Иманнан айыратын сөз айтқандаСұрақ: Мұсылман кісі біліп немесе білмей иманнан айыратын сөз айтып қойса, иманы кетіп діннен шыққан болып есептеле ме? Жауап: Бұл тақырыпта «Бәриқа», «Хадиқа» және «Мәжма-ул әнһур» кітаптарында былай жазылған: «Ер немесе әйел мұсылман кісі ғалымдардың бірауыздан күпірге себеп болатынын айтқан сөзді немесе істі күпірге себеп болатынын біле тұра, әдейі, ешкімнің қысымынсыз, өз қалауымен, шындап немесе күлдіру үшін айтса, істесе, мағынасын ойламаса да иманы кетіп мүртәд болады. Мұны «Куфри инади» деп атайды. Куфри инадимен мүртәд болған, яғни діннен шыққан адамның бұрынғы ғибадаттарының сауаптары жойылады. Тәубесіне келсе де кері қайтарылмайды. Бай болса, қайтадан қажылыққа баруы қажет болады. Мүртәд кезінде оқыған намаздарының, ұстаған оразаларының, берген зекеттерінің қазасын өтемейді. Мүртәд болуға дейін орындамағандарының қазасын өтейді. Өйткені, мүртәд болғанда бұрынғы күнәлары жойылмайды. Мүртәд кезінде орындамағандарының қазасын өтемейді. Куфри инадимен мүртәд болғандардың некелері бұзылады. Қайтадан иманға келгенде екі куәгердің көзінше «Тәждиди никах» жасауы (неке жаңалауы) қажет болады. Тәубе ету үшін тек калима-и шаһадат айтуы жеткіліксіз. Күпірге себеп болған нәрсеге де тәубе етуі қажет. Егер күпірге себеп болатынын білмей айтса, істесе немесе ғалымдар арасында бірауыздан келісім болмаған сөзді әдейі біліп айтса, иманының кететіні және некесінің бұзылатыны күмәнді. Сенімді болу үшін иман мен некені жаңалауы жақсы болады. Білмей айтуды «Куфри жәһли» деп атайды. Өйткені әр мұсылманның білуі қажет болған нәрселерді үйренуі парыз. Білмеуі үзірлі, кешірімді себеп емес, үлкен күнә саналады. Күпірге себеп болатын сөзді қателесіп, жаңылысып немесе ауыспалы мағынада айтқан адамның иманы мен некесі бұзылмайды. Бірақ тәубе етіп истиғфар айтуы және иман жаңалауы ықтиятты болады. Неке жаңалау қажет емес». Мешітке барып жүрген мұсылманның куфри инадимен мүртәд болғанын, діннен шыққанын ойлауға болмайды. Бірақ басқа төрт жолмен күпір айтып қою ықтималы бар болғандықтан, имамдар жамағатқа: «Аллаһумма инни уриду ән ужәддидәл иманә уәнникаха тәждидән би-қаули лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун расулуллаһ» деп оқытып, тәубеге келтірген және иман мен неке жаңалатқан болады. Осылайша: «Лә илаһа иллиллаһ деп имандарыңды жаңалаңдар!» деген хадис шәрифтегі бұйрық орындалған болады. |