19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ғалымның қасында үндеме – білімің артсын

Ғалымның қасында үндеме – білімің артсын

Сөйлей алу қабілеті – адам баласына берілген ең үлкен ниғметтердің бірі. Жануарлардың тілі біздікінен әлдеқайда үлкен болғанымен, олар сөйлей алмайды. Сөйлеу арқылы біз дертімізді оңай айтып бере аламыз, білім аламыз және білім береміз. Одан басқа тағы көптеген пайдалары бар. Сонымен қатар тіліміздің кесірінен басымызға үлкен қиыншылық келуі де мүмкін.

«Тілдің көлемі кішкентай, бірақ зардабы үлкен» демекші, тіл адамды жәннатқа да, тозаққа да апаруы мүмкін. Қаншама адамдар айтқан сөздерінің кесірінен өлтірілген немесе жылдар бойы қамауда жатқан. Ал қаншамасы үлкен ниғметтерге бөленген. Сондықтан да тілімізге ие болуымыз керек. Сөйлеуден бұрын айтатын сөзімізді тексеру қажет. Айтпақшы болғанымыз өзімізге немесе біреуге пайдасын тигізетін болса, сөйлеген жөн. Егер айтқандарымыздың ешқандай пайдасы болмаса, онда бостан-бос сөйлеген боламыз.

Аллаһу та'ала бізге бір тіл және екі құлақ берді. Сондай-ақ тілімізді екі құлыптың артына қойды – тіс пен ерін. Демек, екі рет тыңдап, бір рет сөйлеуіміз керек.

Ғалымның қасында үндемесек, біліміміз артады. Сауатсыздың қасында үндемесек, сабырымыз артады. Өйткені сауатсыз адам бос сөйлейді, оны тыңдағанда сабыр етуге мәжбүр боламыз, бұл біздің жетілуімізге себеп болмақ.

Хадис шәрифте былай делінеді: «Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірген адам сөздеріне мұқият болсын. Не дұрыс сөйлесін, не үндемесін! Өйткені ауыздан шыққан барлық сөздерді періштелер жазып алады және оның сұрауы болады».

Қажетсіз жерде сөйлемеу және бізге қатысы болмаған сұрақтар сұрамау қажет. Жолда танысымызбен кездесіп қалғанда да қайдан келе жатқанын немесе қайда бара жатқанын сұрамаған жөн. «Пәленше бізді қонаққа шақырды» немесе «Пәленшенің үйіне бара жатырмыз» десе, біздің танысымыз болса «Бізді неге шақырмады?» деп оған ренжіп қаламыз.

Жалпы алғанда өмірде біз бір-бірімізге көп сұрақ қоямыз. Мысалы: «Атың кім? Жасың қаншада? Қайда жұмыс істейсің? Қай оқуды бітірдің? Шетел тілін меңгергенсің бе? Үйленгенсің бе? Қанша балаң бар?» және т.б. көптеген сұрақтар. Қабірге түскеннен кейін бір ғана сұрақ қалады: «Қандай амалың бар?».

Тозаққа түскендердің көбі тілдерінің кесірінен түседі. Адам баласының ешбір мүшесі тіліндей жақсы және тіліндей жаман әрі қауіпті бола алмайды.

Дүниеге құмар адам қалайша халал-харамды ажыратпай бар тапқанын қалтасы мен асқазанына тыға беретін болса, дәл солай көп сөйлеуді жақсы көретін адам да дұрыс-қатесін ажыратпай ойына келгенін орынды-орынсыз сөйлей береді. Бұдан көп қиыншылық көріп, көп өкініп жатады, бірақ бәрі бос!

Ата-бабаларымыздың неткен керемет даналық сөзі бар: «Көп мал харамсыз, көп сөз жалғансыз болмас»...