19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / "Шәуаһид-ун нубуввә" кітабы / ИМАМ ТАҚИ МҰХАММЕД БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһ)

ИМАМ ТАҚИ МҰХАММЕД БИН ӘЛИ (радиаллаһу анһ)

Есімі Мұхаммед бин Әли. Он екі имамның тоғызыншысы. Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) ұлы. Күнясі Әбу Жафәр. Күнясі мен есімі Имам Мұхаммед Бақырға (радиаллаһу анһ) ұқсағандықтан, оны Әбу Жафәр Сәни деп те атаған. Лақабы Тақи және Жәуад. Анасы Хайрзана немесе Райхана есімді күң еді. Ол хижреттің жүз тоқсан бесінші жылы ражаб айының онында, жұма күні Мәдинада дүниеге келді. Хижреттің екі жүз жиырмасыншы жылы зүл-хиджа айының алтысында, сейсенбі күні қайтыс болды. Қабірі Бағдатта, атасы Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) қабірінің артында орналасқан.

Имам Мұхаммед Тақидың (радиаллаһу анһ) кіші жасынан-ақ әдептілігі мен білімі сондай биік дәрежеде болған, халифа Мәмун оған қайран болып, қызы Үмму Фадлды онымен некелестіріп, Мәдинаға жіберген. Мәмун оған жыл сайын мың дирхам жіберіп тұратын.

• Имам Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) әкесі қайтыс болған кезде он бір жаста еді. Бағдаттың аудандарының бірінде достарымен жолдың бойында тұрған еді. Халифа Мәмун аң аулауға шыққанда сол жолмен өтті. Балалардың бәрі жолдан қаша жөнелді. Имам Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) орнында тұрды. Мәмун келіп, оған біраз қарап тұрды. Аллаһу та'ала адамдардың көңілдеріне оған деген махаббат берген болатын. Халифа одан «Достарың жолдан қашып кетті, сен неліктен қашпай тұрдың?» деп сұрады. Ол «Мен жолдан кеткенде жол ашылатындай тар емес қой. Сізден қорқып қашатындай ешқандай қылмысым да жоқ. Мен сіз туралы жақсы ойдамын, сіз кінәсіз адамды ренжітпейсіз» деді. Оның көркем жүзі мен жылы сөзі халифа Мәмунға қатты ұнады. «Сенің есімің кім?» деп сұрады. «Мұхаммед» деп жауап бергенде «Кімнің ұлысың?» деп сұрады. «Имам Әли Ризаның (радиаллаһу анһ) ұлымын» деп еді, Мәмун әкесіне рақым тілеп, оған разы екенін айтты. Кейін жолын жалғастырып кетті. Қаладан алыстаған соң сұңқар құстарының бірін көлге қарай жіберді. Сұңқар көзден жоғалды да, біраздан соң аспаннан төмен түсті. Тырнағында кішкентай балық әкелген еді. Балық жартылай тірі еді. Мәмун таңқалды. Балықты алып, кері қайтты. Қайтадан Имам Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) достарымен бірге тұрған жолдан өткен еді. Бүкіл балалар қайтадан жолдан қашты. Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) орнында қалды. Мәмун оған жақындап, «Ей, Мұхаммед, қолымда не бар?» деп сұрады. Ол «Аллаһу та'ала теңізде кішкентай балық жаратты. Патша және халифаның сұңқары оны аулады. Мұны маған Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) әһли бәйтінің ұрпағы хабар берді» деп жауаптады. Мәмун таңқалды да, Имам Мұхаммед Тақидың жүзіне біраз қарап тұрып, «Сен шынымен де Имам Ризаның (радиаллаһу анһ) ұлысың» деді. Оған сый-сияпат көрсетті.

• Халифа Мәмунның қызы және Имам Мұхаммед Тақидың (радиаллаһу анһ) жұбайы Үмму Фадл әкесі Мәмунға хат жазып, Имам Мұхаммед Тақидың одан бөлек тағы күң және әйел алғысы келетінін айтып шағымданды. Мәмун жауап жазып, «Сені Имам Мұхаммед Тақиға бергенде Аллаһу та'аланың оған халал еткенін харам етпедім. Бұдан былай маған бұл тақырыпта шағымданып хат жазба» деді.

• Имам Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) айтқан: «Залымның әділеттікпен өткен күні зұлымдық көрген адамның зұлымдық көрген күнінен ауыр келеді. Надандар көбейгенде ғалымдар олардың арасында ғаріп қалады. Қиыншылыққа сабыр ету жамандық жасағанға қиыншылық. Күнәһардан көмек күткен, оны жақсы көрген адамға ең кішкентай жаза – мақұрым қалу. Екі адам мәңгі ауру – дені сау бола тұра емдәм ұстаған және ауру бола тұра емдәм ұстамаған.

• Халифа Мәмун қызы Үмму Фадлды Имам Мұхаммед Тақимен (радиаллаһу анһ) некелестіріп, Мәдинаға жіберді. Кешке таман олар Куфаға жетті. Сол жерде тұрақтап, бір мешітке кірді. Мешіттің ауласында әлі жеміс салмаған арабстандық шие ағашы бар еді. Имам Мұхаммед Тақи хазрет бір құмған су сұрады. Сол ағаштың түбінде дәрет алып, намаз оқыды. Намаздан кейін ағаштың түбіне келді. Ағаш жеміс салған екен. Өте тәтті және сүйексіз еді. Сол жақтың халқы берекеттену үшін сол жемістерді жеді.

• Сәләфтен бір кісі былай айтып берген: «Иракта едім. Шамда бір кісіні өзін пайғамбар жариялады деп шынжырлап қамап қойғанын естідім. Абақтыға барып, қарауылдармен келісіп, сол адамға кірдім. Ақыл-есі дұрыс еді. Мен оған «Басыңнан өткеннің бәрін айтып бер» дедім. Ол былай айтып берді: «Шамда хазреті Хусейннің (радиаллаһу анһ) мүбәрәк басы жерленді делінген мешітте ғибадат етіп жатқан едім. Кенеттен алдымнан бір кісі шықты. Маған «Тұр» деді. Тұрдым, біраз жүрдік. Куфа мешітінде екенімді көрдім. Әлгі кісі «Бұл қай жер?» деп сұрады. «Куфа мешіті» деп едім, ол намазға тұрды. Мен де намазға тұрдым. Намаз біткен соң сыртқа шықты. Мен де онымен бірге шықтым. Біраз жүрдік. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітінде екенімді көрдім. Рауда-и Расулға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сәлем бердім. Әлгі кісі ол жерде де намаз оқи бастады. Мен де намазға тұрдым. Намаз біткен соң сыртқа шықты. Мен де онымен шықтым. Біраз жүрдік. Меккеге келген екенбіз. Қағбаны тауаф етіп, сыртқа шықтық. Әлгі кісі көзден ғайып болды. Мен өзімді Шамда ғибадат етіп жатқан мешітімде екенімді аңғардым. Бұл жағдайға таңқалдым. Ол кісінің кім екенін түсіне алмадым. Ертеңіне дәл сол уақытта әлгі кісі қайтадан мені ертіп алып, дәл сол жерлерді кездірді. Кететін кезде «Мына көргендерімді жаратқан Аллаһу та'аланың хаққы үшін айтыңыз, сіз кімсіз?» деп сұрадым. Ол «Мен Имам Мұхаммед Тақи бин Әлимін» деді. Таңертең бұл оқиғаны таныстарыма айтып бердім. Шам әкімі бұларды естіген екен. Мені өзін пайғамбар жариялады деп, тұтқындап қамауға тастады» деді.

Шам әкіміне хат жазып, осы жағдайды түсіндірдім. Әкім хаттың артына «Ол адамды бір түнде Шамнан Куфаға апарған адам оны біздің абақтыдан құтқарып шығарсын» деп жазған еді. Бұл сөз маған өте ауыр келіп, қатты ренжідім. Жағдайды әлгі адамға айту үшін абақтыға бардым. Барсам әкімнің қызметкерлері әбігерге түсіп, абыржып жүрген екен. Не болғанын сұрадым. «Өзін пайғамбар жариялағаны үшін қамауға алынған адам жоғалды. Оны жер жұтты ма, әлде аспаннан құстар алып кетті ме, түсіне алмай жатырмыз» деген еді».

• Халифа Мәмун қайтыс болғанда Имам Мұхаммед Тақи (радиаллаһу анһ) «Біздің құтылуымыз отыз айдан кейін» деді. Отыз ай өткен соң ол да қайтыс болды.

• Бір адам былай айтып берді: «Имам Мұхаммед Тақидың (радиаллаһу анһ) алдына барып, «Пәленше салиха ханым сізге дұға етуде және өзіне кебін жасау үшін бір киіміңізді сұрап жатыр» дедім. «Ол салиха ханымның киімге қажеттілігі қалмады» деді. Бұл сөздің мағынасын түсіне алмаған едім. Кейін ол салиха ханымның он үш немесе он төрт күн бұрын қайтыс болғаны туралы хабар алдым».

• Бір адам былай айтып берді: «Бір досыммен бірге сапарға шықпақшы едік. Қоштасу үшін Имам Мұхаммед Тақиға (радиаллаһу анһ) бардық. Ол «Бұл күні жолға шықпаңдар. Күте тұрыңдар, ертең шығыңдар» деді. Шыққан соң досым «Менің жүктерім кетіп қалды. Мен осы түні жолға шығамын» деді де жолға шықты. Түнде тұрақтаған жерін сел басып, суға тұншыққан екен».