ИМАМ ӘЛИ БИН ӘБИ ТАЛИБ (радиаллаһу анһ)Әмир-ул мүминин Әли бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ уә кәррәмаллаһу уәжһәһ) «Тасаууфта адамдарға әулиелік жолының фәйздерінің жетіп баруына себепші болған» он екі имамның біріншісі. Күнясі Әбул Хасан және Әбу Тураб. Ең жақсы көретін есімі Әбу Тураб еді. Оны осы есіммен атағанда қуанатын. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қызы хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһ) үйіне барды. Хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) көре алмаған соң «Көкемнің ұлы қайда?» деп сұрады. Хазреті Фатима (радиаллаһу анһа) «Арамызда бір нәрсе болды. Ол ренжіп сыртқа шығып кеткен. Менің қасымда қайлула ұйқысына да жатпады» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді тауып келуі үшін біреуді жіберді. Ол адам іздеп келді де, хазреті Әлидің мешітте қайлулә жасағанын айтты. Қайлула – түске дейін біраз ұйықтап алу деген сөз. Түнде ғибадат жасағандарға бұл сүннет болып табылады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітке барды. Хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) ұйықтап жатқан және киімі үстінен жерге түскендіктен арқасына топырақ тиген күйде көрді. Мүбәрәк қолымен топырақты қағып, «Тұра ғой, Әбу Тураб, тұра ғой, Әбу Тураб» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) былай риуаят еткен: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мен кімнің мырзасы болсам, Әли де оның мырзасы. Мені жақсы көргендер Әлиді де жақсы көреді» деді». Бәра бин Азиб (радиаллаһу анһ) риуаят еткен: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) қолын ұстап «Мен мүминдерге өздерінен де сүйіктімін бе?» деп сұрады. Ол жақта отырғандар «Йа, Расулаллаһ, иә, біз сізді өзімізден артық жақсы көреміз» деді. Кейін хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) көрсетіп: «Мен кімнің мырзасы болсам, Әли де оның мырзасы! Йа, Раббым, оны жақсы көргенді сен де жақсы көр! Оны жақсы көрмегенді сен де жақсы көрме!» деді». • Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) ізгіліктері мен үстемдіктері сөзге, жазуға сыймайды. Имам Ахмед бин Ханбал (рахметуллаһи алейһ) айтқан: «Сахабалардың (алейһимурридуан) ешқайсысынан Әли бин Әби Талибтың (кәрәмаллаһу уәжһәһ) ізгіліктеріндей естілмеген». Ал Сәйид-ут таифа Жүнәйд Бағдади (қуддиса сиррух): «Егер хазреті Әли (радиаллаһу анһ) соғыстардан босап, мүмкіндік таба алғанда, бізге тасаууфқа қатысты көп нәрсе келер еді, жүрек оған шыдай алмас еді» деген. «Шәрһ-и тәарруф» кітабында былай жазылған: «Әли бин Әби Талиб (радиаллаһу анһ) арифтердің (әулиелердің) басы. Ол өзіне дейін ешкім айтпаған және одан кейін де соған ұқсас ешкім ештеңе айтпаған нәрселерді айтты. Мысалы, бір күні мінберде «Менен Арштың астындағыларды сұраңдар. Менің жүрегім ілімге толы. Бұл ілім аузымыздағы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузының суынан. Ол мүбәрәк аузының суын менің аузыма салған болатын. Нәпсім құдіретінде болған Аллаһу та'алаға ант етемін, егер рұқсат берілсе, Тауратта және Інжілде жазылған нәрселерді айтар едім және менің сөздерімді бәрі растайтын еді» деген». Сол жерде Даләб Йемани есімді біреу бар еді. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) осы сөздерін естігенде «Мына адам не деп тұр, бір сұрақ қойып оны масқара қылайын» деді де, орнынан тұрып «Бір сұрақ қойғым келіп тұр» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Біліп алу үшін болса сұра, қарсы шығу үшін болса сұрама» деді. Даләб Йемани «Сен мені сұрақ қоюға мәжбүрледің» деп «Йа, Әли (радиаллаһу анһ)! Раббыңды көрдің бе?» деп сұрады. Хазреті Әли: «Көрмеген Раббыма табынбаймын» деп жауаптады. Даләб: «Қалай көрдің?» деп сұрағанда хазреті Әли: «Басымыздағы көзбен көру мүмкін емес, тек жүректегі хақиқи яқинмен (шынайы сеніммен) көруге болады. Раббым бір, серігі мен ұқсасы жоқ. Мекені жоқ. Ол уақытқа бағынбайды, Оны сезім мүшелерімен түсініп білу мүмкін емес, Оны жаратылыстармен салыстыруға болмайды» деді. Даләб Йемани бұл жауапты естігенде айқайлап жіберді де, есінен танып жерге құлады. Біраздан соң есін жиғанда ешкімге қарсы шығу, сынау ниетімен сұрақ қоймайтынына Аллаһу та'алаға сөз берді. Хазреті Әли оған: «Біліп қой, Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) айтқан: Әлиге (радиаллаһу анһ) ілімнің оннан тоғызы берілген. Ол оннан біріне де ортақ» деді». • Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) «Дәлаил-ун нубуввә» атты кітабында былай жазған: «Рум кайзері әмир-ул мүминин хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы дәуірінде өте қиын сұрақтар жазып, жауап алуы үшін елшісімен бірге жіберді. Бұл оқиға кітаптарда ұзақ баяндалған. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) кайзердің хатын оқып, хазреті Әлиге жіберді. Хазреті Әли оқығаннан кейін қалам мен қағаз сұрады. Сұрақтарға жауап жазып, елшіге берді. Елші хазреті Омардан «Бұл жауаптарды жазған адам кім?» деп сұрады. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көкесінің ұлы, күйеуі баласы және досы» деп жауап берді». • Әмир-ул мүминин хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) өткір және тапқыр жауаптарының бірі мынадай: «Бір күні бір топ яһуди келіп, «Ей, мұсылмандар! Сендер пайғамбарларыңның қайтыс болғанынан кейін не істедіңдер? Бір-бірлеріңе қылыш көтеріп, тіпті соғыстыңдар» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) оларға: «Ей, яһудилер, сендердің аяқтарың теңізден әлі кеппей тұрып-ақ хазреті Мұсаға (алейһиссалам) «Бізге басқалардың пұттары секілді пұт тауып бер» дедіңдер» деді». • Әмир-ул мүминин хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) «Хазреті Әбу Бәкірдің және хазреті Омардың (радиаллаһу анһума) замандарында мұсылмандар арасында фитна мен соғыс болмады. Хазреті Османның және сенің (радиаллаһу анһума) заманыңда қайғы-қасірет, бүлік және соғыс болды» деген сұрақ қойылды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бұл сұраққа мынадай жауап қайтарды: «Хазреті Әбу Бәкірдің және хазреті Омардың (радиаллаһу анһума) көмекшілері хазреті Осман және мен (радиаллаһу анһума) едік. Ал хазреті Османның және менің көмекшілерім сендер болдыңдар, сондықтан осылай болды». • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Фил» оқиғасынан жеті жыл өткен соң Меккеде дүниеге келді. Кейбірлері оны қағбада туылды деген. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбарлығы білдірілгенде хазреті Әли он бес жаста еді. Кейбірлері он үш, кейбірлері он жаста болғанын айтты. Тоғыз жаста болғанын айтқандар да бар. Бірінші риуаят сахих (дұрыс). Ибн Жәузи «Сафуа-тус сафуа» кітабында «Хазреті Әлидің қайтыс болған кездегі жасы туралы төрт риуаят бар, олар: алпыс үш, алпыс бес, елу жеті және елу сегіз» деп жазған. • Әмир-ул мүминин хазреті Осман (радиаллаһу анһ) шәһид етілгеннен үш күн өткен соң жерленді. Бес күннен кейін халық хазреті Әлиге келіп, халифалықты қабылдауын сұрады. Өйткені ол кезде халифалыққа одан лайықты ешкім жоқ еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) қабыл етпеуге әбден тырысты. Бірақ соңында қабылдап, сол жердегі адамдармен биат жасады. Биат етушілер (бағынғандар, халифалығын қабылдағандар) арасында Хузәймә бин Сабит, Әбул Хәйсәм бин Тихан, Мұхаммед бин Мүслим, Аммар бин Ясер, Әбу Мусәл Әшари, Абдуллаһ бин Аббас (радиаллаһу анһум әжмаин) секілді көптеген адам бар еді. Хазреті Талха мен хазреті Зубәйр (радиаллаһу анһума) да биат етті. Абдуллаһ бин Омар, Са’д бин Әби Уаққас та әһли қиблаға (мұсылмандарға) қарсы соғысқа қатыспау шартымен биат етті. Осы мәселедегі хадис шәрифтерді себеп ретінде көрсетті. Қысқасы, хазреті Әлидің халифалығы биат арқылы жүзеге асты. Әһлул хал және әһлул ақд (халифа тағайындау, күрделі мемлекеттік мәселелерді шешу үшін құрылған мәжіліс) бұл мәселеде бір келісімге келді. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) әулиелігінің және кереметінің соңы жоқ. • Сахих риуаяттармен бекітілгені бойынша, хазреті Әли мүбәрәк аяғын атының үзеңгісіне қойғанда Құран кәрім оқуды бастап, екінші аяғын қоярда немесе басқа риуаят бойынша атқа мініп отырғанда толықтай хатым ететін болған. • Әсма бинти Умәйс хазреті Фатиманың (радиаллаһу анһума) былай айтып бергенін риуаят етеді: «Алғашқы түні Әлиден (радиаллаһу анһ) қорықтым. Өйткені жер онымен сөйлесетін еді. Таңертең бұл жағдайды Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтып бердім. Расулуллаһ сәжде жасады. Біраздан соң мүбәрәк басын көтеріп, маған: «Саған сүйінші, ей, Фатима! Сенің ұрпағын өте таза болады. Аллаһу та'ала күйеуіңді басқа адамдардан да ізгі қылды. Жер жүзіне шығыстан батысқа дейін не болып жатқан болса, бәрін оған хабар беруін әмір етті» деді. • Имам Фахреддин Рази (рахметуллаһи алейһ) «Тәфсир-и кәбир» кітабында былай жазған: «Имам Әлидің (радиаллаһу анһ) сүйіктілерінен Абдуллаһ Әсуәд есімді біреу бар еді. Бір күні ол ұрлық жасап қойды. Оны хазреті Әлиге алып келді. «Сен істедің бе?» деп сұрағанда Әсуәд «Иә» деп мойындады. Сонда оның қолын шауып тастады. Әсуәд сыртқа шығып бара жатқанда жолда Салман Фариси мен Ибн Кәуаны (радиаллаһу анһума) кездестірді. Ибн Кәуа «Қолыңды кім шапты?» деп сұрады. Әсуәд «Қолымды мүминдердің әмірі, мұсылмандардың көсемі, Расулуллаһтың күйеу баласы және Бәтулдің күйеуі шапты» деп жауаптады. Ибн Кәуа «Сен қолыңды шапқан адамды мақтап жатырсың ба?» деп сұрап еді, Әсуәд «Қалай мақтамайын, ол менің қолымды әділетпен шапты және мені тозақ отынан құтқарды» деді. Салман Фариси (радиаллаһу анһ) Әсуәдтің бұл сөздерін хазреті Әлиге айтып берді. Хазреті Әли Әсуәдті шақырып алды. Шабылған қолын білегіне жабыстырып қойып, орамалмен орап, дұға етті. Сол мезетте аспаннан бір дауыс естілді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) орамалды шешуді бұйырды. Шешіп қараса, Әсуәдтің қолы Аллаһу та'аланың рұқсатымен бітіп, жазылып, бұрынғыдай болған еді». • Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Куфаға барған еді. Бір күні таң намазын оқыған соң бір адамға «Пәлен жерге бар, ол жақта мешіт бар. Мешіттің қасында үй бар. Сол үйде бір әйел мен еркек сөз таласып жатыр. Оларды осында алып кел!» деп бұйырды. Адам оларды алып келді. Хазреті Әли оларға «Бұл түні көп дауластыңдар» деді. Жігіт «Ей, мүминдердің әмірі, мына әйелмен некелескен болатынмын. Бірақ оған жақындағым келген кезде бірден жиіркеніш туады. Шамам жетсе оны өзімнен толықтай аулақ қылғым келді. Ол менімен дауласа бастады. Сіздің бұйрығыңыз келіп, бізді шақырғанға дейін ұрысып жатқан едік» деді. Хазреті Әли «Кейбір сөздерді бәрінің естуі қажет емес» деді. Ол жақтағы басқа адамдар тарай бастады. Хазреті Әли әйелге қарап, күйеуін көрсетіп, «Бұның кім екенін білесің бе?» деп сұрады. Әйел «Жоқ» дегенде хазреті Әли «Мен айтайын. Бірақ сен айтқандарымды жоққа шығарма» деп сөзін жалғастырып: «Сен пәленшенің қызы емессің бе?» деп сұрады. Әйел «Иә» дегенде, «Сенің көкеңнің ұлы бар еді. Екеуің бір-бірлеріңді жақсы көретін едіңдер. Анаң үйленулеріңе қарсы болды. Сен бір түні әжетханаға сыртқа шықтың. Көкеңнің ұлы сені ұстап алып, жақындады. Одан жүкті болдың. Бұл жағдайды анаңа айтып бердің. Әкеңнен жасырдың. Баланы туатын кезіңде анаң сені сыртқа шығарды. Ұл тудың. Оны матаға орап, адамдар дәрет сындыратын дуалдың түбіне қалдырып кеттің. Баланы бір ит келіп иіскеді. Сен итті қуып оған тас лақтырдың. Тас балаға тиіп, басын жарды. Анаң киімінен бір кесек мата жыртып, баланың басын байлады. Баланы сонда тастап кеттіңдер. Одан кейін оны көрмедіңдер» деді. Әйел, «Иә, ей, мүминдердің әмірі, солай болды. Мұны менен және анамнан басқа ешкім білмейтін» деді. Хазреті Әли жалғастырып «Ол күні таңертең пәлен керуен сол жерден алып кеткен болатын. Оны өсіріп, тәрбиелеп жетілдірді. Кейін ол жігіт керуенімен бірге Куфаға келіп, сенімен некелесті» деді. Жігітке «Басыңды аш» деді, жігіт басын ашқанда басында тас жарасының ізі байқалды. Әйелге «Бұл жігіт сенің ұлың. Аллаһу та'ала сендерді харам істеуден қорғады. Ал енді ұлыңды ертіп кете бер» деді. • Куфа халқы әмир-ул мүминин хазреті Әлиге «Евфрат өзенінің суы тасып, егістігімізді басып құртты. Аллаһу та'алаға дұға етіңіз, суы азайсын» деп өтінді. Хазреті Әли үйіне кірді. Халық есік алдында күтіп тұрған еді. Біраздан соң сыртқа шықты. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пәлтесін киіп, шапанын иығына тастап, сәлдесін басына киіп, аса таяғын қолына ұстап шыққан еді. Ат сұрап, атқа мініп, Евфрат өзенінің жағасына барды. Халық та жаяу артынан ерді. Өзеннің жағасына барғанда аттан түсіп, екі рәкат намаз оқыды. Кейін аса таяқты қолына алып, көпірге шықты. Хазреті Хасан мен хазреті Хусейн де (радиаллаһу анһума) қасында еді. Аса таяғымен суға қарай ишара жасады. Су біраз азайды. «Осы жете ме?» деп сұрады. Халық тағы біраз азаюын сұрады. Аса таяғымен екінші рет ишара жасады. Су біраз азайды. Қайтадан «Осы жете ме?» деп сұрады. Халық тағы азаюын сұрады. Үшінші рет ишара жасағанда су тағы азайды. Халық «Ей, мүминдердің әмірі, осы жеткілікті» деді. • Жүндәб бин Абдуллаһ әл-Әзди (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Жәмәл және Сыффин соғыстарында мен хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) бірге едім. Хазреті Әлидікі дұрыс екеніне еш күмәнім жоқ еді. Нахрауанға барып, сонда тұрақтадық. Сол кезде ішіме күмән келді. «Қарсыластарымыздың бәрі діндар және таңдаулы адамдар. Оларды өлтіру үлкен жауапкершілік» деп ойладым. Таңертең әскердің арасынан шықтым. Бір торсық суым бар еді. Бір жерде найзамды жерге қадап, қалқанымды соған астым. Қалқанның көлеңкесінде отырдым. Бір кезде әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) келіп қалды. «Суың бар ма?» деп сұрады. Мен торсығымдағы суды бердім. Суды алып, алыс жерге барды, көзге көрінбей қалды. Кейін көрінді. Дәрет алған екен. Келіп қалқанның көлеңкесіне отырды. Сол кезде атты біреу келіп, хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) сұрады. Мен «Йа, әмир-әл мүминин! Мына атты кісі сізбен көріскісі келеді» деп едім, «Шақыр, келсін» деді. Мен шақырдым, ол алдына келіп, «Йа, әмир-әл мүминин, қарсыластар Нахрауанды өтіп, суды бөгеп қойды» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Мүмкін емес, әлі өтпеген болу керек» деді. Біз сөйлесіп отырғанда тағы бір кісі келіп, «Қарсыластар судан өтті» деді. Хазреті Әли «Өткен жоқ» деді. Әлгі адам «Уаллаһи, мен олардың туларын судың арғы жағынан көрмей келмедім, өтіп кетті» деді. Әмир-ул мүминин хазреті Әли «Уаллаһи, өткен жоқ! Қалай өтіп кетеді, олардың қан төгетін жері осында ғой» деді. Кейін күте бастады. Мен де күтіп отырған едім. «Әлхамдулиллаһ, менде бір өлшем пайда болды. Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) жағдайын сол өлшеммен аңғарамын. Ол не өтірікші батыр, не оның Аллаһу та'аладан немесе Расулынан естіген білген бір дәлелі бар» деп ойладым. Өзім ішімнен егер қарсыластар суды өткен болса, хазреті Әлиге қарсы, өтпеген болса, қарсыластарға қарсы соғысамын деп шешім қабылдадым. Әскердің арасынан өтіп қарасам, қарсыластар әлі суды өте алмаған екен. Тулары бір жерде тұрған еді. Сол кезде хазреті Әли (радиаллаһу анһ) арқама қолын қойып, «Кәнеки, өз жұмысыңмен айналыс» деді. Соғысуды бастап, қарсыластардың біреуін өлтірдім. Артынша тағы біреуін өлтірдім. Біреуіне атымды айдап шабуылдадым. Оны жараладым, ол да мені жаралады. Екеуміз де жерге құладық. Достарым мені алып кетті. Есімді жиғанда соғыс біткен еді». • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір соғыстың басында былай деген еді: «Қарсы тараптың әскері өлтіріліп, он адамнан аз қалмайынша бұл жерден өте алмайды! Ал менің әскерімнен он кісіден аз шәһид болады». Соғыстан кейін қарсыластардан тоғыз адам тірі қалған еді. Ал хазреті Әлидің әскерінен тоғыз адам шәһид болған еді. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли біреуге «Сені пәлен жердегі пәлен құрма ағашына асады» деді. Дәл айтқанындай болды. • Қумәйл бин Зиядты (радиаллаһу анһ) Хажжаж бин Юсуф шақырды. Қумәйл бин Зияд бармай, қашып кетті. Хажжаж оның туыстары мен жақындарын қызметтерінен босатты. Сонда Қумәйл бин Зияд «Мен онсыз да қартайып қалдым. Менің кесірімнен жақындарымды жұмыстан босатуы дұрыс емес» деп ойлап, Хажжажға өзі барды. Хажжаж «Сені ұстап алғым келген еді» деді. Қумәйл бин Зияд Хажжажға «Мен қартайдым. Маған білгеніңді істе, бәрібір Аллаһу та'аланың алдына барамыз. Мені өлтірсең, сенен есебін сұрайды. Маған әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Сені Хажжаж өлтіреді» деген болатын» деді. Хажжаж Қумәйл бин Зиядтың (радиаллаһу анһ) басын шапты. • Хажжаж бір күні «Әбу Турабтың, яғни хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) сахабаларының бірін өлтіріп, (соның сауабы арқылы) Аллаһу та'алаға жақындағым келеді. Онымен ең көп бірге болып сұхбаттасқан – құлы Қанбәр» деді. Қанбәрді (радиаллаһу анһ) шақырып алды. Одан «Қанбәр деген сенсің бе?» деп сұрады. Ол «Иә» дегенде «Әли бин Әби Талибтың құлысың ба?» деп сұрады. Ол «Мен Аллаһу та'аланың құлымын. Әмир-ул мүминин Әли (радиаллаһу анһ) жарылқаушым» деп жауаптады. Хажжаж «Оның жолынан қайтасың ба?» деп сұрады. Қанбәр «Оның жолынан, дінінен абзал дін көрсет» деді. Хажжаж «Сені өлтірмекшімін, қалай өлтіргенімді қалайсың, айт» деді. Қанбәр (радиаллаһу анһ) «Қалай өлтірсең де, өзің біл. Мен де қиямет күні сені өлтіремін. Онсыз да хазреті Әли (радиаллаһу анһ) маған «Ей, Қанбәр! Сені зұлымдықпен өлтіреді» деген болатын» деді. Хажжаж бұйрық берді, Қанбәр (радиаллаһу анһ) өлтірілді. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Бәра бин Азибке (радиаллаһу анһ) «Ұлым Хусейнді (радиаллаһу анһ) шәһид етеді. Ол кезде сен тірі боласың. Оған көмектеспейсің» деді. Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) шәһид болды. Бәра бин Азиб (радиаллаһу анһ) «Әмир-ул мүминин хазреті Әли рас айтты. Хазреті Хусейн шәһид етілді. Мен оған көмектеспедім» деді. Қатты өкінді. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли бір сапарында Кәрбалаға кірді. Жан-жағына қарап, бір жылап алды да, өтіп кетті. «Бұл жер – олардың түйелері шөктірілетін жер, олар өлтірілетін орын» деді. Қасындағы сахаба «Ей, әмир-ул мүминин! Бұл қай жер?» деп сұрады. «Бұл Кәрбала, мұнда бір қауым өлтіріледі. Олар есепсіз жәннатқа кіреді» деп жауап берді. Ол кезде бұл сөздің мағынасын ешкім түсінбеген болатын. Бірақ Кәрбала оқиғасы орын алғанда, хазреті Хусейн шәһид етілгенде түсінікті болды. • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Куфадан әскер сұраған болатын. Олар ұзақ қарсылықтан кейін жіберді. Әскер келмей тұрып хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Он екі мың адам келе жатыр» деді. Сахабалардың бірі «Әскер өткен жерге тұрдым да, жеке-жеке санап шықтым. Тура он екі мың адам еді» деген. • Сыффин соғысына бара жатқанда хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) әскері тұрақтаған жерлердің бірінде су қажет болды. Жан-жақты қанша іздеп шықса да, су таба алмады. Хазреті Әли сахабаларын біраз басқа жолмен жүргізді. Шөлде бір шіркеу көрінді. Шіркеудегілерден су сұрағанда олар «Бұл жерден екі фәрсах қашықтықта су бар» деп жауаптады. Сахабалар хазреті Әлиге «Рұқсат берсеңіз барып келейік, күшіміз таусылғанша суға жетіп барамыз» деді. Хазреті Әли «Ол жаққа барудың қажеті жоқ» деді де, қашырын құбылаға қарай бұрды. Бір жерді көрсетіп, «Осы жерді қазыңдар» деді. Қаза бастағанда үлкен тас шықты. Тасты еш жылжыта алмады. Хазреті Әли «Су осы тастың астында, күштеріңді салып тасты шығарыңдар» деді. Қанша тырысса да ешкім тасты шығара алмады. Хазреті Әли бұл жағдайды байқап, қашырынан түсті. Жеңін түріп, мүбәрәк саусақтарын тастың астына тықты, күшеніп тасты көтерді де, алысқа лақтырды. Ол жерден өте таза, тәтті және салқын су шықты. Бәрі сол суды ішті. Ыдыстарына да құйып алды. Хазреті Әли әлгі тасты қайтадан орнына қойды да, «Үстін топырақпен жабыңдар» деді. Ол жерде бұлардың бәрін шіркеудің монахы көрген еді. Дереу шіркеуден шығып, хазреті Әлидің алдына келіп, «Сен пайғамбарсың ба?» деп сұрады. Ол «Жоқ, мен мүрсәл пайғамбар Мұхаммед Мұстафаның (алейһиссалам) халифасымын» деп жауаптады. Монах хазреті Әлиге «Қолыңды бер, мұсылман болайын» деді де, «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһу уә әннәкә уасийю Расулуһу», яғни «Сенің де Расулдың мұрагері екеніңе куәлік етемін» деп мұсылман болды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) монахтан «Сен осы жасқа дейін өз дініңді ұстанып келген екенсің. Не себепті енді біздің дінімізге кірдің?» деп сұрады. Монах: «Ей, мүминдердің әмірі, бұл шіркеу осы тасты көтере алатын адамға арнап құрылған. Біз өз кітаптарымыздан оқығанбыз, ғалымдарымыздан естігенбіз, бұл жерде бұлақ бар. Үстінде тас бар. Ол тасты тек қана пайғамбар немесе оның мұрагері көтере алады. Ол тасты сенің көтергеніңді көргенде арманыма қауыштым, жылдар бойы күткенім орындалды» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) мұны естігенде жылап жіберді. Көзінен аққан жастан сақалы суланды. Кейін «Аллаһу та'алаға шүкір, мені ұмытылғандар арасында қалдырмады, кітабында аталғандар арасына қосты» деді. Монах хазреті Әлидің әскеріне қосылып, Шам халқына қарсы көп соғысты, соңында шәһид болды. Хазреті Әли оның жаназасын оқып, Аллаһу та'аладан кешірілуін тілеп дұға етті. Ол туралы айтылған кезде «Ол менің досым» дейтін еді. • Хаббә Урни (радиаллаһу анһ) әмир-ул мүминин хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) достарынан еді. Ол былай айтып берген: «Хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) қарсы соғыс күндерінде әмир-ул мүминин хазреті Әли бір шіркеудің маңында тұрақтады. Бір адам келіп «Әссәләму алейка йа әмир-әл мүминин» деп сәлем берді. Хазреті Әли «Уа алейкәссалам» деді. Ол «Мен Шәмун бин Юхәннамын. Мына шіркеудің иесімін. Бізде бір кітап бар. Иса алейһиссаламнан бері бізге мирас ретінде жетіп келген. Қаласаңдар оқып берейін» деді. Хазреті Әли «Оқы» деген соң ол оқи бастады. Кітапта Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пен үмбетінің қасиеттері жазылған еді. Соңында «Бұл шіркеудің маңында пайғамбарға ең жақын болған шығыс халқын дінге, иманға келтіретін және батыс халқымен соғысатын біреу тұрақтайды. Ол үшін дүние үлкен боранның желі көтерген құмнан әлдеқайда жеңіл. Ол үшін Аллаһ жолында және Оған деген махаббатпен өлу шөлдеп тұрған адамның су ішуінен оңай. Оған көмектескен адам Аллаһу та'аланың разылығын алады және оның тарапында соғысып өлгендер шәһид болады» деп жазылған еді. Кейін әлгі адам «Ол пайғамбар жіберілді. Мен ол пайғамбарға иман келтірдім. Сен осында келіп тұрақтағаныңда алдыңа келдім, бұдан былай тірі немесе өлі үнемі сенімен бірге боламын» деді. Оның бұл айтқандарын естіген хазреті Әли және қасындағылар жылап жіберді. Кейін хазреті Әли «Аллаһу та'алаға шүкір, мені ұмытылғандарға қоспады. Кітабында атап өтті» деді». Хаббә Урни былай жалғастырды: «Хазреті Әли маған «Мына адам сенімен бірге қалсын» деді. Сәске және кешкі аста оны қасына шақырып алатын. Ләйләтул Харирде соғыстың ауыр кезеңінде ол адам шәһид болды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) жаназасын оқыды, қабірге өзі түсірді және «Бұл адам әһли бәйтті жақсы көретін кісі» деді». • Ибн Аббас (радиаллаһу анһума) былай айтып берген: Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Худайбия күні Меккеге қарай жолға шықты. Мұсылмандар шөлдеді. Ешқайда су жоқ еді. Расулуллаһ Жахфәда тұрақтады. «Араларыңнан кім бірнеше адам болып пәлен құдыққа барып, ыдыстарды суға толтырып бізге алып келе алады? Аллаһтың Расулы оған жәннатты сүйіншілейді» деді. Бір адам тұрып «Мен барамын» деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бірнеше сушы қосып оны жіберді. Сәләмәтубни Әкуа (радиаллаһу анһ) былай деген: «Мен олармен бірге едім. Құдыққа жақын жерге бардық. Ол жақта ағаштар бар еді. Ағаштардың арасынан көп дауыс естідік және әрекеттер көрдік. Отынсыз алау көрінген еді. Біз қатты қорықтық. Ағаштардан әрі өтуге батылдығымыз жетпеді. Кері қайтып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына келдік. Ол «Олар бір топ жын еді, сендерді қорқытты. Егер бара бергендеріңде, алдында айтқанымдай, сендерге еш зияны тимейтін еді» деді». Тағы бір адам тұрып «Мен барайын, йа, Расулаллаһ!» деді. Ол да бірнеше адаммен бірге барды. Олар да ағаштардың маңына барып, қорқып кері қайтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Егер бара бергендеріңде, алдында айтқанымдай сендерге ешқандай зиян келмейтін еді» деді. Солай жүргенде кеш болды. Сахабалардың шөлі артты». Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) алдына шақырды. «Сушылармен бірге барып, құдықтан су әкеліңдер» деді. Сәләмәтубни Әкуа айтады: «Ыдыстарымызды арқамызға астық. Қылыштарымызды қолымызға алдық. Хазреті Әли алдында жүріп, мына мағынадағы өлең оқыған еді: «Жындардың гүрілінен және қорқыту үшін көрсеткен от алауынан қорқып кері қайтудан Рахман болған Аллаһу та'алаға сыйынамын». Ағаштардың маңына барғанда біз де дауыстар естідік және әрекеттер көрдік. Бізді де үрей басты. Өзара «Әли (радиаллаһу анһ) та әлгі екі адам секілді кері қайтады» дескен едік. Хазреті Әли бізге қарап «Менің артымнан жүріңдер. Көргендеріңнен қорықпаңдар. Сендерге олардан зиян тимейді» деді. Ағаштардың ортасында мүлде отын болмаса да үлкен алау жана бастады. Кесілген бірнеше бастар көрінді. Қорқынышты дауыстар есітілді. Қатты қорықтық. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) кесілген бастардың арасынан өтді. Бізге «Артымнан жүріңдер, жан-жаққа қарамаңдар және еш қорықпаңдар» деді. Артынан жүріп құдыққа бардық. Шелегіміз бар еді, Бәра бин Малик (радиаллаһу анһ) бір-екі шелек су тартты. Кейін шелектің жібі үзіліп, шелек құдыққа түсті. Құдықтың түбінен күлген, қарқылдаған дауыстар естілді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Кім барып, әскерден тағы бір шелек алып келеді?» деп сұрады. Бәрі «Ешбіріміздің ана ағаштардың арасынан өтуге батылдығымыз жетпейді» деді. Сонда хазреті Әли (радиаллаһу анһ) беліне жіп байлап, құдыққа түсті. Құдықтан қарқылдаған дауыстар естіліп, бара-бара арта берді. Хазреті Әли құдықтың жартысына дейін түскенде аяғы тайып, құдыққа түсіп кетті. Құдықтан абыр-сабыр дауыстар естіліп, адамды бауыздағанда шығатын дауыстар шыққан еді. Сол кезде хазреті Әлидің дауысы естілді. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Мен Аллаһтың құлы және Расулуллаһтың бауырымын! Су ыдыстарыңды төмен түсіріңдер» деген еді. Біз су ыдыстарын құдыққа түсірдік. Ол бәрін суға толтырды. Ауыздарын байлап, бір-бірден жоғары шығарды. Біз бір-бір ыдыстан, ал хазреті Әли екі ыдыс суды алып кеттік. Ағаштардың арасына келгенде алдында естіген дауыстар мен әрекеттердің ешқайсысын байқамадық. Ешбірі жоқ еді. Ағаштардың арасынан шығуымызға аз қалғанда айбарлы дауыс естідік. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) және хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) мақтайтын өлең оқыған еді. Хазреті Әли алдымызда кетіп бара жатқан және өлең оқыған еді. Расулуллаһтың алдына барғанда хазреті Әли болғандардың бәрін айтып берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Қайтарда естігендерің – Сафа төбесіндегі пұттардың шайтаны Мусирды өлтірген Абдуллаһ есімді жынның дауысы еді» деді». • Аллаһу та'ала хазреті Әли (радиаллаһу анһ) үшін күнді екі рет батқаннан кейін қайтып шығарған. Бірі Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) заманында, бірі қайтыс болғанынан кейін орын алды. Умму Сәләмә, Әсма бинти Умәйс, Жабир бин Абдуллаһ және Әбу Саид Худри (радиаллаһу анһум әжмаин) былай риуаят еткен: «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні үйінде хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) қасында отырған еді. Сол кезде Жәбрейіл (алейһиссалам) уахи әкелді. Уахидың ауырлығынан Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын хазреті Әлидің тізесіне қойды. Күн батқанға дейін сол күйде қалды. Хазреті Әли екінді намазын оқымаған болатын. Ишарамен отырған жерінде оқыды. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын көтергенде «Йа, Әли, екінді намазын оқыдың ба?» деп сұрады. Ол «Йа, Расулаллаһ, отырған жерімде ишарамен оқыдым» деп жауап берді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Дұға ет, Аллаһу та'ала күнді кері қайтарсын, намазыңды уақытылы және тұрып оқы» деді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) дұға етті. Күн кері қайтып, ол екінді намазын уақытылы оқыды». Әсма бинти Умәйс (радиаллаһу анһ): «Күн бататын уақытта күннен қол араның дауысындай дыбыс естілді» деген. Бұл оқиға бұған дейін өткен еді. Бірақ екі риуаят өзгеше болғандықтан, мұнда қайта жазылды. • Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болғаннан кейін әмир-ул-мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) Вавилонға бара жатқанда Евфрат өзенін өтпекші болды. Екінді намазының уақыты еді. Өзі және сахабалардың біразы екінді намазын оқып алды. Қалғандары малдарын судан өткізумен айналысты. Сол кезде күн батып кетті. Олар екінді намазын өткізіп алды. Бұл туралы көп сөздер айтылды. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бұл сөздерді естіп, күннің кері қайтуын тілеп Аллаһу та'алаға дұға етті. Аллаһу та'ала дұғасын қабыл етіп, күнді кері қайтарды. Екінді намазын оқымағандар намаздарын оқып алды, күн қайтадан батты. Ол кезде күннен қорқынышты дауыс естілді. Сахабалар қатты қорықты. Тәсбих, тәһлил және истиғфар айта бастады. • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) өзінің хабарларын хазреті Муауияға (радиаллаһу анһ) жеткізген адамға «Неге жеткіздің?» деп сұрады. Ол адам мойындамады. Хазреті Әли «Ант етесің бе?» деп сұрады. Ол ант етті. Хазреті Әли «Егер өтірік сөзге ант еткен болсаң, Аллаһу та'ала көзіңді көр етсін» деді. Бір апта өтпей әлгі адамның көздері көр болды. Таяқ ұстап жүретін, адамдар таяғынан жетелейтін болды. Жолын мүлде көрмейтін еді. • Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) «Дәлаил-ун нубуввә» атты еңбегінде де осы оқиғаға ұқсас оқиғаны риуаят еткен: «Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір күні Рахбеде бір адамнан бір нәрсе сұрады. Ол адам шындықты айтпай, дұрыс жауап бермеді. Хазреті Әли «Өтірік айтасың» деді. Ол «Жоқ, өтірік емес» деді. Хазреті Әли «Егер өтірік айтқан болсаң, саған қарғыс айтамын, Аллаһу та'ала сені көр қылсын ба?» деді. Ол «Мейлі, айт» деді. Сөйтіп хазреті Әли оны қарғады. Рахбеден шықпай тұрып-ақ әлгі адамның көзі көр болды. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір күні мешіттегілерге ант етіп «Кімде-кім Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Мені жақсы көрген адам Әлиді де жақсы көреді» дегенін естіген болса, куәлік етсін» деді. Он екі адам куәлік етті. Бір адам Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) осы хадис шәрифті айтқан сұхбатына қатысқан бола тұра куәлік етпеді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ): «Ей, пәленше, сен бұл хадис шәрифті естіген болсаң да неліктен куәлік етпедің?» деп сұрады. Ол «Мен қартайып қалдым, ұмыттым» деп жауап берді. Хазреті Әли «Йа, Раббым, егер мына адам өтірік айтқан болса, терісіне ақ дақтар пайда қыл, сәлдесі ол ақтықты жаппасын» деп дұға етті. Бұл оқиғаны риуаят еткен адам «Уаллаһи, ол адамды көрдім, екі көзінің арасында ақ дақ пайда болды» деген. Зәйд бин Әрқам (радиаллаһу анһ) айтқан: «Ол күні мен де сол мәжілісте немесе сондай мәжілісте едім. Мен де ол хадис шәрифті естігендердің бірі едім. Бірақ оны жасырдым, куәлік етпедім. Аллаһу та'ала менің көздерімнің нұрын кетірді». Риуаят бойынша, Зәйд бин Әрқам (радиаллаһу анһ) куәлік етпегеніне әрдайым өкініп, Аллаһу та'аладан кешірім сұрап өткен. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір күні мінберге шығып, былай деді: «Мен Аллаһтың құлымын. Расулуллаһтың бауыры және ізбасарымын. Жәннаттағы әйелдердің сәйидасымен некелескен менмін. Менен басқа бұған көз тіккеннің басына Аллаһу та'ала дерт берсін!» Сол жиында отырған біреу «Мен Аллаһтың құлымын және Расулуллаһтың бауырымын деген адамның сөзі ешкімге ұнамайды. Бұған кім сенеді?» деді. Ол адам орнынан тұрмай-ақ отырған жерінде ақылынан алжып жынды болып қалды. Сол жердегілер «Бұған дейін бұл адамда бұндай нәрсе болған ба?» деп сұрады. Қауымы «Жоқ, болмаған» десті. Ол адамның хазреті Әли туралы жаман ойлауы себебімен осылай болғанын бәрі түсінді. • Сыффин соғысында бір күні әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Ей, Әбу Мүслим, қайдасың?» деп жар салды. Хазреті Әлидің ұлы Мұхаммед бин Ханафия (радиаллаһу анһ): «Әкешім, Әбу Мүслим артқы қатарлардың бірінде» деді. Хазреті Әли «Ей, ұлым, Әбу Мүслим Хауланиды айтпадым. Мен осы әскердің қолбасшысы болатын Әбу Мүслимді айтып тұрмын. Ол шығыс жақтан қара жалаулармен шығады, көп соғысады. Аллаһу та'ала ол арқылы дінді жаяды. Діннің таралуында онымен бірге болғандарға және залымдардың басын жерге қаратуға күш-жігерін салғандарға сүйінші!» деді. • Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу та'ала анһ) Куфа халқынан Мұхаммед бин Әби Бәкірге (радиаллаһу анһ) көмектесуін сұрады. Бірақ олар тыңдамады. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Йа, Раббым! Бұлардың басына сондай бір адамды бәле қыл, оларды мүлде аямасын» деп дұға етті. Ал бір риуаятта «Оларға Сакифтен біреуді бәле қыл» деген. Сол түні Хажжаж туылды. Хажжаж Куфа халқын әбден қинап азаптаған еді. • Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) бір күні «Қашан өлетінімізді білсек қой» деді. Қасында отырғандар «Біз мұны біле алмаймыз» десті. Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) «Мен мұны Әлиден (радиаллаһу анһ) біліп аламын. Өйткені оның аузынан шыққан сөз ақиқат» деді. Сөйтіп, ең сенімді деген үш кісіні шақырды. Оларға «Куфаға барыңдар. Куфаға жетуге бір тұрақ қалғанда үшеуің бөлек-бөлек Куфаға кіріңдер. Менің қайтыс болғанымды хабарлаңдар. Бірақ ауруым, қайтыс болған уақытым, қабірімнің орны және жаназамды кім оқығаны туралы бәрің бірдей мәлімет беріңдер» деді. Әлгі үш адам жолға шықты. Куфаға бір тұрақ қалғанда алдымен біреуі кірді. Ол жақтағылар «Қайдан келесің?» деп сұрады. Ол «Шамнан келе жатырмын» деп жауаптады. «Шамда не жаңалықтар бар?» деп сұрағанда «Хазреті Муауия (радиаллаһу анһ) қайтыс болды» деді. Оны хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) алдына апарды. Хазреті Әли оның айтқандарына мән бермеді. Екінші күні басқа адам Куфаға кірді. Одан да бірінші адамнан сұралғандарды сұрады. Ол да бірінші адамның айтқандарын айтты. Бұл хабарды қайтадан хазреті Әлиге жеткізді. Бірақ ол мән бермеді. Үшінші күні үшінші адам Куфаға кірді. Ол да алдында кірген адамдардың айтқанын дәлме-дәл айтқанда хазреті Муауияның (радиаллаһу анһ) қайтыс болғанына ешкімнің күмәні қалмады. Ал хазреті Әли (радиаллаһу анһ) «Жоқ, ол қайтыс болмады» деді. Мүбәрәк басын көрсетіп «Мұның қанымен бетіме қан жағылмайынша Муауия (радиаллаһу анһ) қайтыс болмайды» деді. Әлгі үш адам бұл хабарды хазреті Муауияға жеткізді. Хазреті Муауия өзінің хазреті Әлиден кейін қайтыс болатынын түсінді және солай болды. • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір хұтбасында Бағдат оқиғасын меңзеп «Мен Бәни Аббастан біреудің құрбандық орнына әкелген түйелердің құлатылғанындай құлатылғанын көріп тұрғандаймын» деді. Тыңдап отырғандар «Бұған бөгет болу мүмкін емес пе?» деп сұрады. «Ол адамға обал болды, ол күні Аллаһу та'аланың бұйрығын тастап, дүниеге берілген және зиянға ұшыраған болады» деді. Кейін сол хұтбасында «Егер қаласам, ол адамдардың есімдерін, лақаптарын және сипаттарын, өлтірілетін жерлерін хабарлай аламын» деді. • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір хұтбасында оны өлтірген Абдуррахман бин Мулжәмді көрсетіп, оны сол өлтіретінін айтқан болатын. Бір кезінде Абдуррахман бин Мүлжәмді Куфа мешітінде көрді де, мына мағынадағы өлең шумақтарын оқыды: Дайындал өлімге, ол келе жатыр саған, Айқайлаушы болма, өлім келгенде саған. Кейін Ибн Мүлжәмді шақырып алып, оған «Сенің жаһилия дәуіріндегі немесе бала кезіңдегі лақап атың бар ма?» деп сұрады. Ол «Білмеймін» деді. «Саған «Ей, шақи» немесе «Ей, Салихтың қысыр түйесі» дейтін яһуди сүт анаң бар ма еді?» деп сұрады. Ибн Мүлжәм «Иә, бар еді» деп жауаптады. Хазреті Әли басқа ештеңе айтпай үндемей қалды. • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) бір күні былай деді: «Кеше түнде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсімде көрдім. «Йа, Расулаллаһ! Үмбетіңізден неліктен басыма сонша зәбірлік пен өшпенділік келді?» деп сұрадым. Ол «Оларға дұға ет» деп бұйырды. «Йа, Раббым! Маған олардан жақсы қайтарым бер және оларға менен жаманын бәле қыл» деп дұға етдім». Сол күні дұғасы қабыл болып, шәһид етілді. • Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Әкем әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) қайтыс болғанда бір дауыс естідік. «Бұл Аллаһтың құлын бізге қалдырыңдар, өздерің сыртқа шығыңдар» деген еді. Бәріміз сыртқа шықтық. Үйдің ішінен бір дауыс естідік. «Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болды. Оның ізбасары шәһид болды. Бұдан кейін бұл үмбетті кім қорғайды?» деген еді. Біреу жауап беріп: «Кім оның жолымен жүріп, оның мінезін бойына сіңірсе, сол үмбеттің қорғаушысы болады» деген еді. Кейін дауыстар тоқтады. Үйге кірдік. Хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) жуындырылған және кебінделген күйде көрдік. Жаназасын оқып жерледік». • Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) ұлдары хазреті Хасанға және хазреті Хусейнге (радиаллаһу анһума) былай өсиет қалдырған болатын: «Қайтыс болған кезімде мені табытқа қойып, Ғазбин жаққа апарыңдар. Ол жақта ақ тас табасыңдар. Сол тастан нұр шашып тұрғанын көресіңдер. Сол жерді қазыңдар. Жерлеуге дайын тұрған жер табасыңдар. Мені сонда жерлеңдер». Айтқандарының бәрі дәлме-дәл шықты және өсиеті орындалды. • Хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) қабірі жермен бірдей деңгейде көмілген болатын. Харун Рашид бір күні аң аулап жүріп, Ғазбин жаққа барған еді. Киіктер Ғазбин жаққа қашып жасырынды. Аңшылыққа дайындалған құстар мен иттерді сол жаққа қанша жіберсе де, киіктерге жақындай алмай қайтып келді. Мұның себебін Ғазбиндегі қариялардан сұрады. Ақсақалдар «Аталарымыздан хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) қабірі осында екенін естігенбіз» деді. Харун Рашид мұны естіп қабылдады. Өмірі бойынша жыл сайын сонда барып, зиярат ететін болды. • Хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) қарсы шыққандардың басына келген бәлелердің біразын Имам Мустағфири (рахметуллаһи алейһ) «Дәлаил-ун нубуввә» кітабында былай жазған: «Фирас бин Амр Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дәуірінде бас ауруына шалдықты. Расулуллаһ оның екі көзі арасына қолын тигізді. Мүбәрәк саусақтары тиген жерден кірпінің қылындай қыл шықты. Оның бас ауруы тоқтады. Харижилер хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) қарсы көтеріліске шыққанда Фирас бин Амр харижилердің тарапына өтті. Басындағы әлгі қыл түсіп қалды да, басы қатты ауыра бастады. Көргендер «Мұның себебі хазреті Әлиге (радиаллаһу анһ) қарсы көтеріліске шығуың» десті. Фирас бин Амр (радиаллаһу анһ) тәубесіне келді. Басында қайтадан әлгідегідей қыл шығып, бас ауруы тоқтады». • Бір салих кісі былай риуаят еткен: «Бір түні түсімде қиямет басталып, барлық адамдар есепке тартылу үшін жиналғанын көрдім. Сырат көпіріне қарай барып, сыратты өттім. Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Кәусәр хауызының қасында көрдім. Хазреті Хасан және хазреті Хусейн (радиаллаһу анһума) адамдарға су таратып жүрген еді. Маған да су берсін деп жақындадым. Маған су бермеді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Олар саған су бергісі келмейді» деді. «Неліктен, йа, Расулаллаһ?» деп сұрағанымда, «Сенің бір көршің бар. Әлиге (радиаллаһу анһ) қарғыс айтып, жаман сөздер айтады, ал сен оған бөгет болмайсың» деді. Мен «Йа, Расулаллаһ! Менің оған бөгет болуға шамам жетпейді, мені өлтіруінен қорқамын» дедім. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған пышақ берді де, «Бар, оны өлтір» деді. Түсімде сол көршіме барып, оны өлтірдім. Қайтып келіп, «Йа, Расулаллаһ, бұйрығыңызды орындадым» дедім. Сонда Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хазреті Хасанға қарап: «Йа, Хасан, мынаған су бер» деді. Хазреті Хасан маған су берді. Су ыдысын қолынан алдым. Бірақ су ішкенім есімде жоқ. Кейін оянып кеттім. Дәрет алып, таңға дейін намаз оқыдым. Таңертең бірнеше адам өзара «Пәленшені осы түні төсегінде өлтіріп кетіпті» деп сөйлескен еді. Қазының адамдары келіп, көршілерден бірнеше кінәсіз адамды ұстап алып кетті. Мен өз-өзіме «Субханаллаһ! Бұл қандай түс болғаны, ақиқатқа айналып кетті» дедім. Қазы «Сен не айтып тұрсың?» деп таңқалды. Мен «Түс көрдім, Аллаһу та'ала сол түсімді ақиқатқа айналдырды. Менің күнәм қандай?» деп түсімді қазыға айтып бердім. Қазы маған «Аллаһу та'ала саған қайырлы марапат берсін. Сен де кінәсізсің, ұстаған адамдарың да кінәсіз» деді». • Әли бин Зәйд (радиаллаһу анһума) былай айтып берген: «Саид бин Мусәйиб (радиаллаһу анһ) маған біреуді көрсетті. «Бар, сол адамды көріп кел» деді. Мен «Сен ол туралы айтып бер, мен көріп келейін» дедім. «Ол адам Расулуллаһтың сахабалары хазреті Әли және хазреті Осман (радиаллаһу анһума) жайлы лайықсыз жаман сөздер айтады» деді. Мен Аллаһу та'алаға жалбарынып, «Йа, Раббым, егер хазреті Османның және хазреті Әлидің (радиаллаһу анһума) сенің дәргейіңде қадірі мен абыройы бар болса, маған белгі бер» дедім. Әлгі адамның жүзі қап-қара болып кетті». • Мәдинада бір адам бар еді. Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) туралы жаман сөздер айтатын. Сад бин Малик (радиаллаһу анһ) оны қарғады. Әлгі адам түйесін мешіттің сыртына байлап, өзі мешітке кіріп жамағаттың арасына отырған еді. Түйесі орнынан секіріп, асауланып мешітке кірді. Әлгі адамды кеудесімен басып, әбден езгені сонша, адам өліп қалды. • Әбу Абдуллаһ бин Қайим Жәузия «Китабур-рух» атты еңбегінде Ибн Әбиддунияның «Китаб-ул мәнамат» кітабынан риуаят еткен. Ол болса құрайштық бір қариядан риуаят етті. Қария былай айтып берген: «Шамда бетінің бір жағы қара адамды көрдім. Ол бетінің қара жағын әрдайым жауып жүретін. Неліктен беті сондай болғанын сұрадым. Ол «Әр сұраған адамға жағдайымды айтамын деп Аллаһу та'алаға сөз бергенмін» деді де айтып бере бастады: «Мен хазреті Әли (радиаллаһу анһ) туралы өте жаман сөздер айтатынмын. Бір түні түсімде бір адам келіп, «Сен мен туралы жаман сөздер айтып жүрсің бе?» деп бетімнің бір жағын бір нәрсемен ұрды. Таңертең бетімнің ұрған жағы қарайғанын көрдім». • Хусейн бин Әли (радиаллаһу анһума) былай айтып берген: «Мәдина әкімі Ибраһим бин Хишам әл-Махзуми әр жұма күні бізді мінбердің айналасына жинап, хазреті Әли (радиаллаһу анһ) туралы лайықсыз сөздер айтатын. Сондай бір жұма күнінде мешіт тола еді. Мен мінбердің қасында отырған едім. Ұйықтап қалыппын. Түсімде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қабірі ашылғанын көрдім. Маған «Ей, Абдуллаһ! Мына адамның айтқандарына ренжисің бе?» деп сұрады. Мен «Иә, ренжимін» дедім. Көзіңді аш, Аллаһу та'ала оған не істейтінін қара!» деді. Көзімді аштым, ол тағы хазреті Әли (радиаллаһу анһ) туралы лайықсыз сөздер айтып жатқан еді. Кенеттен мінберден құлап өлді». |