19 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     21 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Надандардың ең айқын ерекшеліктері

Надандардың ең айқын ерекшеліктері

Асри саадаттан (пайғамбарымыздың және сахабалардың дәуірінен) алыстаған сайын білім азайып, сауатсыздық, надандық көбейе береді. Надандық көбейген сайын адасушылар тарап, халықты адастыруға тырысады. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Қияметке жақын білім азайып, надандық артады. Білімнің азаюы ғалымдардың азаю арқылы болады. Надан дін адамдары өз көзқарастарымен фәтуа беріп, адамдарды тура жолдан адастырады». (Бұхари).

Ал надандық деген не және надандардың ең айқын ерекшеліктері қандай? Құнды кітаптарда былай делінеді:

Надандар мына төмендегі белгілер арқылы белгілі болады:

Біріншісі, барлық нәрсеге ашуланады. Адамға, жануарға, ұнамайтын нәрсесін көргенде барлығына ашуланады.

Екіншісі, пайдалы, пайдасыз демей ойына не келсе соны айтады. Ақылды адам мұсылманға жараспайтын пайдасыз сөз айтпайды, керісінше я дүниеге қатысты, я ахиретке қатысты сөз сөйлейді.

Үшіншісі, мал-мүлкін пайдасыз жерге жұмсайды. Ахиретте пайдасы тимейтін, тіпті ахиретке зиян тигізетін жерлерге көмектеседі.

Төртіншісі, әркімге сырын айта береді. Мұсылман қайда қалай сөйлейтінін, әр сөзді әр жерде айта беру дұрыс емес екенін біледі.

Бесіншісі, әр адамға сенім артады. Сенім артатын адамды жақсы тану қажет. Бірнеше рет кездесіп сөйлесу арқылы адамның қандай екенін аңғару қиын.

Алтыншысы, досын, дұшпанын білмейді. Мұсылмандарға жарасатыны – досын танып, оған жақындау, дұшпанын танып, одан сақтану.

Иса алейһиссалам айтқан: «Аллаһу та'аланы ұмытып айтылған барлық сөз – бос. Тәфәккурмен өтпеген барлық үнсіздік күйі – ғапілдік. Ғибратты болмаған барлық қарау – ойын. Сөзі Аллаһты зікір ету, үндемеуі тәфәккур, қарауы ғибрат болған адамға бұл неткен бақыт!».

Рәби бин Хәйсәм хазрет күнде таңертең тұрғанда қағаз бен қалам алып, сол күні айтқан барлық сөзін жазып, кеш болғанда сонымен өзін есепке тартатын еді. Міне, діндар тақуалардың амалы осындай еді. Олар тілін қорғау тұрғысында барлық әурегершілікке түседі. Дүниеде өз-өздерін есепке тартатын еді. Әр адамның өзін есепке тартуы қажет. Өйткені дүниеде өз-өзін есепке тарту ахиретте есепке тартудан әлдеқайда оңай.

Әузаи хазрет «Мұсылман аз сөйлейді, көп іс атқарады. Ал мұнафиқ (екі жүзді) көп сөйлейді, аз іс атқарады» деген.

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан:

«Бес нәрсе бар, мұнафиқта болмайды. Бұлар: дінде білім иесі болу, тілін бос нәрседен қорғау, күлімдеп жүру, жүрегінде нұр болу және мұсылмандардың арасында сүйікті болу».