19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Залымды да қарғамаған жөн

Залымды да қарғамаған жөн

Сұрақ: Адамдарға зұлымдық көрсететін, қинайтын, қорлайтын адамдарды және күнә істеп қарсы шығатындарды қарғаудың діни тұрғыда зияны бар ма?

Жауап: Залымнан басқасын қарғау харам. Залымды да зұлымдығы шамасында қарғау рұқсат. Рұқсат болған нәрсенің шамасы үзірдің шамасындай болады. Залымды да қарғамау, сабыр ету, тіпті кешіріп жіберу жақсы болады. Расулуллаһ алейһиссалам біреудің залымды қарғағанын көріп «Өшіңді алдың!» деді. Егер кешірсе жақсырақ болар еді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Өздеріңе, балаларыңа жамандық тілемеңдер. Аллаһтың тағдырына разы болыңдар. Ниғметтері артуын тілеп дұға етіңдер».

«Ата-ананың баласына айтқан және зұлымдық көрген кісінің залымға жасаған қарғысы қайтарылмайды».

Туфәйл бин Амр Дуси хазрет былай айтып берген:

«Расулуллаһқа барып:

- Йа, Расулаллаһ! Қауымымды қарғаңыз. Өйткені олар көп зина жасайды, - дедім. Расулуллаһ:

- Аллаһым, Дус қауымына хидаят бер (тура жолға түсір), - деп дұға етті. Ал маған:

- Бар, қауымыңа қайт, оларды исламға шақыр, - деп бұйырды. Мен қайтып, қауымымды исламға шақыруды жалғастырдым».

Саид бин Жубәйр хазреттің қоразы бар еді. Әр түні шақырып, оны тәһәжжуд намазына оятатын. Бір түні шақырмай қалды да, Саид бин Жубәйр хазрет тәһәжжуд намазына тұра алмай қалды. Таңертең бұл оған ауыр келіп, қоразға «Аллаһу та'ала дауысыңды шығармасын!» деді. Одан кейін қораз мүлде дауыс шығармай, шақырмайтын болып қалды. Анасы бұл жағдайды көріп, ұлы Саид бин Жубәйр хазретке «Ешкімді қарғаушы болма!» деп ескертті.

 

Сұрақ: Намаз оқығанда қолды бүйірге қоюдың, саусақтарды бір-біріне өткізудің намазға зияны бар ма?

Жауап: Намаз оқып жатқанда қолды бүйірге қою мәкрух. Екі қолдың саусақтарын бір-бірінің арасына өткізіп қою намазда, уағыз айтқанда, мәулітте және мешітте тахримән мәкрух, ал басқа уақытта тәнзиһән мәкрух.

 

Сұрақ: Намаз оқып жатқанда руку мен сәжде тәсбихтарын қолмен санауға бола ма?

Жауап: Намаз ішінде аяттарды, руку мен сәжде тәсбихтарын қолмен, саусақпен санау тәнзиһән мәкрух. Ойша немесе саусақтарды қимылдатып санау рұқсат. Намаздан кейін тәсбихті қолмен санау және тәспі қолдану рұқсат. Расулуллаһ алейһиссалам бір әйелдің намаз соңындағы тәсбихтарды дәнмен санағанын көріп, бұған тыйым салмады. Рия және мақтану үшін тәспі қолдану мәкрух.