұрын, мұны айтқан Аллаһу та’аланың ұлылығын түсіну керек, кімнің сөзі екенін ойлау керек. Құран кәрімді қолға ұстау үшін қолдың таза болуы керек, ал оны оқу үшін де көңілдің таза болуы керек. Сол себепті сахабалардан хазреті Икрима Мусхафты (Құранды) ашқанда есінен танып қалатын. Аллаһу та’аланың ұлылығын білмеген адам Құран кәрімнің ұлылығын да түсіне алмайды. Аллаһу та’аланың ұлылығын түсіну үшін де Оның сипаттарын және жаратқандарын ойлану керек. Бүкіл махлұқтардың иесінің, жаратушысының сөзі екенін ойлап оқу керек» (Кимия-и саадет)
Түсінбей оқыса да Құран кәрімді оқу үлкен сауап және ғибадат. Имам Ахмед бин Ханбел хазрет Аллаһу та’аланың «Түсініп те, түсінбей де Құран кәрімді оқыған адам менің разылығыма қауышады» деп бұйырғанын білдірген. (Ихия)
Құран кәрімдегі ілімдер Сұрақ: Тәфсир кітаптарында аяттардың бүкіл мағыналары білдірілген бе? Жауап: Жоқ. Бүкіл тәфсирлер Құран кәрімдегі ілімдердің өте азын ғана білдірген. Қиямет күні Мұхаммед алейһиссалам мінберге шығып Құран кәрімді оқығанда тыңдағандар бүкіл ілімдерін түсінеді. (Баршаға керек иман кітабы) |