Қажылық маусымында орын алған ғибратты оқиғаМұхаммед Әл-Ансари хазрет – үлкен әулиелердің бірі және Ханбали мазһабының фиқһ ғалымы. 1050 (х.442) жылы Бағдатта дүниеге келді. 1141 (х.535) жылы Бағдатта қайтыс болды. Бір қажылық маусымынан кейін Меккеде қалған Мұхаммед Ансари бір күні жолдан жібектен тоқылған әмиян тауып алды. Бір кезде бір дауыс естіді. Бір қария кісі: «Ішінде інжу-маржаны бар әмиян жоғалды, тауып әкелген адамға мына киім және бес жүз динар беремін» деп айқайлаған еді. Ол дереу қарияға барды. Қария жоғалған әмиянның және ішіндегі заттың қандай екенін айтып берген соң әмиянды оған тапсырды. Қария уәде еткен киімді және бес жүз динар ақша берді. Мұхаммед Ансари оның бергендерін алғысы келмей «Менің мұны сізге қайтарғаным дұрыс. Ол үшін ешқандай ақы алғым келмейді» деді. Қария «Ала ғой, міндетті түрде алуың керек» деп қанша тырысса да, ол қабылдамады. Ақыр соңында қария кетіп қалды. Біраз уақыт өткен соң Мұхаммед Ансари Меккеден кетті. Бір жағалаудан кемеге мінді. Кеме жолға шыққаннан кейін біраз уақыттан соң боран басталып, толқындар кемені паршалады. Кемедегілердің көбі суға батты. Барлық заттары бұзылды. Мұхаммед Ансари үлкен тақтайға жармасып, біраз уақыт теңізде қалды. Кейін есінен танды, толқындар оны белгісіз бір жерге шығарып тастады. Есін жиған соң ол жердің арал екенін түсінді. Сол жақтағы адамдармен танысты. Мешіттерінің бірінде Құран кәрім оқыды. Жергілікті халықтың басым бөлігі оны тыңдауға мешітке келетін болды. Халық одан өздеріне және балаларына Құран кәрім үйретуін сұраған соң өтініштерін орындады. Кейіннен оған адамдар «Арамызда жетім қыз бар. Сол қызға үйлендіргіміз келеді сізді» деп ұсыныс білдірді. Мұхаммед Ансари олар табандылық танытқандықтан, ұсыныстарын қабылдап, қызға үйленді. Туыстары мойнында жарқырап тұрған моншағы бар қызды үйіне әкелді. Ол моншақ Мұхаммед Ансари жолда тауып алған әмиянның ішіндегі моншақтың дәл өзі еді. Оған мұқият қарай бастады. Моншаққа көз алмай қарап тұрғанын қыздың туыстары байқап қалды. Себебін сұрағанда Мұхаммед Ансари оларға Меккеде басынан өткен сол моншақпен байланысты оқиғаны айтып берді. Сонда олар тәкбір айтып, шүкір ете бастады. Мұхаммед Ансари оладан «Неге бұлай істеп жатырсыздар?» деп сұрағанында «Айтып берген оқиғаңдағы моншақтың иесі болған қария осы қыздың әкесі. Ол кісі сіз туралы «Мен ол адамдай мұсылман көрмедім. Ей, Аллаһым! Оны маған кезіктір. Қызымды оған некелестірейін» деп дұға ететін еді. Қазір осы тілегі орындалған болды. Сіз оның қызына үйлендіңіз» десті. |