Жаман мінезді дос шөп шықпайтын топырақ секілдіИмам Жафәр Садық хазрет үстем табииндердің және ұлы әулиелердің бірі, «Он екі имамның» алтыншысы және «Нақшибандия» жолындағы ғұламалардың төртіншісі. Имамдығы отыз төрт жыл жалғасты. 702 (х.83) жылы Мәдинада дүниеге келді. 765 (х.148) жылы Меккеде қайтыс болды. Риуаят еткен хадис шәрифтерінің біразы төмендегілер: «Аллаһу та'аланың хидаятқа (тура жолға) түсірген адамын ешкім адастыра алмайды. Аллаһу та'ала хидаят бермеген адамын ешкім хидаятқа түсіре алмайды. Сөздердің ең жақсысы – Аллаһу та'аланың кітабы. Жолдардың ең жақсысы – Мұхаммед алейһиссаламның көрсеткен жолы. Амалдардың ең жаманы – бұл жолда өзгеріс жасау. Бидғаттардың барлығы адасушылық». «Білім – қазына. Оның кілті – сұрап үйрену. Білімді талап етіңдер – Аллаһу та'ала сендерге мейірім танытсын. Білім алуда төрт адамға сауап бар: шәкіртке, ұстазға, тыңдағандарға және оларға келгендерге». Риуаят еткен хадис құдсиында «Лә илаһа иллаллаһ сөзі менің қамалым. Мұны оқыған адам қамалға кірген болады. Қамалыма кірген адам азабымнан құтылады» делінген. Ұлына былай насихат айтқан: «Ей, ұлым, өз ризығыңа разы бол! Өз ризығына разы адам ешкімге мұқтаж болмайды. Көзі біреудің мүлкінде болған адам кедей болып өледі. Аллаһу та'аланың ажыратып берген ризығына разы болмаған адам Оның тағдырына, қалағанын жарататынына күдіктенген болады. Өз кемшіліктерін кіші деп көрген адам біреудікін үлкейткен болады. Әрдайым өз кемшіліктеріңді үлкен деп көр. Біреудің жасырын нәрсесін жария қылғанның үйіндегі жасырын нәрселері бәріне жайылады. Бауырына құдық қазған ол құдыққа өзі түседі. Ақымақтардың арасында жүрген адам қор болады, ғалымдардың арасында болған адам құрмет көреді». «Ей, ұлым, адамдарға ашуланудан аса сақтан, әйтпесе саған да ашуланатындар шығады. Бос іс пен сөзге араласудан сақтан, әйтпесе төмен боласың». «Ей, ұлым, бетіне де, сыртынан да ақиқатты, шындықты айт! Осылай істесең, бәрі сенімен ақылдасады, пікіріңді сұрайды». «Ей, ұлым, достық құрған, кездесуге барған адамың жақсы мінезді болсын, жаман мінезділермен достық құрма, олармен кездеспе! Өйткені олар – суы жоқ шөл, бұтақтары жасармаған ағаш, шөп өспейтін топырақ». «Ей, ұлым, Аллаһу та'аланың кітабын оқушы, жақсылықты айтушы, жамандықтан тыюшы, саған келмегендерге сен барушы, сенімен сөйлеспейтіндермен сен сөйлесуші бол! Сұрағандарға сұрағанын бер. Ғайбаттан, өсектен сақ бол. Өйткені сөз тасу адамдардың жүректерінде дұшпандықты арттырады. Адамдардың кемшіліктерін көрме, адамдардың кемшіліктерін көрген адам олардың нысанасы болады». |