Әр аурудың түбі – көп тамақ жеуАхмед бин Аләуи хазрет – үлкен әулиелердің бірі. Сәйид болып, хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) тегінен болғандықтан, «Аләуи» деп аталған. Йеменде дүниеге келді. 1565 (х.973) жылы Йеменнің Тарим қаласында қайтыс болды. Мемлекетінің ұлы ғұламаларынан тасаууф, фиқһ, хадис білімдерін алды. Ахмед бин Аләуи Хызыр алейһиссаламмен көп көрісетін еді. Бір күні шәкірті Мухдар келіп, оны Хызыр алейһиссаламмен жолықтыруын сұрады. Ол: «Балам, сен онымен кездесесің, бірақ жолықпайсың» деді. Шәкірт Мижаз атты тауға барды, ол жақта Хызыр алейһиссалам ауылдық адам кейіпінде алдынан шықты. Бірақ ол мұны түсінбей, танымады. Одан алыстаған соң Хызыр алейһиссалам оған айқайлап «Ей, Мухдар! Сенің қажетіңді ұстазың Ахмед бин Аләуи береді. Менен оған сәлем айт» деді. Шәкірт «Тоқтаңызшы, сізбен жолыққым келеді» деді. Хызыр алейһиссалам «Ұстазың саған жолыға алмайсың деген еді ғой» деді де, көзден ғайып болды. Ахмед бин Аләуи шәкірттерінің біріне былай деген: «Ғалымдардың айтуынша, тамақтанудың жеті дәрежесі бар. Біріншісі, өмір сүруге, тірі қалуға жеткілікті шамада жеу. Екіншісі, парыз намазды оқитындай және парыз оразаны ұстайтындай шамада жеу. Осы тамақтанудың екі дәрежесі парыз. Үшіншісі, нәпіл намаз оқитындай және нәпіл ораза ұстайтындай шамада тамақтану. Осынша тамақ жеу мүстаһаб. Имам Ғазали бұл жайында «Ақыл иелерінің мақсаты – жәннатта Аллаһу та'алаға қауышу. Аллаһу та'алаға қауышу білім және амал арқылы жүзеге асады. Бұларды дененің саулығы және саламаттығы арқылы орындай алады. Ал дененің сау-саламат болуы тамақтан алатын азық арқылы болады. Бірақ азықты қажеттілік шамасында ғана алу керек. Осы себепті сәләф-и салихинның кейбір ғалымдары дененің қажеттілігі саналатын азық алуды діни амал ретінде санаған». Төртіншісі, жұмыс істеп, ақша табуға күш алу үшін тамақтану. Бұл дін құптайтын тоқтық. Бесіншісі, асқазанның үште бірін алатындай шамада тамақтану. Алтыншысы, асқазанның үште бірінен артығын алатын тамақ, бұл мәкрух болып табылады. Көп тамақ жегенде адамда ауыртпалық пен ұйқы пайда болады. Лұқман Хаким айтқан: «Асқазан толғанда адамның ойлау қабілеті, зеректігі тежеледі. Ондай адамнан хикмет (даналық) шықпайды. Мүшелері ғибадат жасауға ерінеді». Адамдардың көпшілігі осы жағдайда. Жетіншісі, зияны тиетіндей шамада көп тамақ жеу, шамадан тыс тойып кету. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Әр аурудың түбі – көп тамақ жеу». Бұл харам болып табылады». |