21 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     23 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ӘЛИ РИЗА (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ӘЛИ РИЗА (радиаллаһу анһ)

Имам Әли Риза Имам Мұса Казымның ұлы. Он екі имамның сегізіншісі. Күнясі әкесінің күнясі секілді Әбул Хасан. Әкесі «Өз күнямді оған сыйладым» деген. Лақабы «Риза». Әкесінен «Халифа Мәмун оған разы болғандықтан ұлыңызды Әли Риза лақабымен шақырасыз ба?» деп сұралғанда жауап ретінде: «Жоқ, Аллаһу та'ала және Расулы (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) одан разы болғандықтан. Осылайша осы лақаппен аталарына байланыстырылған болады. Өйткені оған ергендер одан разы болғанындай, қарсыластары да одан разы» деді. Әкесі Мұса Казым (радиаллаһу анһ) «Ұлымды Риза деп шақырыңдар» дейтін. Ал өзі «Йа, Әбул Хасан» деп шақыратын. Атасы Жафәр Садықтың (радиаллаһу анһ) қайтыс болуынан бес жыл өткен соң, хижреттің жүз елу үшінші жылы, рабиул ахир айының он бірінші бейсенбі күні Мәдинада дүниеге келді. Туылған күні бұдан басқаша да айтылған. Екі жүзінші жылы рамазан айының жиырма бірінде, жұма күні Тус қаласында қайтыс болды. Мүбәрәк қабірі Харун Рашидтың қабірінің құбыла тарапында орналасқан.

Анасы күң еді және танымал есімі Нахима. Нахима – Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) анасы Хамиданың күңі еді. Хамида түсінде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрді. Расулуллаһ оған түсінде «Нахиманы ұлың Мұсаға бер. Жақында өз дәуірінің адамдарының ең үстемі болатын ұлдары болады» деді. Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) анасы былай айтып берген: «Оған жүкті кезімде мүлде ауыртпалық сезбейтінмін. Ұйықтаған кезімде ішімнен тәсбих пен тахлил дауыстарын еститінмін. Мені үрей мен сұс басатын. Оянғанымда ешқандай дауыс естімейтінмін. Әли Риза туылған кезде қолдарын жерге қойып, басын аспанға көтерді. Сөз сөйлейтін және дұға ететін адамдай мүбәрәк еріндерін жыбырлататын».

• Имам Әли Ризаның әкесі Мұса Казымның (радиаллаһу анһума) үлкен шәкірттерінің бірі былай айтып берген: «Бір күні Мұса Казым (радиаллаһу анһ) менен «Батыстық саудагерлерден келгендер болды ма?» деп сұрады. «Білмеймін» деп едім, «Келді» деді. Бірге атқа мініп бардық. Батыстық бір саудагерді таптық. Бізге жеті күң көрсетті. Ол ешбірін қабылдамай «Тағы біреуін көрсет» деді. Батыстық саудагер «Бір күң бар, бірақ ол ауру» деп оны көрсетпеді. Ертеңіне Мұса Казым хазрет мені жіберіп, «Қанша сұраса да, сол ақшаға әлгі күңді сатып алып кел» деді. Мен бардым, саудагер «Пәлен ақшадан төмен бермеймін» деді. Мен «Онда сол ақшаға сатып алдым» дедім. Саудагер «Болды, саттым» деді. Менен «Кеше сенімен бірге келген адам кім еді?» деп сұрады. «Хашим ұлдарының бірі» деп едім, «Қай тайпадан?» деп сұрады. Мен «Бұдан артық ештеңе білмеймін» деп айтпай қойдым. Саудагер маған «Саған бір нәрсе айтайын, бұл күңді мен батыстағы қалалардың ең алыс жерінен сатып алдым. Әһли кітаптан бір әйел бұл күңді көрсетіп менен «Бұл кімдікі?» деп сұрады. Мен «Өзіме сатып алдым» деп едім, «Жоқ, бұл күң сенікі болатындай қабілетте емес. Ол жер жүзінің ең жақсы адамының қасында болады» деді» деп айтып берді. Саудагердің бұл айтып бергендерін тыңдаған соң ол күңді Мұса Казым хазретке апардым. Ол күңнен Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) дүниеге келді».

• Имам Әли Ризаның әкесі Мұса Казым (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Түсімде Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көрдім. Әмир-ул мүминин хазреті Әли (радиаллаһу анһ) та алдында еді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Йа, Әли, сенің бұл ұлың Аллаһу та'аланың нұрымен қарайды. Сөздері хикметті және әрбір ісі оңды. Ол қателік жасамайды, ол ғалым. Білім мен хикметке толы» деді».

Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) оқиғалары мен қасиеттері ел арасында ауыздан ауызға жетіп танымал болған және кітаптарда жазылған. Шексіз қасиеттері мен оқиғаларын теңіздің бір тамшысындай осында бірнешеуін қысқаша баяндаймыз.

• Халифа Мәмун Имам Әли Ризаны (радиаллаһу анһ) өзіне ізбасар қылды. Мәмунмен көріскісі келген кезде қызметшілер мен қарауылдар оны кездестіретін. Мәмун отыратын жердің есігінде асулы тұрған пердені көтеретін. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) ішке кіретін. Алайда қызметшілер оған қарсы еді. Бір күні өзара оны кездестірмеуге және есіктегі пердені көтермеуге шешім қабылдады. Имам Әли Риза келді. Бәрі отырған еді. Амалсыздан орындарынан тұрып, қарсы алып, пердені көтерді. Кейін «Біз неге олай істедік?» деп қарсы алмауға және пердені көтермеуге қайтадан келісіп алды. Бір күні Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) тағы келді. Қарауылдар мен қызметшілер орындарынан тұрып, сәлем берді. Бірақ пердені көтеруге асықпады. Сол мезетте Аллаһу та'ала жел жіберді. Жел пердені олардан бұрын көтерді. Имам Әли Риза ішке кірді. Жел тоқтады. Сыртқа шығатын кезде қайтадан жел тұрып, пердені көтерді. Қарауылдар бұл жағдайды көріп, «Аллаһу та'ала қадірлі еткен адамды ешкім төмен қыла алмайды» десті және одан кейін күнделікті әдеттерін жалғастырды.

• Өз дәуірінің ең атақты ақыны және шешені болған Дабәл бин Әли әл-Хузаи былай айтып берген: «Мәдарис-ул аят» қасидасын жаздым. Ол кездері Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) Хорасанда Мәмунның орынбасары еді. Қасиданы оған оқып бердім. Қатты ұнатты және «Бұл қасиданы менің рұқсатымсыз ешкімге оқыма» деп бұйырды. Қасида жазғанымды Мәмун естіген екен, мені шақырып алды. Қал-жағдайымды сұраған соң маған «Мәдарис-ул аят қасидасын оқы» деді. Кешірім сұрап, оқи алмайтынымды айттым. Неліктен оқи алмайтынымды сұраған кезінде Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) қасиданы оның рұқсатынсыз ешкімге оқымауымды бұйырғанын айттым. Сонда ол Имам Әли Ризаны (радиаллаһу анһ) шақырды. Мәмун оған «Йа, Әбул Хасан! Дабәлден Мәдарис-ул аят қасидасын оқуын сұрадым, оқымады» дегенінде Имам Әли Риза маған қасиданы оқуымды бұйырды. Қасиданы оқып бердім. Халифа Мәмун қатты ұнатты және маған марапат ретінде елу мың ақша берді. Осыған жуық ақшаны Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) та сыйлады. Имам Әли Риза хазретке «Тақсыр, өз киіміңізді маған сыйлауыңызды сұраймын, ол киім маған кебін болсын» дедім. Маған киген көйлектерінің бірін және өте әдемі сүлгі берді де, «Бұларды сақтап қой, бұлармен пәлекеттен қорғанасың» деді.

Иракқа бара жатқан едім. Жолда қарақшылар баса-көктеп, керуенімізді тонады. Үстімде тек ескі киімім ғана қалған еді. Әсіресе Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) сыйлаған көйлек пен сүлгіні алғандарына қатты қынжылған едім. Ештеңеге бұлай қатты ренжімеген болатынмын. Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) «Бұларды сақтап қой, бұлармен қорғанасың» дегенін ойлап тұрдым. Сол кезде қарақшылардың бірі менің атыма мініп, менің сырт киімімді киіп, қасымда тұрғанын көрдім. Бүкіл керуеннің жиналғанын күтіп тұрған еді. Мәдарис-ул аят қасидасын оқып, жылай бастады. Қарақшы адамның Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтін (ұрпағын) жақсы көргеніне қатты таң қалдым. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) берген көйлегі мен сүлгісін қайтаруын ойлап, «Бұл қасиданың авторы кім?» деп сұрадым. «Шаруаң қанша, сенің бұл қасидамен не жұмысың бар?» деді. Мен «Сұрағанымның себебі, менің бір сырым бар. Оны саған айтайын» дедім. «Бұл қасиданың авторы – Мұхаммедтің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) отбасының ақыны Дабәл бин Әли» деді. Мен «Уаллаһи Дабәл менмін, бұл қасиданы мен жаздым» дедім. Маған сенбеді де, керуендегі басқа адамдарды шақырып, олардан сұрады. Бәрі «Иә, бұл кісі Дабәл» деп куәлік етті. Бұдан кейін қарақшылар керуеннен алған бүкіл заттарын қайтарып берді. Кейін бізге жолды көрсетіп, қауіпті жерлерден өткізіп жіберді. Мен және керуендегілер Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) сыйлаған көйлек пен сүлгінің берекетімен және Аллаһу та'аланың рұқсатымен ол пәлекеттен құтылдық және қорғандық». Дабәл бин Әли әл-Хузаи жазған Мәдарис-ул аят қасидасының аудармасы мынадай:

Еске алсам арафатта бірге жүрген кездерді,

Жанарыма сағыныштан, тамшы тамшы жас келді.

 

Аңсап жүрмін, қадірі өтті сол баяғы күндердің

Елсіз-күнсіз күйге түсті шар-тарапы бұл жердің

 

Тилауаттан махрұм аят оқылатын медреселер

Ешкімі жоқ күйде қалды уахи түскен мекендер

 

Әхли бәйттің ешкімі жоқ, ешкімсіз Нәби мешіті,

Хиф мешіті, Арафат пен Қағбаның жоқ ешкімі.

 

Бұл жерлер Әли, Хусейннің, Жафәрдің асыл мекені,

Хамзаның мәлім тізесі, сәждеден іскен екені.

 

Залымдардың зұлымдыққа бармас еді қолдары,

Қазір болса зұлымдыққа, ашық қалды жолдары.

 

Бұл мекендер тұрағы еді, Абдуллах пен Фазылдың,

Пәк нәсілі еді олар, пайғамбардың, расулдың.

 

Бұл жерлерде белең алған намазбенен тақуалық,

Кең тарады жақсылықтар, ораза мен тазалық.

 

Көптеген рет түсті мұнда Жәбрейіл періште,

Аллаһтан сәлем әкелді Расулуллаһ елшіге,

 

Уахи түсіп ілімнің қайнары болған жерлер бұл,

Ақиқаттпен хақ діннің тамыры болған елдер бұл.

 

Қайда алғашқы тұрғындары жоқ сірә жас та кәрі де,

Қазір шалғай елдерде бақилық болды бәрі де.

 

Әлемдердің мырзасының мұрагері барлығы,

Тұлғалары беткетұтар, үмбеттің ең қайырлы.

 

Дұрыс жолмен әділеттің, ұстазы, жол сілтеушісі,

Қатеменен құсырдан құтылудың себепшісі.

 

Ей, Расулдың ұрпақтары терең ілім бұлағы,

Сіздер үшін әрбір демім сәлем жолдап тұрады.

 

Саяңызда өтіп барады аман-есен, фәни өмірдің әр күні,

Иманымды құтқаруды үміттенем, сіздерге құрмет арқылы.

 

Кей риуаяттарда бұл қасиданың елу шумақ екені айтылған. Әһли бәйттің мүбәрәк қабірлері туралы да баяндалған. Дабәл бин Әли әл-Хузаи бұл қасидасын Имам Әли Ризаға (радиаллаһу анһ) оқып бергенде:

Салих кісінің қабірі бар, Бағдаттың жер қойнауында,

Бөлмелердің бірінде жатыр, Хақ та'аланың қорғауында, – деген шумаққа келгенде Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) «Ей, Дабәл, бұл жеріне мен де бір шумақ қосайын. Қасидаң осы шумақпен бітсін» деді де, мына шумақты қосты:

Туста да жалғыз қалған ғаріп қабір болады,

Жат елдің салған жарасы көңілдерде қалады.

Сонда ақын Дабәл «Ей, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ұрпағы! Бұл кімнің қабірі болады?» деп сұрады. Жауап ретінде: «Ол жат елде қалған қабір менің қабірім болады. Сол себеппен Тус қаласы әһли бәйтті жақсы көретіндердің келіп-кететін жері болады. Ол бөтен елде кімде-кім менің қабірімді зиярат етсе, қиямет күнінде кешірілген болып менің қасымда тұрады» деді.

• Куфалық бір адам былай айтып берді: «Куфадан Хорасанға бара жатқан едім. Қызым маған бір киім беріп, «Мынаны сатып, маған қымбат тасы бар жүзік алыңыз» деді. Мәрв қаласына жеткенде Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) қызметшілері келді. Маған «Сендегі киімдерді бізге сат, Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) қызметшілерінің бірі қайтыс болды. Оған кебін жасаймыз» деді. «Менде киім жоқ» дедім. Олар кетіп, қайтып келді. «Мырзамыз саған сәлем айтты. Қызың саған бір киім берген екен, соны сатып оған жүзік алмақшы екенсің. Міне, ақшасын әкелдік» деді. Киімді оларға саттым. Кейін ішімнен «Имамға барып, бірнеше сұрақ қойып көрейін, қалай жауап береді екен» деп ойладым. Бірнеше мәселені қағазға жазып алдым. Таңертең Имам Әли Ризаға (радиаллаһу анһ) бардым. Адамның көптігінен сұрақ қою былай тұрсын, өзін де көре алмадым. Не істерімді білмей тұрдым. Сұрағымды сұрайын деп күтіп тұрғанда бір қызметші сыртқа шықты. Мені есімімді атап шақырды. Жазуы бар қағаз беріп, «Мына қағазда сенің сұрақтарыңның жауабы бар» деді. Қағазды алып қарадым, сұрақтарымның жауаптары жазылған еді».

• Бәнаж халқынан бір адам былай атып берген: «Расулуллаһты (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) түсімде көрдім. Бәнажға келген және қажылар тұрақтайтын мешітте отырған еді. Алдына барып, сәлем бердім. Алдында құрма жапырақтарынан жасалған ыдыстың ішінде сейхандық құрмалар бар еді. Маған бір уыс берді. Санап қарасам, он жеті құрма екен. Ішімнен «Он жеті жыл өмірім қалған екен» деп жордым. Жиырма күннен кейін Имам Әли Ризаның сол мешітке келгенін естідім. Дереу алдына бардым. Түсімде көргенімдей, Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) отырған жерге отырған екен. Алдында бір табақ құрма бар еді. Мен сәлем бердім, мені қасына шақырды да, бір уыс құрма берді. Санап қарасам, он жеті құрма екен. «Ей, Расулуллаһтың ұрпағы! Тағы біраз құрма беруіңізді сұраймын» дедім. Сонда ол «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көбірек берген болса, мен де берейін» деді».

• Бір шәкірті былай айтып берді: «Зияд бин Салт маған «Имам Әли Ризадан алдына кіруіме рұқсат сұрап бер. Өз киімдерінің бірін маған кигізеді және оған ажыратылған ақшадан маған біраз ақша береді деп үміттенемін» деді. Мен алдына кіріп, рұқсат сұрайын деп сөзімді бастамақ болғанымда, «Зияд бин Салт ішке кіргісі келіп тұр. Менен киім және маған ажыратылған ақшаны үміт етіп тұр. Келсін» деді. Зияд бин Салт алдына кірді. Оған бір киім және отыз ақша берді».

• Кирман жолында қарақшылар бір саудагердің жолын кесіп, тонады. Аузына қар толтырды. Осы себепті саудагер сөйлеуге қиналатын болып қалды. Хорасанға барды. Ол жақта Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) Нишапурда екенін естіді. Ішінен «Ол әһли бәйт, Расулуллаһтың ұрпағы. Алдына барайын, тіліме бір ем табар» деп ойлады. Сол түні түсінде Имам Әли Ризаны (радиаллаһу анһ) көрді. Алдына барып, ем үшін дәрі сұрады. Ол «Ұнтақталған зірә, жебіршөп және тұзды сумен араластыр, аузыңды сол сумен үш рет шай, шипа болады» деді. Оянғанында көрген түсіне мән бермеді. Нишапурға барды. Имам Әли Риза қаладан шығып, тұрақтайтын жерінде тұрақтаған екен. Саудагер алдына кіріп, жағдайын айтты. Бірақ түсін айтпады. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) саудагерге «Сенің еміңді түсіңде айттым» деді. Саудагер «Ей, Расулуллаһтың ұрпағы, өз аузыңыздан тағы бір рет естігім келеді» деді. Сонда «Ұнтақталған зірә, жебіршөп және тұзды сумен араластыр, сол сумен екі-үш рет аузыңды шай, шипа болады» деді. Саудагер осы емді қолданды, шипа көрді.

• Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) бір күні бір адамға қарады да, «Ей, Аллаһу та'аланың құлы! Қалағаныңды өсиет ет, ешкім құтыла алмайтын нәрсеге дайындал» деді. Ол адам үш күннен кейін қайтыс болды.

• Әбу Исмаил Синди былай айтып берген: «Имам Әли Риза хазреттің алдына бардым. Араб тілінің бір әрпін де білмегенім үшін синди тілінде сәлем бердім. Сәлеміме синди тілінде жауап берді. Біраз сұрақтарымды қойдым. Бәріне синди тілінде жауап берді. Кейін «Мен араб тілін білмеймін, дұға етіңіз, Аллаһу та'ала маған араб тіліне шабыт берсін» дедім. Ол мүбәрәк қолымен ернімді сипады. Бірден арабша сөйлей бастадым».

• Бір адам былай айтып берді: «Қажылыққа бара жатқан едім. Қызметшім маған екі қалың киім дайындап қойған болатын. Ихрам уақыты келгенде ол киім ихрамға жарай ма, жарамай ма деп күмәндана бастадым. Сенімді болу үшін басқа ихрам орандым. Меккеге барғанда Имам Әли Риза хазретке хат жаздым. Хатпен бірге біраз сыйлық қосып жібердім. Бірақ қызметшімнің маған ихрам ретінде дайындаған әлгі қалың киімдерді ихрам ретінде киюге болатын-болмайтынын жазып сұрауды ұмытып кетіппін. Біраздан соң хаттың жауабы келді. Қалың киімдерді ихрам ретінде кию рұқсат екенін, ешқандай зияны жоқ екенін хаттың соңында жазған еді».

• Бір адам былай айтып берді: «Бір күні Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) екеуіміз бір үйдің қабырғасының түбінде сұхбаттасып отырған едік. Кенеттен бір торғай келіп, оның алдына қонды да, сайрай бастады. Қатты абыржыған еді. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) «Мына торғай не дегенін білесің бе?» деп сұрады. Мен «Аллаһу та'ала, Оның Расулы және Расулуллаһтың ұрпағы (сіз) жақсырақ біледі» дедім. Сонда «Торғай мына үйде жылан бар екенін, оның балапандарын жейін деп жатқанын айтты. Тұр, үйге кіріп, сол жыланды өлтір» деп бұйырды. Үйге кірдім. Іште бір жылан жүрген екен, оны өлтірдім».

• Бір адам былай айтып берген: «Жұбайым жүкті еді. Имам Әли Риза хазреттің алдына бардым. «Дұға етіңіз, ұлым болсын» деп өтіндім. Ол «Әйелің екі балаға жүкті» деді. Кетерімде «Біріне Мұхаммед, екіншісіне Әли есімдерін беремін» деп ойладым. Имам Әли Риза хазрет мені шақырды. «Біріне Әли, екіншісіне Умму Амр есімін бер» деді. Балалар туылды. Бірі ұл, бірі қыз еді. Есімдерін Әли және Умму Амр деп қойдым. Бір күні анамнан «Умму Амр кімнің есімі?» деп сұрадым. «Анамның есімі еді» деп жауап берді».

• Бір адам былай айтып берді: «Хорасанда Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) хазреттен естідім. «Мәдинада мені шақырып жатыр. Бүкіл балаларымды жинап, мен үшін жыламауын айттым. Кейін он екі мың ақшаны араларында бөлістірдім. «Бұдан кейін сендерге оралмаймын» дедім» деген еді.

• Мәмун Имам Әли Ризаға (радиаллаһу анһ) халифа болуын ұсынды. Ол қабылдамады. Бұл ұсыныс екі ай жалғасты. Соңында қорқытып мәжбүрлеуге айналды. Осылайша қабылдады. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) бір жазу жазып, жазудың соңына: «Жәфр мен жамиа кітаптары мұның терісін көрсетеді. Бірақ бұл іс менің қалауымсыз жүзеге асты» деп жазып, «...Маған және сендерге не істелетінін білмеймін...» деген «Ахкаф» сүресінің 9-шы аяты мен «...Үкім тек Аллаһқа тән. Ол хақты айтады. Ол үкім беретіндердің ең қайырлысы» деген «Әнам» сүресінің 57-ші аятын оқыды. «Халифаның бұйрығына бағындым. Аллаһу та'ала мені және сендерді қорғасын» деді.

• Әбуссалт былай атып берді: «Бір күні Имам Әли Риза хазреттің алдында едім. Маған «Мына көріп тұрған күмбезің Харун Рашидтың кесенесі. Оның төрт жағынан маған топырақ әкел» деп бұйырды. Мен барып әкелдім. Топырақты иіскеді де, «Жақында осында маған қабір қазылады. Бір тас көрінеді, оны шығару үшін Хорасанның бүкіл қайлаларын әкеледі. Бірақ сонда да шығара алмайды» деді. Кейін «Пәлен жерден топырақ әкел» деп бұйырды. Ол жақа барып әкелдім. Сол жерді көрсетіп, «Менің қабірімді осында қазыңдар. Қабірдің ортасын жарып мені ішіне қоймаңдар. Қабірім терең болсын және лахд жасаңдар. Екі зра және бір қарыс болсын. Аллаһу та'ала оны қалағанындай кеңейтеді» деді. Кейін «Қабірімнің бас жағында ылғалдық байқалады. Саған үйреткен дұғамды оқы. Ол жерден су атқылап шығады. Лахд суға толады. Судың ішінде кішкентай балықтар көресің. Саған мына нанды беремін. Ұсақ қылып бөлшектеп, суға таста. Балықтар сол нанның бәрін жеп қояды. Кейін үлкен балық шығады, кішкентай балықтардың барлығын жеп қояды да, өзі де көзден ғайып болады. Сол кезде денемді судың ішіне қойыңдар. Үйреткендерімді оқы, су азайып, мүлде қалмайды. Халифа Мәмун да бұларды көреді» деді. Кейін «Ертең Мәмунға барамын. Одан сыртқа шыққан кезімде егер басым жабық болса, менімен сөйлеспе, егер басым ашық болса, сөйлесе бер» деді. Таңертең киімдерін киіп, күтіп тұрған еді. Мәмунның қызметшісі келіп шақырды. Ол Мәмунға барды. Мәмунның алдында табақтарда жеміс-жидектер бар еді және өзі қолындағы жүзімді жеп отырған еді. Имам Әли Риза хазретті көргенде орнынан атып тұрып құшақтасты және екі көзінің арасын сүйіп, қасына отырғызды. Мәмун қолындағы жүзімді Имам Әли Риза хазретке беріп, «Осындай керемет жүзім көрдіңіз бе?» деп сұрады. Ол болса «Керемет жүзім жәннатта» деп жауаптады. Мәмун «Мына жүзімді жеңіз» деді. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) «Кешірім өтінемін» деп еді, Мәмун қоймай «Неліктен жемейсіз, бізге күдіктенгеніңіз бе?» деген соң жүзімнен біраз жеді. Кейбірлері бірнеше дана жеді деген. Кейін жүзімді қойып, орнынан тұрды. Мәмун «Қайда барасыз?» деп сұрағанда «Жіберген жеріңе барамын» деді. Мүбәрәк басына бір нәрсе жабылған күйде сыртқа шықты. Онымен сөйлеспедік. Үйіне барды да, бұйрығы бойынша есігі кілттенді. Төсегіне жатты. Мен үйдің ішінде қайғылы күйде тұрған едім. Сол кезде Имам Әли Ризаға (радиаллаһу анһ) қатты ұқсайтын әдемі жүзді, жұпар иісті жас жігіт кірді. Оған жүгіріп бардым да «Есік кілттеулі еді, қайдан кірдің?» деп сұрадым. Ол «Мені Мәдинадан осында бір сағатта алып келген адам ішке кіргізді. Мен Хужжәтуллаһ Мұхаммед бин Әлидің әкесінің қасына кірерде маған сен де кір деп айтты» деді. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) оны көргенде орнынан тұрды да, құшақтап, бауырына басып, екі көзінің арасын сүйді. Ол да бетін әкесінің бетіне тигізіп, жасырын түрде сөйлесті, мен түсіне алмадым. Кейін Имам Әли Ризаның ернінің үстінде қардан ақ көбік көрдім. Кейін ол қолын Имам Әли Риза хазреттің киімі мен кеудесінің арасына кіргізді. Торғай секілді бір нәрсе шығарып жұтып жіберді. Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) есінен танып, қайтыс болды.

Мұхаммед бин Әли (радиаллаһу анһ) маған: «Ей, Әбуссалт, тұр, қоймадан су мен тақта әкел» деді. Мен «Ол жақта су мен тақта жоқ» деп едім, «Айтқанымды істе» деді. Барып су мен тақта тауып әкелдім. «Жуындыруға көмектесейін» дегенімде «Маған көмектесетіндер бар» деді. Мәйітті өзі жуындырды. Кейін маған «Қоймада бір қораптың ішінде кебін мен хош иіс бар, әкел» деді. Әкеліп бердім. Өзі кебіндеді. Маған «Табыт әкел» деді. Ұстаға жасатпақшы болған едім, «Қоймада бар» деді. Барып қарасам, өмірімде көрмеген табытты көрдім. Алып келдім. Ол мәйітті табытқа қойды да, екі рәкат намаз оқыды. Ол әлі намазын аяқтамай тұрып табыт көтерілді, үйдің төбесі қақ жарылып, сол жерден төбеге шықты. Мұхаммед бин Әли хазреттен «Қазір халифа Мәмун келсе не істейміз?» деп сұрадым. «Уайымдама, табыт біраздан соң қайтып келеді, пайғамбар шығыста және мұрагері батыста болса, Аллаһу та'ала олардың денелері мен рухтарын бір жерде кездестіреді» деді. Осыны айтып болмай тұрып-ақ үйдің төбесі жарылып, табыт төмен түсті. Табыттан Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) денесін шығарып, төсегіне жатқызды. Ол кебінделмегендей, ештеңе жасалмағандай жатқан еді. Кейін «Есікті аш» деп бұйырды. Есікті аштым, Мәмун және қызметшілері есік алдында еді. Ішке кірді. Бәрі қайғырып, жылап, зарлаған еді. Мәмун «Ей, мырзам, не болды сізге, мырзам» деп жатқан еді.

Кейін жерлеуге дайындықтар басталып кетті. Қабірі қазыла бастады. Қабір қазылып жатқанда мен сонда едім. Имам Әли Риза хазрет айтқандарының бәрі орындалды. Мәмун оның қабіріндегі суды және балықтарды көргенде «Көзі тірісінде керемет көрсеткеніндей, қайтыс болған соң да көрсетуде» деді. Мәмунның жақындарының бірі Мәмунға «Бұл ненің белгісі екенін білесің бе?» деді де, сөзін жалғастырып: «Мынаның белгісі: Аббас ұлдары, сендердің мүліктерің қаншалықты көп болса да, қанша ұзаққа жалғасса да, кішкентай балықтар секілді. Ажалдарың келгенде және биліктерің бітетін уақыт жақындағанда Аллаһу та'ала бізден сендерге бір адамды бәле қылады және ол сендерді жоқ қылады» деді. Мәмун «Дұрыс айтасың» деді.

Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) жерленген соң халифа Мәмун маған «Қабірде оқығаныңды маған да үйрет» деді. Мен «Ұмытып қалдым» дедім. Шынымен де ұмытқан едім. Сонда мені қамауға тастауын бұйырды. Бір жыл қамауда болдым. Әбден қиналдым да, «Йа, Раббым! Мұхаммед алейһиссаламның және Оның пәк әһли бәйтінің құрметіне мені құтқара көр!» деп дұға еттім. Дұғамды әлі аяқтамай тұрғанымда ішке Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) кірді. «Әбден қиналдың ба, ей, Әбуссалт?!» деді. «Иә, уаллаһи қиналып кеттім» дедім. Мүбәрәк қолын байланып тұрған жерге тигізді. «Тұр, сыртқа шық» деді. Бүкіл баулар шешілді. Қолымнан ұстап, бірге сыртқа шықтық. Абақтының қарауылдары мені көрді. Бірақ ештеңе айта алмады. Кейін Имам Әли Риза хазрет маған: «Бара бер, Аллаһу та'аланың амандығында бол, сен Мәмунға кезікпейсің, ол да сені таба алмайды» деді. Осы күнге дейін Мәмунды көрмедім».