Әһли сүннеттің көсемі Имам АғзамИмам Ағзам хазрет – әһли сүннеттің көсемі. Шын есімі Нұғман. 80 (м.699) жылы Куфада дүниеге келіп, 150 (м.767) жылы 6 мамырда Бағдатта шәһид етілді. Фиқһ білімдерін, әһли сүннет сенімін жинақтаған Имам Ағзам хазрет бұларды жүздеген шәкірттеріне үйретіп, кітаптарға түсуіне себепші болған. Терең білімі, зеректігі, ақылы, тақуалығы, діндарлығы, сыпайылығы, ізгілігі және жомарттығы жүздеген кітаптарда баяндалған. Имам Ағзам хазрет білім алуды қалай бастағанын өзі былай айтып берген: «Бір күні сол заманның ғалымдарының бірі Шабидың қасынан өтіп бара жатқан едім. Ол мені шақырып алды да «Қайда қатынап жүрсің?» деп сұрады. Мен «Базарға бара жатырмын» деп едім, «Оны сұрамадым, ғалымдардан кімнің дәрістеріне қатысып жүрсің?» деді. «Ешкімнің дәрісіне тұрақты қатысып жүрген жоқпын» деп жауап бердім. Сонда ол «Білім алуды және ғалымдармен көрісуді қалдырушы болма! Мен сенің зерек, ақылды және қабілетті бала екеніңді көріп тұрмын» деді. Оның бұл айтқаны маған қатты әсер етті. Базарды тастап, білім алу бағытын алдым». Имам Ағзам ұстазы Хаммадтың дәрістеріне жиырма сегіз жыл қатысып, теңдессіз дәрежеге жетті, әлі дәріс алып жүрген кезінде-ақ фиқһта танымал болды. Ал тасаууф білімдерін Мұхаммед Бақыр, одан кейін Силсилә-и алия ғұламасы Жафар Садық хазреттен алды. Абдуллаһ ибн Мубәрәк былай айтып берген: «Имам Ағзам Әбу Ханифа, Имам Маликтың алдына келгенде ол орнынан тұрып оған құрмет көрсетті. Ол кеткен соң қасындағыларға «Бұл кісіні танисыңдар ма? Ол Әбу Ханифа Нұғман бин Сабит. Егер мына ағаш тірекке алтын десе, сондай екенін дәлелдеп береді» деді». Имам Ағзам хазрет саудамен де айналысатын. Шәкірттерінің қажеттіліктерін өзінің жеке табысынан өтейтін. Ол шәкірттерін кәміл жетілдіргені сонша, басқалар ұзақ уақытта табатын үкімдерді олар қысқа уақытта табатын. Оның дәріс беру тәсілін және шәкірттерін көруге келген араларында табиин де бар болған ғалымдар олардың осы үстемдіктерін, жетістіктерін көріп, өте разы болып, таңданыс білдіріп кететін болған. Имам Ағзам шәкірттеріне «Сендер менің жүрегімнің қуанышы, қайғымның жұбанышысыңдар» дейтін. Қорыта айтқанда, Имам Ағзам Әбу Ханифа Ислам дінінің мұсылмандардан дұрыс ақида (әһли сүннет сенімі), дұрыс амал және көркем мінез талап ететінін көрсеткен, өмірі бойы осы құтылу жолын түсіндірген. Қайтыс болуынан кейін де жетілдірген шәкірттері және кітаптары ғасырлар бойы келген барша мұсылмандарға жарық беріп жол көрсеткен. Аллаһу та'ала шапағатын нәсіп етсін! Әмин! |