ИМАМ ХАДИ ӘЛИ БИН МҰХАММЕД (радиаллаһу анһ)Имам Мұхаммед Тақидың (радиаллаһу анһ) ұлы. Он екі имамның оныншысы. Есімі Әли. Күнясі Әбул Хасан. Оны «үшінші Әбул Хасан» деп те атаған. Лақабы Хади. Әскери лақабымен танымал болған. Анасы күң еді. Анасы халифа Мәмунның қызы Үмму Фадл дегендер де бар. Хижреттің екі жүз он төртінші жылы ражаб айының он үшінде Мәдинада дүниеге келді. Хижреттің екі жүз елу төртінші жылы жәмәзиәл ахир айының соңында дүйсенбі күні Бағдаттың Серменрай ауданында қайтыс болды. Қабірі Серменрайдағы өз сарайында орналасқан. Кум маңайында екенін айтатындар да бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Кум маңайында Мұса Казымның (радиаллаһу анһ) қызы Фатиманың (радиаллаһу анһа) шәһид болған жеріндегі қабірі бар. Мұса Казым (радиаллаһу анһ) осы қызы туралы «Фатиманы кім зиярат етсе жәннатқа кіреді» деген. Бұл сөзді Имам Әли Риза (радиаллаһу анһ) риуаят етті. • Имам Хадидың (радиаллаһу анһ) оқиғаларының бірі мынадай: «Бір күні Серменрай маңында бір ауылға барған болатын. Бір ауылдық оны көргісі келді. Адамдар оған «Пәлен ауылға кетті» деді. Ол сол ауылға барып, хазреттің алдына келді. Имам Хади (радиаллаһу анһ) әлгі адамнан «Не қалауың бар?» деп сұрады. Ауылдық «Мен хазреті Әлиді (радиаллаһу анһ) жақсы көретіндердің бірімін. Көп қарызым бар. Көп уақыт өтсе де әлі өтей алмадым. Мені осы қарыздан құтқаратын сізден басқа ешкімді білмеймін» деді. Имам Хади хазрет оған «Еш мұңайма» деді. Сол түні оны қонақ қылды. Таңертең Имам Хади (радиаллаһу анһ) ауылдыққа «Саған бір сөз айтамын. Ол сөзді бұлжытпай орындайсың» деді. Ауылдық «Сөзіңізге қайшы ештеңе істемеймін» деді. Ауылдық адамға бір қағазға «Пәленшенің осыншалықты қарызы менің қарызым» деп жазып берді. Жазғаны ауылдықтың қарызынан көп еді. Қағазды ауылдыққа беріп: «Мен жақында Серменрайға қайтамын. Жамағаттың арасында отырғанда мына қағазды маған әкел. Қарызыңды сұра және менімен дөрекі сөйлес» деді. Ауылдық келісіп, қағазды алып кетті. Имам Хади (радиаллаһу анһ) Серменрайға қайтты. Халифаның адамдары және басқа да адамдар бар жамағаттың арасында отырған кезде әлгі ауылдық келді. Қағазды шығарып, Имам Хадидан (радиаллаһу анһ) қарызын сұрады. Имам Хади хазрет өте сыпайы сөйлеп, кешірім сұрады да, «Пәлен күні өтейін» деп сөз берді. Бұл жағдайды халифа Мутәуәккил естіді де, Имам Хади хазретке отыз мың ақша жолдады. Ауылдық адам сөз берілген күні келді. Ол отыз мың ақшаны ауылдыққа беріп, «Осымен қарызыңды жап, қалғанын үйіңе жұмса» деді. Ауылдық «Ей, Расулуллаһтың ұрпағы! Мен бұл ақшаның үште біріне де разы едім. Бірақ Аллаһу та'ала қанша жіберетінін жақсырақ біледі» деді». • Халифа Мутәуәккил науқастанып, денесіне шиқан шыққан болатын. Қатты ауырып, қызуы көтерілген еді. Дәрігерлер еш емін таба алмады. Өлетіндей болған еді. Анасы «Мутәуәккил жазылып кетсе, өз мүлкімнен Имам Хади хазретке көп мал-мүлік жіберемін» деп атаған еді. Бір күні халифа Мутәуәккилдің жақындарының бірі Фәтх бин Хакан «Имам Хадидан да (радиаллаһу анһ) емін сұрап көрейік» деді. Бір адам жіберіп, одан дәрі сұрады. Имам Хади хазрет «Пәлен нәрсені шиқанның үстіне қойыңдар, Аллаһу та'аланың рұқсатымен пайдасы тиеді» деді. Бұл хабар Мутәуәккилдің мәжілісіне жеткенде ол жақтағылардың бәрі күліп, мазақ қыла бастады. Фәтх бин Хакан «Қолданып көрейік, зияны жоқ қой» деді. Имам Хади хазрет айтқан нәрсені шиқанға қойды. Шиқан жарылып, ішіндегі іріңі шықты. Халифа Мутәуәккилдің жазылғанын анасы естігенде он мың динарды дорбаға салып, өз мөрімен дорбаның аузын мөрлеп, Имам Хади хазретке жолдады. Халифа Мутәуәккил толықтай жазылғаннан бірнеше күн өткен соң бір адам халифаға «Имам Хадида (радиаллаһу анһ) көп мал-мүлік және сансыз қару-жарақ бар» деп шағым айтты. Халифа уәзірі Саидқа түн ортасында Имам Хадидың үйіне кіріп, ол жақта тапқан бүкіл мал-мүлік пен қару-жарақты әкелуін бұйырды. Уәзір Саид былай айтып берді: «Өзіммен бірге саты алып бардым. Барған соң үйдің шатырына шықтым да, пештің мұржасынан ішке кірдім. Қараңғы болғандықтан, қайда баратынымды білмей тұрдым. Сол кезде Имам Хадидың (радиаллаһу анһ) даусын естідім. «Ей, Саид! Біраз күте тұр, қазір шырағдан әкеледі» деді. Шырағдан әкелген соң төмен түстім. Имам Хади хазрет жүннен киім киген, басында жүннен тақия бар еді. Тоқылған жайнамазда құбылаға қарап отырған еді. «Ей, Саид! Бөлмелер мұнда, іздей бер» деді. Бөлмелерді іздеп шықтым, маған айтылған мал-мүлік пен қару-жарақ жоқ еді. Тек Мутәуәккилдің анасы жіберген дорба аузы мөрленіп тұрған еді. Оның қасында тағы мөрленген дорба бар еді. Имам Хади хазрет «Жайнамазды да тексер» деген соң жайнамазды көтердім. Астында қынында тұрған қылыш бар еді. Дорбалар мен қылышты алып, Мутәуәккилге апардым. Халифа Мутәуәккил анасының мөрімен мөрленген дорбаны көріп таңқалып, мән-жайын сұрады. Жақындары оқиғаны айтып берді. Халифа Мутәуәккил тағы бір дорба динар қосып, әкелгендерімді қайтарып апарып беруімді бұйырды. Имам Хади хазреттің алдына барып, ұялып, «Тақсыр, рұқсатсыз үйіңізге кіру маған қиын болды. Бірақ бұйрық осындай еді» дедім. Сол кезде «...Әділетсіздік еткендер өздерінің соңы қандай болатынын жақында білетін болады» деген «Шуара» сүресінің 227-ші аяти каримасын оқыды». • Халифа Мутәуәккил Имам Хадиды (радиаллаһу анһ) Мәдинадан Ирак тарапына шақырды. Серменрайға барған соң оны Хан-уссадық деген жаман бір жерге жайғастырды. Имам Хади хазреттің жақындарының бірі Салих бин Саид алдына кіріп, «Ұстаз, сізге жаным пида, олар сіздің қадіріңізді жасырып, нұрыңызды сөндіргісі келеді. Өйткені сізді осындай жаман жерге жайғастырды» деді. Имам Хади (радиаллаһу анһ) оған «Ей, Ибн Саид! Сен әлі осы дәрежедесің бе?» деді де мүбәрәк қолымен ишара етті. Одан кейінгісін Салих бин Саид былай баяндаған: «Сол мезетте бақшаның арасындағы зәулім сарайлар, өзендер, хор қыздар және маржандай тізіліп тұрған қызметшілер көрдім. Қайран болдым. Маған: «Ей, Ибн Саид! Біз қайда болсақ та, мыналардың бәрі бізбен бірге. Біз бұл жаман жерде емеспіз» деді». • Бір адам былай айтып берді: «Жұбайым жүкті еді. Ұлым болсын деп Имам Хади хазреттен дұға сұрадым. Ол «Ұлды боласың, есімін Мұхаммед деп қой» деді. Ұлым туылды, есімін Мұхаммед деп қойдым». • Тағы бір адам айтып берген: «Жұбайым жүкті еді. Ұл босансын деп Имам Хадиден (радиаллаһу анһ) дұға сұрадым. Ол «Көп қыздар ұл баладан қайырлы болады» деді. Қызым туылды». • Бір адам Имам Хадиға (радиаллаһу анһ) «Куфа қазысы мені қинап жатыр» деп шағымданды. Ол «Оған тағы екі ай сабыр ет» деп бұйырды. Екі айдан кейін қазы қызметінен босады. • Халифа Мутәуәккил үйінде көп құс асырайтын. Құстардың шуынан келушілердің дауысы естілмей, не айтқаны түсініксіз болатын. Келушілер де Мутәуәккилдің сөзін түсінбейтін. Имам Хади (радиаллаһу анһ) келіп ішке кіргенде құстардың шуы тоқтайтын, шыққан соң қайтадан сайрайтын еді. • Үндістаннан сиқыршы келген болатын. Ғажайып, ерекше нәрселер көрсететін. Мутәуәккил оны шақырып, «Егер бір ойын көрсетіп, Имам Хади Әли бин Мұхаммедті масқара қыла алсаң, саған мың динар беремін» деді. Сиқыршы келісті де, «Жарайды, істеймін, бірақ тамақ және қасына бірнеше нан әкеліңдер және мені оның қасына отырғызыңдар» деді. Айтқаны орындалды. Имам Хади (радиаллаһу анһ) нан алмақшы болды. Сиқыршы бір нәрсе істеп еді, нан оның алдынан ұшып кетті. Мұны сиқыршы үш рет істеді. Ол жерде отырғандардың бәрі күлді. Бөлмедегі диванның жастығында арыстанның суреті бар еді. Имам Хади хазрет сол арыстанның суретіне ишара етіп, «Мынаны ұста» деді. Ол сурет жанданып, арыстанға айналды. Секіріп келіп сиқыршыны жұтып жіберді. Кейін қайтадан жастыққа барып, суретке айналды. Мутәуәккил сиқыршының қайтадан шығуы үшін Имам Хадиға (радиаллаһу анһ) әбден жалынса да, ол көнбей, «Уаллаһи, Аллаһтың дұшпандарын достарына айдағандарды мүлде көре алмайсыңдар» деді. Кейін ол жерден кетіп қалды. Бұл оқиғадан кейін сиқыршыны ешкім көрмеді. • Бір күні Имам Хади (радиаллаһу анһ) халифаның ұлдарының бірінің үйлену тойының асына қатысты. Бәрі әдеппен отырған еді. Тек бір жігіт қана көп сөйлеп, күліп, әдепсіздік көрсеткен еді. Имам Хади хазрет оған «Ей, жігіт, қарқылдап күліп отырсың және Аллаһу та'аланың зікірінен қапы қалудасың! Алайда сен үш күннен кейін қабірде боласың» деді. Жігіт мұны естігенде бірден әдепсіздігін қойды. Кейін астан соң бәрі тарады. Ертеңіне жігіт ауырып қалды да, үш күннен кейін қайтыс болды. • Тағы бір күні үйлену тойында отырған еді. Самира халқынан бір адам бос сөздер айтып, Имам Хади хазретке қажетті құрметті көрсетпеді. Имам Хади (радиаллаһу анһ) «Мына адамның үйінен жаман хабар келеді, мына асты жей алмайды» деді. Дастарханға ас қойылған соң әлгі адам қолын жуып, асқа отырған сәтінде қызметшісі жылап ішке кірді. Оған «Анаңыз шатырдан жерге құлапты, өлім аузында жатыр. Дереу барыңыз, өлмей тұрып көріп қалыңыз» деді. Адам тамақ жемей кетіп қалды. |