19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   


ЖЕТІНШІ БӨЛІМ

ТАБИИН, ТӘБӘ-И ТАБИИН ЖӘНЕ СОФИЯ ТОБЫНА ДЕЙІН ОРЫН АЛҒАН ЖАҒДАЙЛАР

РӘБИ’ ЖӘНЕ РӘБ’И БИН ХАРРАШ (радиаллаһу та'ала анһ)

Рәб’и бин Харраш былай деген: «Біз төрт ағайынды едік. Рәби’ бәрімізден көп намаз оқитын және ыстық күндері ораза ұстайтын. Ол қайтыс болды. Бетін жауып қойдық. Бір адамды базардан оған кебін сатып алып келуі үшін жібердік. Өзіміз оның қасында тұрған едік. Бір кезде ол бетін ашты да, «Әссәләму алейкум» деді. Қасындағылар «Алейкәссалам, өлгеннен кейін сөйлеп жатырсың ба?» дестік. «Иә, сендерден кейін Раббыма қауыштым. Раббым ашулы қарсы алмады. Мені мамық гүлмен және жібекпен қарсы алды. Мұқият болыңдар! Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жаназа намазымды күтуде! Асығыңдар, мені кешіктірмеңдер» деді. Бұл хабарды хазреті Айшаға (радиаллаһу анһ) жеткіздік. Ол: «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Менің үмбетімнен өлгеннен кейін сөйлейтін адам – табииннің қайырлысы» дегенін естіген едім» деді».

Рәби’ орнының жәннат немесе тозақ екенін білмейінше күлмейтініне ант еткен болатын. Қайтыс болған соң денесін жуындырған адам оның үздіксіз күлімдегенін айтқан.

Сәләфтан бір кісі былай айтып берді: «Менің христиан көршім бар еді. Қайтыс болды. Христиандар оның денесін жуып жатқанда тұрып, «Маған мұсылмандарды шақырыңдар» деген екен. Бұл хабарды естіп оған бардық. «Әшһәду ән лә илаһа иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә Расулуһ» деді. Кейін қайтадан қайтыс болды. Біз оның денесін жуындырдық, жаназасын оқыдық және мұсылман мазарына жерледік».

 

ӘБУ МҮСЛИМ ХАУЛАНИ (рахметуллаһи алейһ)

Әбу Мүслим Хаулани хазрет мүлде дүниелік сөз сөйлемейтін. Дүниелік туралы сөйлесетіндердің қасынан кетіп қалатын. Бір күні мешітте бір топ адамның жиналғанын көріп, ахирет туралы сөйлесіп жатыр деп ойлып, қастарына барып отырды. Біреуі «Менің құлым сауда жасап келді, көп табыс әкелді» деді. Басқасы «Төрт құл дайындадым, пәлен жерге сапарға жіберемін» деді. Әбу Мүслим Хаулани оларға қарап «Сендердің жағдайларың мына адамға ұқсайды: бір адам қатты жауынның астында жолда қалды және тығылатын жер іздеуде. Сол кезде үлкен ғимарат және үлкен есік көреді. «Мына есіктен ішке кірейін, жаңбыр тоқтағанша осында күтейін» деп ойлайды. Есіктен ішке кірсе, ғимараттың төбесі жоқ, үсті ашық екенін көреді. Мен де сендерден білім алайын деп қастарыңа отырдым. Сөйтсем, сендер дүние адамдары екенсіңдер» дейді.

Былай риуаят етілген: «Әсуади Әнәси Йеменде өзін пайғамбар жариялады. Әбу Мүслим Хауланиді (рахметуллаһи алейһ) шақырып алып, «Менің Аллаһтың пайғамбары екеніме куәлік етесің бе?» деп сұрады. Ол «Жоқ» дегенде «Мұхаммедтің (алейһиссалам) Аллаһтың Расулы екеніне куәлік етесің бе?» деп сұрады. Ол «Иә» деп жауап берді. Дәл осылай бірнеше рет сұрап, бірдей жауап алды. Әсуади Әнәси оны үлкен отқа тастауға бұйрық берді. От жағылып, ол сол отқа тасталды. От оны мүлде жақпады. Әсуади Әнәсиге адамдары «Оны бұл жақтан басқа жерге жібер. Ол саған сенбейді және сенгендердің саған деген сенімдерін бұзады» деді. Әсуади Әнәси оған Йеменнен кетуін бұйырды. Ол Мәдинаға кетті. Сол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайтыс болған және хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) халифа болған еді. Әбу Мүслим Хаулани (рахметуллаһи алейһ) мешітке кіріп, намаз оқыды. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) оны көріп қалды. Қасына барып, «Қай қауымнансың?» деп сұрады. «Йемен халқынанмын» дегенде «Жалған пайғамбар отқа тастаған адам не істеді?» деп сұрады. «Ол Абдуллаһ бин Сәуб еді» деп жауап берді. Хазреті Омар ант етіп «Ол сенсің» дегенде «Иә, менмін» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) оны бауырына басып жылады. Оны хазреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) ертіп барды. Хазреті Әбу Бәкір мен өзінің арасынан орын ашып, оны отырғызды да, «Аллаһу та'алаға шүкір, тірі кезімде Ибраһим Халилуррахманға (алейһиссалам) жасалған істің Үмбети Мұхаммедтен (алейһиссалам) біреуіне жасалғанын көру нәсіп болды» деді».

Риуаят етілуі бойынша, Әбу Мүслим Хауланидің (рахметуллаһи алейһ) күңі бар еді. Ол күң бір күні «Мырзам, көптен бері тамағыңызға у қосып жүрмін, бірақ сізге мүлде әсер етпейді» деді. «Неліктен қостың?» деп сұрағанда «Мен жаспын, сіз мені не өз төсегіңізге шақырмайсыз, не сатпайсыз» деді. Әбу Мүслим Хаулани (рахметуллаһи алейһ) «Мен әр тамақтың алдында «Бисмиллаһи хайрул әсмаи Бисмиллаһи лә йәдурру мә асмиһи даун фил әрди уәссәмаи» дұғасын оқимын» деді.

Әбу Мүслим Хаулани Рум аймағына соғысқа аттанған сайын алдарынан үлкен өзен шыққан кезде бәрінің алдына өтіп, Аллаһу та'аланың есімімен ол судан өтетін, артынан ергендер де өтетін еді. «Заттарың суда ағып кетсе маған айтыңдар» дейтін. Бір адам әдейі суға дорбасын тастады. Оған барып, «Дорбамды су алып кетті» деді. Әбу Мүслим Хаулани (рахметуллаһи алейһ) ол адамға «Артымнан жүр» деді. Біраз жүріп, дорбаның ағашқа қыстырылып қалғанын көрді. Әлгі адамға «Дорбаңды ал» деді.

Былай риуаят етілген: «Әбу Мүслим Хаулани біраз ақшасымен ұн алуға базарға барды. Бір қайыршы одан қайыр сұрап, соңынан қалмады. Ол қайыршыдан құтылу үшін басқа жаққа кетті. Қайыршы тағы алдынан шықты. Соңында ұн алатын ақшасын қайыршыға берді. Өзімен апарған ұн дорбасымен ағаш ұстасына барып, оны ағаш жоңқаларына толтырды. Дорбаның аузын байлап, үйіне апарды. Әйеліне білдіртпей бір жерге қойды. Әйелі дорбаны ашып, ұн екенін көріп, нан пісірді. Әбу Мүслим Хаулани біраз уақыт өткен соң тартынып үйіне келді. Әйелі пісірген наны мен тамағын әкелді. Жеп болған соң нанды қалай жасағанын сұрады. Әйелі «Әкелген ұныңнан жасадым» деді. Әбу Мүслим Хаулани әйеліне ештеңе демеді, жағдайды айтып бермеді.

Әбу Мүслим Хаулани үйіне кіргенде «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтатын. Жұбайы да тәкбір айтып күтіп алып, қызметін жасайтын. Бір күні жұбайына бір әйел келіп, «Егер күйеуің Муауияны (радиаллаһу анһ) жамандаса, оған қызметші беремін, көп көмек көрсетемін, рахат өмір сүресіңдер» деді. Әбу Мүслим Хаулани хазрет кешке үйге келгенде әдеттегідей тәкбір айтты. Жұбайы күндегі әдетін жасамады, тәкбірмен күтіп алмады және қызмет жасамады. Бұдан ол әйеліне қатысты біреу бүлік тудырғанын түсінді. «Аллаһым, жұбайыма бүлік тудырған адамның көзін көр ет» деп дұға етті. Бүлікші әйел үйінде отырған болатын, алдында шырағдан бар еді. Кенеттен қасындағыларға «Шырағдан сөніп қалды» деді. Қасындағылар «Жоқ, сөнбеді, жанып тұр ғой» десті. Әйел «Олай болса, менің көзім көр болды» деді. Кейін көздері Әбу Мүслим Хауланидың дұғасымен көрмей қалғанын түсінді. Оның алдына барып, бұл ісіне өкінгенін айтып, дұға етуін сұрады. Әбу Мүслим Хаулани (рахметуллаһи алейһ) «Аллаһым, егер бұл әйел рас айтса, көздерін аш» деп дұға етті. Әйелдің көзі ашылды».

Бөкендер Әбу Мүслим Хауланиға (рахметуллаһи алеһ) жиі келіп тұратын. Балалар бөкендердің тоқтауы және оларды сипауы үшін дұға етуін сұрайтын. Әбу Мүслим Хаулани дұға ететін, Аллаһу та'ала бөкендерді тоқтататын. Балалар оларды сипап, ұстайтын еді.

 

АМИР БИН АБДИ ҚАЙС (рахметуллаһи алейһ)

Ол кедейлерге тарататын ақшаны көйлегінің ұшына байлап үнемі алып жүретін. Одан бір нәрсе сұраған кедейге міндетті түрде соны беретін. Үйіне қайтқанда әмиянын жанұясының алдына қоятын. Ішіндегі ақшаны санаған кезде қанша ақша таратса да  сол күйде сақталғанын көретін. Яғни ақша кем немесе артық болып шықпайтын.

Амир бин Абди Қайс (рахметуллаһи алейһ) бір күні бір қауымға қонақ болды. Кететін кезінде оның су ыдысына олар сүт толтырып берді. Жолға шыққан соң ішінен «Бұл сүт ішу үшін, егер дәрет алу керек болып қалса, не істеймін?» деп ойлап, кері қайтты. Қонағы болған адамдарына барып, «Сүттеріңді алыңдар, ыдысыма су құйыңдар» деді. Олар ыдысын суға толтырып берді. Дәрет алғысы келген кезде ол ыдыстан су шығатын, ішкісі келген кезде дәл сол ыдыстан сүт шығатын еді.

Намаз оқи бастаған кезінде шайтан жылан кейіпіне еніп, көйлегінің ішіне кіріп, жеңінен шығып кететін. Амир бин Абди Қайс хазретте ешқандай өзгеріс байқалмай, бірқалыпты тұратын. «Жыланды неге қумайсың?» деп сұрағандарға «Аллаһу та'аладан өзгесінен қорқудан Аллаһу та'аладан ұяламын. Жыланның көйлегіме кіріп шыққанынан хабарым болмайды» деп жауап берген.

 

ЗАДАН КИНДИ (рахметуллаһи алейһ)

Куфалық болып, табииннен. Бір күні «Йа, Раббым, қарным аш» деді. Үйінің терезесінен үлкен нан алдына түсті.

 

ЗАРАРА БИН УФИ (рахметуллаһи алейһ)

Табииннен және Басралық еді. Бір күні мешітте имам болып, намаз оқытып жатқанда «Қашан сурға үрленген кезде, ол күні өте ауыр күн болмақ» деген [«Мүдәссир» сүресінің 9-10] аяти карималарын оқығанда бірден құлап қайтыс болды.

 

САИД БИН МУСӘЙИБ (рахметуллаһи та'ала алейһ)

Мәдинаға бір әкім тағайындалған болатын. Зәйнәлабидин Әли бин Хусейн, Қасым бин Мұхаммед, Салим бин Абдуллаһ (раидаллаһу анһум) және құрайштан бір топ адам әкімді көруге барды. Әкім оларға «Араларыңызда Саид бин Мусәйиб кім?» деп сұрады. Зәйнәлабидин Әли бин Хусейн (радиаллаһу анһ) «Ол мешіттен шықпайды, әмірлерге келмейді» деп жауап берді. Әкім «Сен хазреті Әлидің (радиаллаһу анһ) немересісің, Қасым хазреті Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ), Салим хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) немересі. Сендер келесіңдер, ал Саид бин Мусәйиб неге келмейді?» деді. Ант етіп, «Оның басын шабамын» деді. Мұны үш рет қайталады.

Зәйнәлабидин Әли бин Хусейн (радиаллаһу анһ) былай деген: «Осы себепті ол мәжіліс бізге ауыр келді. Сыртқа шыққанда Саид бин Мусәйибке (радиаллаһу анһ) барып, жағдайды айттым. «Умра ниетімен Меккеге бар» дедім. Ол «Умра үшін таза ниетім жоқ» деді. Мен «Бауырларыңның бірінің үйіне бар» деп едім, «Мені бұл мешітте күніне бес рет шақырады, соны қайтейін? Қазірге дейін бұл шақыруға келмегенім әлі орын алмады, бәріне қатыстым» деді. «Олай болса, басқа мешітке бар. Өйткені сені іздейтін болса, алдымен осы мешітке келеді» дедім. Ол «Осы мешітте ғибадат етуге үйреніп қалдым, бұл жақтан кетпеймін» деді. Мен «Ей, бауырым, сен еш қорықпайсың ба?» деп сұрадым. Сонда ол «Аллаһу та'ала біледі, мен Одан басқа ештеңеден қорықпаймын. Бірақ әуелі дұға ететінім, бұл дұғамның ортасы мен соңы Аллаһу та'алаға мақтау мен мадақтау және Мұхаммед алейһиссаламға салауат пен сәлем. Аллаһу та'ала ол әкімге мені ұмыттырсын» деді. Біраз уақыт өткен соң ол әкім қызметінен босап, Шамға кетті. Жолда қызметшісі дәрет алуына дайындығын жасап жатқанда оған «Тоқта» деді. Кейін «Мен Зәйнәлабидин Әли бин Хусейннің, Қасым бин Мұхаммедтің және Салим бин Абдуллаһтың алдында Саид бин Мусәйибтің басын шабамын деп ант еткен едім. Сол күннен осы күнге дейін еш ойыма келмеді, есімнен шығып кетіпті. Қап, әттеген-ай, масқара болдым» деді. Қызметшісі «Аллаһу та'аланың сізге тілегені сіздің өзіңізге тілегеніңізден қайырлырақ» деді».

Саид бин Мусәйиб (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Әййам-и харрада язидилер Мәдинаға шабуылдап, мухажир және ансар сахабалардың (радиаллаһу анһум) көбін шәһид еткен. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мешітінде менен басқа ешкім жоқ еді. Намаз уақыты келгенде Рауда-и шәрифтен муәззиннің (азаншының) дауысы естілетін. Сол кезде намазға тұратынмын. Шам халқы мешітке кіріп, мені көрсетіп, «Ана жынды шалға қараңдар» дейтін». [Саид бин Мусәйиб табииннің ұлыларынан және «Фуқаха-и сәба», яғни Мәдинаның жеті үлкен ғұламасының бірі еді].

 

САИД БИН ЖУБӘЙР (радиаллаһу та'ала анһ)

Табииннен және куфалық. Фиқһ ғалымы, ізгілік иесі және көп ғибадат ететін еді. Хижреттің тоқсан бесінші жылы қырық тоғыз жасында Хажжаж тарапынан шәһид болды. [Бір рәкат намазда Құран кәрімді хатым еткен төрт адамның бірі].

Риуаят етілуі бойынша, Хажжаж жақын адамдарының бірін он адаммен бірге Саид бин Жубәйрді (радиаллаһу анһ) шақыруға жіберді. Олар оны шақыруға бара жатқанда жолда бір поптың шіркеуіне кірді. Поптан Саид бин Жубәйрды сұрады. Поп оларға жол көрсетті. Сол жаққа барып, Саиб бин Жубәйрді (радиаллаһу анһ) сәжде жасап жатқан жерінен тапты. Оған сәлем берді. Ол басын сәждеден көтеріп, намазын аяқтап, сәлемдеріне жауап берді. Олар «Хажжаж сені шақырып жатыр» дегенде Аллаһу та'ала шүкір мен мақтау айтып, Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дұға оқыды. Кейін Хажжажға бару үшін олармен бірге жолға шықты. Келер жолда олар көріскен поптың шіркеуіне барды. Поп оларға шіркеудің айналасында арыстандар, жабайы текелер және жыртқыш жануарлар бар екенін ескертіп, жоғары көтерілуін айтты. Саид бин Жубәйр (радиаллаһу анһ) шіркеуге кірмеді. Поп оған «Қашып кетпекшісің бе?» деді. Ол «Жоқ, қашпаймын. Мен мүшриктер бар жерге мүлде кіргім келмейді» деді. Поп «Онда жабайы жануарлар сен бөлшектеп тастайды» дегенде «Аллаһу та'аланың мені олардың зиянынан қорғауға құдіреті жетеді» деді. Поп әлгі он адамға «Ол сендерге қашпаймын деп сөз берсін» деп еді, ол «Мен Раббыма сөз бердім, таңға дейін бұл жерден кетпеймін» деді. Поп қалғандарына «Сендер жоғары шығыңдар, қаруларыңды дайындаңдар. Бұл түні мына салих құлды жыртқыш жануарлардан қорғаңдар» деді. Түннің бір уақытында олар Саид бин Жубәйрге бір жабайы жануар жақындап, оған үйкеліп, ештеңе істемей кетіп қалғанын көрді. Бұл жағдайды көрген поп таңертең төмен түсіп, Саид бин Жубәйрге (радиаллаһу анһ) барып, ислам діні туралы мәлімет алып, Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сүннеттерін сұрады да, өзі мұсылман болды.

Риуаят бойынша, Саид бин Жубәйр (радиаллаһу анһ) Хажжаж тарапынан шәһид етілуден бұрын «Йа, Раббым! Менен кейін Хажжаждың басқа адамды өлтіруіне мұрша берме» деп дұға етті. Бұл дұғадан кейін Хажжаж он бес күндей өмір сүрді. Хажжаж сол он бес күн ішінде күнде «Менің Саид бин Жубәйрмен не жұмысым бар еді, төсегіме жатқан сайын аяғымнан ұстап тартады» деген еді.

Саид бин Жубәйрдің (радиаллаһу анһ) бір қоразы бар еді. Әр түні шақырып, оны тәһәжжуд намазына оятатын. Бір түні шақырмай қалды да, Саид бин Жубәйр хазрет тәһәжжудке тұрмады. Таңертең бұл оған ауыр келді де, қоразға «Аллаһу та'ала дауысыңды шығармасын» деді. Содан кейін қораз мүлде шақырмайтын болып қалды. Анасы бұл жағдайды байқап, ұлы Саид бин Жубәйрге «Ешкімге қарғыс айтушы болма» деп ескерту жасады.

Саид бин Жубәйрдің (радиаллаһу та'ала анһ) басын шауып шәһид еткен кезде басы жерге түсті. Екі рет жоғары дауыспен, бір рет бәсең дауыспен «Лә илаһа иллаллаһ» деді.

 

УВӘЙС ҚАРНИ (РАДИАЛЛАҺУ ТА'АЛА АНҺ)

Әмир-ул мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) халифа кезінде бір қажылық маусымында адамдарға «Орындарыңнан тұрыңдар» деді. Кейін «Мурадилерден басқа куфалықтар отырсын» деді. Одан кейін «Қарндықтан басқа мурадилер де отырсын» деді. Қарндық Унәйс есімді біреу тұрып қалды. Ол адам Увәйс Қарнидың көкесі еді. Хазреті Омар одан «Увәйсті танисың ба?» деп сұрады. Унәйс «Арамызда одан сауатсыз, одан диуана, одан мұқтаж ешкім жоқ» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) жылады да, «Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) естідім, «Увәйстің шапағатымен Рәбиа және Мудар тайпалары санындай адам жәннатқа кіреді» деген еді» деді. Хәрәм бин Хайян (радиаллаһу анһ) айтып берген: «Бұл хабар маған жеткенде тек Увәйс Қарниды көру үшін ғана Куфаға бардым. Бір күні Евфрат өзенінің жағасына бардым. Сөйтсем, Увәйс Қарни ол жақта дәрет алып отырған екен. Оны таныдым. Өйткені оған дейін маған оны адамдар сипаттап берген болатын. Оған сәлем бердім, сәлеміме жауап берді. Қол алысқым келіп еді, ол қол алыспады. «Аллаһу та'ала саған қамқор болсын, сені кешірсін, ей, Увәйс, қалайсың?» дедім. Оған деген үлкен сүйіспеншілігімнен жылағым келді. Ол да жылады. Екеуіміз жылап болған соң менен «Аллаһу та'ала өміріңді ұзақ қылсын, ей, Хәрәм бин Хайян! Өзің қалайсың, мені саған кім көрсетті?» деп сұрады. Мен «Аллаһу та'ала мені саған қауыштырды» дедім. Ол «Лә илаһа иллаллаһу субхана Раббина ин кәнә уәъду Раббина лә мәъфулә (Аллаһтан басқа тәңір жоқ. Раббымызды нұқсан сипаттардан пәктейміз. Раббымыз бір нәрсені қаласа, сол болады)» деді. Кейін одан «Менің және әкемнің есімін қалай білдің? Бұған дейін сені еш көрмедім ғой» деп сұрадым. «Бәрін білетін, бәрінен хабардар болған Аллаһу та'ала маған білдірді» деп жауап берді. Тағы біраз насихат айтқан соң «Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болды. Расулуллаһтың халифасы Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу та'ала анһ) қайтыс болды. Әбу Бәкір Сыддықтың досы хазреті Омар (радиаллаһу та'ала анһ) қайтыс болды» деді. Мен «Аллаһу та'ала саған мейірім етсін. Хазреті Омар тірі, әлі қайтыс болмады» дедім. «Иә, ол да қайтыс болды. Аллаһу та'ала оның қайтыс болғанын маған хабар берді» деді. Кейін тағы біраз насихат айтып, қайыр дұға тіледі. «Әссәләму алейкә уә рахматуллаһи уә бәрәкатуһу. Бұдан кейін көріспейміз» деп кетіп қалды. Онымен бірге бірнеше қадам жүрдім, ол рұқсат бермеді. Куфаның аулаларының арасына кіргенше артынан жылап қарап тұрдым. Кейіннен оны қатты көргім келді. Бірақ ол туралы ешқандай хабар да таба алмадым. Бірақ әр аптада бір-екі рет оны түсімде көріп тұратынмын».

Риуаят етілуі бойынша, Увәйс Қарни (рахметуллаһи алейһ) Әзірбайжанға соғысқа барған еді. Сол жерде қайтыс болды. Достары оған қабір қазбақшы болды. Бір тастың қасында лахды жасалған дайын қабір тауып алды. Кейін кебінге орамақшы болды. Жүктердің арасынан адам қолы тимеген кебін тауып алды. Сол кебінге орап, дайын күйде табылған қабірге оны жерледі. [«Са’адати Әбәбия» кітабының 1189-шы бетінде: «Ол Сыффин соғысында хазреті Әлимен (радиаллаһу анһ) бірге болды. 37 [м.657] жылы шәһид болды» деп жазылған].

 

МӘЙМУН БИН ШӘЙБ (рахметуллаһи алейһ)

Өзі былай айтып берген: «Хажжаж дәуірінде жұма намазына бара жатқан едім. Ішімнен «Неге ол залымның артында жұма намазын оқимын?» деп ойладым. Күмәндана бастадым. Соңында тұрақты барып тұруға шешім қабылдадым. Үйдің бір шетінен бір дауыс естідім. «Ей, иман келтіргендер! Жұма күні намазға азан шақырылған кезде Аллаһты еске алуға жүгіріңдер...» деген [«Жұма» сүресінің 9-шы] аяти каримасы оқылған еді.

Бір күні хат жаздым. Ойыма бір нәрсе келді. Оны жазсам, хатым әдемі болатын еді, бірақ өтірік еді. Жазбайтын болсам, дұрыс болар еді, бірақ хатым нашар болып қалар еді. «Жазайын ба, жазбайын ба?» деп екі ойлы болып тұрдым. Ақыр соңында жазбаймын деп шештім. Үйдің бұрышынан бір дауыс шықты. «Аллаһ иман келтіргендерді дүние өмірінде де, ахиретте де мықты сөзбен бекітеді...» деген [«Ибраһим» сүресінің 27-ші] аяти каримасын оқыды».

 

СИЛАТУБНУ УШӘЙМ (РАХМЕТУЛЛАҺ АЛЕЙҺ)

Сенімді бір кісі былай айтып берген: «Соғысу үшін Қабилге аттанған болатынбыз. Түнде бір жерге тұрақтадық. Ішімнен «Бұл түні Силатубну Ушәймнің не істейтінін бақылап көрейін. Бәрі оның ғибадатын әңгіме қылады, қандай екенін көрейік» деп ойладым. Ол құптан намазын оқып болған соң ұйықтады. Кейін бәрі ұйқыға жатты. Ол сол түні тұрып, сол жақтағы емен орманына кірді. Мен де артынан кірдім. Ол дәрет алып, намаз оқи бастады. Бір кезде оның қасына бір арыстан келді. Мен қорыққанымнан ағашқа шығып кеттім. Силатубну Ушәйм арыстанға еш мән бермеді және одан тіпті тышқаннан қорыққандай да сескенбеді. Ол сәждеге жығылғанда оны қазір арыстан паршалайды деп ойладым. Ол намазын аяқтап, сәлем берді. Арыстанға қарап, «Кет, ей, жыртқыш, ризығынды басқа жерден ізде» деді. Арыстан бұрылып кетті де, кетерде қатты ақырғаны сонша, таулар бір-бірінен ажырап жатыр деп ойладым. Ол таңға дейін намаз оқуын жалғастырды».

Сол адам тағы былай айтып берді: «Жауға жақындаған едік. Қолбасшы әскерге «Ешбірің ешқайда кетпеңдер» деп бұйрық берді. Силатубну Ушәймнің қашыры жүкпен бірге жоғалып кетті. Ол намазға тұрды. Кейін «Йа, Раббым, қашырды жүгімен бірге кері қайтара гөр» деді. Біраздан соң қашыры жүгімен бірге келіп, оның қасында тұрды».

Өзі былай айтып берген: «Бір күні Әхуаз маңайында қыдырып жүрген едім. Қатты қарным ашты. Сатып алатын тамақты әбден іздедім. Бірақ таба алмадым. Аллаһу та'алаға дұға етіп, тамақ сұрадым. Есектің үстінде ұйықтап қалыппын. Құлағыма бір дауыс естілді. Оянып қарасам, бір бума зат түскен, ішінде бір нәрсе бар екен. Ашып қарадым, ішінде құрма ағашынан өрілген ыдыс бар еді. Іші балғын құрмаға толы еді. Тойғанша жедім. Ол мезгілде ешбір жерде құрма жоқ болатын. Кейін қалған құрманы алып, жолымды жалғастырдым. Жолда бір поппен кездестім. Оған жағдайды айтып бердім. Поп менен құрма сұрады, оған біраз құрма бердім. Арадан едәуір уақыт өткен соң бір күні сол попқа бардым. Оның жерінде өте әдемі құрма ағаштары өсіп шыққан екен. Поп маған «Бұл құрма ағаштары сенің маған берген құрмаларыңнан өсіп шықты» деді».

 

ХӘРӘМ БИН ХАЙЯН (рахметуллаһи алейһ)

Өте ыстық болған жаз күндерінің бірінде ол қайтыс болды. Оны қабірге қойған кезде бір бұлт келіп, тек оның қабірінің үстіне ғана жаңбыр жауды. Оның тысына мүлде шықпады. Сол күні оның қабірінде жасыл шөп өсіп шыққаны да хабар берілген.

 

ОМАР БИН АБДУЛАЗИЗ (рахметуллаһи алейһ)

Күнясі Әбу Хафс. Анасы хазреті Омар бин Хаттабтың (радиаллаһу анһ) ұлы Асымның қызы. Екі жыл, бес ай, он бес күн халифа болды. Хижри жүз бірінші жылы ражаб айының онында отыз тоғыз жасында қайтыс болды.

Әмир-ул мүминин Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) бір түні Мәдинаны аралап жүргенде сәре уақытында бір үйдің қасына келді. Ол үйде анасы қызына «Тұр, сүтке су араластыр» деген еді. Қыз «Бұл іс дұрыс емес. Халифа Омар (радиаллаһу анһ) бұған тыйым салды. Мұны хабаршысы келіп айтқан болатын» деді. Анасы «Тұр, мұнда Омар (радиаллаһу анһ) та, оның хабаршысы да жоқ, бізді олар көрмейді» деді. Сонда қызы «Уаллаһи, мен бұл істі жасамаймын. Мен адамдардың арасында хазреті Омардың бұйрығына бағынамын. Ешкім көрмейтін кезде де оның бұйрығына қарсы шықпаймын» деді. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бұл әңгімені естіген түнінің таңында баласы Асымға «Пәлен үйге бар. Ол жақта бір қыз бар. Егер біреумен атастырылмаған болса, онымен некелес. Аллаһу та'ала одан саған мүбәрәк перзент береді» деді. Асым барып, сол қызбен некелесті. Одан Омар бин Абдулазиздың анасы Умму Асым дүниеге келді. Абдулазиз бин Мәруан Асымның қызы Умму Асымды өзіне жұбайлыққа алғысы келді. Уәкіліне «Өзімнің адал мал-мүлкімнен төрт жүз динар апар. Таза, пәк әулеттен Асымның қызымен некелескім келеді» деді. Кейін Асымның қызымен үйленді және ол ханымнан Омар бин Абдулазиз дүниеге келді.

Суфян Сәури: «Халифалар бесеу: хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Әли және Омар бин Абдулазиз (радиаллаһу анһум әжмаин)» деген.

Рибах бин Убәйдә (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берген: «Омар бин Абдулазиз Мәдина әкімі болған кезінде бір қария онымен қолтықтасып жүрген еді. Мен ішімнен «Әкіммен қолтықтасып жүрген қария кім екен?» деп ойладым. Әкім Омар бин Абдулазиз намаз оқып, үйіне барды. Мен де артынан үйіне кірдім де, Аллаһу та'ала әміршімізге жақсылық берсін, «Сізбен қолтықтасып жүрген қария кім еді?» деп сұрадым. Ол менен «Ей, Рибах, сен оны көрдің бе?» деп сұрады. «Иә, көрдім» дегенімде «Ол қария бауырым Хызыр (Қыдыр) алейһиссалам еді. Жақында халифа болатынымды және әділеттікпен басқаратынымды хабар берді» деп жауап берді».

Риуаят етілуі бойынша, Омар бин Абдулазиз халифа болғанда таудағы қойшылар «Қай салих кісі халифа болды?» деп сұрады. Қойшылардан «Салих адамның халифа болғанын қайдан білдіңдер?» деп сұралғанда олар: «Қасқыр мен арыстан қойларымызға тиіспейтін болды, аулақ жүреді, еш зиян тигізбейді» десті. Расында да, бір адам «Омар бин Абдулазиздың халифа болған кезінде жайлауға шыққан едім. Ол жақта қасқырлар қойлардың арасында жүрген, бірақ қойларға мүлде тиіспей, оларға зиян келтірмей жүрген еді» деп айтып берген.

Омар бин Абдулазиздың әкімдерінің бірі хат жазып, қаланың қирап қалғанын, халифа бұйрық шығарса, қалпына келтіретінін айтты. Омар бин Абдулазиз жауап ретінде: «Қаланың айналасына әділеттіктен қамал тұрғыз, жолдарын зұлымдықтан тазала, қаланың абаттануы осы» деп жазды.

Омар бин Абдулазиз қайтыс болуы жақындаған кезде «Мені көтеріңдер, отырайын» деді. Отырғызған соң «Аллаһым! Мен әмір етсең де кемшілік жасаған адаммын. Тыйым салсаң да қарсы шықтым. Бірақ «Лә илаһа иллаллаһ» деймін» деді. Кейін басын аспанға көтерді. Мұқият қарай бастады. Қасындағылар «Неге аспанға мұқият қарадыңыз?» деп сұрады. Ол «Бір жамағат жиналды, олар адам да, жын да емес» деді де, кейін қайтыс болды.

Риуаят бойынша, Омар бин Абдулазиз (рахметуллаһи алейһ) жерленген кезде аспаннан үстіне бір қағаз түсті. Қағазда «Бисмиллаһ» және «Бұл Аллаһу та'аладан Омар бин Абдулазизға амандық хаты» деп жазылған еді.

Мухиддин Араби (қуддиса сиррух) «Футухати Меккия» кітабында жазғанындай, «Кейбірлердің сыртқы, көзге көрінетін халифалығына рухани халифалық та қосылған. Омар бин Абдулазиз осындай тұлғалардан еді».

 

АМР БИН УТБА (рахметуллаһи алейһ)

Табииннің ұлыларынан. Өзі куфалық. Сахабаларымен келісім жасады. Бірге болған адамдарының барлық қызметтерін ол жасайтын еді. Бір күні дала өте ыстық болды. Ол қой жаюға шыққан еді. Оны жақсы көретіндердің бірі оның артынан барды. Амр бин Утба (рахметуллаһи алейһ) ұйықтап жатқан және бір бұлт оған көлеңке жасап тұрған еді. Оянған кезінде сол досы «Саған сүйінші, осылай болды» деп айтып бергенде «Бұл жағдайды ешкімге айтпа» деді.

Соғысқа аттанған кезінде достарының қойларын ол қорғайтын. Бір бұлт келіп, оған көлеңке жасап тұратын. Ол намаз оқитын және жануарлар оның айналасында жүріп, оны қорғайтын еді.

Өзі былай деген: «Аллаһу та'аладан үш нәрсе сұрадым. Екеуін нәсіп етті, үшіншісін де нәсіп етеді деп үміттенемін. Біріншісі, Аллаһу та'аладан мені дүниеге қызықтырмасын деп тіледім. Дүниеліктің қолыма түсуі мен түспеуі бірдей болды, мені өзгертпеді. Екіншісі, намаз оқуға маған күш-қуат беруін тіледім, нәсіп етті. Үшіншісі, маған шәһидтік нәсіп етуін тіледім. Мұны да нәсіп етеді деп үміттенемін».

 

МУТРАФ БИН АБДУЛЛАҺ ШӘБХИЗ (рахметуллаһи алейһ)

Достарынан құралған бір жамағатпен қараңғы түні жолда кетіп бара жатқанда біреудің қамшысының ұшынан жарық шықты. Олар осылайша жолдарын көрді.

Бір адам өтірік айтып оған жала жапқан болатын. Ол «Йа, Раббым! Бұл адам өтірік айтса, оның көзін құрт» деп дұға етті. Әлгі адам бірден өлді. Өлген адамның әйелі сол заманның әкімі Зиядтан көмек сұрады. Әкім «Ол күйеуіңді бір нәрсемен ұрды ма?» деп сұрады. «Жоқ» дегенінде «Қазы, не істейміз, салих құлдың дұғасы тағдырға сай келіпті» деді.

 

МҰХАММЕД БИН МҮНКӘДИР (рахметуллаһи алейһ)

Риуаят етілуі бойынша, Мұхаммед бин Мүнкәдир ғазилардың бір тобымен бірге жолаушы болған еді. Олардың бірі «Таза ірімшік жегім келді» деді. Мұхаммед бин Мүнкәдир (рахметуллаһи алейһ) «Аллаһу та'алаға дұға етіңіз. Оның бұл жолда сізге таза ірімшік беруге құдіреті жетеді» деді. Сөйтіп бәрі дұға етті. Біраз жүрген соң аузы жабық бір себет алдынан шықты. Іші таза ірімшікке толы еді. Араларынан бірі «Бұл ірімшіктің қасында бал да болу керек, ірімшікпен бірге жейік» деді. Мұхаммед бин Мүнкәдир «Ірімшікті беруші балды да беруге құдіретті» деді. Кейін бәрі бірге дұға етті. Біраз жүрді. Жолдың торабында бір ыдыс тұрғанын көрді. Іші балға толы еді. Бәрі аттарынан түсіп, ірімшікті балмен жеді. [«Саадати Әбәбия» кітабының 845-ші бетіне қараңыз!].

 

АБДУЛЛАҺ БИН ӘБИ ЖАФӘР (рахметуллаһи алейһ)

Соғысу үшін Константинопольға (Стамбұлға) бара жатқан едік. Кемеміз бөлініп, бөлшектеніп, толқын бізді бір жартасқа шығарды. Бес адам едік. Аллаһу та'ала күнде таңертең әрбірімізге сол тастан бір жапырақ өсіріп шығаратын. Соны жейтінбіз, ол бізге тамақ ретінде де, су ретінде де жарайтын. Кеме келіп, бізді сол жақтан алып кеткенше осылай жалғасты.

 

ӘЙЮБ САХТИЯНИ (рахметуллаһи алейһ)

Басрада өмір сүрген табииндердің ұлыларының бірі еді. [131 [м.748] жылы қайтыс болды]. Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ): «Басра халқының жастарының сәйиді – Әйюб Сахтияни» деген.

Абдулуахид бин Зәйд былай айтып берген: «Әйюб Сахтиянимен (рахметуллаһи алейһ) бірге Хира тауында едік. Мен қатты шөлдедім. Шөлдегенім сонша, жағдайымды түріме қарап түсінді де, «Саған не болды?» деп сұрады. Мен «Шөлден өліп кетемін бе деп қорқып жатырмын» деп жауап бердім. Сонда ол «Қазір істейтіндерімнің бәрін жасырып жүре аласың ба?» деп сұрады. «Жасырамын» деп едім, ол өзінің көзі тірісінде ешкімге айтпайтыныма ант еткізді. Кейін аяғымен Хира тауын тепті. Жерден су шықты. Шөлім қанғанша іштім, біраз алып қалдым. Мұны оның көзі тірісінде ешкімге айтпадым».

 

САЛИМ БӘНАНИ (рахметуллаһи алейһ)

Басрада туып өскен. Қырық жыл Әнәс бин Маликтың (радиаллаһу анһ) сұхбатына қатысқан. Үздіксіз ораза ұстайтын. Әр күні және әр түні бір хатым оқитын. Бір сәре уақытында оның қабірін зиярат етіп барған бір топ адам «Оның қабірінен Құран кәрім оқылғаның естідік» деген.

Салим Бәнани (рахметуллаһи алейһ) бір күні Хамид Тауилден «Пайғамбарлардан басқа адамның қабірінде намаз оқығанын естідің бе?» деп сұрады. «Жоқ, естімедім» дегенде ол: «Йа, Раббым, егер біреуге қабірінде намаз оқуды нәсіп ететін болсаң, Салим құлыңа нәсіп ет» деп дұға етті.

Сөзі сенімді бір адам былай айтып берген: «Өзінен басқа тәңір болмаған Аллаһу та'алаға ант етемін, Салим Бәнаниді қабіріне қойдым. Хамид Тауил де қасымда еді. Лахд үстіне кесектерді орналастырдық. Кесектердің бірі қабірдің ішіне түсіп кетті. Сол кезде Салим Бәнанидің қабірде намаз оқып жатқанын көрдік. Хамид Тауилге «Көрдің бе?» деп едім, ол маған «Тыныш, үндеме» деді. Жерлеп болған соң қызына барып, «Оның амалы қандай еді, не көрдің?» деп сұрадық. Ол «Елу жыл бойы түндерді намаз оқып өткізетін. Сәре уақыты келгенде «Аллаһым! Егер құлдарыңнан біреуге қабірінде намаз оқуды нәсіп ететін болсаң, маған да нәсіп ет» деп дұға ететін. Аллаһу та'аланың оның дұғасын қабыл етпеуі Оның жомарттығына лайықты емес» деді».

 

ӘБУ ХАЛИМ ХАБИБ БИН САЛИМ РАИ (рахметуллаһи алейһ)

Салман Фарисидің (радиаллаһу анһ) сұхбатына қатысқан. Қойлары бар еді. Оларды Евфрат өзенінің жағасында жаятын. Адамдардан ұзақ, өзі жеке өмір сүретін.

Шәйхтардан бір кісі былай айтып берген: «Бір күні оған бардым. Ол намаз оқып жатқан еді, ал қойларын қасқырлар жайып жатқан еді. Ішімнен «Мына қарияны зиярат етейін, ұлылығын көремін» деп ойлап, күте бастадым. Намазын аяқтаған соң оған сәлем бердім. Ол «Ей, бала, не үшін келдің?» деп сұрады. «Зиярат үшін келдім» дегенімде «Аллаһу та'ала саған қайыр берсін» деді. Кейін мен «Мырзам, қасқырлар мен қойларды бір жерде көріп тұрмын» дегенімде «Қойларды бағатындар Аллаһу та'аламен бірге, сол себепті осылай болды» деді. Оның ағаш ыдысы бар еді. Сол ыдысты бір тастың астына тосты. Тастан сүт пен бал аға бастады. Мен «Мырзам, бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрадым. Ол «Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағыну арқылы қол жеткіздім» деп жауап берді. Кейін «Ей, бала, Мұса алейһиссаламның қауымы оған қарсы шыққан болса да, харә тасы оларға су берді. Дәрежесі Мұса алейһиссаламнан биік болған Мұхаммедке (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынған соң тас маған сүт пен бал бермей ме?» деді. «Маған насихат айтыңыз» деп едім, «Жүрегіңді құмарлықтың құтысы және асқазаныңды харамның ыдысы қылма! Адам баласы осы екеуінен құриды. Осы екеуіне мұқият болған құтылады» деді».

 

ХАСАН БАСРИ (рахметуллаһи алейһ)

Табииннің ұлыларынан. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы аяқталуына екі жыл қалғанда дүниеге келді. Сахабалардан (алейһимурридуан) жүз жиырма немесе жүз отыз кісіні көрген. Хижреттің жүз оныншы жылы ражаб айында сексен тоғыз жасында қайтыс болды.

«Құт-ул Қулуб» кітабында былай жазылған: «Хасан Басри (рахметуллаһи алейһ) табииннің ең ұлыларының бірі. Ол Бәдр соғысының сахабаларынан жетпіс адамды көрді. Ал жалпы сахабалардан үш жүз адамды көрген. Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы аяқталуынан екі жыл бұрын, хижреттің жиырмасыншы жылы Мәдинада дүниеге келді. Анасы Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жұбайы Үмму Сәләмәнің (радиаллаһу анһа) күңі еді. Жылаған кезінде Үмму Сәләмә (радиаллаһу анһа) оны құшағына алып, емізетін еді. Сөйлеуі, жұмсақтығы, салмақтылығы және сыпайылығы Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қатты ұқсайтын. Тасаууф ілімінде сондай сөздер айтатын, оған ұқсас сөздерді өзгелер айтқан емес. Бұл ілімді кімнен алғаны сұралғанда «Хузәйфәт-әбни Йәманиден (радиаллаһу анһ) алдым» дейтін. Хузәйфәт-ул Йәманиден «Сіз бұл ілімді кімнен алдыңыз?» деп сұрағандарға «Бұл маған Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ерекше сый-сияпаты. Өйткені бәрі Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қайыр туралы сұрайтын. Ал мен жаман нәрселерді сұрайтынмын. Жамандықты біліп алып, соған түсіп қалмайын деп, қорыққанымнан осылай сұрайтынмын. Жаман нәрселерді біліп алып, олардан сақтанған кезде қайырларды жіберіп алмайтынымды түсіндім» дейтін.

Хасан Басри хазреттің нақыл сөздерінің кейбірлері мынадай: «Бір құл бүкіл қалауларын тастап, тек қана Аллаһу та'алаға қауышуды көздесе, аз тамақтансын, жабынатындай киінсін, басын сәждеге қойып, ғибадатпен шұғылдансын. Сөйлегені үшін жыласын, Аллаһтың мейіріміне ұмтылсын және Аллаһтың азабынан сақтансын».

«Күлме, өйткені Аллаһу та'аланың амалдарымызды көріп, «Ешбір амалдарыңды қабыл етпеймін» демейтінін әлі білмейсің».

«Адам баласы дүниеден үш нәрсені аңсап кетеді: жинағанына тоймайды. Үміттенгеніне жетпейді. Алдындағы ахирет сапарына жақсы азық дайындамайды».

Омар бин Абдулазиз (рахметуллаһи алейһ) халифа болғанда Хасан Басриге (рахметуллаһи алейһ) хат жазып, «Маған діни істерде көмектесетін біреу жібер» деді. Ол жауап ретінде былай жазды: «Саған жіберетін адамым екі түрлі болуы мүмкін. Я дүниені жақсы көреді, саған насихат айтпайды. Я Аллаһтың адамы болады, Оған ұмтылады. Сенімен сұхбаттаспайды. Бірақ сен асыл, ізгі адамдарды таңда. Олар діннің бұйрықтарын толықтай орындай алмаса да, халықтың хақысына қарайды. Негізінде, ізгі және таза адамдар қателік жасамайды».

Харижи сектасының бір адамы Хасан Басри хазреттің сұхбат мәжілісіне келіп, сұхбатта отырғандарды қинап, мазасын алатын. Ақыр соңында, адамдар бір күні «Мына харижи бізді қинап жатыр, халифаға да хабар бермейсіз» десті. Хасан Басри хазрет ештеңе айтпады. Бір күні достарымен отырғанда әлгі адамның тағы келгенін көрді. «Аллаһым, оның бізге көрсеткен қиындығын білесің. Өзің қалаған нәрсеңмен оны бізден аулақ қыл» деп дұға етті. Әлгі адам бірден етбетімен жерге құлады. Үйіне апарайын деп оны адамдар көтерді, жанұясына жетпей өлді.

 

ТАУС БИН КӘЙСАН (рахметуллаһи та'ала алейһ)

Күнясі Әбу Абдуррахман. Йеменнің тумасы. Ұлына былай өсиет айтты: «Қайтыс болған кезімде мені қабірге қойғанда қабіріме қара. Егер мені қабірімде көре алмасаң, Аллаһу та'алаға шүкір ет. Егер мені қабірімде көрсең, «Инна лиллаһ уә инна илайһи ражиун» деп айт». Мұны риуаят еткен кісі: «Таус бин Кәйсанның ұлынан естідім. Оны қабірге қойған соң ішіне қараған кезде оны қабірінде көре алмаған. Бұған қатты қуанған екен» деп айтып берген.

 

АБДУЛЛАҺ БИН МУТИР (рахметуллаһи та'ала алейһ)

Күнясі Әбу Райхана. Табииннен. Кемеге мініп, бір нәрсе тігіп отырған еді. Бір кезде инесі теңізге, суға түсіп кетті. «Йа, Раббым! Инемді маған қайтара көр!» деп дұға етті. Инесі су бетінде көрінді, еңкейіп оны алды. Риуаят бойыша, теңіздің толқындары күшейген кезде ол «Ей, теңіз, сен әлсіз мақұлықсың, тыныштал» деген. Теңіз тынышталып, беті майдай жылтыраған.

 

ГУРЗ БИН УӘБРА ӘЛ-АБИД КУФИ (рахметуллаһи алейһ)

Горганда және Бахаматта өмір сүрді. Қабірі мәшһүр және көпшілік тарапынан зиярат етіледі. Малик бин Әнәстен (радиаллаһу анһ) білім алды. Оның күңінен адамдар «Ол напақасын қайдан табады?» деп сұрағанда «Одан бір нәрсе сұрасам, «Пәлен терезенің алдында» деп жауап беретін. Сол терезеге барып, қажетімді алатынмын» деген.

Горган тұрғындарының бірі былай айтып бергені риуаят етіледі: «Түсімде Горган мазарын аралап жүрген едім. Қабірдегілердің бәрі ақ киім киіп отырған еді. Олардан «Сендерге не болды, ақ киініп алыпсыңдар?» деп сұрадым. Олар «Гурз бин Уәбраның осында келуімен бізге ақ киім кигізілді» десті.

 

МУРИК ӘЛ-АЖЛИ (рахметуллаһи алейһ)

Табииннен және Басралық еді. Напақасын, өзінің қажеттілігін, азық-түлігін әрдайым басының тұсынан табатын еді.

 

ХАБИБ БИН ИСА АЖЕМИ (рахметуллаһи алейһ)

Күнясі Әбу Мұхаммед. Парсы елінен. Басрада өмір сүрді. Көп ғибадат ететін, тақуа кісі еді, әр дұғасы қабыл болатын.

Бір тәруия күні оны адамдар Басрада, ал арапа күні Арафатта көрді.

Өзі былай айтып берген: «Күнде бір кепкен құрмамен ауыз ашатынмын. Жұбайым күнде маған сол құрманы әзірлеп қоятын. Бір күні ауызашар уақытында сол құрманы іздеп таба алмадым. Бұған қынжылдым. Бір кезде бір адам келді. Қолыма бір құрма берді, соны жедім».

Әмиянын бос қалдыратын еді. Оны қолына алған кезінде іші ақшаға толы болатын. [120 [м.739] жылы қайтыс болды].

 

СУФЯН БИН САД ӘС-СӘУРИ (рахметуллаһи алейһ)

Куфаның тумасы. [95 [м.713] жылы Куфада дүниеге келді]. Күнясі Әбу Абдуллаһ болған сенімді бір кісі былай айтып берген: «Бір сәре уақытында зәмзәм құдығының қасында отырған едім. Бір қария келді. Зәмзәм құдығының есігінен ішке кірді. Бетін бір матамен жауып алған еді. Зәмзәм құдығынан бір шелек зәмзәм су шығарып ішті. Қалғанын мен іштім. Ішіндегі бадам езбесі еді. Сол кезге дейін одан тәтті ештеңе ішкен емеспін. Кейін артыма қарасам, әлгі қария кетіп қалыпты. Басқа бір сәре уақытында тағы сол жерге барып отырдым. Әлгі кісі қайтадан келді. Бір шелекпен зәмзәм суын тартып ішті. Қалғанын мен іштім. Бал шәрбәті еді. Артыма қарағанымда әлгі қария кетіп қалған еді. Басқа бір сәре уақытында тағы да сол жерге барып отырдым. Әлгі кісі дәл солай тағы келді. Бір шелекпен зәмзәм суын тартып ішті. Қалғанын мен іштім, шекер араласқан сүт еді. Бұл жолы ол кісінің киімін қатты ұстап алдым және «Қағбаның хаққы үшін айтыңызшы, сіз кімсіз?» деп сұрадым. «Менің тірі кезімде ешкімге айтып бермейтін болсаң, саған кім екенімді айтамын» деді. Мен «Ешкімге айтпаймын» деп сөз бердім. Ол «Мен Суфян бин Саид Сәуримін» деді».

Суфян бин Саид Басрада бір досының үйінде қайтыс болды. Ол үйдің егесі былай айтып берген: «Ұлымның бұлбұл құсы бар еді. Суфян Сәури (рахметуллаһи алейһ) «Бұл құсты неге қамап қойдыңдар? Бос жіберсеңдер ғой» деді. Мен «Бұл ұлымның құсы, ол сізге сыйға тартсын, сіз өзіңіз босатып жіберіңіз» дедім. Сыйға тартуын қабылдамай, құсты ұлымнан мың динарға сатып алды да, босатып жіберді. Құс күндіз сыртта жүретін, ал түнде Суфян Сәури бар үйге келетін. Ол қайтыс болғанда құс табытының соңынан ұшып, қабіріне келді де, ол жақта қайғырып сайрады. Кейіннен үнемі оның қабіріне келіп тұратын еді. Кейбір түндері сол жерде қалатын. Кейде үйге келетін. Соңында ол бұлбұл Суфян Сәуридің қабірінің үстінде өлі күйде табылды. Оны адамдар қабірдің бір шетінде көміп қойды».

Суфян Сәуридің (рахметуллаһи алейһ) денесін жуып жатқанда денесінде «Аллаһ оларға жеткілікті болады» деген жазу көрілді. Ол хижри жүз алпыс бірінші жылы Басрада қайтыс болды. [«Жамиул-кәбир», «Жамиус-сағир» және «Фәраиз» кітаптары бар].

 

ШӘЙБАН РАИ (рахметуллаһи та'ала алейһ)

Қой бағумен айналысатын. Жұма күндері қойлары жайылып жүрген жердің айналасын сызып қойып, өзі намазға кететін. Қойлар ол келгенше шеңбердің сыртына шықпайтын.

Бір күні ғұсыл құйынуы қажет болды. Ғұсыл алатын су таба алмады. Сол кезде бір бұлт келіп, жаңбыр жауып, соның суымен ғұсыл құйынды. Кейін бұлт кетіп қалды. Бір ретінде біреулер оны бөлмеге қамап, есігін берік жауып қойған еді. Кейіннен есікті ашқан кезде оның іште жоқ екенін көрді.

Суфян Сәури (рахметуллаһи алейһ) былай айтып берген: «Шәйбан Раимен бірге қажылыққа бара жатқан едік. Жолда қарсы алдымыздан арыстан шықты. Шәйбанға «Алдымыздан шыққанын қара, жолымызды бөгеді» дедім. Ол маған «Қорықпа» деді де, арыстанды өзіне шақырды. Арыстан ит секілді құйрығын бұлғап келді. Ол арыстанның құлағынан ұстап бүкті. Мен «Бұл неткен абырой» дедім. Шәйбан «Ей, Сәури, егер атым шығып кетуінің жаман екенін білмесем, заттарымды өзім тасымай, мына арыстанға жүктеп, сонау Меккеге дейін оған тасытқызатын едім» деді».

 

АБДУЛЛАҺ БИН МҮБӘРӘК (рахметуллаһи алейһ)

Мәрв қаласында тұрған. 118 жылы Хорасанда дүниеге келді. Евфрат өзенінің жағасында Хәйәт деген елді-мекенде 181 [м.797] жылы қайтыс болды. Қабірі сол жерде орналасқан. Өз заманында білім иелерінен ешкімде болмаған үстем қасиеттер оның бойында жиналған еді. Фақиһ, ғалым, тақуа, сүннети сәнияның марифетіне ие және хафыз еді. Бүкіл ілімдерде ғалым болатын. Қаһармандар қызығатындай дәрежеде батыл және ержүрек еді. Өлең оқитын ақын еді. Қолындағы барын беруден тайынбайтын, өте жомарт болатын. Суфян Сәури (рахметуллаһи алейһ) «Жылына үш күн Абдуллаһ бин Мүбәрәк (рахметуллаһи алейһ) сияқты бола алайын деп көп күш салдым. Бірақ оған еш күшім жетпеді» деген.

Фудайл бин Ияд (рахметуллаһи алейһ) «Қағбаның иесі Аллаһу та'алаға ант етемін, мына екі көзім Абдуллаһ бин Мүбәрәк (рахметуллаһи алейһ) сияқты басқа ешкімді көрмеген» деген.

Көзі көрмейтін бір адам Абдуллаһ бин Мүбәрәк хазреттің алдына келіп, «Маған дұға етіңіз, Аллаһу та'ала көзімді ашсын, көзім көрсін» деп өтінді. Ол орнынан тұрып дұға етті. Әлгі адамның көзі ашылып, көре бастады. Сәләфтардан бір кісі «Мен ол адамды көзі көрмейтін кезде де, көзі көре бастағанда да көрдім» деген.

Абдуллаһ бин Мүбәрәк (рахметуллаһи алейһ) өлім ауруында қызметшісіне «Күмәнсіз, мен бұл түні қайтыс боламын. Мына кітаптарымды алып, өзенге тастап кел» деді. Қызметші кітаптарды алып кетті. Бірақ өзенге тастауға қимады, кері қайтты. Қызметшісінен «Кітаптарды өзенге тастадың ба?» деп сұрағанда ол «Иә, тастадым» деді. «Қандай белгі көрдің?» деп сұрап еді, қызметші «Ешқандай белгі байқамадым» деп жауап берді. Сонда ол «Сен кітаптарды тастамадың! Бар, тастап кел!» деп бұйырды. Қызметші айтып берген: «Кітаптарды апарып, өзенге тастағанымда Ханә өзенінен аспанға қарай нұр көтерілгенін көрдім. Қайтып келгенде Абдуллаһ бин Мүбәрәк (рахметуллаһи алейһ) «Не істедің?» деп сұрады. Мен «Бұйрығыңызды орындадым» дедім. «Не көрдің?» деген сұрағына «Өзеннен аспанға қарай көтерілген нұр көрдім» деп жауап бердім, сонда ол «Иә, енді айтқанымды орындаған екенсің» деді. Кейін: «Бұл түні қайтыс боламын. Денемді жу, ихрам ретінде киген матамнан маған кебін жаса, адамдар жиналмай тұрып мені жерлеңдер» деді. Өсиетін бұлжытпай орындадық. Табытын сыртқа шығарғанда әлгі өзеннің бетінде алыстан бір қайық көрінді. Ол қайықтан бір топ адам түсіп, бізге келді де, «Әлхамдулиллаһ, жаназаға үлгердік» десті. Жаназа намазын оқып, жерледік. Қайықпен келген адамдардан «Қайғылы хабарды естідіңіз бе?» деп сұрадым. Олардың жетекшісі болып көрінген бір қария: «Түсімде осы маңайда бір кісінің қайтыс болғаны айтылды. Дереу қайық жалдадық та, жаназа намазына үлгеріп келдік» деді». [Ол айтатын: «Әдеп деген не? Ғалымдар әр түрлі түсіндірген. Менімше, әдеп – адамның өзін тануы деген сөз». «Біреудің бір теңге хақысын өтеу мың теңге садақа беруден артық. Жұмыс істеп, ақша табу тәуекелді бұзбайды»].

 

ӘБУ МУАУИЯ ӘЛ-ӘСУАД (рахметуллаһи алейһ)

Сөзі сенімді бір адам былай айтып берген: «Тарсуста Әбу Муауияны (рахметуллаһи алейһ) зиярат етіп барған едім. Оның көздері көрмей қалған болатын. Дуалда асулы тұрған Құран кәрім көрдім. Мен «Аллаһу та'ала саған қамқор болсын. Көзің көрмесе де мына Құран кәрім ана жерде неге тұр?» деп сұрадым. Ол «Менің тірі кезімде ешкімге айтып бермейтін болсаң, саған бір нәрсе айтайын» деді де, «Мен Құран кәрім оқығым келген кезде көзім ашылады, Құран оқимын. Оқып болған соң көзім қайтадан көрмей қалады» деп сырын айтты. Оның бұл жағдайын көргендер «Ол Құран кәрімді ашқанда көзі ашылады. Жапқан кезде көзі көрмей қалады» дейтін еді».

Ғұламалардың бірі былай айтып берген: «Сапарда бірге едік. Бір жерге тұрақтадық. Ол жерде өліп жатқан ақ жылан көрдік. (Оның жын екенін ойлап), «Бұл мұсылман біреу (жын) болуы мүмкін» деп, үстіне біраз су құйып, жерге көмдік. Сол түні бір дауыс естідік. Бірақ кім сөйлегенін көре алмадық. Бізге: «Аллаһу та'ала сендерге қамқор болсын. Ол мұсылманға жасағандарыңды көрдік. Қаласаңдар, сендерге бір дәрі жасауды үйретейік, өздеріңді және басқаларды емдеуде қолданасыңдар. Қаласаңдар, қажетті мөлшерде су берейік және түйелеріңе шөп берейік» деді. Біз қажетті мөлшерде су және түйелерімізге шөп сұрадық. «Тұрақтайтын барлық жерлеріңде су ыдыстарыңды түйелеріңнің мойнына тағып қойыңдар, түйелерің жайылып келгенде мойнындағы ыдыстарың суға толы болады» деді. Бір жерге тоқтадық. Су ыдыстарымызды түйелердің мойнына асып, түйелерді босатып жібердік. Кешке түйелер тойған күйде келді. Мойындарына асып қойған ыдыстарымыз суға толы еді. Сол сапарымызда тұрақтаған барлық жерімізде осылай болды».

 

Аллаһу та'ала осы ұлы ғұламалардың және яқин дәрежесіне көтерілген ұлы тұлғалардың (ридуануллаһи алейһим әжмаин илә йәумиддин) оқиғаларын және үстем хәлдерін қысқаша жазуды нәсіп етті. Күмәнсіз, ол ұлылардың кереметтері, ғажайып хәлдері көп болғандығы және кең тарағаны сонша, бұл жазылғандар олардың ізгіліктерінің және үстем хәлдерінің бір үлгісі ғана. Бұл жазылғандар арқылы олардың қадірін баяндау мүмкін емес. Үстем ақыл иелерінің ақыл құсы жүз жыл ұшса, сол қанатымен ол ұлы дәрежеге жете алмайды. Адамдардың түсінігі мен ақылы мың жыл тырысса, бұл түсінікпен ол ұлылардың дәрежесін ұғына алмайды. Оларда пайда болған ғажайыптар кітаптарға тіптен сыймайды. Олардың хәлдерін бойына сіңіргендер ғана оларды түсінеді.

«Шәуаһид-ун нубуввә» кітабының аудармашысы Ламии Чәләби бұл бөлімге қосымша ретінде қосқан бөлімінде Мораны жаулап алу кезіндегі жорыққа шыққан Осман Империясының әскері көрсеткен қаһармандықтарды баяндаған. Өзі де қатысқан осы жеңіс жорығында мынадай бір оқиғаны айтып берген: «Мора жаулап алынған кезде жаудың көптеген адамы тұтқынға алынды. Тұтқындар бір-біріне соғыс кезінде түріктер үнемі теңізден аттарымен өткенін, қамалдың үстіне шығып ұшқанын және қамалдың мұнарасына қонғанын таңданыспен, үреймен айтып беретін. Бұл оқиға олардың арасында тарап кеткен еді. Ондай ғажайып жағдайлар кереметке жатады, ол Аллаһу та'аланың сүйікті құлдарына берген сыйы. Бұл үмбеттен көрінген осындай жағдайлар Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мұғжизасы және пайғамбарлығының дәлелі болып табылады».

 

ТӘУҺИД ДҰҒАСЫ

Йа, Аллаһ, йа, Аллаһ. Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун Расулуллаһ. Йа, Рахман, йа, Рахим, йа афувву, йа, Кәрим, фа'фу анни уәрхамни йа әрхамәррахимин! Тәуәффәни мүслимән уә әлхиқни биссалихин. Аллаһуммағфирли уә ли әбаи уә уммәһати уә ли-әбаи уә уммәһати зәужати уә ли-әждади уә жәддәти уә ли-әбнаи уә бәнати уә ли-ихуәти уә әхауати уә ли-а'мами уә аммати уә ли-ахуали уә халати уә ли-устази Абдулхаким Арваси уә лил мү'минина уәл мү'минат йәума йәқумул хисаб. (Рахметуллаһи та'ала алейһим әжмаин).