ИМАМ МҰХАММЕД БАҚЫР (радиаллаһу анһ)Имам Зәйнәл Абидиннің (радиаллаһу анһ) ұлы. Он екі имамның бесіншісі. Есімі Мұхаммед. Күнясі Әбу Жафәр. Лақабы Бақыр. Терең білім иесі болуы себепті осы лақап берілген. Анасы хазреті Хасанның (радиаллаһу анһ) қызы Фатима. Хижреттің елу жетінші жылында хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) шәһид етілуінен үш жыл бұрын Сапар айының үшінде жұма күні Мәдинада дүниеге келді. Хижреттің жүз он төртінші жылы Мәдинада қайтыс болды. Қабірі «Бақи» мазарында аталарының қабірлерінің қасында. • Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Бір күні Жабир бин Абдуллаһтың (радиаллаһу анһ) үйіне бардым. Ішке кіріп сәлем бердім. Сәлеміме жауап берді. Көзі көрмей қалған болатын. Менен «Кімсің?» деп сұрады. Мен «Зәйнәл Абидиннің ұлы Мұхаммедпін» деп едім, «Ей, балам, бері жақында» деді. Жақындағанымда қолымды ұстап сүйді. Аяғымды да сүйгісі келіп еңкейді, аяғымды тартып қалдым. Ол «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) саған сәлем айтты» деді. «Ол қалай болды?» деп сұрағанымда: «Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) маған «Ей, Жабир, сен менің ұлдарымнан Мұхаммед бин Әли бин Хусейнді көргенге дейін өмір сүресің. Аллаһу та'ала оған нұр мен хикмет берген. Оған менен сәлем айт» деген болатын» деп айтып берді». Басқа риуаят бойынша: «Сен Хусейннің ұлдарынан діни білімде терең ғалым Мұхаммед Бақырды көргенге дейін өмір сүресің. Оған менен сәлем айт» деген. Жабир бин Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) онымен көріскеннен бірнеше күн өткен соң қайтыс болды. • Сенімді адамдардан бір кісі былай айтып берді: «Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) екеуміз Хишам бин Абдулмәликтің үйіне бардық. Ол «Бұл үй қирайды, топырағы бұл жерден әкетіледі, тастары ашық қалады» деді. Сол кезде Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) бұл сөзіне таңқалып, Хишамның үйін кім қиратуы мүмкін деп ойлаған едім. Хишам қайтыс болған соң ұлы Уәлид сол үйді құлатуды әмір етті. Топырағын басқа жерге тасыды. Тастары ашық қалғанын көрдім». • Тағы да сол адам былай айтып берген: «Мұхаммед Бақырмен (радиаллаһу анһ) бірге едік. Зәйд бин Әли (радиаллаһу анһ) қасымызға келіп, кейін кетіп қалды. Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) ол туралы: «Оны шәһид етіп, басын әрі-бері тасып жүреді, кейін осында әкеліп, бір қамыстың үстіне қадайды» деді. Мен тағы таңқалдым. Өйткені Мәдинада қамыс жоқ еді. Кейіннен Зәйдтің мүбәрәк басын әкелгенін және қамыс әкелгенін көрдім». • Имам Мұхаммед Бақырдың ұлы Имам Жафәр Садық (радиаллаһу анһума) былай айтып берді: «Әкем маған «Мен қайтыс болғанда мені сен жуындыр. Өйткені имамды имамнан басқасы жуындыра алмайды» деп өсиет етті. Сонымен қатар «Бауырың Абдуллаһ та имамдыққа таласады. Оған араласпа. Өйткені оның өмірі қысқа болады» деді. Әкем қайтыс болғанда оны мен жуындырдым. Бауырым Абдуллаһ имамдыққа таласты. Бірақ, әкем айтқандай, өмірі қысқа болды». • Фәйз бин Матар былай айтып берген: «Түйенің үстіндегі жүк сандықта қалай намаз оқылатынын сұрау үшін Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) алдына бардым. Мен әлі ештеңе айтпай-ақ «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мінетін жануары қай тарапқа барса да, соның үстінде намаз оқитын еді» деді». • Бір кісі былай айтып берді: «Бір күні Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) алдына кіру үшін рұқсат сұрадым. «Іште бауырларынан бірнеше адам бар. Біраз күте тұр» деген жауап алдым. Біраздан соң алдынан он екі адам шықты. Тар киім киген еді. Сәлем беріп өтіп кетті. Кейін мен ішке кірдім. Алдынан шыққандарды танымағанымды айтып, кім екенін сұрадым. «Олар жындардан болған бауырларың. Сендер келіп харам мен халалды сұрағандарыңдай, олар да келіп сұрап тұрады» деп жауап берді». • Мұхаммед Бақыр хазреттің ұлы Жафәр Садық (радиаллаһу анһума) былай деген: «Бір күні әкем «Бес жылдан артық өмірім қалмады» деген болатын. Қайтыс болғанында есептедім. Дәл бес жыл өткен екен». • Бір кісі былай айтып берген: «Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) екеуіміз Мекке мен Мәдина арасында жолда едік. Ол қашырға, ал мен есекке мінген едім. Бір кезде таудан төмен бір қасқыр түсіп, жақындап, екі аяғымен қашырдың еріне асылып бір нәрсе айтты. Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) тыңдады. Кейін «Бара бер, айтқаныңды істедім» деді. Маған қарап «Қасқырдың не айтқанын білесің бе?» деп сұрады. Мен «Аллаһу та'ала мен Расулы және Расулуллаһтың ұлы жақсырақ біледі» дедім. «Қасқыр ұрғашысының ауырып қалғанын айтты. «Дұға етіңіз, жазылып кетсін және сіздің достарыңыздан ешкімге менің ұрпағым жоламасын» деді. Мен дұға еткенімді айттым» деді». • Сәләфтан бір кісі былай айтып берді: «Меккеде едім. Мұхаммед Бақырды (радиаллаһу анһ) қатты көргім келді. Жолға шығып, Мәдинаға бардым. Мәдинаға жеткен түні қатты жаңбыр жауып, күн суытып кеткен еді. Түн жарымында Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) үйінің есік алдына бардым. «Есікті қағайын ба, әлде таңға дейін күтейін бе?» деп ойланып тұрдым. Сол кезде Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) дауысын естідім. Қызметшісіне «Пәленшеге есікті аш, түнде жаңбыр астында қалып, жаурап қалды» деген еді. Есік ашылып, мен ішке кірдім». • Бір кісі былай айтып берді: «Бір күні Мұхаммед Бақырды (радиаллаһу анһ) көруге үйіне бардым. Басқалардың кіруіне рұқсат берген еді, бірақ маған рұқсат бермеді. Қатты мұңайып, үйіме қайттым. Сол түні ұйықтай алмадым. Терең ойға шомып, өз-өзіме «Енді кімге барамын?» дедім. Егер муржия тобына барсам, олардың мынадай қате сөздері бар. Қадария тобына барсам, олар да қате сенеді. Зәйдия тобына барсам, олар былай-былай деп жүр» деп әрқайсысының қате, адасқан сенімдерін ойладым. Мен осылай ойланып отырғанымда таң намазына азан айтыла бастады. Сол кезде есігімді біреу қақты. Сыртқа шығып, келген адамнан «Сен кімсің?» деп сұрадым. Ол «Мен Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) елшісімін. Сені шақырды» деді. Дереу киініп бардым. Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) алдына келгенімде маған «Ей, пәленше, Муржияға, Қадарияға, Зәйдияға және Харунияға неліктен бармақшысың, одан да бізге кел» деді». • Тағы бір кісі былай айтып берді: «Мекке мен Мәдина арасында жолда едім. Бір кезде кенеттен алыстан қарайып бір нәрсе көрінді. Кейде көрініп, кейде көзден ғайып болған еді. Жақындаған кезде жеті-сегіз жасар бала екенін көрдім. Маған сәлем берді, сәлеміне жауап бердім. «Қайдан келесің?» деп сұрадым, «Аллаһу та'алаға бара жатырмын» деді. «Азығың не?» деп сұрағанымда «Тақуалық» деп жауап берді. «Сен кімсің?» деп сұрап едім, «Арабтардың бірімін» деді. «Нақтырақ айт» дедім. «Құрайштықпын» деді. «Тағы нақтырақ айт» дегенімде «Хашимимын» деді. «Одан да нақтырақ айт» дегенімде «Хазреті Әлидің ұрпағымын» деді. Кейін мына мағынадағы өлең жолдарын оқыды: Берекесі толып тасқан хауыздамыз, Ризықтанып сол жерден бақ табамыз. Нәбидің жеткеніне жетпес ешкім, Қапы қалмас баптаған адамымыз.
Одан кейін «Мен Мұхаммед (Бақыр) бин Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейн бин Әли бин Әби Талибпын» деді. Кейін көзден ғайып болды. Аспанға шығып кетті ме, әлде жерге тығылып қалды ма, түсінбей қалдым». • Бір кісі былай айтып берген: «Имам Мұхаммед Бақырдан (радиаллаһу анһ) «Мұсылманның Аллаһу та'аладағы хақысы қандай?» деп сұрадым. «Менен бетін бұрды. Қайталап сұрадым, жауап бермеді. Үшінші рет сұрағанымда «Мұсылманның Аллаһу та'аладағы хақысын айтсақ, мына құрма ағашына кел дегенде ол құрма ағашының келуі» деп жауап берді. Бір қарасам, көрсеткен құрма ағашы келе бастады. Сонда ол құрма ағашына «Орныңда тұр, бұл сөзіммен сенің келуіңді көздемедім» деді». • Бір адам былай айтып берді: «Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) үйіне бардым. Есікті қақтым. Бір жас қызметші қыз есікті ашты. Қолымды қызметшіге тигізіп, «Қожайыныңа сыртта пәленше келіп тұр деп айт» дедім. Сол мезетте іштен «Ішке кір, жүгермек» деген дауыс естілді. Ішке кірдім де, «Мен оған жаман ештеңе істемедім» дедім. «Рас айтасың. Бірақ мына дуалдар сендерге перде болғанындай бізге де перде болады деп ойлайсың ба? Онда не ерекшелігіміз қалады? Ендігәрі олай істеуші болма!» деді». • Хаббабә Уалибия Мұхаммед Бақырды (радиаллаһу анһ) көруге келген болатын. «Неліктен сирек келесің?» деп сұрады. Хаббабә «Басымда ақ дақ бар, сол мазамды алады» деп жауап берді. «Қай жер екенін маған көрсет» дегенде Хаббабә басындағы ақ дақты көрсетті. Ол мүбәрәк қолын оның басындағы ақ даққа қойды. Ақ дақ жоқ болып кетті. Кейін «Бір айна беріңдер, басын көрсін» деді. Хаббабә айнаға қарады, шашындағы ақ дақ жоқ болып кеткен еді. • Бір кісі былай айтып берген: «Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) екеуміз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітінде едік. Сол күндері Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) қайтыс болған еді. Сол кезде Дауд бин Сүлейман мен Мансур Дәуаники мешітке келді. Дауд Сүлейман Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) алдына келді. Ал Мансур Дәуаники алыстау жерде отырды. Имам Мұхаммед Бақыр «Неліктен Мансур қасымызға келмейді?» деп сұрады. Дауд бин Сүлейман бір себеп айтты. Сонда Имам Мұхаммед Бақыр хазрет: «Көп уақыт өтпей Мансур патша болады. Шығыс пен батысқа билік құрады. Өмірі ұзақ болады және оған дейін ешкімде болмаған қазыналарға, қызметшілерге ие болады» деді. Дауд бин Сүлейман Мансур Дәуаникидің қасына барып, бұларды оған айтып берді. Сонда Мансур Дәуаники Имам Мұхаммед Бақырдың алдына келіп, «Ұлылығыңыздан және айбаттылығыңыздан алдыңызға келе алмадым» деді. Кейін «Мен туралы біраз нәрсе айтқан екенсіз» деді. Ол «Иә, айтқандарым рас» деді. Мансур Дәуаники «Біздің мүлкіміз сіздікінен көп бола ма?» деп сұрады. «Иә» деген соң, «Менен кейін мүлкім балаларыма қала ма?» деп сұрады. «Иә, қалады» деген жауап алды. Кейін «Біздің мүлкіміз бен билігіміз көп бола ма, әлде Бәни Умайянікі көп бола ма?» деп сұрады. «Сендердің мүліктерің мен биліктерің көп болады. Тіпті балалар доппен ойнағандай ұлдарың сол мүліктеріңмен ойнайды. Мұны әкемнен естіген едім» деп жауап берді. Мансур Дәуаники айтылған мүлікке және билікке қол жеткізгенде Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) сол сөздеріне таңырқайтын еді. • Көзі көрмей қалған Әбу Басир былай айтып берді: «Бір күні Имам Мұхаммед Бақырға (радиаллаһу анһ): «Сіз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұрпағысыз» дедім, ол «Иә» деді. «Расулуллаһ бүкіл пайғамбарлардың мұрагері» деп едім, «Иә, олардың біліміне мұрагер болған» деді. «Сіз де Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) білімінен мирас аласыз» дегенімде «Иә» деді. «Олай болса, сізде өлілерді тірілтетін, соқырлардың көзін ашатын, ақтандақ ауруын емдейтін, үйдегі азық-түлік пен заттарды хабар беретін күш бар ма?» деп сұрадым. «Иә, Аллаһу та'аланың рұқсатымен бар» деді. Кейін маған «Жақында» деді. Жақындадым, ол мүбәрәк қолымен бетімді сипады, көзім ашылды. Тауларды, қырларды, жер жүзі мен аспанды көрдім. Кейін қайтадан мүбәрәк қолымен бетімді сипады, қайтадан көрмей қалдым. Менен «Дүниеде көзің көргенін және ахиретте есепке тартылуды қалайсың ба? Әлде көзің көрмей, есепсіз жәннатқа кіруді қалайсың ба?» деп сұрады. Мен дүниеде көрмей, ахиретте есепсіз жәннатқа кіруді таңдадым». • Бір адам былай айтып берді: «Елу кісідей жамағат болып Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) сұхбатында отырған едік. Сол кезде Куфадан құрма сататын бір адам келді. Имам Мұхаммед Бақырға қарап, «Куфада пәленше сіздің қасыңызда бір періште бар екенін және ол періште сізге мұсылманды, кәпірді, дос пен дұшпанды айтып тұратынын айтты» деді. Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) одан «Сен немен айналысасың?» деп сұрады. Ол «Бидай сатамын» деп еді, «Өтірік айтасың» деді. «Анда-санда арпа сатамын» дегенінде «Тағы өтірік айтасың. Сенің жұмысың – құрма сату» деді. Әлгі адам «Мұны сізге кім хабарлады» деп сұрағанында «Досымды, дұшпанымды хабарлап тұратын періште айтты» деді. Кейін ол адамға «Сен пәлен аурудан өлесің» деді. Бір кездері Куфаға барған болатынмын. Әлгі адамды сұрадым. Үш күннен кейін Имам Мұхаммед Бақыр айтқан аурудан өлгенін айтты». • Бір кісі Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) кереметтерінің бірін былай айтып берген: «Бір күні Имам Мұхаммед Бақыр екеуіміз атпен Мәдинаға бара жатқан едік. Біраз жол жүрген соң алдымыздан екі адам шықты. Ол адамдарды көрсетіп «Мыналар ұрылар, ұстаңдар!» деп бұйырды. Қызметшілері ол екі адамды ұстап алып, аяқ-қолдарын байлады. Басқа адамға «Мына тауға шық, ол жақта бір үңгірден тапқаныңды әкел» деді. Ол адам барып, екі қапшық тауып әкелді. Қапшықтар киімге толы еді. Басқа жерден тағы бір қапшық тауып алды. Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) «Екі қапшықтың иесі күтіп отыр, ал үшінші қапшықтың иесі кейіннен келеді» деді. Мәдинаға жеттік. Екі қапшықтың иесі күдіктенген бірнеше адамын айыптап, қазы оларды тергеп жатқан еді. Имам Мұхаммед Бақыр «Оларды айыптап тергемеңдер, ұрылар мұнда» деп жолда ұстап алған екі адамды көрсетті. Ұрылардың қолдары шабылды. Екі қапшық иесіне қайтарылды. Қолы кесілген ұрылардың бірі «Аллаһу та'алаға шүкір, қолымның кесілуі және тәубеге келуім Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) немересінің қолында болды» деді. Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) оған «Қолың сенен жиырма жылға ерте жәннатқа кірді» деді. Әлгі адам қолы кесілгеннен жиырма жыл өткен соң қайтыс болды. Үш күннен кейін үшінші қапшықтың иесі келді. Имам Мұхаммед Бақыр ол адамға «Сенің қапшығыңда мың динар өзіңнің, мың динар біреудің ақшасы бар. Сонымен қатар мынадай киімдер бар» деді. Ол адам «Қапшығымда мың динары бар адамның есімін де атасаңыз, иман келтіріп, мұсылман боламын» деді. Сонда оған: «Ол адамның есімі Мұхаммед бин Абдуррахман. Көп намаз оқитын және көп садақа беретін салих кісі. Қазір ол сені сыртта күтіп тұр» деді. Қапшықтың иесі христиан болатын. Бұларды естігенде «Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммедтің (алейһиссалам) Оның құлы әрі Расулы екеніне иман келтірдім» деп мұсылман болды». • Әбу Басир айтқан: «Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ): Мен сондай бір адамды білемін, ол теңіздің жағалауына келсе, сол теңіздегі бүкіл жан-жануарды және олардың төлін біледі» деген». • Бір адам былай айтып берді: «Бір жамағатпен Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) үйінің дәлізіне кірген едік. Біреудің әдемі дауыспен ассирия тілінде бір нәрсе оқып жылағанын естідік. Әһли кітаптың бірі деп ойладық. Үйге кіріп қарасақ, Имам Мұхаммед Бақырдан басқа ешкім жоқ екен. Өзінен сұрағанымызда «Пәлен пайғамбардың дұғасын оқыған едім, жылап жібердім» деді». • Былай риуаят етілген: «Ибн Укаша әл-Әсәди бір күні Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) алдына келген еді. Ұлы Жафәр Садық та қасында еді. Ибн Укаша (радиаллаһу анһ) «Жафәрдің үйленетін уақыты келіп қалды. Оны үйлендірсеңізші» деді. Имам Мұхаммед Бақырдың алдында бір дорба алтын аузы мөрленіп тұрған еді. «Жақында бір жерден тұтқын сатушысы келеді, пәлен жерге тұрақтайды» деді. Басқа күні алдына келгенімізде алдында айтқан сатушының келгенін хабар берді. Әлгі бір дорба динарды беріп, «Мынаған бір күң сатып ал» деді. Біз сатушыға бардық. Бүкіл күңдер сатылып кеткенін, тек бірі бірінен сұлу екі күң қалғанын айтты. «Көрейік» деп едік, алып келіп көрсетті. Біреуін ұнаттық. «Қаншаға сатасың» деп сұрағанымызда «Жетпіс алтынға» деп жауаптады. «Біраз түсір» деп едік, «Жетпіс динардан бір тиынға да төмен болмайды» деді. Дорбаны беріп, «Мына дорбаның ішінде қанша алтын болса ал, біз қанша екенін білмейміз» деді. Сол жерде шашы, сақалы ағарған біреу бар еді, бізге «Алтындарды санаңдар» деді. Сатушы «Жетпей қалса бермеймін» деді. Ақ сақалды кісі қоймаған соң дорбаны ашып санадық. Дәл жетпіс алтын шықты. Күңді алып, Имам Мұхаммед Бақырдың алдына әкелдік. Ұлы Жафәр Садық та сонда еді. Сатушымен арамызда болғандардың бәрін айтып бердік. Ол Аллаһу та'алаға шүкір етті. Кейін күңге «Бойдақсың ба, жесірсің бе?» деп сұрады. Күң «Бойдақпын» деген соң, «Ешбір күң сатушысының қолынан құтыла алмайды. Сен қалай құтылдың?» деп сұрады. Күң «Сатушым маған келіп, жақындағысы келген кезде ақ сақалды қария келіп, оны бір ұрып менен аулақ қылатын. Бірнеше рет осылай болды» деп жауап берді. Кейін Мұхаммед Бақыр ұлы Жафәр Садыққа «Мына күңді алып кет» деді. Жафәр Садық (радиаллаһу анһ) сол күңмен некелесіп үйленді. Одан ұлы Мұса Казим дүниеге келді (радиаллаһу та'ала анһум әжмаин)». • Имам Мұхаммед Бақыр (радиаллаһу анһ) бір күні Мәдинада бір жамағатпен бірге отырған еді. Кенеттен мүбәрәк басын иіп қалды. Біраз уақыт солай тұрған соң басын көтеріп, былай деді: «Бір кісі осы Мәдинаны көруге келеді. Төрт мың адамдық әскерімен үш күн бойы көп адамды өлтіреді. Одан көп зиян көресіңдер. Бұл оқиға келесі жылы орын алады. Нақты біліп қойыңдар, бұл айтқандарым рас. Бұдан сақтаныңдар!». Мәдиналықтар бұған сенбеді. Тек қана аздаған адам және хашимұлдары сенді. Өйткені хашимұлдары Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) әр сөзінің дұрыс екенін білетін. Бір жылдан кейін Имам Мұхаммед Бақыр және оның сөзіне сенгендер отбасыларымен бірге Мәдинадан шығып кетті. Кейін Нафи бин Әзрақ әскерімен Мәдинаға келді. Имам Мұхаммед Бақыр айтқанындай көп адамды өлтірді. Бұл оқиғадан кейін мәдиналықтар «Имам Мұхаммед Бақырдың (радиаллаһу анһ) әрбір сөзі дұрыс, оның әр сөзіне сенеміз, не айтса да, айтқанынан шықпаймыз. Өйткені ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйті. Ол ешқашан өтірік айтпайды» дейтін болды. |