Ғайбаттама, айтқанға да бөгет бол!Сұрақ: Адамдардың бойындағы қателіктері мен кемшіліктерін олардың сыртынан айтудың, біреуге айтып берудің діни тұрғыда зияны бар ма? Жауап: Ғайбат – мұсылманның немесе мұсылман болмаған адамның жасырын кемшілігін сыртынан айту деген сөз. Ғайбат ету харам болып табылады, үлкен күнәға жатады. Біреуді жамандау ғайбат болады. Ғайбат айту және жала жабу үлкен күнә болғанындай, бұларды тыңдау да харам. Ғайбат адамның сауабының азаюына, біреудің күнәларының өзіне берілуіне себеп болады. Әрдайым осыны ойлап жүру адамның ғайбат айтуына бөгет болады. Ғайбаттың үш түрі бар: Біріншісінде «Мен ғайбат айтпадым, оның бойында бар нәрсені айттым» дейді. Бұлай айту діннен шығуға, күпірге себеп. Өйткені харамды халал деген болады. Екіншісінде ғайбатталған адамға естірту. Бұл үлкен харам болады. Тәубе етіп өкінумен кешірілмейді. Оның кешірімін, разылығын да алу қажет. Үшіншісінде ғайбатталған адамның бұдан хабары болмайды. Тәубе ету және истиғфар айтумен әрі оған жақсы дұға жасаумен кешіріледі. Біреуді ғайбаттап жатқанын естіген адам дереу бұған бөгет болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Дін бауырына оның хабарынсыз көмектескен адамға Аллаһу та'ала дүниеде және ахиретте көмектеседі». «Дін бауыры ғайбатталған кезде шамасы жете тұра оған көмектеспеген адамның күнәсі дүниеде және ахиретте өзіне жеткілікті». «Кімде-кім дүниеде дін бауырының намысын қорғаса, Аллаһу та'ала періште жіберіп, оны тозақ отынан қорғайды». Ғайбат айтылып жатқанда сол жерде отырған адам қорықпаса сөзбен, қорықса жүрекпен қарсы шықпаса, ғайбат күнәсына өзі де ортақ болады. Сөзін бөлуі немесе тұрып кетіп қалуы мүмкін болса, солай істегені жөн. Қолымен, басымен, көзімен ишара етіп ескертуі жетпейді. Анық «Доғар!» деуі керек. Ғайбат айтудың кафараты (өтемі) өкіну, тәубе ету және оның кешірімін алу. Өкінбестен кешірім сұрау рияға жатады, бұл бөлек тағы күнә болады. Өмірден озған және мұсылман болмаған адамды ғайбаттаудың да харам екені Ибн Абидин кітабында жазылған. |