19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Тәубе еткен адам күнә істемегендей болады

Тәубе еткен адам күнә істемегендей болады

«Қателеспейтін адам жоқ» демекші, кезкелген адам күнә істеп қоюы мүмкін. Бірақ істеген күнә, қателік қаншалықты үлкен болса да, шынайы түрде тәубе етсе, өкінсе, Аллаһу та'ала оны кешіреді. Өйткені Аллаһу та'ала кешіруді жақсы көреді.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та'ала өте кешірімді, Ол кешіруді жақсы көреді». (Хаким)

«Шөл далада түйесін жоғалтып алып, кейін тауып алған адам қалай қуанса, Аллаһу та'ала құлының тәубе еткеніне одан көп қуанады». (Бұхари)

Бұл неткен рақымдылық пен сый-сияпат! Біз күнәларымызға өкінген кезде Аллаһу та'ала қуанады екен.

«Бақара» сүресінің отызыншы аятында періштелер «Йа, Раббымыз! Жер бетінде бүлік шығаратын, қан төгетін адамдарды неліктен жаратасың?» деп сұрағанда: «Олар бүлік шығармайды» демеді. «Сендер білмейтіндеріңді мен білемін... Сендер олардың іс-әрекетіне, амалына қарайсыңдар. Ал мен жүректеріндегі иманға қараймын. Сендер өздеріңнің күнәсіз екендеріңе сүйенесіңдер. Олар менің қамқорлығыма сыйынады. Сендердің күнәсіз болғандарыңды жақсы көргенімдей, мұсылмандардың күнәларын кешіруді де жақсы көремін. Менің білгенімді сендер біле алмайсыңдар. Иманды болғандарды әзәли қамқорлығыма бөлеймін, мәңгілік рақымдылығымды бәріне жаудырамын» деді.

Күнә істеп қойған кезде дереу тәубе ету парыз. Тәубе еткен адам мүлде күнә істемегендей болады. Аллаһу та'ала хадис құдсида айтады:

«Ей, адам баласы, күнәларыңа тәубе етіп, өз-өздеріңді сыйға бөлеңдер! Салих амал жасау арқылы жиһад етіңдер! Қиямет күні басталмай тұрып, қияметтің қорқынышын ойлап, соған қарай дайындалыңдар! Еститін бола тұра кереңдерден болмаңдар! Көңілдеріңе келетін мұң-қайғы, мал-мүлік пен ризықтың аздығы бос, пайдасыз сөздерден және уақытты жақсы пайдаланбаудың кесірінен туындайды. Біреудің кемшілігін көрген кезде өз кемшілігін ойламаған адам шайтанды қуантады, Рахманды ашуландырады. Жасырын-ашық барлық амалдарың сұраққа тартылады. Ораза ұстағандарға сансыз ниғметтер сыйлаймын. Тәубе еткендерді азабымнан сақ қыламын. Барлық ниғметті мен беремін. Сондықтан тек маған ғана шүкір етіңдер! Барлық нәрсені мен беремін. Барлық нәрсені менен сұраңдар! Қамқорлығымнан үміт үзгендер құриды».

«Ей, Дауд, менің есігімді қаққан адамға, есік ашпаған кезім болды ма? Менен бір нәрсе сұраған адамға бермеген кезім болды ма? Маған дұға етушінің дұғасын қабыл етпеген кезім болды ма? Мені еске алған адамды мен еске алмаған кезім болды ма? Ей, Дауд, күнәһарларға сүйінші айт, ал салихтарды қорқыт!».

Дауд алейһиссалам мұны қалай істейтінін сұрағанда Аллаһу та'ала былай деді:

«Күнәһарларды тәубемен, менен үмітін үзбеумен сүйіншіле! Менен үмітін үзбей тәубе ететін болса, олардың күнәларын кешіремін. Салихтарды ғибадаттарымен қорқыт, ғибадаттарына алданбасын!».