Пайғамбарлар келмесе не істер едік?Өз ақылымызға қалса, жақсы мен жаманды өзіміз ажырата алмас едік. Көзімізбен көрмейтіндерді біле алмас едік. Мысалы, иманның шарттарының бірі періштелерге иманға қалай жетер едік? Раббымызды және Оның сипаттарын, қиямет күнін, қайта тірілетінімізді және бүкіл амалдарымыз үшін есепке тартылатынымызды пайғамбарлар (алейһимуссалам) хабар бермесе, бұған ақылымыз қалай жетер еді? Жер мен көкте не бар болса, бәрі біз үшін жаратылған, бәрі бізге қызмет етіп жатыр. Ал біздің не үшін жаратылғанымызды қайдан білер едік? Бізге бұл өмірді кім бергенін, не себепті бергенін және белгілі бір уақыттан кейін неліктен алатынын тек қана ақылымен түсініп жеткендер болар ма еді? Пайғамбарлардың саны жүз жиырма төрт мыңнан астам. Олардың үш жүз он үші Расул. Олардың барлығы иманның алты шартын қауымдарына хабар берген. Осы себепті бірін жоққа шығарған адам бәрін жоққа шығарған болып есептеледі. Нұх алейһиссалам ғасырлар бойы қауымын хидаятқа, тура жолға шақырды. Сексенге жуық адам иманмен абыройланды, кемеге мініп құтылды да, мәңгілік бақытқа кенелді. Құран кәрімде бұл оқиға баяндалғанда «Нұхтың қауымы пайғамбарларды өтірікке шығарды, Оған сенбеді» деп өткен. Алайда оларға Нұх алейһиссаламнан басқа пайғамбар жіберілмеген болатын. Енді олардың барлығы бір ауыздан бізге айтқандарына қарайық: 1) Бізді және бүкіл әлемді жаратқанның бар екеніне және бір екеніне сену. Одан өзгесіне табынбау, адамның өз қолымен жасап шығарған және ешқандай пайдасы тимейтін тастарға, ағаштарға ғибадат жасамау, олардан көмек күтпеу. 2) Періштелеріне иман келтіру. Періштелер нұрдан жаратылған болмыстар. Олардың ең ұлысы Жәбрейіл алейһиссалам. Барлық пайғамбарларға илаһи бұйрықтарды Ол әкелген. Одан кейін Микаил, Исрафил және Әзрейіл алейһиссалам тұрады. Періштелер мүлде күнә істемейді, адамдар секілді олардан қарсылық шықпайды. Оларға не бұйырылған болса, толықтай орындайды. Бірақ сонда да пайғамбарлар, сахабалар және көптеген салих адамдар олардан үстемірек. 3) Кітаптарына иман келтіру. Раббымыздың бұйрықтарын бізге жеткізген кітаптардың саны жүз төрт. Төрті үлкен, жүзі кіші кітаптар. Үлкен кітаптардан Таурат Мұса алейһиссаламға, Зәбур Дауд алейһиссаламға, Інжіл Иса алейһиссаламға, ал Құран кәрім біздің пайғамбарымызға (алейһиссалам) түскен. 4) Пайғамбарларына иман келтіру. Олар Раббымыздың бізге жіберген елшілері. Олар бізді хидаятқа шақырады. Оларды тыңдаған, оларға бағынған адам екі жаһанда да бақытқа кенелді және кенеледі. 5) Өлгеннен кейін қайта тірілуге сену. Ахирет күнінде не жәннат, не тозақ бар. Ахирет өмірінде алдымыздан шығатын қауіптерді, басымызға келетін қиыншылықтарды біліп алдық. Тозаққа апаратын амал істеп және сол бағытта жүретін болсақ, айып өзімізде. 6) Тағдырға сену. Барлық нәрсе Аллаһу та'аланың тағдырымен болады. Оның қалауынсыз ештеңе орындалмайды. Әр пайғамбарға әмір етілген ғибадаттар, намаз бен ораза өзгешеленуі мүмкін, бірақ осы иманның алты шарты тұрғысында олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. |