Жақсы амалдар жамандықтарды жоя ма?Әһли сүннет ғұламалары кітаптарында «Ахиретте сауаптар күнәлардан кішкене басым болса да, ол адам тікелей жәннатқа кіреді» дейді. Сауаптар күнәларды жояды, бірақ кіші сауаптар үлкен күнәларды жоя алмайды. Тапаншамен, мылтықпен ұшаққа қарсы тұру мүмкін бе? Оған аспан зеңбірегі керек. Аздаған кісі ақысын өтеуге үлкен сауап керек. Бір адам өмір бойы тәһәжжуд намазын оқыса, онымен бір тиын кісі хақысын да өтей алмайды. Харамдарға қарсы парыздармен өтем қажет болады. Екінші мыңжылдықтың мужәддиді, ислам ғалымдарының көсемі Имам Раббани хазрет былай дейді: «Біреуден әділетсіз алынған бір тиынды иесіне қайтару мыңдаған ақшамен садақа беруден әлдеқайда сауапты. Кімде-кім пайғамбарлардың ғибадаттарын орындаса, бірақ мойнында біреудің бір тиындық хақысы болса, сол бір тиынды өтемейінше жәннатқа кіре алмайды». «Қияметте бір данқ (жарты грамм күміс) хақы үшін жамағатпен оқылған, қабыл болған жеті жүз намазы алынып, сол хақы иесіне беріледі». (Дуррул мухтар). Дінімізде харамнан сақтану сауап істеуден бұрын тұрады. Үлкен-кіші барлық күнәлардан сақтану керек. Күнә істеп, артынша тәубесі жасалмаса, онда жақсылық жасау керек. Хадис шәрифте: «Әр жамандықтан кейін бір жақсылық жаса – оны жойып кетсін!» делінген. (Тирмизи). Жоғарыда айтылғандай жақсылықтың бәрі жамандықтың бәрін жоймайды. Жоятындары бар, жоймайтындары да бар. Құран кәрімде «Әлбетте хасанат сәйиятты жояды» делінген. (Худ 114). Хасанат – әр түрлі жақсылық пен сауап деген сөз. Ал сәйият – әр түрлі күнә амалдар дегенді білдіреді. Бұл жерде бес уақыт намаз оқығанда күнәлар кешірілетіні хабар берілуде. (Мәдарик тәфсирі). Намаз оқымайтын адам қанша көп жақсылық жасаса да, жасаған жақсылығы ешбір күнәсін жоймайды. Намаз оқымау көптеген жақсы амалдар мен сауаптардың қабыл болмауына себепші. Хадис шәрифте: «Әдейі (кешірімді себепсіз) намаз оқымайтын адамның басқа амалдарын Аллаһу та'ала қабыл етпейді. Тәубесіне келгенше Аллаһтың қамқорлығынан ұзақ болады». (Исфәхани). «Бес уақыт намаз оқымайтын адам Аллаһу та'аланың қорғауынан және амандығынан мақұрым қалады». (Ибн Мажа). Қабыл болмайды дегені босқа зая кетеді деген сөз емес, намаз оқымау арқылы үлкен күнәға батқандықтан, сол жақсы амалдан тапқан сауабы оны жаба алмайды деген сөз. Ғибадаттар иманның бөлшегі емес. Яғни сене тұра бір ғибадатты орындамаған немесе харам істеген адам кәпір болмайды. Бірақ намазға қатысты үкімде бірауыздан келісім болмады. Намаз оқымау имансыз өлуге, ал намаз оқу екі жаһанның бақытына себепші болады. |