19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жақсылық жасауды жақсы көретін адамдар

Жақсылық жасауды жақсы көретін адамдар

Жомарттық – ақшаны, мал-мүлікті жақсы жерлерге таратудан рахаттану деген сөз. Ислам діні әмір еткен жерлерге қуанып беру деген сөз. Жақсы мінездердің ең үстемдерінің бірі болған жомарттық аяти карималармен және хадис шәрифтермен мақталған.

Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) адамдардың ең жомарты еді. Бір нәрсе сұрап келген адамға жоқ дегені ешқашан байқалмаған. Сұралған зат бар болса беретін, жоқ болса жауап бермейтін. Теңдессіз жақсылықтары, сияпаттары мол болатын, тіпті Рим императорлары, Иран шахтары мұншалықты сый-сияпат жасай алмайтын еді. Бірақ өзі қиыншылықта өмір сүруді жақсы көретін.

Мұсылманға жарасатын қасиет – қанағат етіп, дүниеқұмар болмаумен қатар, әл-ауқаты бар кезде өзінен бұрын өзгелерді ойлау, жомарттық, қайырымдылық жасау, сараңдық пен бақылдықтан құтылу. Кеңпейілділік – пайғамбарлардың мінезі және құтылудың негізгі жолдарының бірі.

Хадис шәрифтерде айтылған:

«Аллаһу та'ала бірқатар адамдары жақсылық жасау үшін жаратты. Жақсылықты оларға жақсы көргізіп, жақсылық жасаумен айналысуды да жақсы көргізді. Жәрдем мен жақсылық күткендерді оларға қаратты. Ашаршылық болған құрғақ жерлерде жаңбырды жіберіп, қурап тұрған топырақты және ол жақта өмір сүріп жатқандарды жандандырғанындай, беру себептерін де оларға жеңілдетті».

«Жәннат – жомарттардың мекені».

Хасан Басри хазреттен «Жомарттық деген не?» деп сұралғанда «Аллаһ разылығын көздеп мал-мүлкін жұмсау» деп жауап берді.

Ахнәф бин Қайс қолында бір тиын ақшасы бар адамды көріп қалды. Одан:

- Бұл кімнің ақшасы? – деп сұрады. Әлгі адам:

- Менің ақшам, - деп жауаптады. Сонда ол:

- Жоқ, сен оны қолыңнан шығармайынша, (қайырымдылыққа жұмсамайынша) сенің ақшаң бола алмайды, – деді.

Жомарт адам болуға тырысып, сараңдықтан аулақ болу керек! Хадис шәрифте былай делінеді:

«Сараңдықтан аса сақтаныңдар! Сендерге дейінгілерді сараңдық құртқан болатын». (Мүслим).

Араб түбегінде жомарттығымен аты шыққан бір кісі қайтыс болған еді. Жолда аш қалған адамдар оның қабіріне барды. Аш күйде ұйықтады. Араларында біреуінің түйесі бар еді. Ол адамның түсіне марқұм кіріп, былай деді:

- Сенің мына түйеңе менің ең жақсы түйемді ауыстырасың ба?

- Иә, ауыстырамын.

Әлгі адам түсінде түйесін жақсы түйеге ауыстырды. Марқұм алған түйесін сойды. Ұйқыдан оянғанда түйесінің сойылғанын көрді. Қазан әкеліп, пісіріп, жолаушылардың бәрі жеді. Қайтқан кезде жолда бір керуенге кезікті. Керуеннен біреу әлгі түйенің иесін есімімен шақырып былай деді:

- Пәлен марқұмнан жақсы түйе сатып алдыңыз ба?

- Иә, алдым. Бірақ ол түсімде еді.

- Ол марқұм менің әкем. Мен де түсімде оны көрдім. Маған «Егер менің ұлым болсаң, менің мына түйемді пәленшеге бер» деді. Мінекей, алыңыз түйеңізді...

Аллаһу та'ала бәрімізді осы оқиғадағыдай қабірде де жомарттығы жалғасатындардан қылсын! Әмин...